Сәрсенбі, 24 Маусым 2026
Әдебиет 166 0 пікір 24 Маусым, 2026 сағат 19:21

Мұхтар мен Шыңғыс

Сурет: ЖИ арқылы жасалған.

Жалпы түркі ұлттарының мәдени дамуы, рухани өрлеуі ежелден бір-бірімен тамырласып, салаласып жатады. Осыған орай дүниеге келген қадау-қадау тұлғалары да бір-бірінен үлгі-өнеге алып, өзара кем-кетігін толықтырып, Ұлы Түран ұрпақтарының бай мазмұнды, сан-салалы мәдениетін қалыптастырып отыр. Әсіресе, бұл күнде көркем ойлау көкжиегінің барынша кеңеюі барша қауымға үлгі боларлықтай. Бұлай зор сөйлеуімізге 20-шы ғасырдың төлі болып саналатын екі алыптың –қазақ Мұхтар Әуезов пен қырғыз Шыңғыс Айтматовтың әдебиет әлеміндегі қол жеткізген кесек табысы себеп болып отыр.

     Енді көрпемізге қарай көсіле отырып, екі жазушының өмір жолы мен жасампаздық жолына қысқаша зер салып көрелік. Жұртқа аян, түркі халықтарының ішінде көшпелі шаруашылықпен айналысатын қазақ, қырғыздың ауыз әдебиеті барынша дамыған. Бірі әлем халықтарында сирек кездесетін кесек шығарма — «Манас» эпосын дүниеге әкелсе, бірі түрі мол, мазмұны терең ұласпалы хисалар тудырып «жыр теңізі» атанды. Міне, осы сан-салалы, бай ауыз әдебиеті — екі жазушының да бала кезінен сусындап өскен рухани азығы әрі жасампаздықтарының қайнар бұлағы болды. М. Әуезов қолына қалам алған күннен бастап өмірінің соңына дейін бала күнінен құлағына құйылып, көкейіне жатталып қалған туған халқының бай ауыз әдебиетін, «Манас» эпосын жалықпай зерттеп, іргелі ғылыми еңбектер жазса, Ш. Айтматов кейінгі әлемді жалт қаратқан үздік шығармаларында қазақ, қырғызға ортақ аңыздарды, мифтерді молынан пайдаланып, шығармасының философиялық қуатын арттырып, көркемдік бояуын құлпырта түсті. Сөйтіп, дәстүр мен империялық өркениеттің қыспағынан шығар жол іздеген көшпелілердің күрделі тағдыры мен күнделікті тірлігіндегі қайшылықты астарлап жеткізе білді. Мұхтар мен Шыңғыстың тағы бір ұқсастық жағы – екеуі де орыс тілін жетік меңгере отырып, Батыс мәдениеті мен өркениетінен сусындап, шығармашылық методика жағынан әлемдік стандартпен ойлайтын жағдайға жетті. Мұхтар 1915 жылы Семейдегі мұғалім даярлайтын семинарияда оқыған соң, 1928 жылы Санкт-Петербург университетінің филология факультетін, одан кейін Ташкенттегі Орта Азия университетінің аспирантурасын тамамдаған. Ал, Шыңғыс Кеңестік номенклатураның отбасында дүниеге келіп, алғашқы сауатын орысша ашады. 1946 жылы Жамбылдағы мал шаруашылық техникумын аяқтаған соң, 1956 жылы Мәскеудегі М. Горький атындағы жоғары әдеби курста білімін жалғастырады. Орыс пен Батыстың классикалық әдебиетін мейірі қанғанша сусындайды. Мұхтар көптеген ғылыми еңбектерін орыс тілінде жазып, кейбір басты көркем шығармаларын аудармашымен бірлесе отырып орыс тіліне аударса, Шыңғыс кейінгі әйгілі роман-повестерін орыс тілінде жазды. Сонымен екеуінің де шығармашылық кеңістіктері кең болып, танымалдықтары арта түсті. Түркі тілді халықтардың ойлау жүйесіне әсер етіп, рухани жақындығын арттыра түсумен бірге, 20-шы ғасырдағы дүниеге әйгілі әдебиет алыптарына айналды.

        Екі жазушының да өмір жолы, шығармашылық қалыптасу, толысу жолы бұралаң болды. Кеңес билігі әбден орнығып алған соң берген уәдесінен тайып, өзгеше ойлайтындар мен ұлттық мақсат-мұраты бар тұлғаларды қудалай бастағанда, кешірімге ие болып, мемлекеттік құрылысқа ат салысқан Алашорда мүшелері де қудалауға, тергеуге түсті. 1925 жылы Голощёкин Қазақстанға келіп «кіші қазан» жүргізіп, науқан қыза түскен 1929 жылы жас Мұхтар «Алашордашыл, ескілікті көксеуші» деген «қылмыспен» түрмеде екі жыл отырды. Соңында, баспа бетінде өзінің бұрынғы танымынан, көзқарасынан бас тартып, бүкіл жасампаздығын теріске шығарып, бұдан кейін жаңа адам болып, жаңа өмірді етене жырлаймын деп серт берген ашық хатын жариялап, бостандыққа шықты.  1937 жылы Кеңес Одағы бойынша жүргізілген Сталиндік репрессия кезінде Шыңғыстың әкесі Төреғұл қанды қармаққа ілініп, жазықсыз атылды да, сәби бала ауылға барып әжесін паналады. Сонымен қабырғасы қатпай тұрып жетімдік тағдыр желкелеп, әлеуметтік теңсіздіктің тепкісін көріп өсті. 1950 жылдардың басында Қазақстанда тағы бір саяси науқан жүргізіліп, қазақ зиялыларының басына күн туғанда, Мұхтар қуғындауға ұшырап, Мәскеуге қашып барып, әрең жан сақтайды. Ал, «Абай», «Абай жолы» эпопиялары да қырағы қызыл белсенділердің ит сілікпесіне түсіп жүріп әрең жарық көрді. Әрине, бұған мысал ретінде «Абай» романының бірінші кітабын баспадан шығарғаны үшін ғалым Бейсенбай Кенжебаевтің баспаның директоры міндетінен қалдырылғанын еске алсақ та жеткілікті. 1970 жылы Ш. Айтматовтың «Ақкеме» повесі жарық көргенде, көптеген сыншылар «Социалистік қоғамда трагедия болмау керек», деген теорияны желеу етіп жазушыға уыттана шабуыл жасайды. Міне, екі алып екі дәуірде жасаса да, өмір жолдары мен шығармашылық ғұмырының қаншалық тайғақ-күдір болғанын байқаймыз. Алайда, бұл айыптау, жала жабу, қудалау, түрме, жетімдік тағдыр, ұйымдасқан шабуыл екі алыптың еңсесін түсіріп, езіп жібере алмады. Қос бәйтерек дауылға қасқая қарап шыңдала, шымырлана түсті. Мұхтар төрт томдық эпопия жазып қоғамды мойындатып, халықтың мерейін өсірсе, Шыңғыс «Боранды бекет», «Жанпида» сынды кесек романдарымен дүниені дүр сілкіндірді.

          Мұхтар мен Шыңғыстың бойындағы тағы бір тамаша қасиет — екеуі де ауыл үйінің әңгімесін айтып, жыртысын жыртпай, дүниеге арысы адамзат, берісі түркі халқының көзімен қарай білді. Әсіресе, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қазақ-қырғыз арасындағы ұлы достықтың тамыры тіпті де тереңге жайылуына, бауырмалдықтың тіпті де күшеюіне өздері бас болып өнеге-үлгі көрсетті. Екі елдің тағдырына тең көңіл бөліп, қиын-қыстау күндерде ұлттық мүдденің үдесінен шыға білді.

            Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында қырғыздан шыққан шолақ белсенділер көлеңкесінен сескенді ме, әлде қожасына жағынғысы келді ме? Әйтеуір, қырғыздың маңдайына біткен рухани байлығы, атам заманнан бері келе жатқан ақыл-парасатының жауһары –«Манас» эпосын феодализмнің қанжығасына байлап беріп, социализмнің төрінен аластамақшы болады. Сонымен айтыс-тартыс үдеп, Мәскеуден «Манастың» тағдырын белгілейтін арнайы комиссия шығады. Осы кезде Мұхтар өзінің қоғамда сенімсіз адам саналып, қылқопыр үстінде жүргеніне қарамастан, бар күшін салып «Манасқа» араша түседі. Эпостың көптеген халықшылдық сипат алады деген шумақтарын жолма-жол орыс тіліне аударып, кәсіби мамандардың қолдауына ие болады. Ақыры тарихи шығарманы қорғап қалып, халқының игілігіне қайтарады. Мұхтар Омархан-ұлының бұл ерлігі мен парасатын қырғыздар күні бүгінге дейін аузынан тастамай айтып жүр. Аштық, революция, репрессия, тың игеру сынды қоғамдық қозғалыстардың ұясына айналып, Кеңестік ұлт жасау жоспарының лабораториясына айналған Қазақстандағы жергілікті ұлт өткен ғасырдың сексенінші жылдарына келгенде өз елінде отырып азшылыққа айналып қалды. Сонымен сол сексенінші жылдардың соңында Кеңес Одағында көтерілген жариялық, қайта құру дабылының дүмпуімен Қазақстанда қазақ тілін мемлекеттік тіл етіп белгілеудің өзі талай даңғаза даудың тамыздығы болды. Міне, осы кезде Шыңғыс бір шетте қол қусырып қарап тұрмай, жүрек жарды, әділ сөзін КСРО халық депутаттарының бірінші съезінде ашық айтты: «Социалистік республикалардың суверендік правалары Қазақстанды да айналып өтпеуі тиіс. Бұл Республиканы жалпыға бірдей ережеден ерекше ұстауға болмайды. Өйткені, қазақ халқы осы өлкедегі ең ежелгі этностық ұлттардың бірі ретінде, елімізге нан қажет болғаны үшін, сондай-ақ сол мақсатта Еуропалық бөлектен миллиондаған адамдардың тың жерлерге қоныс аударғандығына, сөйтіп соның нәтижесінде байырғы халық пен жаңадан қоныстанушылардың ара салмағы шектен тыс алшақтап кеткені үшін еш кінәлі емес. Ал енді қит етсе болды, сол байырғы халықты бір түкпірге тықсыра беруге болмайды ғой». («Қазақ әдебиеті» 1989 жыл, №36 сан, 4-ші бет).

       Мұхтар әрдайым қарбалас жасампаздықтан уақыт тауып, Орта Азиядағы Республикалардың әдебиет ауқымын жіті бақылап, керек кезінде сындарлы ұсыныс-пікірлерін айтып, жаңа шыққан жас таланттарды баулып отырған. Бұл күндегі Орта Азиядан шыққан әйгілі жазушылардың дені М. Әуезовты өздерінің ғұлама ұстазы санайды. Айтматов бүкіл түркі тілді халықтардың ортақ мақтанышына айналды. Әрине, бұл мәртебеге екі жазушы да барша оқырманды өзіне баурап алуымен бірге, өздерімен тілі бір, діні бір сапалы қаламгерлерді демеп, артынан ерген шәкірттерін жебеп отырғаннан болса керек. Сексенінші жылдардың басында қазақ ақыны Мұхтар Шахановтың Отырардың күйреуі туралы жазылған поэмасы жарияланғанда, аталмыш шығарма туралы ең алғаш жоғары баға берген дуалы ауыз қаламгерлердің бірі Шыңғыс болды. Бұдан сырт Қазақстандағы Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ахтанов, Шерхан Мұртаза, Зейнолла Қабдолов, Зейнолла Серікқалиев, Нұрлан Оразалин қатарлы қабырғалы қаламгерлер Шыңғыспен шынайы, достық, жасампаздық байланыстарын үзбей келген. Олардың арасында баспасөз беттерінде өзара айтылып келген жылы лебіздер бұл күнде кейінгі ұрпақтар үшін ұмытылмас үлгі, таптырмас тағылым болып қалды. Айтматовтың қазақ драматургі Қалтай Мұхамеджановпен бірлесіп жазған «Көктөбеде кездесу» атты драмасы да талғампаз Батыс көрерменінің көңілінен шығып, әлемді аралап кетті.

         Мұхтар мен Шыңғыс бір дәуірдің суреткері ғана емес, туған халқының жүрегіне жол тауып, ыстығына күйіп, суығына тоңа білген тұлға. Олар әрқашан көз алдағы көкейтесті мәселелер мен болашақ жөніндегі толғаныстарын, алаңдарын жасырмай, ашық айта білді. Айтуға мүмкіндік болмағанда, көркем шығармаларында астарлап айтты. Мұхтар өзінің ертеректе жазылған «Қилы заман» повесінде қазақ халқының басынан өткен қаралы күндерді шынайы бейнелеп, ел басына күн туғанда ортаға шыққан, ажалын білсе де арына дақ салмаған азаматтарды тебірене жырлады. Әрі патшалық ресей армиясының бейуаз халықты қынадай қырған жауыздығын майдалап-жадағайламай, ұрпақ есінен көтерілместей етіп суреттеп берді. Профессор Мекемтас Мырзахметов «Қазақ әдебиеті» газетінің 1990 жылы №4 санында жарияланған көлемді мақаласында «Абай», «Абай жолы» романының алғашқы қолжазбасында Патшалық Ресейдің қазақ даласында шоқындыру саясатын мақсатты, жоспарлы түрде жүргізгені жан-жақты суреттелгенін, бірақ кейін шығарманы баспаға өткізгенде редактордың қолымен өзгеріп, майдаланып кеткенін жазады. Міне, бұдан Әуезовтың шындықты өз замандастарына иін қандырып айта алмаса да, біздерге, болашақ ұрпаққа аманат етіп жазып қалдырған ерлігін, көрегендігін байқаймыз. Шыңғыс өзінің «Боранды бекет» романында ұлттық салт-санадан, дәстүрден, адамдық қасиеттен жұрдай бүгінгі күннің мәңгүрті, рухани мүгедек Сәбитжан образын терең реалистік тұрғыда сомдап, империяның темір құрсауындағы ұлттың рухани азып-тозуын өткенмен шендестіре отырып бейнелеп береді. Бұл сол заманда ерлікке барабар құбылыс еді.

         Кеңес заманының қос тарланы Мұхтар мен Шыңғыс ұстаз-шәкірт ретінде бір-бірімен ілтипатты шығармашылық қарым-қатынаста болды. Айтматовтың атын шығарған әйгілі шығармасы «Жәмила» ең алғаш Әуезовтың алғысөзімен «Жаңа дүние» журналында жарияланды. Осы повестен-ақ жас жазушының зор болашағын көре білген классик Мұхтар Шыңғысты ендігі Орта Азиядағы түркі тілдес халықтардан шығатын ең үмітті жазушы ретінде солшыл бағыттағы француз жазушысы Луи Арагонға таныстырады. Сонымен көп өтпей «Жәмила» Луи Арагонның аудармасымен Францияда жарық көрді де Батыс оқырмандарына жол тартты. Бұдан кейін Айтматовтың «Тау мен дала хикаялары» атты жинағының бүкіл Кеңес Одағының мемлекеттік сыйлығына ие болуына ғұлама Әуезовтың жылы лебізі мен тікелей қамқорлығының әсері тимей қалмады. Кейін шығармалары дүниежүзі халықтарының 90 неше тіліне аударылып, атағы Шығыс пен Батысты тең дүрілдетіп тұрған Айтматов қашанда Мұхтарды өзінің құрметті ұстазы санап, оның есім-сойын ерекше ілтипатпен атап жүрді. Пікірімізді нақтылай түсу үшін сөзді даңқты жазушының өзіне беріп көрелік: «Өз басым өзге елге сапарға шығып, өзге жұрттың табалдырығын аттай қалсам, әрқашан қасиет тұтып, өзіммен бірге қастерлеп ала жүретін екі түрлі ұлттық асылым бар. Бірі — «Манас», бірі — Мұхтар Әуезов.

       Мен қазақпын ба, қырғызбын ба?

      Мұны білгісі келгендерге мен Манас жөнін, Мұхтар Әуезов жайын айтып берем. Бұл екеуі менің қандас халықтарымның мерейі. Осы екеуіне иек артсам болғаны, жат жұрт арасында жалым күдірейіп шыға келеді». («Мұхтар Әуезов тағылымы» жазушы баспасы, 30-бет).

      Шыңғыстың осы бір ақ жүрегінен жарып шыққан аталы сөзінің өзінен-ақ оның ұстазына деген шексіз құрметіне, алысты көріп, тереңге бойлайтын үлкен парасатына, «жеміс ағашының миуасы қанша мол болса, сонша иіліп тұрады» деген шығыс даналығын бойына әбден сіңірген кемеңгерлігіне тәнті боламыз.

            Тегінде табиғат қанша сараң болғанымен 20-шы ғасырға келгенде түркі ұлттарына үлкен жомарттық жасапты. Неге дейсіз ғой? Руханият саласын айтар болсақ, бірнеше ғасырда бір туатын, мәңгі қайталанбас нардың қос өркешіндей қос алып тұлға 20-шы ғасырда құйрық тістесе дүниеге келіп, замана шежіресіне ұлттық кодты таңбалап берді. 20-шы ғасырдың алдыңғы жартысында Мұхтар Омарханұлы Әуезов эпос тудырған халқын эпопея әлеміне бастаса, соңғы жартысында Шыңғыс Төреғұлұлы Айтматов адамзат ақыл-парасатының биік шыңынан көрініп, «Адамзаттың Айтматовы» атанып отыр. Әрине, екі алыптың дүниеге келуі әсте, әлдекімдер айтып жүргендей кездейсоқтық немесе таңғаларлық құбылыс емес. Әл-Фарабиді, Махмұд Қашқариді, Жүсіп Баласағұниді, Қорқыт атаны, Әлішер Науаиды, Абай Құнанбайұлын тағы басқа алыптардың кіндігін кескен құнарлы топырақтың жемісі, ойшылдан таршылық тартып көрмеген Шығыс дәстүрінің заңды жалғасы.

1991 жылы Кеңес Одағы ыдырап, Одақ құрамында болған туысқан түркі елдері іркес-тіркес тәуелсіздіктерін жариялап, бірнеше ғасырға созылған бабалар арманы орындалды. 1992 жылы Нұрсұлтан Назарбаев пен Тургут Озалдың бастамасымен Анкарада алғашқы түркітілдес елдер басшыларының саммиті өтті. 2009 жылы 3-ші қазанда Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан мемлекеттері «Нахчыван келісіміне» қол қойып, ресми түрде Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құрды. Осы кеңеске 2019-шы жылдан бастап Өзбекстан, Түрікменстан, Венгрия, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы қатарлы елдер бақылаушы мәртебесімен кірді. 2021 жылы Ыстамбұл саммитінде ұйымның атауы Түркі кеңесінен Түркі мемлекеттері ұйымы болып өзгертілді. Қазірге дейін мәдени-гуманитарлық ықпалдастық бағытында көптеген жұмыстар атқарылып, төмендегідей институттар дүниеге келді: 1. ТҮРКСОЙ; 2. Түркі академиясы; 3. Түркі мәдениеті және мұрасы қоры; 4. Түркі инвестициялық қоры.

     2040-шы жылға қарай бұл ұйым Түркі экономикалық одағына айналуы мүмкін. Армандар ешқашан адастырмайды. Шығыс пен Батысты, Түстік пен Терістікті тұтастырып, бірнеше ғасыр әлемдік тәртіпті қадағалап келген Көк Түріктердің заманы туып келеді. Екі ғасырға таяу уақыттан бері осы мақсатқа жету жолының практикалық және теориялық ізденістері жалғасып келеді. Сол мақсат жолында И. Гаспринский, Жүсіп Ақшора, Зия Көкалып, Мұстафа Шоқай, Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов қатарлы қадау-қадау тұлғалар санамызды оятып, рухымызды түлетті. Саяси ерік-жігеріміз нығайып, экономикамыз қапталдаса өрлеп, дәстүріміз жаңғырып келеді. Түбі бір Түріктің баласы әлемнен өз орныңды тап!

Abai.kz

0 пікір