Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2391 0 пікір 21 Мамыр, 2009 сағат 16:35

Абылайдың «ақ үйі» жөнделгенмен, атына көше берілмеді

Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, Қызылжар қаласында Абылай ханның қайта қалпына келтірілген Ақ үйін ашып беріп кеткен болатын. Бұл – қала атам заманнан қазақтікі екенін байқататын басты дәлелдердің бірі. Қаланың атын қазақшалауға бұның өзі жетіп жатқан жоқ па?
Тарихын ұмытқан ел тамыры кесілген терекпен тең демей ме? Қызылжардың халқы өз қалаларында тарихи ескерткіштің бар екенін ежелден білетін. Ол туралы жазушы Сәбит Мұқановтың еңбектерінен де кездестіруге болады. В.Басин деген ғалымның «ХVI-XVIIІ ғасырлардағы Ресей мен қазақ хандықтары» кітабында «для Аблая был построен деревянный дом близ реки Ишима в горах Енгистау» деп жазылған. Бұны зерттеушілер Қызылжар қаласының ойдан дөңге көтерілген жері екенін анықтады. Ғалымдар осы сөздерді дәлелдейтін тағы бірнеше құжатты Санк-Петербург, Орынбор, Омбы мұрағаттарынан тапты.
Абылайға үй Ресей патшайымы Екатерина ІІ-нің бұйрығымен 1765 жылы салынған. Дөң үстіндегі бір қабатты бөренеден өрілген ғимарат өртеніп кетіп, кейін оның орнына екі қабатты әскери лазарет бой көтереді. Бізге жеткені сол. Елдің ұлтжанды азаматтарының мұрындық болуымен бұл тарихи ескерткіш «Мәдени мұра» бағдарламасына енгізіліп, екі жылда қалпына келтірілген болатын. Қазір ол – Қызылжардың ең көрікті орындарының бірі.
Мұражайдың алдына орнатылған ат үстіндегі Абылай хан ескерткішінің  алдында тұрып Нұрсұлтан Әбішұлы жиналған халыққа: «...Біз бүгінде өз тәуелсіздігіміздің арқасында көптеген батырларымыз бен тарихта аты қалған тұлғаларға ескерткіштер салып келеміз. Солардың ішіндегі бірегейі, әрине, Абылай хан резиденциясы екені белгілі. Қызылжардың тамаша жерінде орналасқан мұражай кешені тұрғындардың көзайымына айналары сөзсіз...», деген жүрекжарды сөзін арнаған-ды.
Бірақ, ханның резиденциясы Қызылжарда емес, Бурабайдың бөктерінде екенін айтқан тарихшылар да болды. Дегенмен, қаланың тарихын Петр мен Павелдің бекінісі салынған сәттен бастап, бүйрегі солтүстіктегі елге қарай бұрып тұратын ағайындардың аузын жабу үшін бір Ақ үй қажет-ақ еді. Және солай болды да.
Рас, ашылғаннан бергі жарты жылдан астам уақыт ішінде Ақ үй меймандардан бір арылған жоқ. Мектептер мен жоғары оқу орындарының тәрбиеленушілері лек-легімен саяхат жасайды, ал қалаға келген қонақты ағайын төрге өткізбей тұрып, бірінші кезекте мұражайға апарып алады.
Мүсінші Қазыбек Сатыбалдин жасаған «Ат үстіндегі Абылай хан» мүсіндік композициясы Ақ үйдің алдына орнатылды, хан көшеден өтіп жатқан халықты ат үстінен бақылап тұр. Бір өкініштісі, мұражай орналасқан сол көше ханның атында емес, революционер Кәрім Сүтішевтің есімімен аталады. Естіген құлаққа ерсі, әрине.

Ербақыт Амантайұлы,
Солтүстік Қазақстан облысы

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543