Өз дәуірінің дарабозы болған тұлға...
Ел тарихында қоғамдық өмірге араласып, халық игілігі жолында еңбек еткен азаматтар қазақта аз емес. Олардың қоғамдағы орны ерекше болған. Әлі күнге дейін ел есіңде сақталып, өмір дастаны халық аузыңда айтылып жүр. Солардың бірі жағалбайлы руынан шыққан патша дәуірінде үлкен қызмет атқарған тұлға – Дербісәлі Беркімбаев. Қолымыздағы 2007 жылы Ақтөбе қаласынан жарық көрген «Алды кең, арты майса» еңбегіндегі деректер, 2001 жылы Ақтөбе баспасынан жарық көрген «Ақтөбе энцеклопедиясы», 2018 жылы жарық көрген «Туған өлке Хромтау ауданы» энцеклопедиясындағы мәлеметтерді саралап, шынайы бағасын бермекпіз. Оның өмір жолы мен елге сіңірген еңбегі туған өлке тарихымен сабақтасып жатыр. 1837-1913 жылдары өмір сүрген қазақтың біртуар ұлдарының бірі. Жарты ғасырдан артық уақыт ел билеп, Қостанай өңірінде мектептер, жылқы зауытын тұрғызуға тікелей ықпал еткен тұлға. Бұл мақалада Дербісәлі Беркімбаевтың өмірі, қызметі және шынайы тұлғалық бет-бейнесі туралы баяндайтын боламыз.
Ойсылқарадан басталған ғұмыр...
Дербісәлі Беркімбаев – 1837 жылы қазіргі Ақтөбе облысы, Хромтау ауданыдағы(бұрынғы Новоресей) Ойсылқара жерінде дүниеге келген. Кіші Жүздің Жетіруынан тарайтын Жағалбайлы руынан.
Туған жеріне қайтадан оралайық.
Қазақ халқы төрт түліктің өзінің пірі бар екенің бағзы заманнан біліп қана қоймай, жаттап өскен. Дана халқымыз жылқының пірі – Қамбар Ата, қойдың пірі – Шопан Ата, сырдың пірі - Зеңгі баба болса, ал түйенің пірі – Ойсылқара.
Әулиелі Ойсылқара өңірі қазақтың кең сахарасының табиғаты көз тартарлық әсем бұрыштарының бірі. Аудан орталығы қазіргі Хромтау қаласынан 35 шақырым жерде орналасқан. Бұл өңірде басын Мұғалжар тауларынан алатын Көкпекті Ойсылқара өзендері бар. Ойсылқара мекені Қопа елді мекені тұсында Ор өзеніне құяды. 100 метрдей қашықтықта биіктігі 4 метрдей биік төбе басында «Ойсылқара әулие» обасы орналасқан. Обаның бастапқы биіктігі қазір күйінен әлдеқайда биіктеу болған секілді. Бірақ ғасырлар бойғы табиғат құбылыстарының әсерінен оба аласарған әртүрлі пішіндегі үлкенді-кішілі тас үйіндісінен тұратын обаның қазіргі биіктігі 1 метр де, диаметрі – 1,5м.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Р.Ілясованың, ұлттық тарихи мұраларды зерттеу мақсатында ұйымдастырылған экспедициясы өздерінің зерттеу нәтижесіне, ел аузындағы айтылған деректерге және әр дәуірдегі жерлеу кешендерінің ерекшелігіне сүйеніп, Ойсылқара обасын VI ғасырға жатқызды(қараңыз: Туған өлке Хромтау ауданы энцеклопедиясы, 2018ж. 60-бет).
Осындай әулиелер мекендеген киелі өлкеде туған Дербісәлі Беркімбаевта қазіргі уақытта ұлы тұлғаға айналып отыр. Әкесі – Беркімбай(шын есімі - Бошыбай) Орынбор архивінде сақталған құжаттық деректерге қарағанда 1825-32 жылдар аралығында Жетіру тайпасының старшинасы, ал 1832 жылы аға сұлтан басқаратын аймақта дистанциялық басқару жүйесін енгізуге орай, 1858 жылға дейін Кіші Жүздің Орта бөлігіндегі 15 дистанцияға бастық болып бекітілген. Беркімбай – дүниеден өткенше ел басқарған адам(қараңыз: Зекіратдин Б. Сәулесі түскен ғаламға...// 24.08.2017. aqtobegazeti). Кейінен ұлы да әке жолың жалғастырды. 1857 жылы Дәрбісәлінің 20 жасында әкесі қайтыс болып, ұлы 15 дистанция бастығы болады.
Ұлы мұрат жолында...
Беркімбаев Дербісәлі – өз заманында айтулы тұлғалардың бірі. Саналы өмірі патша үкіметінің қазақ жерінде жүргізген саяси-әкімшілік өзгерістерін енгізуімен тұспа-тұс келді. Оның қызметі 1857 жылдан басталған болатын. Одан кейін 1857-60 жылдары ауылдық судьялық би, 1860-69 жылдары Кіші Жүздің Шығыс бөлігіндегі № 15, 23 дистанциялар бастығы, 1869-72 жылдары Ырғыз уезінің қалыптастырып, құру алқасының мүшесі, 1872 жылы Орынбор генерал-губернаторы А.Крижановский оны Елек(кейінен Ақтөбе) уезінің басшысының орынбасары қызметіне тағайындайды. Дербісәлі бұл қызметті 1872-73 жылдары атқарған. Кейінен 1873-93 жылдары Ақтөбе уезінің кіші(екінші) жәрдемшісі, 1893 жылдан өмірінің соңғы кезеңіне дейін Торғай облысының әскери-губернаторының жанындағы штаттан тыс ерекше тапсырмалар орындайтын аға шенеунік міндетін атқарған.
Дербісәлі Беркімбаев Ресейдің Орынбордағы Императорлық географиялық қоғамының, Торғай облысының статистикалық комитетінің мүшелігіне бірнеше рет сайланған. Қазақ елінің, халқының тарихы, мәдениеті, этнографиясы жайлы осы ғылыми қоғамдардың жариялымдарындағы мол деректер көптеген мақалаларға арқау болған. 1865 жылы оған Зауряд Хорунжий атағы берілген. 1864-1911 жылдары 5 рет Станислав, Анна, Владимирдің 2-4 дәрежедегі ордендерімен, 2 рет Алтын, 3 рет күміс, 2 рет қола медальдармен, барлығы 12 рет маратталған. Патшалық үкіметтен 25 рет жеке атынан жазылған қымбат бағалы сыйлықтар алған. Торғай облысының қазақтары депутациясының құрамында 1876, 1881, 1896, 1898 жылдары Санкт-Петербургке, Мәскеуге барған. 1896 жылы ІІ Николайдың таққа отыру рәсіміне, және ІІ Александрға ескерткіш ашу салтанатына қатысқан. 1902 жылға дейін жұмыс жасап, 1200 сомдық зейнетақымен демалысқа шығады. «Дворянин» - деген аристократиялық жоғарғы атақ алған. Оның қазіргі ұрпақтары Орск қаласында тұрады(қараңыз: Ақтөбе энцеклопедиясы, 2001ж. 340-бет, Туған өлке Хромтау ауданы энцеклопедиясы, 2018ж. 50-бет).
Тағы бір «Жарты патша» атанған қазақ...
Алдынғы мақаламызда Патша үкіметі кезінде өмір сүрген Алмат Тобабергенұлының болыс болып ел басқарған, «Жарты патша» атанған – Алматұлы Самұраттың(Шахмұрат) өмірі мен қызметін, елге жасаған көптеген игі-істерін жеткізген болатынбыз. Енді Дербісәлінің өмірбаянында да сол ұғымға тұспа - тұс келіп отырмыз. Бұл тұлғаның өмірбаянына шолу жасағанымызда «Жарты патша» ұғымына тап келдік. Бұл ұғымды зерттеп, саралай келе олардың патша әулетімен байланысы ғана емес, олардың егіншілікке, мал шаруашылығына және де отырықшылыққа көшу теориялық жағынан практикаға айналу бойынша үлкен құрылыстарға белсене ат салысқандығы жөніндегі материалдарды көріп, көзіміз жетті. Ел-жұртына пайдасы тиерлік үлкен жұмыстар жасағанына байланысты халық осы «Жарты патша» атап кеткен болуы керек. Олардың істеген іс-әрекеттері мен жүріс-тұрысы, сөз саралауы, сөйлеу мәнері, әкелерінің берген таным-тәрибесі, өнегесі және т.б. осы сияқты бір адамның бойына қалыптаса бермейтін қасиеттердің арқасында деп есептейміз.
Жалпы біздің көзқарасымыз бойынша екеуініңде марапаттары бірдей болса да, олардың алған атақ дәрежесі мен атқарған жұмыстарының айырмашылығында болып отырған секілді. Мысалы Самұраттың 1912 жылы «Ресейдің император әулеті ұлықтарының құрметті азаматы» жоғарғы атағына ие болуына байланысты жергілікті жұрт солай атап кеткен шығар. «Жарты патша» ол халық шығарған нақыл сөз, кейін үлкен ұғымға ие болып жатады. Оған қоса қиын қыстау заманда ел-жұртының сенімін үлкен аброймен ақтап, отырқшылыққа көшіп, егіншілікпен айналысып отбасын асыраған жұрт шынымен де «Жарты патша» деп есептеген болуы керек. Оған қоса қазіргі Жабасақ ауылына мешіт салып жас балдарға сауат ашуға себепкер болуы оның мерейің одан әрі асқақтатты.
Дербісәліге қайта оралайық.
Дана халқымыз «халық айтса қалт айтпайды» – деп жатпай ма. «Дербісәлі жарты патша» деген бағалық атаудың негізі «Ресей патшасы біз үшін тым қашық, ол бізге жарты патша да, Дербісәлі ол біздің түгел патшамыз» деген кезінде Неплюев кадет копусын бітірген Баяділ Кийхиннің сөзінен шыққан еді(қараңыз: Байдосұлы З. Алды кең, арты майса Дербісәлі. 2007ж. Ақтөбе қ. «Насихат» б. 64-бет). Міне, «Жарты патша» деген халық арасында жүрген кісілердің берген бағасы.
Дербісәлі де көптеген марапаттар алып, ел-жұрттының сенімін аяқтаған тұлға деп ойлаймыз. Ол да патща үкіметінің сенімін толық ақтаған азаматтардың бірі. 1865 жылы оған Зауряд Хорунжий атағы мен қоса, «Дворянин» - деген аристократиялық жоғарғы атақ алған. Бұлда тұлғаның үлкен жетістіктердің бірі болып қалатыны сөзсіз. Дербісәлі көптеген ірілі-ұсақты құрылыстардың басы-қасында болды. Атап айтсақ, Ақтөбе, Ырғыз жерлерінің қалыптасуы мен нығаюына, жол, пошталық байланыстар, жер шаруашылығының өсіп-өркендеуі, өнеркәсіптің негізделіп, қалыптасуына, қазақ халқының мәдениетін одан әрі жетілдіруіне айрықша себепкер болған тұлға.
«Әке көрген оқ жанар»
«Әке көрген оқ жанар, ана көрген тон пішер» - деген дана халқымыз. «Әке - балаға сыншы» дегендей, Беркімбай баласы Дербісәліні бала кезінен-ақ ел тынысының ағымдарына шомылдыра тәрбиелейді. Аймақ жақсыларымен қауыштырып, олардың ортасының шапағатын сездіреді, әңгімелерімен сусындатады. Көпті көрсетіп, көпті білдіріп, өмірден тәжірбие жинақтаудың негізін салады. Бұл Беркімбайдың көрегендігі болатын. Дербісәлінің «Жарты патша» аталып, елге танымал Дербісәлі болуының сыры осында жатса керек. Қаншама игі-істер атқарған тұлға 72 жасында дүниеден өтті. Оның 2000 ірі қарасы, 3000 десятина жері болған(қараңыз: Байдосұлы З. Алды кең, арты майса Дербісәлі. 2007ж. Ақтөбе қ. «Насихат» б. 24-бет). Ол өз заманында лайықты бағасын алған. Бір азаматтың басына беріле бермейтін ғұмыр кешті. Халқына, айналысына, ағайын тума-туысына қадірлі, сыйлы болды.
Дербісәлінің інісі Мерәлі 1888-97 жылдар аралығында Ойсылқара болысы болған. Дербісәлінің Мұхтар, Қайырзаман, Сейіл деген балалары болғаны айтылады. Олар өткен ғасырдың отызыншы жылдарында қудалауға ұшыраған.
Нақтырақ айтсақ, Мұхтар Дербісәліұлы 1941 жылы «халық жауы» ретінде ұсталып, еңбек түзеу колониясында ауыр науқастан қаза тапқан(қараңыз: Байдосұлы З. Алды кең, арты майса Дербісәлі. 2007ж. Ақтөбе қ. «Насихат» б. 64-бет). Ал Қайырзаман болса 1930 жылдың желтоқсанында руаралық күрес-тартысты ұйымдастырғаны үшін жиырма жылға айдалған. Алайда 1931 жылы 18 ақпанда кінәсінің дәлелденбеуінен түрмеден босатылған. Кіші ұлы Сейіл Дербісәліұлы 1924 жылы отыз бес жасында кеңес үкіметіне қарсы қимылдары үшін ұсталған(қараңыз: Зекіратдин Б. Сәулесі түскен ғаламға...// 24.08.2017. aqtobegazeti).
Сөз соңы: Дербісәлі Беркімбаев жайлы халық санасында әңгімелері мен жырлар жетерлік. Соның ең жариялары Кердері Әбубәкір, Әкімәлі Қаржауов, Сарышолақ өлеңдері. Оларда Дербісәлінің тарихи тұлғасы сомдалған. Бұндағы бір ерекшелік жоғарғыда көрсетілген үш ақынның үшеуі де Дербісәлі Беркімбаевтың замандастары. Бұлар Дербісәлі қырларын білетін, көзің көрген, дәмдес болған адамдар.
Атадан қалып тудың қызыл жүзді,
Рахмет ата-анаңа туған сізді.
Білетін мұны ойлар кісі болса,
Әр жерде мақтандырдың Кіші жүзді. –
Дейді Кердері Әбубәкір.
Ал Әкімәлі:
Қара қылды қақ жарып,
Байтаққа қыпшақ хан болды.
Сәулең түсіп ғаламға,
Раушан жарық шам болды. –
дейді.
Дербісәлі туралы Шектілік Сарышолақ шайыр:
Жағалбайлы Жетіру,
Көкемнің еді бастасы.
Дербісәлі ағасы,
Дұға да етіп қоштасты.
Асылдың ісін қарашы,
Орасан көзге көрінді. –
деп жырға қосқан екен.
Асқар Рахымжанұлы, тарихшы
Abai.kz