Мо Янь мен Дәурен Қуат
Бірде Нобель сыйлығының лауреаты Мо Яньмен қазақ қаламгерлерінің арасында қандай да бір ұқсастық бар ма деген сұраққа жауап іздегім келді. Сөйтіп, салыстырып қарасам, Жүңго жазушысы мен біздің жазушылардың туындыларында көтерген біраз мәселелерде сәйкестіктің барын байқадым. Атап айтар болсақ, жазушы Дәурен Қуат пен Мо Яньнің жазу стилінде жақындық, шығармаларында ұқсастықтар көп екен.
1. Дәурен Қуат «Мүйіз тарақ» әңгімесінде құндылықтардың жоғалуы мен орны толмайтын өкініштерді мықты рухтың иесі Рымкештің басындағы ақ жаулығын қаладан келген өкілдің жұлып алуы арқылы ұлттың азап-шерін аңғартады. Дәуренде – Рымкештің күміс тарағына көзі түскен құлын жегіш құрдымның жалмауыздығы мен Мо Яньнің – есекті сойып жеп қоятын коммуна қызметкері – Фаң хатшының есек етіне «жеріктігі» арасында ұқсастық бар. Шаруа адамының баласындай мәпелеген төрт тұяғы әппақ, ең сүйкімді, ең ақылды есегін «аш адамдар» сойып жеп алады.
Дәурен Қуат «Мүйіз тарақ» әңгімесінде былай дейді: «Ері екеуі құлындарды аса жақсы көруші еді. Отасқандарына бес-алты жылдың жүзі ауса да бір шақалақтың жұпар иісіне зар болып жүргендіктен екі мұңлық бие құлындаса, құрақ ұшып жанынан шықпайтын. Биыл бір ақ жал сары бие қадаға оңбай жығылып, іштегі құлынын жылқышылар жарып алған. Жетім құлын содан бері қолдан сүт ішіп, қолдан жем жеп әбден жетілген еді. Жұныттай. Құйрығын тігіп, құлдыраңдай шапқанда, Құдайдың бір қызығы, бір кереметі осы ма дерсің. Кейде сол кереметін кереметке ұластырып, алтын түкті аймаңдай құлын бұның алкеудесіне тұмсығын сұғып, ұмсынатыны бар. Анасындай көреді. Сонда, жас әйелдің алпыс екі тамыры иіп, әлдебір таңсық күйге елтитін. Енді, міне, құлын жейтін қонақ келе жатыр. Ақ жағалы үлкен ұлық».
«...осы кезде үйірден суырыла шығып, ақ жал сары құлынның құлдыраңдай шауып, анасына жақындай бергені...
– Ұста мынаны! Жық, бауызда!
Жас әйел аузы түкті жалмауыз бауырындағы баласын тартып жейтіндей шар ете түскен. Одан арғысына дәрмені жетпеді. Жанарын ала қашқанда, құлынның ай маңдайы Жоңғардың жондарында шашылған күннің қан қызыл шапағына шаншылып қалды». (Дәурен Қуат. «Бөрісоқпақ». 15-16 беттерде).
Ал, Мо Янь «Өмір мен өлім азабы» романында былай жазады: «... Ертерек қасапшыларға өткізіп беріп сойып тастаса, соның өзі үлкен абырой емес пе? «Аспандағы айдаһар мен жердегі есектің етінен дәмді ет жоқ» дейтін коммуна қызметкерлері бұл есектің етін ашқарақтана асамай ма? Ең абзалы – жаңа келген хатшыға да дәм таттырған жөн. Ол – Чын әкімге хатшы болған баяғы адам еді, фамилиясы Фан, аты Тоң, лақап аты «Мешкей», тамақсау болғанда алдына жан салмайды. Чын әкім есек мінуге қатты құмар болса, Фан хатшы есек етін жеуге қатты жерік еді». (Мо Янь «Өмір мен өлім азабы». 132-бет).
2. Келесі: Дәурен Қуаттың «Бөрісоқпақ» әңгімесінде жас қаншықтардың арсыздығын ашатын мынандай сәт бар.
«Бұл кезде қаланың қаншық қасқырлары үйікке тоймай арлан көрсе, асылып ойнайтын ғадет тапты. Бұлаң құйрықты бір-екеуі қаланың сыртындағы дөңде, оңаша, тұмсығын сонау алыс таудан есіліп соғатын ерке, жұпар самалға төсеп жататын кәрі көсемге де келіп қайтқан. Үйкеленіп, иіскеленіп, тәлімсіп тіл қатқан:
– Атай, қалаға кірмейсіз бе? Айдалада мұныңыз не?
– Шырақтарым, мені мазаламаңдар. Мен – түздің тағысымын» (сонда, 97-бетте).
Мо Янда шошқалардың көсемі туралы да дәл осылай айтылады.
«... Ақиқат шындық былай болған, бір сәт алжасып, Хоң Тойюені тістеп жаралағаннан кейін, түнделетіп, У әулеті мүйісіндегі жасыл алқапқа тарттым. Бірнеше мегежін құнжың қаға алдымнан арсалаңдай шығып еді, мен жақтырмай, оларды бір шетке қайырып жібердім. Бұл істің осылай тынбасынан сезіктеніп, қолданар шараны ақылдасу үшін Диу Шияусанға бардым.
Дияу Шияусан маған барлық тегеурінді шошқаны шақыртып, қарағайлы тоғайдың алдындағы құм қайраңға жиды. Лау Дяу ұзақ уақыттық сыннан өткен сақа қолбасшыдай ата-бабаларымыздың адамзатпен, барыс-қабыландармен ұрыс жасаған даңқты дәстүрін баяндады» (сонда, 487-488-беттерде).
3. Дәурен Қуат «Бөрісоқпақ» әңгімесінде ұлттық құндылықтардың төмендеуін, ұят, обал-сауапты ұмытып, итше таласып, қасқырша шайнасқан бүгінгі адамдардың қиямпұрыстық әрекеттеріне қиял мен мифті араластыра суреттей келіп: «Ертеңінде Т. қаласының тұрғындары тегіс қасқырға айналып кетті. Бөлтіріктерін ерткен үйірлі көкжалдар жалаң қағып, әсем шаһардың көшелерін кезіп жүрді», – дейді. Мо Яньнің кейіпкелері есекке, бұқаға, ит пен шошқаға, маймылға айналады.
Жалпы Дәурен Қуаттың оқиға желісін ширықтырып, керемет кестелеуінен бөлек – жазу шеберлігіне, адам эмоциясын терең түсініп, жануар мен адам кейіпі арасындағы байланысын дәл бейнелеуіне толық мақала арнасақ та болады. Жазушы қоғам өмірін шынайы сипаттай отырып, ауылдық тіршіліктің көз тартар көріністері, әлемнің ең көрікті жерлерінің бірі – қазақ даласына сыртқы дүниенің төндірген қауіпін таза қазақы мінезге жақын түз тағысы қасқыр бейнесімен береді.
«Міне, дәл осы кезде, түн жарымында, ақбурыл, кең кеудесін шалқайта тастап, жуан, жалдас мойнына біткен үлкен, қаһарлы басын тік көтерген кәрі көсем тұмсығын көкке созып ұлыды-ай келіп. Ол күңіреніп ұзақ ұлыды. Ұли алмайтын ұрпағының, зәу-затының қорқаулығынан қорқып та, қорынып та ұлыды. Көсем жалғыз ұлыды», – дейді жазушы. Мұнда Дәурен Қуат адамдардың жан арпалысын ұлы тарихтың кейбір сәттерімен байланыстыра отырып, қасқырлар арқылы беруді қаламгерлік шешімі ретінде қабылдаған сияқты. Жазушының аллегориялық «Кірекей-Күнікей» хикаятында да Мо Яньнің «Өмір мен өлім азабы» романындағы оқиғалармен ұқсас көріністер, ойлар бар.
«Бөрісоқпақ» әңгімесінде автор 3 желіні қатар ұстайды. Соның бірі – кафедегі заманауи персонаждар әңгімесі – ақын болуға таласқан мас қаламгерлер: «Бұрын қасқыр емгенбіз. Қазір бөтелке емеміз», – дейді. Осы екі сөйлемнің өзінен-ақ, қоғамның, адам мінезінің азып-тозғаны, тәлкекке ұшыраған тағдыры, замана келбеті аңғарылады.
Мо Яньда: «Осы екі арада «әпкеме жездем сай, сасыған етке борсыған май» дегендей хал болған еді. Яң Чидың ойына түк таппай ерігіп отырған жастар қарқылдап күлді. Тенектеу біреуі аңдып басып келді де, жарты құмыра сыраны бұтақта салақтап тұрған қызыл галстукқа ақырын құйды. Дәл осы тұста Яң Чидың көпірме сөзіне елітіп, арақтың буымен байып кеткендей болған ағайынды Сұн Лоң мен Сұн Ху тост көтеру ойынын бастап кетті.
Ет етке, сорпа бетке,
Мастар шетке, сарылар, кетпе.
Айтысамыз бір сәтке,
Қызыл бұрыш нан саудасын,
Жасамаймыз біздер текке,
ақшаны көп күреп тауып,
көрсетеміз әлі көпке ... – деп саусақтарын бүгіп-жазып, айтыса жөнелді». (477-бет).
Екі шығарма бірі – Нобель сыйлығын алған көлемді роман, бірі – шағын көлемді проза жанрындағы туынды бола тұра, екеуінің көтереген салмағы бірдей. Екеуі де адам табиғаты мен өмір шындығын ашуда адамның орнына жануарларды алады.
Екі қаламгердің туындысында шындық пен қиял айқасында бірінші раундта алдыңғы орынға қиял шықса, екінші раундта қиял шындықты өзіне сіңіріп алады. Жеңіс – қиялда. Адам табиғатын осынша терең түсіну мүмкін бе өзі? Ал оны дәл әрі көркем жеткізу ше? Екі жазушы да бұл ретте шеберліктің анық үлгісін танытып, айтпақ ойларының ұшығына, яғни, авторлық идеалық мұратына жетеді.
Раушан Құрманғалиева
Abai.kz