Атырауда полиция басшылары қызметінен алынды
ІІМ тексерісінен кейін Атырау облысында жоғары лауазымды бастықтар қызметінен босатылды.
Ішкі істер министрі Атырау қалалық полиция басқармасының бастығын, сондай-ақ облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы мен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшыларын қызметінен шеттетті.
ІІМ атап өткендей, өңірлік полиция департаментінде қызметтік тексеріс қорытындысы бойынша тәртіп бұзушылықтар мен жұмысты ұйымдастырудағы кемшіліктер анықталған. «Аумақтық бөліністердің қызметіне жоспарлы қызметтік тексерулер тұрақты түрде жүргізіліп тұрады», — деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Жақында қызметкерлердің шағымынан кейін Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейірханға қатысты сотқа дейінгі іс-жүргізу тексерісі басталғаны белгілі болды.
Abai.kz