Ұстаздардан марапаттарды аямау керек!
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Білім күніне орай ұстаздармен өткізілетін дәстүрлі конференцияда сөз сөйледі. Төменде президент баяндамасының маңызды тұстарына талдауды ұсынамыз.
Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі, бұл – нағыз ақиқат!
Қай кезде болмасын, қоғамда ұстаздың орны бөлек. «Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға» деп Ұлт ұстазы Абай айтқандай, алдына келген кішкентай баладан болашақта тұлға өсіріп шығару – ұстаздықтың ең ұлағатты мақсаты десе болады.
Бүгінде біз адам капиталы, сапалы ұлт туралы көп айтып жүрміз. Бұл сөздер кезекті бір науқан үшін айтылмайды. Қазіргі ғылым мен озық технология дәуірінде әрбір мемлекеттің қарқынды дамуы оның халқының білімділігенде. Білім – сапалы ұлттың ажырамас сипаты. Білім – формулаларды меңгеріп, түрлі пәндерді жатқа игерумен шектелмейді. Ол – адамның интеллектуалды өрісінің іргетасын қалайды. Дами келе ол мәдениетке, ойшылдыққа, белсенді субъектілікке, озық тәрбиеге ұштасады.
Міне, байқасақ, бүгінгі заманның Ұстазы бала бойында осы қасиеттерді оятып, оны тұрақты адами өлшемге айналдыруды өз міндетіне алған тұлға екенін көреміз Сондықтан, бүгінде біздің қоғамда ұстазға Тұлға ретінде қарау, ал әрбір Ұстаздың өзін тұлғаға айналдыруы қажеттігі айқын сезіледі.
Жоғарыда айтылған «мықты мұғалім» сөз тіркесінің ең басты мағынасы осы. Сондықтан, Ұстаздық ету – ұлттың болашақ тағдырын айқындаушы, оны анықтаушы ұлы қайраткерлік деп айтуымызға болады.
Жаңа Халықтық Конституцияның талаптары
Президент Бас құжатта тұңғыш рет білім саласына айрықша мән берілгенін, яғни адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту еліміздің стратегиялық бағыты ретінде айқындалғанын атап өтті. «Қазір осы талаптарға сай бүкіл билік жүйесін және қоғамдық институттарды ауқымды жаңғырту жұмысы жүріп жатыр», ‑ деп мәлімдеді.
Осы айтылғанға мына ойларды да қосуға болады деп ойлаймын:
Кез келген адамның тұлға болуы аса маңызды, әрине. Сонымен қатар, кез келген мемлекет те «тұлғалық сипатта» болуы шарт.
Оны қалай түсінеміз?
Біз ‑ конституциялық унитарлы мемлекетпіз. Ал, әлемдегі барлық дамыған унитарлы мемлекеттер «тұлғалық сипатқа» ие. Мысалы, Англияда – ағылшындар, Францияда – француздар, Германияда – алмандар, Чехида – чехтар, Қытайда – қытайлар (жүнго), Жапонияда – жапондар, Өзбекстанда ‑ өзбектер...
Бұдан байқайтынымыз, мемлекеттің «тұлғалық сипатын» оның негізін құрушы ұлт айқындайтыны. Ендеше, осы заңдылыққа сай, Қазақстан мемлекетттілігінің «тұлғалық сипатын» қазақ ұлты айқындайды дей аламыз.
Біреулер мұны «аксиома» деп атар. Бірақ, біз отыз жылдан астам тәуелсіз тарихымызда мемлекеттің «тұлғалық сипатын» шашыратып алдық. Мемлекетте Қазақ ұлты «көп ұлттың бірі» болып қана саналды да, «мемлекеттік егемендік» шашыраңқы күйге түсті. Біз соның арқасында Ұлттық дамуды да кешеуілдетіп алдық.
Нәтижесінде, керісінше, мемлекеттілік әлсіреді. Оның нақты егесі айқындалмады. Мемлекет мағынасы «ортақ мүлік» ретінде бөліске түсті. Мемлекет халқын, оның азаматтарын біріктіретін, топтастыратын, ортақ мақсатқа жұмылдыратын мәдени‑рухани платформа қалыптастыра алмады.
Соның әсерінен, Қазақ тілі «мемлекеттік тіл» статусына ие бола тұра – мемлекеттік тіл ретінде тұтас мойындалмады.
Соның әсерінен, Ұлттық тәрбие жүйесі елімізде тұратын барша ұлттарды өзіне «сіңіре» алмады.
Соның әсерінен, Ұлттық патриотизмнің баршаға ортақ «қазақстандық үлгісі» қалыптаспады. Ұлттық даму кешеуілдеді.
Міне, бүгінде осы «олқылықтардың орнын толтыру» кезеңі басталды. Қазақ мәдениетіне қызығушылық ұлттық шеңберді бұза‑жарып, әлемге қадам басты...
Бұл мәселені президент Ұстаздар конференциясында біршама ашық айтты десек болады. Бұл – ұлағатты ұстаздарға зор міндет жүктейді!
Білімге бөлінетін қаржы үш есе артып, 6,4 триллион теңгеге жетті.
Қазіргі Қазақстанның демографиялық өсім қарқыны орташа деңгейде. Бірақ, оның «демографиялық дүмпуге» ұласу тенденциясы басым. Себебі, елімізде халықтың басым бөлігін балалар мен жастар құрап отыр. Егер, мемлекетте отбасылық құндылықтар жүйесі қазақ халқының ұлттық тәрбиесінен нәр алса, онда жақын болашақта демографиялық дүмпу міндетті түрде орын алуы – шындыққа мейлінше жақын.
Сонымен қатар, қазір ауыл шаруашылығын дамыту ел экономикасының негізгі бағытының бірі ретінде қабылданды. Олай болса, жылдан жылға ауыл инфрақұрылымы жаңарып, ондағы тұрмыстық деңгей қаламен теңесе бастайды. Газ бен су, өзге де: балабақша, медицина, мәдениет ошақтары және т.т. қызмет көрсету түрлері ауылдарға жетіп жатыр. Енді осыған қосыла ауылдарда шағын кәсіпкерлік дамыса – бүгінгі «қалаға қарай» миграцияның қарқыны баяулайды.
Бұл оңды құбылыс. Сондықтан президент ауыл мен қала мектептеріндегі білім беру деңгейін теңестіру қажеттігін жеке атап өтті. Ол заманға сай мектептерді көптеп салумен қатар, мұғалімдерді қағазбастылықтан арылту, оларды қосымша қоғамдық жұмысқа жегуден бас тартуды ұсынды. Мұғалім – өзінің кәсіби біліктілігін арттыруы тиіс.
Бұдан былай ғылым мен білім қоғамның басты құндылығы болатынын президент осы жолы тағы қайталады.
Бұл – болашақта елімізде индустриялық дамыған ортаға жоғарғы технологияны игерген білімді жастардың келуі тиіс деген нұсқау. Оған ұстаздар да, олардан білім алған жастар да дайын болуы керек!
Ұстаздардан марапаттарды аямау керек
Ұстаз – білікті ғалым адам ғана емес, ол – жаны нәзік адам. Сондықтан, елімізде мемлекеттік деңгейдегі марапаттарды бөлуде мемлекет осы уақытқа дейін «сараңдық танытумен» келеді. Бейнебір, «марапат көп болса, оның құны түседі» деп ойлайтын болуы керек кейбір «қазанның басында отырған» шенеуніктер...
Біз айтар едік, Ұстаздарға берілетін марапаттар мен сыйақылардың түрлері де көп болып, білікті ұстаз өз еңбегінің бағаланғанын өзі көруі керек. Бұл үлкен стимул. Ендеше, осы бағытта мемлекеттік марапаттау саясаты біршама жетілдірілгені дұрыс сияқты. Ол туралы президент айтты. Бірақ осы жағы кемшін екені сезіледі.
Ұлттық құндылықтар жүйесін қалыпатастыру ұстаздардың қолында!
Сөз соңында айтарымыз, қазіргі кезде ұлттық құндылықтарға таласушылар көбейіп түр. Осындай алмағайып кезеңде, ұлттық құндылықтар жүйесін жастардың бойына бала бақшадан бастап, метептерде сіңдіріп үлгере алу мәселесі туындайды. Ол тіл мәселесінде болмасын, ұлттық адамгершілік нормалары туралы болмасын – қазақы дүниетанымға негізделген, ұлттық даналықтан бастау алған, ұлттық тәрбиемен бекіген нақты өмірлік ұстаным болуы тиіс.
Міне, сондықтан да, біз өз территориямызды қалай қызғыштай қорғасақ, тілімізді де, білім мен ғылымымызды да, мәдениетімізді де, рухани болмысымызды да солай қорғай алуымыз керек.
Бұл – біздің Тәуелсіздігіміздің тұғыры!
Әбдірашит Бәкірұлы, философ‑публицист
Abai.kz