Сейсенбі, 14 Сәуір 2026
Деп жатыр 316 0 пікір 14 Сәуір, 2026 сағат 15:14

Қазақ киноөндірісін сырттай иеленгендер кімдер?!

Сурет: sn.kz сайтынан алынды.

Көнені қайдам, кейінгі кезде "Қазақ киносы" десе ойға әртүрлі дау-дамайлар орала беретін болды. Баян Есентаева, Нұрлан Қоянбаев сияқты әуесқой киногерлерді аяусыз сынаған Ермек Түрсынның жөні бөлек. Қазақфильм төңірегінде де алыпқанпа әңгіме саябырсыған емес.

Ұлттық кино өндірісінің көсегесін көгертеді деген Азамат Сатыбалды да күні кеше шулы ортадан ат басын ала қашты.

Ұлттық кино қолдау орталығы құрылып, бұл салаға бюджеттен қомақты ақша бөлініп, ел киносы жаңаша бағытқа бет алады дегенімізбен жағдай оңалмай тұр. Бүгін ғана жас буынның беткеұстары Рүстем Әбдірашев жеке парақшасында оқшау пікір жариялады. Толық мазмұны төмендегідей:

«Қазақ киносы, ес жиятын уақыт келді! Ұлттық мүддемізді кәсіби тұрғыда қорғау - біздің жауапкершілік!

Бүгін шет елде біздің атымыздан, қазақ киноөндірісіне қатысы жоқ адамдар тым жиі сөйлеуде. Олар индустрияны таныстырады-мыс, қорытынды жасайды-мыс, өкінішке қарай, біздің кино саласының шынайы келбетін бұрмалап көрсетеді. Өзгелердің сойылы болып жүруден жасқанбайды.

Қазақ киносының атынан біздер қолдамайтын, бізге жат идеяларды ұсынады.

Сондықтан:

Ұлттық Кәсіби кино гильдиялар құру уақыты келді. Ортақ үн шығаратын кезең келді.

Күн сайын осы салада еңбек етіп жүргендердің мүддесін қорғайтын, құрылым керек-ақ!

Бірігуді бастамасақ, біздің атымыздан өзгелер сөйлей бермек.

Бірігетін, құлдық санадан арылатын заман келді.

Өз қолымыз өз аузымызға енді жеткенде, ел болып ұйып жатқан біздер - өзге елдің бағыт - бағдарына кіріптар емеспіз».

Әбдірашевтің айтпақ болған ойының ұзын-ырғасы осындай. Бұл нарық заманында басталған киногерлер арасындағы кәсіби-әуесқой болып айтысатын даудан өзгеше. Пысық продюсерлер ел ішін қойып, енді әлемдік нарыққа қазақ болмысын басқаша көрсетуге тырысып жүр деген сөз.

Дүниені шулатқан «Борат» фильмінен әлі де сабақ алмаған сияқтымыз. Ұлттық кино қолдау орталығы өздері қаржыландырған, «ұлттық» сөзін қосарлаған киноларға көппен ақылдасып нақты сипатын бекітуі керек-ақ!

Рустем Әбдірашевтің да айтпағы сол болар деп тұспалдаймыз.

Abai.kz

0 пікір