Дүйсенбі, 12 Қазан 2026
Абай мұрасы 283 0 пікір 12 Қазан, 2026 сағат 12:46

Абай іліміндегі болмыс бірлігі

Коллаж: Abai.kz.

Абай ілімі бойынша болмыс бөлуге болмайтын біртұтас. Болмыстың біртұтастығын түсініп, дұрыс қабылдай алмай, Оны бөліктерге бөлгенде, әлемдегі қарама-қарсы екіұдайылық қасиеттер күшейіп, араларында алауыздық туып, түрлі қақтығыстарға алып келеді. Материализм ман идеализм, дін мен ғылым, түрлі ұлттар, халықтар арсындағы өршіп тұрған қақтығыстар осы бірліктің бұзылуының көріністері ғана.

Абай өзінің отыз сегізінші сөзінде бүкіл болмыс бөліктерге бөлуге болмайтын Алла тағаланың көрінісі екенін жазады. Оған былай деп дәлел келтіреді: «Алла бір... Ол «бiр» деген сөз Алла тағала ғаламның iшiнде, ғалам Алла тағаланың iшiнде».

Алла тағала рухани қуатымен (Нұрымен) материалдық әлемді жасайды. Материалдық әлем рухани және материалдық бөліктерден құралады. Бұл бөліктер біртұтас, сонымен бірге, үнемі өзара күресте. Сондықтан, материалистік және идеалистік көзқарастар мен олардың күресі мәңгілікті. Тіпті, материалдық әлемнің өзі бөліктерге бөлініп, олар да үнемі өзара күресте. Заттық әлемде күрес – бүкіл әлемнің негізгі сипаты, өмір сүру шарты. Күресте шынығу мен жетілу бар. Олар болмаса заттық әлем жойылып жатады. Сол сиятқы әлемнің рухани бөлігі мен материалдық бөлігі де үнемі өзара кұресте. Қандай құбылыс болса да, бұл күресте рухани бөлігі жеңгенде жаратылып, ал материлдық бөлігі жеңгенде іріп-шіріп жойылады. Адамзат қоғамындағы үйлесімділік бұзылып, Еуропада 15 ғасырдан басталып материалдық көзқаорас күш алып, әлемде бүгінгі күндерге дейін жалғасып келеді. Осылай ғылыми-техникалық өркениет пен діннің арасында шешілмейтін дағдарыс пайда болды.

Бұл дағдарысты шешетін бірақ жол бар. Ол жол – руханият жолы. Рухани көзден шығатын руханият болмысты бір тұтас қабылдайды, сондықтан өмірді материализм мен идеализмге бөлмей, екеуін бірдей дамытады. Бұл жолдағы адамды Абай «толық адам» деп атайды. Толық адамның білімі материалдық және рухани әлемді бірдей қамтитынгдықтан, оның білімі толық білім. Бұл толық білімді Абай «ғылым» деп атайды. Сондықтан, данышпанымыз «ғылым» деген сөзді жиі қолданады. Өкінішке қарай, оның осы терең мағыналы сөзін дұрыс түсініп, дұрыс қолдана алмай жүрміз.

Соның жақсы көрінісін жуырда «Егемен Қазақстан» газетіндегі (29.09.2026 ж.) Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдіктің «Дүние де өзі, мал да өзі...» деген мақаласын оқып отырып, байқадым. Бұл мақала Абайдың рухани мұрасын түсіне алмаудың бір көрінісі болып табылады.

Төлен Әбдіктің ойынша Абайдың «ғылым» деген сөзі тек қана материалдық ұғымды білдіреді. Ол «Бүгінгі материалдық «ғылымы» дамыған АҚШ, Еуропа, Жапон, Оңтүстік Корея  тәрізді мемлекеттер алдыңғы қатарлы елдер» деп Абайдың сөзін тек қана материалдық деңгейде қабылддайы. Ол өзінің бұл көзқарасын Астана қаласында (02.10.2026 ж.) ҚР Ұлттық академиялық кітапханасындағы сөзінде былай деп толықтарды: «Бір кездері өзім де намазға жығылған уақытым болған. Сонда кейде байқаймын, кешкілік соңғы намазға жастар құйылып келіп жатады.  Өңкей жастар. ...Мақаламдағы ойым да осы, жастарды теріс ағымдардың ықпалына жібермеу туралы. Жастарға бұл «мода» сияқты. Олар дінді дұрыс түсініп те отырған жоқ. Сонда осындай жас балаларды осылай теріс ағымға беріп қойып қарап отырамыз ба?»

Осылай ол дінді «теріс ағым» деп бағалайды.

Адамзат қоғамында рухани болмыстың негізі дін болып табылады. Сондықтан, материалдық көзқарас ең алдымен дінге шабуыл жасайды. Төлен Әбдіктің дінді «теріс ағым» деп оған қарсы қаруласуы осы материалдық көзқарастан туған табиғи құбылыс қана. Сондықтан, бұл мақаланың мақсаты жазушының ойын теріске шығару емес, Абайдың рухани болмысын қорғауда болып табылады. Себебі, әркімнің өз ойы болғанымен, ол ой елдің беделді адамдарынан шығатын болса, қоғамға тигізетін әсері де үлкен болады. Сондықтан, әрбір азамат өзінің ойын білдіріп, қоғам өміріне дұрыс бағыт беруге ат салысуы керек деген оймен осы сөздерді жазып отырмын.

Төлен Әбдік өзінің материалистік ойын Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңідегі «ғылым» сөзімен дәлелдегісі келеді. Бірақ оның бұл ойы Абайдың «ғылым» деген сөзін дұрыс түсіне алмаудан.  Оның бір дәлелі «Алланы ғылым танып біле алмайды. Өйткені ғылымда жаратылыстан тыс, адами ақыл-ойдан бөлек субстанцияны зерттейтін әдістеме жоқ. Ғылым – фактілерден, логикадан, дәлелдемелерден, эксперименттерден тұрады». Егер ғылымды материалдық тұрғыдан алып қарасақ, шынында солай, дұрыс айтылған сөздер.

Бірақ Абай «ғылым» деген сөзді материалдық тұрғыдан емес, рухани тұрғыдан айтып отыр. Оның «ғылымы» материалдық және рухани болмысты толық қамтитын толық ғылым. Мәселе Абайдың «ғылым» сөзін материалдық және рухани деп бөлмей, оларды бірдей қамтитын білім жүйесі екенін түсінбеуден болып отыр.

Толық адам деңгейіндегі хакім Абайдың сөздері (бұл жерде ғана емес, барлық шығармаларында да) материалдық емес, рухани деңгейде екеніне бірнеше дәлелдер келтіруге болады:

1. Арабтан енген алдында «ғ», «қ», «х» тәрізді әрпі бар сөздер – Алла тағалаға қатысы бар сөздер. Қазақ тіліне араб сөздері ислам дінінің таралуына байланысты енді. Ендеше ол сөздер Алла тағаламен тікелей байланысты, рухани мағынасы бар сөздер. Мысалы, рухани басшыны білдіретін «хакім» сөзі қазақша «әкім» болып кеткен. Сол сияқты «ғадалет», «қүкім», «хаса», «ғақыл», «ғалам», «харам» сөздері Алла тағаланың әділеттілігін, Оның үкімін, істерінің аса кереметтілігін, ақылдылығын, Оның үкімінен басқаның барлығы арам екенін білдірсе, қазақ тіліне олар «әділет», «үкім», «аса», «ақыл», «әлем», «арам» болып күнделікті фәни өмір көріністерін білдіретін сөздерге айналған. Абай хакім болғандықтан, араб сөздерін өзінің рухани мағынасында қолданған. Ендеше Абайдың «ғылым» деп отырған сөзі рухани толық ғылымды білдіреді.

2. Абайдың өзі «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол – Хақиқат, Оған ғашықтықтың өзі хақлық һәм адамдық дүр» деп ғылымның Алланың сипаты екенін түсіндіреді. Ал Алла шексіз абсолют болғандықтан, Оның сипаттары ғана емес, тіпті, барлық қасиеттері Оның Өзімен бірдей, айырмашылығы жоқ.

3. «Ол – Хақиқат» деп ғылымның өзі Алла (Хақиқат) екенін дәлелдей түседі.

4. «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде ғылымды табу дегеніміз: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой – бес асыл іс, көнсеңіз» деп рухани болмысты, ал оған қарама-қарсы надандықты білдіретін «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – бес дұшпаның, білсеңіз» деп бес дұшпанды көрсетеді. Осыдан Абайдың «ғылым» деген сөзі рухани және материалдық болмысты бірдей қамтитын толық білім екені көрінеді.

5. Он жетінші сөзіндегі қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, неге ғылымға жүгінеді? Себебі, ғылым Алланың бір сипаты, яғни, Алланың Өзі. «Осы үшеуің бір кісіде менің айқанымдай табылсаңдар табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол» дейді ғылым. Себебі, Абайдың «ғылым» деген сөзі материалдық ғылымды ғана емес, бүкіл болмысты толық қамтитын рухани ғылымды да қамтиды.

6. Абай өлеңінде «Мұны жазған білген құл – Ғұламаһи Дауана» деп өзінің ғана емес, Алланың құлдарының барлығының сөзін тек қана рухани деңгейде қабылдау керек екеніне дәлел келтіргендей болады.

Әрине, хакім Абайдың сөздерін тек қана рухани деңгейде қабылдау керектігіне, оның «ғылым» толық білімді білдіретін рухани деңгейде екеніне басқа да дәлелдер келтіруге болады. Бірақ оған мақаланың көлемі келмейді.

Абай ілімі бойынша «Өркениеттің материалдық жағына көңіл бөлетін болсақ, сонда ғана ел көркейеді» деген ой өте қауыпты, және бүкіл әлемді тығырыққа әкеліп отырған негізгі себеп болып табылады. Бұған ғылыми-техникалық өркениеттің басымдылығы адамзат өмірін тығырыққа әкеліп отырғаны жақсы дәлел. Тіпті, материалдық өркениеттің бір кездегі алып Кеңес империясы ғана емес, адамзат тарихындағы Атлантида, Лемурия тәрізді қазіргі адамның ойы жете алмайтын, жетілді деген ірі өркениеттер де жойылып кетті. Рухтың қасиеті мәңгілікті өзгермейтін, жоғары саналы және ләззатты болса, ал материяның қасиеті, керісінше, уақытша, надандық, және қасіретке толы. Қандай құбылыс болса да  рухани жағы әлсіреп, материялық қасиеттері күшейген кезде, ол материалдық қасиет алып, әуелі іріп-шіріп, ақыры жойылып кетіп жатады. Бұл болмыс заңдылығы.

Сондықтан, ұлы Абай бабамыздың рухани мұрасын дұрыс түсініп, қабылдай білудің еліміз үшін ғана емес, бүкіл адамзат көлемінде үлкен маңызы бар.

Досым Омаров,

абайтанушы, теолог-ғалым

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 955
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1286