Ашаршылық ақиқаты туралы роман
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор.
Қазақ әдебиеті тарихына ХХ ғасырдың 60-жылдары келіп қосылып, көптеген көркем туындылар жазған, халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, халқымызға танымал көрнекті қаламгер Адам Мекебаевтың кезекті туындысы "Құпия қойма" (Жазушы, 2008 жыл) атты романы да дәстүрлі эпикалық шығармалар қатарында оқырмандарына ұсынылды. "Құпия қойма" романының тақырыбы - ХХ ғасырдың 1928-1932-жылдары қазақ даласында болған жаппай ашаршылық шындығы, идеясы - аштық апатына ұшыраған адамдардың әрқайсысына тән жан әлемі болмысының күрделі қайшылықты сипатын аңғарту. Романның үш бөлімінің тарауларындағы сюжеттік бөліктерінен құралған идеялық-композициялық желісінде бірнеше оқиғалық кезең жинақтала танылады: біріншісі - 1920-1930-жылдар арасында Қазақстанда кеңестік сауатсыз, әпербақан басшылар жүргізген тоталитарлық жүйе зардаптары оқиғаларының көркем шындықпен бейнеленуі; екіншісі - 1932 жылғы жаппай қырғын әкелген ашаршылық трагедиясы сипатының суреттелуі.
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор.
Қазақ әдебиеті тарихына ХХ ғасырдың 60-жылдары келіп қосылып, көптеген көркем туындылар жазған, халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, халқымызға танымал көрнекті қаламгер Адам Мекебаевтың кезекті туындысы "Құпия қойма" (Жазушы, 2008 жыл) атты романы да дәстүрлі эпикалық шығармалар қатарында оқырмандарына ұсынылды. "Құпия қойма" романының тақырыбы - ХХ ғасырдың 1928-1932-жылдары қазақ даласында болған жаппай ашаршылық шындығы, идеясы - аштық апатына ұшыраған адамдардың әрқайсысына тән жан әлемі болмысының күрделі қайшылықты сипатын аңғарту. Романның үш бөлімінің тарауларындағы сюжеттік бөліктерінен құралған идеялық-композициялық желісінде бірнеше оқиғалық кезең жинақтала танылады: біріншісі - 1920-1930-жылдар арасында Қазақстанда кеңестік сауатсыз, әпербақан басшылар жүргізген тоталитарлық жүйе зардаптары оқиғаларының көркем шындықпен бейнеленуі; екіншісі - 1932 жылғы жаппай қырғын әкелген ашаршылық трагедиясы сипатының суреттелуі.
1928-1930 жылдары Қазақстанда дәнді дақылдар өндірілуінің, құлдырауы, төрт түліктің, оның ішінде ірі қараның жылқы, түйе түрлерінің қолдан қырғынға ұшыратылуы халықты жаппай ашаршылық қасіретіне ұшыратты. Бұл - "Құпия қойма" романының идеялық-композициялық желісіне арқау болған тарихи деректер шындығы. Романның үш бөлімінде де қазақ халқы тағдырын тәлкекке түсірген, ашаршылық апатына себепкер болған саяси-идеологиялық, мемлекеттік басқару жүйесінің зорлықшыл қызметі реалистікпен айқындалған. Романның бірінші бөлімінде он сегіз тарауда Қазақстандағы халықты күйзелткен оқиғалар (1925-1928 жж. шаруаларды тәркілеу, соттау, қамау, байлардың басқа елдерге аууы, т.б.) тарихи шындықпен бейнеленген. Эпикалық баяндаулар шығарманың деректерге негізделген реалистік сипатын дәйектеген: "Кіндік қаны тамғаны туған жерден аластағалы арбаға еріксіз тиеліп, айдалып бара жатқан бай-бәйбішелердің зарлана айтқан жоқтауынан дала көпке дейін күңіреніп тұрды" (А.Мекебаев. "Құпия қойма". Алматы, "Жазушы", 2008 ж, 4-б).
Жазушы романның тұтас құрылысындағы кейіпкерлер мен қоршаған тұрмыстық-әлеуметтік орта шындығын тарихилық аясында оқырманның көз алдына елестетеді. Ғасырлар бойы жартылай көшпелі, жартылай отырықшылық тұрмыс мәдениеті жағдайында өмір сүріп, өркендеп келген қазақ халқы үшін тосыннан келген өктемдік, зорлық ықпалының күйзеліске ұшыратқан қиянатқа толы қасіретті жағдайы тарихилық аясында көрсетілген.
Қазақ - ежелгі замандардан еркін, азат ойлы халық. Еркін, азат халықтың 1925-1928 жж. тәркілеуге, 1929-1932 жж. зорлап ұжымдастыру, әртүрлі салықтардың еріксіз жиналуы секілді, т.б. саналуан қыспақтарға төзбегені, ашаршылыққа ұшырауы және басқа өлкелерге қоныс аударуы - табиғи шындық. Романның алғашқы тарауының басталуында 1929 жылғы мыңдаған ірі қара және уақ малдардың тәркіленуі "Қазан төңкерісіне дейін кедей болып келіп, НЭП кезінде шыр біткендердің..." де осы зорлыққа ұшырағаны, салықтардың көбейгені, "Қазақстан ауылында кіші Қазан төңкерісін жасаймыздан!" танбаған өкімет басшыларының саяси ұстанымы халықтың жаппай қырылуына, шет елдерге аууына себепкер болғандығы айтыла келе, тарихи деректер авторлық бағалаулармен дәйектелген.
"Құпия қойма" - жекелік арқылы жалпылық сипат мәнісін танытатын туынды. Жеке адамдардың тағдыр тәлкегімен арпалысы кезіндегі табиғи мінез-құлық қасиеттерімен мейлінше дараланып танылатыны - адамзат пайда болып қалыптасып, дамып келе жатқан замандар бойы айқындалған құбылыс. Жан әлеміндегі адамгершілік-имандылық қасиеттері тағдырдың қандай сынағы тап келсе де төтеп беретін, адалдығынан, мәрттігінен, мейірімділігінен, жомарттығынан, еңбексүйгіштігінен және т.б. сан алуан асыл сапаларынан көзі жұмылғанша айнымай өтетіндер - асыл сапалы адамзаттың негізгі көрсеткіштері. Қазақ халқының ғасырлар белестерінен бүгінгі заманға жеткені де, енді мәңгілік болашаққа ұласуы да осындай қуатты, мызғымас берік сапалы ұлттық діл қасиеттеріміздің ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқандығынан екендігі ақиқат. Романның идеялық-композициялық желісіндегі кейіпкерлердің көркем шындықпен сомдалуында жазушы адамдар жаратылысындағы осындай адамгершілік қасиеттердің сынаққа түскенін психологиялық талдаулармен беруге ұмтылған.
Халық даналығы - ұрпақтардың мінез-құлық қасиеттерінің әділ төрешісі. Көркем шығармалардағы кейіпкерлердің мінезделуі өмір қозғалысындағы саналуан өзгешеліктері бар адамдар болмысынан туындауында қаламгерлер өздері зерделеген шындыққа сүйенеді. "Құпия қойма" романындағы кейіпкерлердің мінез-құлық психологиясындағы саналуан қасиеттер егізделуі де қаламгердің көркемдік ойлау дүниетанымы арқылы қорытылғаны анық. Жазушының кейіпкерлер бейнесін даралау, мінездеу тәсілдері эпикалық туындының психологиялық тәсілмен жазылғандығын айғақтайды. Романның басты кейіпкерлері - көркемдік жинақтаудың классикалық озық үрдісіне сәйкес дараланған. Ондаған, бәлкім, одан да көп прототиптік тұлғаларға ортақ тағдыр, мінез-құлық қасиеттері жинақтала дараланған кейіпкерлер (Түктібай, Мәдина, Қабыш, Өрімбай) саны да аз. Көркем шығарма - өнердің нақты көрсеткіші. Әсіресе, роман жанрындағы кесек бітімді туындыда уақыт пен кеңістіктегі әрі өзара үндес, сонымен бірге, бір-біріне мүлде қарама-қайшы құбылыстардың, қасиеттердің поэтикалық астарлы, мегзеулі мағыналарымен тұтаса жинақталатыны мәлім. Осындай күрделі ерекшеліктері тұтасқан "Құпия қойма" - психологиялық роман.
Романның негізгі басты кейіпкері - Түктібай. Түктібайдың тұлғасын даралайтын, мінез-құлық қасиеттерін танытатын көркемдік тәсілдер шығарманың басталуынан аяқталуына дейінгі сюжеттік бөліктердің барлығында да өріліп отырады. Түктібайдың поэтикалық даралана бейнеленуі адамдар ортасындағы өмір бойы сырты бүтін, іші түтін немесе күле кіріп күңірене шығатын көрініспен жүретіндердің көркем шындықпен жинақталған болмысын елестетеді. Ішкі жан әлеміндегі екіұдай сезіммен өмір сүретін, көңіл түкпірі, жүрек қоймасы зұлымдыққа, екіжүзділікке, аярлыққа, жендеттік пиғылға толы көп адамдардың бітім-болмысын осы Түктібай толық елестетеді.
Басты кейіпкердің көркем шындықпен даралануы роман композициясының тұтас желісіндегі сюжеттік бөліктер арқылы жүзеге асырылған. Түктібай роман желісіндегі іс-әрекеттерінен қазақ ұғымындағы қуыс кеуде пендешілік шеңберінде ғана өмір сүретіндердің ит тірлік болмысы аңғарылады. Өмір бойы тек қарақан басының қамымен өзінің ғана аман болуын ойлайтын, жанын сақтап қалу үшін өзін қоршаған адамдардың қапысын тауып, амал-айламен күнкөрісін қамтамасыз етуді, сол жолда сәті түссе, ешкімді де аямайтын, қатыгездік, қанішерлік әрекеттерден тайынбайтын жауыздық қасиеттері тұла бойында тұтасқан жандардың болмысы осы Түктібайдың сипатынан аңғарылады.
Түктібай - өзінің жеке басының ғана қамын ойлаушы қуыс кеуделердің жинақталған тұлғасы десек те, жазушы оның баласы Ердәулет, туған жері, атамекені туралы өзіне тән қимастық сезімдері бар екендігінен де оқырманды хабардар етеді, оның да әйелі Сырға, ұлы Ердәулет аштықтан өледі. Түктібай да әйелін, баласын сақтау үшін сабылып тамақ іздейді.
Роман кейіпкерлерінің бірі Өрімбай да Түктібай тектес болмысымен бейнеленген. Қазақ ауылындығы "... бұрынғы би - Өрімбай" (9-бет) роман оқиғалары желісінде Кеңес өкіметінің зорлық-зомбылықтарына ұшыраған халық өкілдері қатарында көрінеді. Түктібайдың "болыстың пешірлігіне ілігуіне де септігі тиген Өрімбайдың" аштықпен бетпе-бет келгендегі қауқарсыз жағдайы да реалистік болмысымен көрінген. Бірақ, аштықтан біреудің үйіндегі астығын, тығылған қоймадағы асыл тастарды иелену арқылы ғана аштықтан құтылуды ойлаған Өрімбайдың пиғылы оның ішкі жан ділін айқындайды.
Романдағы басты кейіпкерлердің бірі Қабыш та қазақ ортасындағы халық өкіліне тән шынайы болмысымен бейнеленген. Ауыл-аймаққа "Кірме Қабыш". "Кедей Қабыш", "Шашты Қабыш" атануымен де белгілі еді. Себебі, Сарыарқадағы бабалары бір жұтта Сыр бойына ауып келіп, кейін осы Қабыштың ата-анасы осы өңірде қалып қойыпты. Өмір бойы "Кірме Қабыш" аты қалмаған ол дәулеті шалқыған Сатыпалды байдың ең сенімді қызметкері болады. Қабыш - қазақ ауылындағы еңбегі мен ақылы арқасында адал өмір сүрген халық өкілінің жинақталған тұлғасы. Өзі жастайынан жалшысы болған Сатыпалды байға адалдығынан өмір бойы айнымайды. Сатыпалды бай өзіне адал қызмет еткен Қабышқа зор сенім артады, жат елге аттанарда да жиған-терген дүние-мүліктерінің ең бағалыларын, оның ішінде алтын-күміс асыл тастарын аманат етіп қалдырады. Қабыш Жыңғылдысай деген жерден арнайы жеркепе қазып, бағалы заттарды соған жасырады.
Қойманың бар екенін тек жары Мәдинаға ғана айтқан оның осы ісі Түктібайдың арамзалық әрекетінің жүзеге асуына себепкер болады.
Романда бірнеше әйелдің бейнеленуін оқимыз. Ең көрнектісі - Қабыштың жары - Мәдина. Мәдина - қазақ әйелінің рухани әлемін танытатын бейне. Қазақ ауылындағы қарапайым шаруалардың бірі Уәйістің отбасында дүниеге келген Мәдина - ата-анасының және ағасы Жұмабектің ыстық ықыласына бөленіп өскен қыз. Мәдинаның балалық, бойжеткендік шақтардағы қалыптасуында әкесі Уәйістің шаруасына мығым тиянақтылығы, сол арқылы жамағайыны бай Сатыпалдының ең сенімді кісісіне айналғаны, шешесі Шамшаттың отбасы тазалығы мен тағамдарының дәмділігін, қонақжайлықты ұстанған бәйбішелік болмысы ағасы Жұмабек пен жеңгесі Зейнептің тәлімгерлік-тәрбиешілік тағылымы, т.б. қазақтың ұлттық өнегелі ұстанымдардың кейіпкер тұлғасының даралана қалыптасуына мол әсер еткенін сезінеміз. Бойжеткен Мәдина құда түсуші талайлардың ешқайсысына емес, Сатыпалды байдың қолқалауымен, ел азаматы Қабышқа жар болу бақытын иеленеді.
Романның үш бөлігіндегі сюжеттік бөліктерде Мәдинаның жары Қабышпен бірге тамақ іздеп сабылған сәттерін де, қауіп-қатерлермен (аш адамдардың шабуылы, жардан құлап кету қаупі, т.б.) бетпе-бет келгені де, күйеуі жауыз Түктібайдың қолынан қапыда қаза тапқандағы жан күйзелісі де, күйеуін Түктібайдың өлтіргенін білмей аштықтан құтылу мәжбүрлігінен алаяққа алданып, оған әйелдікке көніп қор болғаны да - бәрі де болмыс шындығы тұрғысында бейнеленген. Ең соңында жасырылған қойма кілтін Түктібайға беріп, алтындарды иеленген жауызға еріп, жат елге келе жатқан әйелдің трагедиялық хал-ахуалы қайшылықты тағдыр тәлкегінің шынайы келбетін елестетеді.
Романның басты кейіпкерлері мен қоршаған қоғамдық-әлеуметтік ортаны тұтастырып тұрған идеялық-композициялық желі - тірі болып өмір сүру үшін арпалыс. Осы мақсат жолында қоғамдық-әлеуметтік мемлекеттік басқару жүйесінің бүкіл болмысы айқындалған. Романның көркемдік түйіні - тіршілік қозғалысында арамзалықпен өмір сүретіндердің ақыры адал ниетті адамдардың қарғысынан бәрібір ит өліммен өлетінін, тарих бетінде мәңгілік абыройсыз атақпен аталатынын дәлелдеу.
"Құпия қойма" романы - өмір қозғалысындағы адам жан әлемінің алуан түрлі құбылыстарын жан-жақты қамтуымен ерекшеленетін шығарма. Эпикалық туындыдағы психологиялық талдаулармен бейнеленген кейіпкерлер жан әлеміне тән қарама-қайшылықты қасиеттер, құбылыстар егізделген қарым-қатынастар да, көңіл-күй қобалжулары, тебіреністері де суреткерлік таныммен қамтылған. Романның тұтас желісінде психологиялық егіздеулер үнемі өріле қолданылған. Кейіпкерлердің ішкі сезімдері мен қоршаған әлеуметтік-тұрмыстық ортаның табиғат құбылыстарымен, көріністерімен қатарлас егізделе бейнеленуі шығарманың көркемдік сипатындағы әсерлілікті дамыта, күшейе түскендей сабақтасып отырады. Өкіметтің қуғын-сүргіні, ес жиғызбай сыпырып-сиырған алым-салығы, ішіп-жеуге ештеңесі қалмай аштықтан бұралып далада да, үйінде де өліп жатқандар, жүрек жалғарлық тамақ іздеп сабылғандар, т.б. барлығының да табиғат келбетімен де егізделе өрілгендей әсермен бейнеленуі романның психологиялық талдаумен өрілген композициясындағы шынайы эстетикалық сымбатты танытады.
Психологиялық-әлеуметтік романдарда адам мен табиғат құбылыстарының егізделуі - өмір қозғалысының көркем шындықпен бейнеленуіндегі классикалық үрдіс. Әлем әдебиетіндегі классикалық шығармаларда адам мен табиғат құбылыстарын егіздей бейнелеулер арқылы Жаратушы Алланың нұры арқылы пайда болған, өскен-өркендеген ғаламдық-ғарыштық тіршілік қозғалысының ұлы заңдылығы негізге алынады. Романда кейіпкерлердің жан әлеміндегі екіұдай көңіл-күй сезімдері қайшылықтарын жарыстыра, егіздеу бейнелеулерге де орын берілген. Мысалы, Түктібайдың жан дүниесіндегі қайшылықты көңіл-күй сарындарын саралауда оның ауырып жатқанда көрген түсіндегі пенде Түктібай мен пешір Түктібайдың пікірсайысы арқылы оның осы сәтке дейінгі сүрген өмірінің жақсылығы да, жамандығы да таразыланады. Ал, Қабыштың жары Мәдинаға құмартқан арам пиғылын халық аңызындағы батыр Қаһардың сұлу жарына нәпсісі қозғандығын алтын арқылы білдірген ханның ишаратты әрекетін баяндап, өзі де алтын ұсынуы да Түктібай тектес жармақ көңілді, екіжүзді сұрқиялар келбетін жинақтап елестетеді. Жазушы кейіпкер психологиясындағы екіұдай қасиеттерді саралауда халық ділінен туындаған тәсілдерді ұтымды пайдаланған.
Роман бөлімдеріндегі негізгі идеялық желіні құрайтын авторлық баяндаулар да, кейіпкерлердің диалогтары мен монологтары да, табиғат пен адам жан әлемін тұтастыра танытатын суреттеулер де - бәрі де шығарма арқауындағы көркем шындық түйіндеулерін аңдатады. Тағдырдың ауыр сынағы тура келгенде адамдардың әралуан мінез-құлық қасиеттеріне сәйкес әрекеттерімен танылатыны реалистікпен сараланған.
Қорыта айтқанда, көрнекті жазушы Адам Мекебаевтың "Құпия қойма" романы - қазіргі қазақ әдебиеті дамуының әлемдік классикалық сөз өнері көрсеткіштерімен деңгейлес сипатын танытатын туынды. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиеті халқымыздың басынан өткен қиын-қыстау кезеңдер шындығын әлеуметтік психологиялық талдаулар аясында көркем шындықпен бейнелеген осындай шығармалар арқылы ұрпақтардың тарихи санасын, ұлттық-отаншылдық зердесін тәрбиелейді. Қазақ ұлтының өзін-өзі сақтауы, мәңгілік болашақта да салтанат құра дамуы жаңа буын ұрпақтардың көркемдік ойлауын дамыту осындай шығармалар арқылы жүзеге асатыны ақиқат.
«Егемен Қазақстан», №386-388 (25785) 24 ҚАРАША СЕЙСЕНБІ 2009 ЖЫЛ