Бейсенбі, 16 Шілде 2026
Алашорда 464 0 пікір 16 Шілде, 2026 сағат 15:17

Алтынсарин қыстауы: Архив құжаттары не дейді?

Коллаж: Алмасбек Әбсадық.

Ы. Алтынсаринның 185 жылдығына арналады!

АЛТЫНСАРИН ҚЫСТАУЫ: АРХИВ ҚҰЖАТТАРЫ МЕН ТАРИХИ ДЕРЕКТЕР, ЗАМАНДАСТАР ЕСТЕЛІКТЕРІ

Патшалық замандағы Торғай облысы халық мектептерінің инспекторы, ағартушы Ыбырай Алтынсарин, шамамен, 1883-84 жылдары 20 жылдан артық қызмет атқарған Торғай қаласынан туған жері Тобыл өлкесіне тұрғылықты қоныс аударуға бел буады. Дәл осы жылдары патша үкіметі Николаевск  уезінің орталығын Троицк қаласынан Тобыл өзенінің сол жағалауындағы биік жарқабақта переселендер үшін белгіленген жаңа қоныс - Қостанайға көшіруді белсенді түрде жүзеге асырып жатқан еді. Бұл орайда уездің әкімшілік қызметкерлерімен қатар Троицк қаласында 1861 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан уездік 2 сыныптық орыс-қазақ мектебіне жаңа орталықтан ғимарат салып көшіріп алу жоспары да күн тәртібінде тұрды.

Инспектор Ы. Алтынсарин туған жерге оралудың сәтті орайы келгенін байқап (ағартушының Торғайдағы қызметі кезінде туған жеріне немесе оған жақын Троицкі қаласына қоныс ауыстыру туралы ниеті болғанын оның эпистолярлық мұраларынан байқаладыды), тірлігі қызған Қостанай қаласына көшіп келеді. Еті тірі, көреген басшы ретінде ол өзіне тиісті білім саланың қам-қарекетін жаңа қаланың тыныс-тіршілігімен тығыз байланыстыра біледі.

Ағартушының көзін көрген, онымен жақын араласқан куәгерлердің – Н.Ильминский, Ғ. Балғымбаев, Ф. Соколовтардың жазуынша, ол Қостанай қаласының іргесіне (3-4 верст қашықтыққа) қоныстанып, онда дүниеден озғанша (1889 ж) тұрақтайды. Сол үйде қайтыс болып қыстаудың жанындағы  атасы Балғожа бидің қорымына жерленеді. Демек, ағартушының қыстау үйі қайда орналасқан болса, оның бейіті де сол жердің маңында болғандығы айнымас ақиқат.

Бүгінгі таңда, кеңес заманында жергілікті өлкетанушылардың ізденістерінің негізінде 1947 жылдан бастап қалыптасқан пайым бойынша, ағартушының қыстауы Тобыл өзенінің арғы бетіне, қала іргесінен едәуір алыс, шөп-шалғыны мол оң жағалауға орналасқан (қаланың тұсында Тобыл өзенінің қала тұрған сол жағалауы – биік жарқабақ, оң жақ жағалауы – бірсыдырғы тегіс ойпатты жер). Бұл пайымды кеңестік атқару және партия органдары қызу қолдайды. Соның нәтижесінде «кеңестік шындыққа» қапысыз сенетін және оған күмән келтірмейтін қалың бұқараның сана-сезіміне аталған шындық орнықты.

Миф қалыптастырудың хас шеберіндей болған кеңестік билік дәуірінде орын алған сол бір қателік тәуелсіздік кезеңінде де өзгере қоймады. Бұл мәселені біз соңғы 5-6 жыл көлемінде көтеріп келеміз (Қараңыз: Ыбырай Алтынсарин қайда жерленген? https://abai.kz/post/138344; Алтынсаринның отбасылық суреті қайда түсірілген?: https://abai.kz/post/137404; Ы. Алтынсаринның қыстауы туралы мәлімет сақталған ресми құжат табылды: https://abai.kz/post/186555). Мұндағы басты мақсат – тарихи шындыққа негізделген шынайы, тарихи танымды қалың жұртшылықтың ой-санасына орнықтыру.

Тобыл өзені бойындағы Ы. Алтынсаринның қыстауы әу бастан Қостанай қаласының тарихымен тығыз байланысты болды. Сондықтан тарихи шындыққа қол жеткізу үшін біздің тарапымыздан Қостанай қаласы туралы архивтік құжаттар, ағартушы туралы заманында жазылған тарихи деректер мен куәгерлер естеліктері кешенді түрде қарастырылып, ондағы мәліметтерді ғылыми зерттеулерге қолданылатын герменевтика және тарихи-салыстырмалы әдіс-тәсілдер арқылы тәпсірлеу жүзеге асырылды.

Бұл орайда мынадай  архивтік құжаттары пайдаланылды:

  1. Қостанай уезі басшысының аға көмекшісі, штабс-ротмистр Т. Сейдалиннің Торғай облысы әскери генерал-губернаторына жазған рапорты (30-қазан 1879 ж.);
  2. Арақарағай болысы сиезінің переселендер тұрағына – Қостанай қаласына берілетін жердің шекарасын белгілеу туралы келісім-шешімі (1-маусым 1881 ж.);
  3. Қостанай қаласының тұңғыш бас жоспары (1896-1902 жж.);
  4. Ы. Алтынсаринның шәкірті, 1886-1890 жылдары Қостанай уездік орыс-қазақ мектебінде көмекші мұғалім қызметін атқарған Ғабдуғали (Әбдіғали) Балғымбаевтың архив қорында сақталған қолжазбасы.

Бұған қоса ағартушының көзін көрген әріптетері, замандастары немесе оған туыстық тұрғыдан жақын кісілердің жазбалары мен естеліктеріндегі тарихи деректер, мерзімді баспалардағы ақпараттар және ғылыми экспедициялардың материалдары пайдаланылды. Олардың сапына:

  1. Қостанай уездік орыс-қазақ мектебінің меңгерушісі Ф. Д. Соколовтың Ы. Алтынсарин туралы Н.Ильминскийге жолдаған естелігі (9-тамыз 1889 ж.)
  2. Қостанай уезі басшысы Крейцшмардың (сәуір 1885 ж.– қазан 1886 ж.) атқосшысы Хасен Сәбитовтың Ы. Алтынсаринның үйінде қонақта болғаны туралы естелігі;
  3. «Тургайская газета» басылымында 1896 жылдың маусым айында жарияланған Х. Қаржасовтың (Карджасов) мақаласы;
  4. 1897 жылы Қазақ жұрты қолданысындағы артық жерлерді анықтау мақсатында Қостанай уеуінде жүргізілген Щербина экпедициясының қазақ қыстаулары туралы деректері;
  5. Ы. Алтынсаринның жақын туысы, белгілі қазақ ақыны Мәриям Хәкімжанованың жазбаларындағы дәлел-дәйектемемелер жатады.

Ы. Алтынсаринның қыстауы туралы мәлімет тіркелген архивтік құжат Қостанай қаласы әлі пайда болмаған кезеңде-ақ дүниеге келген. Ол құжат – 1879 жылдың 30-қазанында Николаевск уезі басшысының аға көмекшісі, штабс-ротмистр Тілеумұхаммед Сейдалиннің Торғай облысы әскери генерал-губернаторы А.Констинтиновичке жазған көлемді ресми баянхаты (рапорты). Рапорт мазмұны генерал-губернатордың Т. Сейдалинге жүктеген жеке тапсырмасынының орындалу барысына құралды.

1879 жылдың тамыз айында әскери генерал-губернатор Торғай облысы құрылған жылдары (1869-70) Николаевск уезінің орталығы болады деп белгіленген Ордабай-тоғайды санитарлық-экологиялық тұрғыдан қолайсыз санап, Тобыл өзенінің төменгі ағысымен жүріп отырып Ордабай-тоғай мен Өміртай қыстауы арасындағы 18 шақырым жерде шолып шығады. Соның нәтижесінде ол Николаевск уезінің орталығы болатын болашақтағы жаңа қоныстың – Тобыл өзенінің сол жағалауындағы қыстақтың (поселение) орнын белгілеп, сол жерде кімдердің қыстауы, онда қанша шаңырақ және қысқы мезгілге қанша көлемде шөп азығы дайындалатынын анықтауды Т. Сейдалинге жүктейді. Облыс басшысына бұл мәлімет болашақ қаланың жерін қазақ болыстарынан алу қимыл-қарекетіне аса қажет болады.

Т. Сейдалин жүктелген тапсырманың негізінде генерал-губернатор шолып шыққан Ордабай-тоғай, Қостанай, Нартайлақ, Өміртай қоныстары орналасқан 18 верст шақырымдық жердің географиялық және биологиялық ерекшеліктерін анықтайды. (Толығырақ: Ы. Алтынсаринның қыстауы туралы мәлімет сақталған ресми құжат табылды: https://abai.kz/post/186555). Сонымен қатар аталған қоныстарда кімнің қыстаулық жері орналасқанын, онда қанша шаңырақ бар және қандай көлемде шөп дайындалатынын анықтай келе, өзі жинаған мәліметтерді бір кестеге топтастырады. Ондағы мәліметтер мынадай (кесте 1):

Мұндағы мәліметтер қатарына «Ордабай-тоғай»-дан «Қостанай өткелі» қонысы аралығындағы орналасқан жеті қыстаудың 4-ші реттік санында «хорунжий Алтынсарин» қыстауы, онда 2 шаңырақ, өзеннің екі жағалауынан барлығы 3000 шөмеле шөп дайындалатыны туралы ақпарат тіркелген (сурет 1).

Алтынсарин қыстауындағы екі шаңырақ – Ыбырайды өзі және оның бір анадан туған бауыры Оспан Алтынсаринның отбасы. Сонымен қатар Ордабай-тоғай мен Қостанай арасындағы 7 қыстаудың бесеуі Жаңбыршы бидің ұрпақтары, яғни Алтынсаринның өте жақын туыстары орналасқан. Бұл социум әкімшілік тізімде Арақарағай болысының №2 ауылы деп белгіленген.

Автор аталған баянхатқа қосымша масштабы 1 верст межедегі көзбен мөлшерленген жоспарын (глазомерный план) тіркейді. Өкінішке қарай, ол мұрағатта сақталмаған. Біз Сейдалин жазбасындағы мазмұнды 1896 жылы жасалған Қостанай қаласының тұңғыш жоспарының табанына салып, оны сөз етіп отырған мәселе шеңберінде қайта қалпына келтіруге ұмтылдық. Қалпына келтірілген сызбаны баянхаттағы жазба мәліметтер және Алтынсарин қыстауына қатысты өзге мұрағаттық деректермен толықтырып, оған бүгінгі таңдағы мазмұндар кіріктірілді(сурет 2).

Жоғалған сызбаны қалпына келтіру барысында баянхатта аталған қазақ қыстауларының шекарасын қырдан ойға-Тобыл өзеніне қарай құлайтын сай мен жыралар арасында белгіледік. Қазақ үшін сай мен жыра – шекаралық меже. Карта қолданбаған жұртымыз қоныс қыстауларын осындай табиғи географиялық белгілермен айқындағаны сөзсіз.

Әлқисса, Т. Сейдалиинің рапортында Алтынсарин қыстауы немере ағасы (өкіл әкесі) Қошан Балғожин мен Қарықбол Қабыловтың қоныстары арасында орналасқандығы байқалады. Біздіңше, шамамен. ол қоныстың бір жақ шеті – қазіргі А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай университеті Ветеринария факульетінің ғимараты жанынан өтетін сай, екінші жағы – қазіргі М. Хәкімжанова көшесінің жанынан өтетін терең жыра. Бұл – Тобыл өзеніне жағалай орналасқан Қостанай қаласының шекарасына кірмейтін оңтүстік-батыс жақтағы сыртқы бөлігі. Мұны Арақарағай болысының қалаға жер беруге келісім беру мәселесі қарастырылған үш сиезінің хаттама құжаттары арқылы анықтадық.

1881 жылдың 1–маусымында болыс Үртек (Юртек) Баубеков үшінші мәрте ұйымдастырылған Арақарағай болысының сиезінде №1 және 2 ауыл тұрғындарының өкілдері болашақ қала қажетіне алынатын жердің шекарасын нақты бекітеді. Ондағы келісімнің мазмұны бойынша, қаланың солтүстіктегі шекарасына «Төлеңгіттер сайы» алынып, ал оңтүстіктегі шегін Қарықбол Қабылов пен Оспан Алтынсарин қыстауларының шекарасы түйіскен тұстан деп белгілейді.

Қаланың оңтүстіктегі шекаралық шегінің қалай анықталғаны архив құжаттарында былайша хатталған: «...относительно уступки их состоящих в пользовании однообщественников наших №2-го аула земельных угодьев до 13 500 десятин под учреждаемый на урочище Кустанай при р. Тобол город с земледельческим при нем поселением, сим приговором постановили: отвод потребного для сего количества земли сделать по обеим сторонам р. Тобола, назначив границей такового отвода черту от существующей между зимовками киргиз Карыкбула Кабылова и Османа Алтынсарина…».

Сиез шешімінде қыстау иесі хоружний Ы. Алтынсаринның аты аталмайды, себебі бұл уақытта ол алыстағы Торғай қаласында мемлекеттік қызметте болды. Сондықтан қыстауда тіркелген екінші шаңырақтың – ағартушының бір анадан туған інісі Оспан Алтынсаринның есімі құжатқа тіркеледі. Ыбырайға «хоружний» әскери атағы Орынбор шекаралық комиссия жанынан қазақ балаларына арналған мектепті бітірген кезде берілді. Өйткені мектеп түлектері әскери қызметке міндеттелетін. 1860 жылы Шекралық комиссия басшысы В. Григорьевтің бастамасымен Ы. Алтынсаринның Торғай бекінісіне аудармашы әрі мұғалім болып қызметке аттануы әскери борыштың міндетімен тығыз байланысты болды.

Қаланың сыртқы бөлігі демекші, 1879 жылдың тамыз айында облыс басшысы тарапынан болашақ қаланың орны «Қостанай өткелі» (бұл сайды перселендер «Ордабай-сай» деп атаған. Шамасы, қала салынады деп белгіленген алғашқы жерге деген қала  тұрғындарының құрметінен туындаса керек) мен «Әбіл-сай» арасындағы қонысқа (Ыбырайдың арғы атасы Жаңбыршы бидің Әбіл Ханғожин мен Әлім Қылышбаев атты ұрпақтарының қонысы) орналасуы тиіс деп белгіленеді. 1896 жылғы жоспарда 10 мыңнан аса тұрғыны бар қаланың тұрғын үйлері аталған екі сайдың аралығына орналасқаны айқын байқалады (сурет 3).

Орыс переселендерімен қатарлас келіп қоныстанған татар жұртына да «Әбіл-сайдың» сыртындағы қоныс бұйырады. Өйткені ол уақытта православиялық діндес переселендер қалыптастырған қалаға өзге дін өкілдері арнайы рұқсат арқылы ғана орналасатын. Бұл қоныс «Татарская слабодка» деп атады. Қазіргі атауы – Нармимановка.

«Әбіл-сай»-дың сыртына Қарықбол Қабыловтың, одан кейін Ы.Алтынсаринның қыстауы орналасты. 1881 жылдың 1-маусымындағы шешімге сәйкес Қостанай қаласының шегіне кірген Қ.Қабыловтың қонысына қала тіршілігіне қажетті өндіріс ошақтары – жәрмеңке алаңы, керосин қоймасы, мұсылмандар зираты, кірпіш зауыты орналасады (Толығырақ: Тарихи жәдігер: Қостанай қаласының алғашқы картасы: https://abai.kz/post/165614).

Біздіңше, Торғай облысы халық мектептерінің инспекторы сынды үлкен лауазымдық қызмет атқарған Ы. Алтынсарин Торғайдан қоныс аударған тұста жаңадан салынып жатқан қаланың ішіне (Әбіл–сай мен Қостанай өткелі арасына) орналасу мүмкіндігі бар еді. Бірақ ол қала сыртындағы қонысқа қыстау үй салып қоныстанады. Бұл көріністі Ғ. Балғымбаев былайша суреттейді: «И. Алтынсарин в 1883-84 гг. оставил Тургай и переселился в Кустанай, где жили его близкие родственники Алтыбасского отделения: брат Оспан, дядя Омар и другие. Там неподалеку от Кустаная в 3-4 верстах по левую сторону Тобыла выстроил свой собственный дом 5-6 комнат: спальня, столовая, кабинет, гостинная, людская, со всеми надворными постройками и двором. Неподалеку был большой глубокий пруд, откуда пользовались водой».

Торғайдан қоныс аударған ағартушының иелігінде төрт түліктен құралған шағын шаруашылық та  болды. «У него было свое хозяйство: табун лошадей приблизительно 50-60 голов, в том числе кобыл дойных 25-30, дойные коровы, быки и бараны. Этим хозяйством заведывал, привезенный из Тургая Дощан Токтыбаев, которого по окончании курса Тургайского училища взял себе в виде енчилес (у сыновенного), одевал хорошо по переселению в Кустанай женил его. Он прожил у Алтынсарина в семье до его смерти», - деп жазады Ғ. Балғымбаев.

Бұл шағын мал шаруашылығыЫ.Алтынсаринның 1881 жылғы «Қоян жұтынан» қалған кішігірім жұрнағы еді. Өзінің айтуы бойынша, ол сол бір алапат жұтта 300-ден астам асыл тұқымды жылқысынан айырылып қалады.

Ағартушының қыстауы қала іргесінде болғанын Қостанай уездік орыс-қазақ мектебінің меңгерушісі Ф. Соколовтың жазбасы да қуаттайды. 1889 жылдың 9-тамызында, яғни Ы. Алтынсарин қайтыс болғаннан соң 22 күннен кейін Н.Ильминскийге жолдаған естелігінде ол  былай дейді: «Жил на зимовке, что в 3-х верстах от Костаная. А.И.К. и я почти ежедневно пешком похаживали к нему и прелестно время проводили, то в беседах, держа в руках по чашке кумыса, то в чтении».

Ы. Алтынсаринның қыстауы қаланың жанында болғандығын оның әріптестері ғана емес, ағартушының үйінде болған өзге замандас кісілер де атап өтеді. Мысалы, 1947 жылы ұйымдастырылған ғылыми экспедициянныың мүшесі М.Хәкімжанова Қостанай уезінің басшысы Крейсмердің  атқосшысы болған Хасенов Сәбит деген кісінің өз аузынан ағартушының үйінде бастығымен бірге қонақта болған оқиғасын жазып алады. Крейсмер – архивтік құжаттарда В. Крейцшмар, шамамен, 1885 жылдың сәуір айынан 1896 жылдың қазан айына дейін, яғни А. Сипайлов пен Н. Карауловтардың арасында Қостанай уезін аз-кем басқарған басшы.

Куәгер С. Хасенов былай дейді: «Мен Ыбырайды 22 жасымда көрдім. Ол кезде Қостанай қаласында Крейсмер деген ояз болды. Мен сол ояздың атын жегіп жүрдім. Одан кейін сенімді болған соң бір жаққа шыққанда салт атпен қасында жүрдім. Соның қарамағында көп уақыт қызмет еттім... Мен сол оязда істеп жүргенімде Ыбырай оязды үйіне қонаққа шақырды. Ыбырайдың үйі Қостанай қаласынан 3 шақырымдай жоғары тұратын, 12 бөлмелі әдемі ағаш үй бар екен...».

Естеліктегі «Ыбырайдың үйі Қостанай қаласынан 3 шақырымдай жоғары тұратын» деген ақпарат Тобыл өзенінің бойына қатысты айтылып тұр. Демек, Алтысарин қыстауы өзеннің бойымен қарағанда, жоғары жақта орналасқан. Кез-келген ағысты өзеннің қырдан ойға қарай ағатыны – белгілі табиғи құбылыс. Бұл дегеніңіз қаладан шығып, Ордабай-тоғайға қарай бет алуды білдіреді. Ордабай-тоғай мен Қостанай қоныстары арасында кімдердің қыстауы орналасқанын біз жоғарыда атап өттік (сурет 2).

Аталған естеліктің жалғасында біз қозғап отырған мәселеге ерекше қатысы бар маңызды көрініс суреттеледі. Онда атқосшы С. Хасенов бастығы Крейцшмардың Алтынсаринның үйінде қонақта болғаннан кейін көп ұзамай Тобылдың арғы бетіндегі Обаған болысының басшысы Арғын Сақаудың ауылына барағанын баяндайды: «Осыдан кейін, – дейді куәгер, – ұзамай Арғын Сақау болыс қонаққа шақырды. Ояз сонда бармақшы болды. Ол кезде Тобыл тасып, сабасына түспеген кез еді. Бұл замандағы паром дегенді онда білмейміз. Ондағы паромымыз он бес шақты үлкен бөшкені арқанмен тізіп, соның үстіне үлкен қайықты қойып, сонымен өткіздік оязды».

Демек, сол заманда Тобыл өзенінде көпір түгіл паром да жоқ. Демек, өзенінен ары-бері өту үлкен сын-қатерлі, машақат тірлік болған. Осы орайда ой-түйсігі айқын кісінің көңілінде түрлі қисынды сауалдар туындайтыны анық. Мысалы, Торғай қаласынан Қостанайға қызмет бабымен қоныс аударып отырған Ы. Алтынсарин қызметке қолайлы (бару-келу, алыс-жақын) мекенді таңдайтыны анық емес пе? Неге ол, айдың-күні аманында қала маңындағы аталас ағайындарының қонысынан қашқақтап, өзеннің арғы бетіне, қалаға қызметке баруы қиын соғатын жерге барып орналасады?

Қисынды сауалдардың мән-маңызын ашу үшін Ғ. Балғымбаевтың естелігінен мындай қысқаша көріністі көлденең тартайық: «Алтынсарина заежал в Кустанай по служебным делам ежедневно, иногда на одном крупном вороном аргымаке, иногда на нескольких, а зимой в хороших санках, весной, летом и осенью тележке-плетенке». Олай болса, қала іргесіндегі қыстау үйінен күнде қызмет бабымен Қостанай қаласына күйме жегіп келетін инспектор өзеннен өту үшін он шақты бөшкеден паром құрап әуре болып жүрген бе?  Мұндай машақатты тірлікті Ы. Алтынсаринның үйіне талай мәрте барған Ф. Соколов, Ғ. Балғымбаевтар, уезд басшысына ілесіп қонаққа барған С. Хасеновтер неге еске алмайды?!

Көпір демекші, Тобылдың өзеннің екі жағалауын жалғастыратын көпір салу ісі Алтынсарин өмір сүрген кезеңнен әлдеқайда кейінгі уақытта жүзеге асқан. Айталық, 1896 жылға дейін Қостанай қаласының тұсында көпір жоқ, бірақ оның құрылыс жүріп жатқан еді. 1896 жылдың 14 мамырында ІІ Николайдың таққа отыруын ұлықтау (коронация) рәсімін мерекелеу үшін уезд қазақтары және өзге де ұлт өкілдері Қостанай қаласына жиналады. Бұл оқиғаны Қостанай уезі басқармасының аудармашысы Хамза Қаржасов «Тургайская газета» басылымының 1896 жылғы 9-маусымындағы №24 санында «Город Кустанай перед коронациею и в дни священного коронования» деген мақаласында кеңінен суреттеген.  Соның бір эпизодында ол  Қостанай қаласына Тобылдың оң жағалауындағы қазақ ауылдарынан келген кісілердің пароммен қалаға өтуі бірнеше күнге созылып кетуіне байланысты өз беттерімен өзен жағалап өткел іздеп, суға малшынғанын жазады: «Положение ехавших в Кустанай с правой стороны р. Тобола, за неустройством к тому времени моста и плотины и по невозможности переправить всех их в один день на пароме, было таково, что они, отыскав ниже водяной мельницы г. Кустаная возможное для переправы место, пустились вброд, который, принимая таких смельчаков-гостей и местами вплав лошадей, помочил у многих одежду, но, несмотря на это, переправившиеся были совершенно довольны своим риском и отнюдь не сожалели о измоченных вещах».

Ы. Алтынсарин қыстауы қаланың нақ іргесіндегі 2 верст қашықтықтағы атасы Балғожа бидің  қонысында болғаны 1897 жылы Қостанай уезіндегі қазақтардың артық жерін (излишки) есепке алу үшін жүргізілген Щербина экспедициясының мәліметтеріне де тіркелген (сурет 3).

Мұнда Ыбырай Алтынсары (түпнұсқада осылай жазылған) қыстауы уездік қаладан (Қостанайдан) 2 верст, отырықшылық тірлігі деген бағанаға сұрақ белгісі (?), ал сауда нүктесіне 3 саны қойылса, су көзіне «Қарасу» деген ақпарат тіркелген және ол қыстаудың орны оның өзімен аталас ағайындарының қоныстарының маңында екендігі байқалады. Ал экспедиция материалдарындағы Алтынсарин қыстауының пайдаланатын су көзі «Қарасу» деген мәліметті Балғымбаевтың жазбасындағы «тоған су» деп санауға болады. Қазақтар ағысы жоқ су көздеріне «Қарасу» деген ұғымды да қолданған.

Біздің тарапымыздан келтірілген бұл мұрағаттық құжаттар мен тарихи деректер – Ы. Алтынсаринның қыстауы Тобылдың сол жағалауына, яғни Қостанай қаласының орны мен іргесіне орналасқан өз ағайындарының қыстау-қоныстарының қатарында болғандығына нақты дәлел. Сол қыстаулық қоныстың маңында, ағартушының жақын туысы (Қошан – Хәкімбек -Мәриям), көрнекті ақын М. Хәкімжанованың айтуынша, Жаңбыршыұлы Балғожа мен Ханқожаның бейіті болады. 1889 жылдың жазында мезгілсіз қайтыс болған ағартушы да сол әулеттік қорымға жерленеді. Ағартушының жаназасында болған замандас кісілер бүй дейді: «На другой день его похоронили недалеко от зимовки, рядом с его отцом, на берегу реки Тобола» (Соколов); «Похоронили вблизи дома (зимовки) в одной версте, в общей мазарке, где раньше хоронились все его родственники и дед Балгожа-бий, в ограде, называемой Ак-там (белая мазарка)» (Балгимбаев).

Кейін ағартушының жанына жастай дүниеден өткен балалары жерленіп (М.Хәкімжанова), шағын қорым пайда болады. Бірақ, өкінішке қарай, ол  қорым кеңестік дәуірдің 20-30-жылдарында жойылып кетеді (Толығырақ: Ыбырай Алтынсарин қайда жерленген? https://abai.kz/post/138344).

Бұл қасіретті оқиғаны кезінде Ғ. Балғымбаев, тәуелсіздік алған жылдары М.Хәкімжановалар өкінішпен еске алған еді Айталық, Ы. Алтынсарин жерленген қорымның жойылып кеткені туралы ұстазын өз қолымен ақтық сапарға шығарып салған шәкірт Ғ. Балғымбаев былай дейді: «На могилу покойного И .А. потом был поставлен надгробный камень с надписью из какого рода, отдел, имя фамилия, лет и дата смерти... Неизвестно судьба памятника и самих кладбищ. Одни говорят, что они сохранились до 1928-29 г. Другие говорят, что все занятые кладбищами места выровнены, вспаханы и заняты под посев, так что и следа не осталось от кладбищ».

Тұтас әулеттік қорымның 30-жылдардың «арғы-бергі жағында» жойылып кеткенін М. Хәкімжанова да атап өтеді. Оның 1991 жылдың күз айында жазушы, Қазақ радиосының тілшісі Дінаш Нұрмұхамбетке берген сұхбаты республикалық «Азат» газетінің 2005 жылғы №9 санында «Ыбырай Алтынсаринның сүйегі қайда?» деген тақырыппен жарияланады.

Сұхбатта ақын қасіретті оқиғаны былайша баяндайды: «Небір заман бастан өтті ғой. Балапан басынан, тұрымтай түсінен шошыған. Айтайын. Тобылдың арғы бетінде, үш шақырым жерде Балғожа бидің де, Қанқожа бидің де он екі құлақты, әр құлағының үстіне жезден ай орнатқан керемет күмбездері бар тамдары болған. Сырты көкшілмен сырланған. Алыстан «менмұндалап» көз тартып, жарқырап тұратын еді. Әрі-бері өткен адам ат басын бұрып, аттан түсіп, тізе бүгіп құран оқып кететін. Тіпті күні кешеге дейін, жиырмасыншы жылға дейін сол жерге біздің әулеттің үлкен кісілері қуаныш болсын, реніш болсын барып бір соғатын. Менің әлі күнге дейін есімде бар, 1921 жылы ұзатылғанымда Айғаным әжем алып барып, сол жерге тізе бүктірген. Сонда көргенмін: Ыбырай атаның да темір тормен қоршаған тамы бар болатын. Қоршауы биік еді, кісі бойы қол созымдай. Жанында балаларының бейіті бар еді. Төңкерістен кейінгі жылдары, сол отызыншы жылдардың арғы-бергі жағында, соның бәрі бұзылыпты... Кейіннен іздеп барып орнын да таба алмадым. Менің аталарымның бейіті тұрған жер қазір Қостанай қаласының астында қалды... Шырағым, мен өзі өмірде көп қасірет көрген, қуғын-сүргінді басынан өткерген адаммын. Отыз жылдан артық халық жауының қатыны атанып отырдым. Ол кездері өліктерді түгендеп, моласын іздемек түгілі қара басымыздың қамымен арпалыстық. Араға біраз уақыттар түсті. Кейіннен іздеп барып орнын да таба алмадым. Ау, менің ата-бабаларымның бейіті қайда деп қай орыстың бетіне қарап, жағасына жармасайын. Өлілердің бейіті түгілі, тірілердің құны қалмаған кез болды ғой. Солай, шырағым. Ал қазіргі ескерткіш тұрған жерге Ыбекеңнің сүйегін қазып апарып қойды ма, болмаса әйтеуір қазақтың танымал біреуі ғой деп айдалаға құр ескерткішті қойды ма, айта алмаймын. Жасым пайғамбар жасынан асқанда жалған сөйлеп, Құдайға күнәһар болар шамам жоқ. Бұл қазақтың басынан не өтпеді. Небір аласапыран заман болды. Сондай кезде ештеңеге мән бере алмай қалдық. Ыбырайлар ескерусіз қала берді».

Бұл тұста ақынның «Тобылдың арғы беті» деп отырған когнитивтік ұғымға қысқаша түсініктеме беруге тура келеді. М. Хәкімжанованың ауылы Тобылдың оң жағалауындағы Талапкер, Мезгіл, Айсары маңындағы қоныстар болды. Сондықтан Қостанай қаласы ол үшін Тобылдың арғы беті болып саналады. Ақын ешқашан Қостанай қаласында тұрақтап тұрмаған.

Дәл осындай түсініктемені Ғ. Балғымбаевтың қолжазбасындағы Алтынсаринның Торғайдан Қостанай қаласына көшкен оқиғасын баяндайтын көрініске қатысты айтуға болады. «При переезде из Тургая в Кустанай И. А. этот свой дом продал под Тургайское ремесленное училище и построил на эти деньги вблизи Кустаная за р. Тобыл в 4 верстах от Кустаная деревянный дом 5-6 комнатах с надворным постройками, кажется, из дерен и забором из того же материала. Несомненно, ему, как прибывшему после долгого отсутствии, помогли ближайшие родственники главным оброзом доставкой стройматериалов и рабочих рук».

Көп жұртшылықты «Тобылдың арғы беті» деп адастырып жүрген когнитивтік мәселенің бірі – осы.

Қорыта келгенде, Ы.Алтынсаринның Тобыл өзенінің сол жағалауында, қала іргесінен аса алыс емес жерде орналасқан қыстауы, қайтыс болғаннан кейін жерленген атасы Балғожа бидің қорымы кеңестік дәуірдің 20-30 жылдарында қалыптасқан қасіретті тарихи жағдайларға байланысты жойылып кетеді. Мұның обьективті себептері де болды. Кеңестік билікті күшпен орнату кезінде болған азаматтық соғыс, 20-30 жылдардағы ашаршылық апаты, бұдан соң сталиндік атақты қуғын-сүргіннің орын алуы, 1941 жылғы басталған екінші дүние жүзілік соғыс қазақ жұртына орасан зор қасірет алып келді. Арып-ашыған, азып-тозған халықтың әлеуеті әлсіреді: жаны күйзелді, жады тозды, торықты, ал шындықты білгендер – қорықты.

Қорыққан кісілердің бірі – ағартушының жақын туысы Мәриям Хәкімжанова. Мұны ол жасырмайды. Оған жоғарыда аталған сұхбаттағы мына жолдар дәлел: «Мен – өзі өмірде көп қасірет көрген, қуғын-сүргінді басынан өткерген адаммын. Отыз жылдан артық халық жауының қатыны атанып отырдым. Ол кездері өліктерді түгендеп, моласын іздемек түгілі қара басымыздың қамымен арпалыстық». Ол кісі Алтынсарин бейіті туралы шындықты тәуелсіздік жылдары ғана ашық айта бастайды. Бірақ, өкінішке қарай, көп ұзамай өзі өмірден озып кетеді.

Бұрын да айтқанбыз, қазір де қайталаймыз. Тобылдың арғы бетінде ағартушыға орнатқан сән-салтанатты, заманауи кесене сол күйінде сақталып қала беруі тиіс. Мәселе халқымыздың тарихын болған қалпында тануға ұмтылыста болып отыр. Осы орайда, еліміздің тарихындағы кеңестік дәуірдің 20-30 жылдарында орын алған қасіретті еске ала отырып, тарихи шындықты қайта қалпына келтіру мақсатында Ы. Алтынсаринның қала ішінде жойылып кеткен әулеттік қорымына тағзым, құрмет нышаны ретінде белгі соғу қажет. Ол белгі ел тариқында мұндай қасіреттің қайталанбауы үшін қажет. Бұл бастама бүгінгі таңдағы «Әділетті Қазақстан» бастамасымен үндесері хақ. Әділеттілік қоғамның бар бағытында, барлық деңгейде орнауы тиіс деп санаймыз. Соның ішінде қоғамдық сананы қалыптастырудағы айрықша орны бар тарихи әділеттілік те сырт қалмауы қажет.

Тағызымдық нышанды қоятын дайын орын да бар. Ол – қазіргі таңда Маяковский көшесінің бойына орналасқан мұсылмандық-христиандық қорым. Қала тұрғындары оны «Ескі қорым» деп атайды. Бұл оның шын мәнінде ертеден келе жатқандығын мегзейді. Бірақ қай жұрттың қорымы? Христиан жұртының «ескі қорымы» дейтін болсақ, ол тарихи шындыққа қайшы. Себебі христиандық ескі қорым қаланың басқа бөлігінде – қазіргі орталық стадион маңында болған. Демек, бұл ұғым жергілікті қазақ жұртының, дәлірек айтқанда, Балғожа бидің әулеттік қорымына байланысты туындауы мүмкін деп ойлаймыз.

Бір қызығы, аталған қорым архивтік және тарихи деректерде сақталған Ы. Алтынсаринның қыстаулық қонысында (шамамен, қазіргі М. Хәкімжанова көшесінің жанындағы терең жыра мен Қостанай университеті Ветеринария факультетінің оқу корпусы жанынан өтетін сайдың арасындағы қоныс) орын алған. Кездейсоқтық дейміз бе, әлде тылсымнан берілген ишара деп қабылдаймыз ба, әйтеуір, осындай тұспа-тұс, дәлме-дәл келу көрінісі біздің шындық өмірімізде орын алып отыр.

Түйіндей келгенде, тарихи құжат-деректер мен бүгінгі шындық өміріміздегі көрініс шендескен, қабысқан оқиғаға біздің жұртты бей-жай қарамайды деп ойлаймыз. Тарихи әділдікті, шындықты қалпына келтіру жауапты әрі сауапты істердің қатарында болатыны сөзсіз!

Алмасбек Әбсадық,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Abai.kz

0 пікір