Сейсенбі, 21 Сәуір 2026
Дидар-ғайып 204 0 пікір 21 Сәуір, 2026 сағат 13:39

Алматыда қаралы жұрт Мұхтар Шахановпен қоштасты

Сурет: Мақсат Құсайын.

Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті ақын және қоғам қайраткері Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсімі өтті.

Сурет: Мақсат Құсайын.

Ұлт рухының жыршысын ақтық сапарға шығарып салуға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, замандастары мен ақын шығармашылығының қалың табынушылары келді. Бұған қоса, ақынмен қоштасуға Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды және басқа да мемлекет қайраткерлері келді.

Сурет: Мақсат Құсайын.

Мемлекет басшысының көңіл айту жеделхатын оқыған Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл қаза қалың оқырманның қабырғасын қайыстырған ауыр қаза болғанын атап өтті.

Сондай-ақ ақынмен қырғызстандық жазушы Шолпонбек Абыкеев қоштасып, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың көңіл айту сөзін жеткізді.

Сурет: Мақсат Құсайын.

Қаралы жиынды жүргізген Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов Мұхтар Шахановтың қазаққа қалтқысыз қызмет еткен, руханиятқа өлшеусіз еңбек сіңірген сирек тұлғалардың бірі екенін атап өтті.

Сурет: Мақсат Құсайын.

– Ол өткен ғасырдың сексенінші жылдары оқырман қауымға «Танакөз» поэмасымен танылып, әдебиетке ә дегеннен-ақ ерекше құбылыс болып енді. Бұл шығарма сол кездегі «Лениншіл жас» газетінде екі нөмірге толық жарияланып, оқырманға үлкен серпіліс әкелді. Содан бері Шаханов қазақ поэзиясының биік бір белесіне айналды. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тұсында, қазақ жастарының тағдыры қыл үстінде тұрған шақта, Шаханов Мәскеуде үлкен поэзиялық кеш берді. Бұл – сол кездегі тоталитарлық жүйеге қарсы жасалған батыл рухани қадам еді. Ақынның бұл кеші бірнеше сағатқа созылып, ол жерде ұлт, ел, жер туралы өршіл жырларын оқыды. Бұл – Жамбыл Жабаевтың Кремльде қазақша жыр оқыған тарихи сәтінен кейінгі ірі поэзиялық оқиға ретінде бағаланды.

Сурет: Мақсат Құсайын.

Мұхтар Шаханов – Махамбет Өтемісұлынан кейін шындықты тайсалмай айтқан, ешкімнен қаймықпаған сирек ақындардың бірі. Оның азаматтық үні әрдайым халық жағында болды. Тайсалмады, тартынып қалмады. Егемендікке дейін де, егемендік жылдары да Ана тілінің айбынын көтеріп, абыройы үшін аз күрес жүргізбеді. Мұнысына мұқым қазақ куә. Сөйте-сөйте ұлтының асыл перзентіне айналып кетті. Марқұмның жаны жәннаттың төрінде шалқысын!, - деді Мереке Әбдешұлы.

Abai.kz

0 пікір