Сәрсенбі, 15 Сәуір 2026
Біртуар 310 0 пікір 15 Сәуір, 2026 сағат 14:56

Күнтізбенің жыртылған соңғы беті секілді...

Сурет: adebiportal.kz сайтынан алынды.

Оңаша қалғаным –
Жалғыз қалғаным емес!
Л.Толстой.

Жалғанды күндiз көр дептi,
Әр неге сосын асықтық.
Өзiңмен өзiң бол дептi,
Ұйқысыз түндiнәсiп қып.

Көз қанған тiрлiк алданыш,
Ойды алған түнде сыр шексiз.
Шексiздiкке самға да ұш,
Көкiрек есiк күршексiз.

Өзiңдi көрмеу, ұқтырмау,
Оянған кез бұл –ой-сана.
Түн құшағы ұмыттырды-ау,
Жар қойыны жалын болса да.

Бөлеп бiр нұр мен шапағат,
Хикмет, тылсым оянбақ.
Кеткенде жұлдыз  бошалап,
Түсем мен жерге аяңдап.

Бойымда жырдың  өртi ерен,
Самарқау сен тiл қатасың.
Мен кiре берген көрпеден,
Сен тұрып бара жатасың...

***

Ісімде де,
Түсімде де маза жоқ.
Тысымда да,
Ішімде де маза жоқ.
Мандымай қалғыр тірлікте мынау,
Мазасыздықтан асқан жаза жоқ!
Азады жаның арқалап жүрсе азап –ар,
Қаза бар жерде,
Қасиетсіздерге қаза жоқ.

Асау арманның жалына қанша жабыстым,
Жарыстым желмен,
Шаңдатып қия, жар үстін.
Табыстым таңмен,
Талдым да кештім әл үстін,
Жемісін аңсап алыстың қанша алыстым!
Қарыстың сен де,
Мен дағы қайтпай қарыстым.
Қалысқым келмей,
Қасиетіңменен қабыстым.

Өлшемді өмір,
Өлшеулі бәрі әу баста,
Жау, қаста дағы,
Тірлік жоқ тыныш, дау қаста.
Бозторғай, бұлбұл, бақаның әні әр басқа,
Ал мен –жеті музасы ояу марқасқа.
Мазасыздығым –
Соңыңнан ердім ал, баста!
Ғажап қой шіркін,
Арманға –арман,
Ән қосса.

***

Таң білінді тағы бір балық қарын,
Сорып бәрін, жұлдыздың алып қарын.
Әлденені іздеймін аласұрып,
Анық жоғын білмеймін, анық барын.

Кеш батады кердеңдер қараңғылық,
Шараң құрып, әлдене алаң қылып.
Тағы-тағы іздеймін аласұрып,
Шалма тастап ғайыпқа, салам құрық.

Күндер қайран, бақ, құмар, қыз-беу, деген,
Жан қашарда тәніңді сыз кернеген.
Кінәлар мен күнәлар арасынан,
Өтеді екен кісі өзін іздеуменен.

***

Тәлей, тағдыр бара ма-ау сараңданып,
Жаным жалқы тартып тұр,
Санам ғаріп.
Аунап-аунап қайтайын саған барып,
Ашылатын нәзік гүл содан жарып.

Құт мекен, қойнауым да, жайлауым да,
Сен де екен – алдан құшақ жайғаныңда.
Төрінде –тұлпарымды байладым да,
Өзіңде – ләззатыма тоймадың ба!

Бала боп жетуші едім, –
Ерке гүлдей.
Дана боп кетуші едім –
Өр көгіндей.
Күй кешіп мың бір түннің ертегіңдей,
Бірге ұшып хақ жәнаттың тең-теңіндей...

Малынып шыға алмай жүр мұңнан қайығым,
Бір-біріне біздердей құрбан қай, кім?!
Алапат өрт өтінде тұрғандаймын,
Тартып ал құшағыңа нұр маңдайлым!

***

Біздің жаққа қар жиі жауатын еді,
Айнала шекерім еді, науатым еді.
Алып ұшса арманның қанаты мені,
Үркер жиі төбеден ауатын еді.

Біздің жаққа қар жиі жауатын еді,
Мені сонда бір сиқыр табатын еді.
Жыр байланып әйнекке қалатын еді,
Сүңгі мұздар әуен боп таматын еді.

Біздің жаққа қар жиі жауатын еді,
Анам пешке тобылғы салатын еді.
Әкем қолға домбыра алатын еді,
«Сарыжайлауға» маң естен танатын еді.

Біздің жаққа қар жиі жауатын еді,
Айнала шекерім  еді, науатым еді.
Шыққыр көзін жаттардың қаратып еді,
Жанды жейді қайғының қара түнегі.
Біздің жақта...

СЫР

Жабырқау тарттым,
Тиянақ қайдан табайын?!
Үмітті арттым,
Алдағы тағдыр-талайым!..

Жылайды жүрек,
Көрсетпей көзде жас-тамшы.
Көңілім түлеп,
Бұлтсыз күндер басталшы!..

Көкірек –жылға,
Шыға алмай әлек бір жалын.
Жылауық жырға
Үйірсек болды-ау бұл жаным!..

Батамын шерге,
Елінен оқшау қалған кім?!
Қаламын бер де,
Заманын берме Мағжанның...

***

Тықыр етсе есігім сен кіретін секілді,
Қиялдағы бақытқа сендіретін секілді.
Күнтізбенің жыртылған соңғы беті секілді,
Қайтпасына өткеннің көндіретін секілді.

Қайтейін, қу дүние-ай, көзден моншақ секірді,
Жаным менің өмірдей, тезден сонша-ақ кетілді.
Жұмыр басты даң етті безбен қоршап не түрлі,
Барлығынан баз кешіп безген жанша кесірлі.

Жоқтамасаң сен мені, жоғалғаным секілді,
Тоқ күнімен, тойымнан тоналғаным секілді.
Мәнім кетіп, мәңгіріп, таба алмадым есімді,
Алыстады ақ сәулем ақ арманым секілді.

Мазақ етіп жалқы бақ махаббаттай соқырды,
Жайлауында өмірдің қалқам лақтай секірді.
Сенің бейнең мендегі ақтаңдаққа қосылды,
Қалған күндер жосылған қайтқан бақта секілді...

***

Тірлік –кебін, туа орандым,
Тәніммен бір шіриді.
Пендесі едік бір аралдың,
Тең түспепті нұр игі.

Сен ханшадай өмір сүрдің,
Бақыт улап тәніңді.
Мен өтінде обыр сынның,
Ұқтым қабақ бағуды.

Көктемгі күн шуағындай,
Жыр  бұйырмай жабығам.
Шөл даланың құланындай,
Ұстатпаған жалынан.

Сен –ханша, мен –ғашық құл,
Көңілде жүр көп алаң,
Сен –күн, шықсаң шашып нұр,
Мен мұңлы ай боп жоғалам.

Тірлік –кебін, туа орандым,
Тәніммен бір шіриді.
Пендесі едік бір аралдың,
Тең түспепті нұр игі

***

Сенің көз шанағың,
Шегі жоқ теңіз.
Мен –жалғыз жапырақта,
Жан сақтаған құмырысқа.
Үміт пен күдік егіз,
Шыбыным шырқырар –
Жартас кірпіктерің қағылысса.
Көз жас толқындарың
Алса жанымды,
Жуармын топырақ тәніңді.
Теңіз толқыған,
Тыймаса жалынды
Бірге ағып кетермін,
Қалдырып саған әнімді.
Шегі жоқ теңіз...

Ермұрат Зейіпхан

Abai.kz

0 пікір