Әлімғазы Дәулетхан. Мұхтархан Оразбайдың 15 өтірігі (жалғасы)
8-өтірік Сасанилер жөнінде айтылған. «...Батыс және оңтүстік өңірлерде Сасанилер құрған мемлекет күшейіп, Самархан, Бұхара, Үргеніш, Отырар, Сауран т.б. Амудария бойындағы (?) көп қалалар солардың қолына өтіп кетеді. Ел іші екіұдай күй кешіп, қазақ ұлты ауыр сарсаңға түседі» (13-бет) деп соғады тарих докторы. Тарихи шындықтан мүлде алшақтап кеткен Мұхтарханға «Отырарды» Амудария бойына апара салу да түкке тұрмайды. Қоғамдық ғылымдарда қалыптасқан ру, тайпа ұлыс, халық, ұлт категориялары жөніндегі ұғым-түсініктер дегенің де ол үшін қарақұрық бір нәрсе ғана.
Сасан әулеті құрған мемлекет 3-7 ғасырларда Таяу және Орта Шығыста билік жүргізді. 558-568-жылдар шамасында ғана Естеми қаған батысқа жорық жасағанға дейін Амударияның оңтүстік-батысындағы кейбір жерлерге қожалық ете алғанымен 652-жылға келгенде бұл мемлекетті арабтар басып алды да, байтал түгіл бас қайғы дейтін мүшкіл халге түседі. Ендеше, Мұхтархан «қазақ ұлтын ауыр сарсаңға түсірген» қайдағы сасаниларды айтып отыр? Қытай Ли Кыны (Алқабиді) Қытайға үдере көшіру үшін тарихты осылайша бұрмалап, аузына келгенін көйіте беру керек пе?
Егер де шартты түрде болса да Мұхтарханның Алқа биінің Суяб-Шу өңірінен Қытай жеріне көшуінің себебін анықтау керек болса, Қытай Ли Байтанушыларының кейбір пікірлеріне жүгінуге болады:
8-өтірік Сасанилер жөнінде айтылған. «...Батыс және оңтүстік өңірлерде Сасанилер құрған мемлекет күшейіп, Самархан, Бұхара, Үргеніш, Отырар, Сауран т.б. Амудария бойындағы (?) көп қалалар солардың қолына өтіп кетеді. Ел іші екіұдай күй кешіп, қазақ ұлты ауыр сарсаңға түседі» (13-бет) деп соғады тарих докторы. Тарихи шындықтан мүлде алшақтап кеткен Мұхтарханға «Отырарды» Амудария бойына апара салу да түкке тұрмайды. Қоғамдық ғылымдарда қалыптасқан ру, тайпа ұлыс, халық, ұлт категориялары жөніндегі ұғым-түсініктер дегенің де ол үшін қарақұрық бір нәрсе ғана.
Сасан әулеті құрған мемлекет 3-7 ғасырларда Таяу және Орта Шығыста билік жүргізді. 558-568-жылдар шамасында ғана Естеми қаған батысқа жорық жасағанға дейін Амударияның оңтүстік-батысындағы кейбір жерлерге қожалық ете алғанымен 652-жылға келгенде бұл мемлекетті арабтар басып алды да, байтал түгіл бас қайғы дейтін мүшкіл халге түседі. Ендеше, Мұхтархан «қазақ ұлтын ауыр сарсаңға түсірген» қайдағы сасаниларды айтып отыр? Қытай Ли Кыны (Алқабиді) Қытайға үдере көшіру үшін тарихты осылайша бұрмалап, аузына келгенін көйіте беру керек пе?
Егер де шартты түрде болса да Мұхтарханның Алқа биінің Суяб-Шу өңірінен Қытай жеріне көшуінің себебін анықтау керек болса, Қытай Ли Байтанушыларының кейбір пікірлеріне жүгінуге болады:
«Қазақстан» газетінің 15-қазандағы (№37) санында және Аbаi.kz сайтында жарияланған «Ақиқат пен аңыз» атты мақаламда, 2008 жылы Қытайдың Нанжин қаласында басылған «Ли Бай Жуан» деген кітаптан Ли Байдың әкесі Ли Кының «Батыс өңірге» қалай келгені, одан 705-жылы Қытайға неге қашу себебі қысқаша баяндалып еді. Сонда айтылған кейбір мәселеге осы арада анықтама бере кетуді пайдалы көріп тұрмыз.
Біріншісі - Ли Байдың арғы атасы, Бес Ху-16 хандық тұсында Батыс Лиаң хандығын құрған Ли Хау (351-417) жөнінде жазылған «жаңа эраның 400-жылы Ханзу (Қытай - Ә.Д.) Ли Хау Дүн Хуаңда (бүгінгі Гансуда) құрған билік. Тарихта Батыс Лиаң деп аталған. 421-жылы Солтүстік Лияң хандығы жойған» («Цы Хай» Шаңхай. 1989. 2063-бет) деген дерекке назар аударалық.
Мұнда бадырайта «Ханзу Ли Хэу» деп және ол құрған хандық 421-жылы Солтүстік Лияң хандығы жағынан жойылғаны анық жазылған. Содан былай қарай Ли әулетінің бағы таяды.
Ли Бай сол Ли Хаудың 9-ұрпағы болатын. Ал, Ли Байдың 5-атасы болған Ли Гун (?-619) Сун патшалығының (581-618) соңғы кезінде ірі әскер басы болып жүріп, 617-жылы әскери төңкеріс жасап, өзін Хы Ши өңірінің Да Лиаңваңы деп жариялады да Жаң Йе, Дүн Хуаң қатарлас бес аймақты басып алған соң, өзін патша деп жариялады. Таң патшасы Гау Зу астыртын әрекет ұйымдастырып оны ұстап әкетеді де Чаңанде басын кеседі» (Бұл да сонда. 1422-бет)
Ли Байдың ата шежіресін қуалай зерттеген қытайлық ғалымдар Жу Шыншу мен Тұң Шяңдардың «Сүй патшалығының соңғы кезеңінде үлкен аласапыран пайда болады да, Ли Байдың арғы аталары Батысқа ауып барып Сүйеге барып тұрақтайды. Сүйе дегеніміз Қырғызстандағы Тоқмақ қаласына жақын орналасқан ежелгі Жібек жолы бойындағы маңызды қала. Сол уақытта Таң патшалығына қарасты болған» деп жазуына негіз болған тарихи оқиға, сол бүлікшіл Ли Гуй жазаланғаннан кейін, оның үрім-бұтағының бас сауғалап шалғайға босып кетуі немесе Таң патшасы жер аударып жіберуіне байланысты болса керек. Олай болғанда Ли Байдың 701-жылы Сүйе бекінісінде, Ли Кы отбасында дүниеге келгені шын болады. Бірақ, біздің елдібайшылар жалаулатып жүргендей Дулаттың Алқабиі дегеннің отбасында дүниеге келмегені айдай анық нәрсе.
Ал, Ли Кының Суябты тастай қашуының тарихи артқы көрінісі туралы жоғарыда біршама тоқталғанбыз.Түп-тұқиянын Қытайдың әйгілі Ли әулетінен таратуды мақтан көретін Ли Бай және оның әкесі Ли Кының Суябты астана етіп, салтанат құра бастаған Түркеш қағанатының айбынды қағаны Өжелі Баға тархан жүргізген жеңісті жорықтардан зәресі қалмай, ұлы қорғанға қарай қашқан Қытай көшіне ілесіп Сы Чуан өлкесіне кетуі табиғи нәрсе. Қытай дерек көздерінің барлығы дерлік «Ли Бай бес жасында отбасымен бірге Шу жеріне келеді. Ли отбасы ұзақ уақыт (бір ғасырдай уақыт - Ә.Д.) Батыс өңірде тұрғанымен, ол ешқашанда Батыс өңірлік адам болған емес. Ли әулетінің арғы аталары әуелде Лұң Шиде өмір сүргендіктен бұл отбасында негізінен Ханзу мәдениеті - Жұң Го (Қытай - Ә.Д) мәдениетінің ерекшеліктері жақсы сақталған. Ли Бай кейінгі кездері кішкентай күнінде әкесі ылғи да дәстүрлі өлеңдерді жатқа айтқызатынын еске алушы еді. Өлең-жыр жаттау Орта жазық мәдениетімен тәрбиелеудің бір тәсілі болатын. Бұдан біз, Ли Кының Қытайдың дәстүрлі мәдениетін меңгерген адам екенін біле аламыз», - (12-13-б. «Ли Байдың өмірбаяны») деп жазғанына сәйкеседі.
Елдібайшыл Мұхтарханның өтіріктерінде не айтылғанын осылармен салыстырып, ой қорытуларыңызды өтінемін, қадірлі оқырмандар.
9-өтірік тағы да қазақ ұлтының тарихи ұлы мәдениетінің щайқалуын көзімен көрген, өз елінің сан мың жылдық тарихи мәдениеті мен әдебиетінің құрып-жоғалуына куә болуды қаламаған,... аласапыранды өзгерісті жаны төзіп қабылдай алмаған Алқа бидің Қытайға көшуден басқа амалы қалмағандай, қытайды қазақ мәдениеті мен әдебиетін қорғап, сақтап қалар өркениет қорғаны етіп дәріптейтіндей сандыраққа бүгінгі қазақты сендірмек болады.
10-өтірік «Ұмай ана» жөніндегі қисынсыз ұқсастыруларынан туындаған. Мұхтархан Ли Байдың Ши Ваңму «Батыстағы хан ана» деген өлеңін:
Ұмай еккен жемісім.
Үш мың жылда көктейді.
Күллі елге дәру шаттығы
Қуанышқа ерек бөлейді», - деп аудара отырып: «Осы тектес жыр жолдары, ақынның қазақтың тарихи тұлғасы, ескі киесі, қорықса аузына алар «Ойбай!» анасы, өте ертедегі түрік тектілердің ортақ нанымына айналған Ұмай ананы еске алып, әсерлене тербеген сағыныш қаламынан туған жыр жолдары екені анық», - дейді. (18-бет).
Бұл арада оқырмандар назарын аудара айтар екі мәселе бар:
Біріншісі, әрі негізгісі - Қытай жазба тарихына тым ерте ілінген әфсаналық, мифологиялық кейіпкердің атын Қытайдағы қазақ, ұйғырлар «Батыс «Хан ана» немесе «Хан ана» деп аударып жүр. Қытай иероглипiнің сөзбе-сөз аудармасы дәл солай. Ол туралы қытай энциклопедиялық сөздіктерінде: «Батыс Хан ана - алтын ана, Батыстағы кіндік шеше; қытайдың ертедегі аңыздарында айтылатын перизат». («Цы Хай», Шаңхай сөздік баспасы, 1989. 2063-бет) деп түсініктеме бере келе, ол әр дәуірде әр түрлі символдық сыйпатта дәріптеліп, «Хан-наманың» «Ферғана» тарауында, «Мутиянзы баянында» Хан ана Батыстағы қиян-қиырда өмір сүрген, Хан патшалығының патшасы У Диге (б.з.б. 140-74) үш мың жылда бір рет жеміс беретін шабдал жемісін сыйлаған» деген аңыз бар. Олай болса, Мұхтархан көпірте жазып отырған қытайдың «Хан анасының» қазақтың «Ұмай анасына» қандай қатысы болмақ? Әрине, ешқандай!
Түрік халықтарына ортақ киелі «Ұмай ана» туралы анық сөз, толық сипаттама былай болса керек:
«Ертедегі ұлы даланы мекендеген түрік тектес халықтардың ұрпақ жалғастырушысы, береке-молшылық тәңірісі Ұмай анаға қазақтан басқа хахастар, қырғыздар, алтайлықтар, шорлар, тыбалықтар және түріктер табынған... Қазақ даласына ислам діні дендеп енгеннен кейін, бөбектер мен аналардың жебеуші піріне айналды. («Қазақстан тарихы», энциклопедиялық анықтамалық, «Аруана». Алматы, 2006. 725-б).
Бұл анықтаманы одан әрі толықтыра түсу үшін белгілі этнограф-археолог, профессор А.Т. Төлеубаевтың «Реликт до исламских верований в семейной обрядности казахов» (Алматы, 1991. 43-бет) деген еңбегіндегі «Ертеде қазақ әйелдерінің қолдаушысы Ұмай-ана болған. Қазақ түсінігінде Ұмай аты «Май» ана түрінде сақталған. Қазақ келін түскенде жиналған әйелдер оған отқа май салғызып, «от ана», «май ана» жарылқа деп айтқан. Екіқабат әйелдің толғағы қатты болғанда отқа май құйып, «От ана», «Май ана» жарылқа, күнәм болса кеше гөр, түйіншегім шеше көр» деген. Мұндағы Май деп отырғанымыз «Ұмай» деген көне түркілердің әйел мен баланың жебеуші пірі. Ұмай ананың культі Сібірдің түркі халықтарында әлі күнге сақталып келген» деген сөз жолдарын келтіре кеткіміз келеді.
Ал, «Мифологический словарь» (под ред. Е.М.Мелетинского. Москва. Советская энциклопедия. 1990. 548-бет) еңбегінде «Умай, в мифологии древних тюрок богиня, олитцетворяющая женское, земное начало и плодородие. Покровительствует воинам и супруге кагана, которая обликом подобна У. Видимо, считалась супругой Тенгри (неба). Упоминается в рунических текстах 7-8 вв. Некоторые исследователи предполагают, что образ У. генетически связан с иранской мифологической птицей Хумай, которая бросая свою тень на человека, делает его счастливым. Пережитки веры в У. сохранялись у ряда тюркоязычных народов. Например, у огузов У. считалась духом - покровителем младенца во чреве матери. У шорцев У. (Май) - дух - хранитель младенцев, принимающий также души умерших. У телеутов У. (Май-энеси, Май-энези) и казахов (Умайене) - дух-хранитель детей. Киргизы считали, что У. дарует богатый урожай и умножает скот, является покровительницей домашнего очага и охранительницей детей. С утверждением Ислама У. у киргизов отождествлялась с Фатимой (Батма Зуурой). У турок У. трансформировалась в Омаджи, духа, которым пугали детей.» - деп айтылған.
Қадірлі оқырман, қытай Ли Бай жырына қосқан «Батыс Хан ана» мен ол еккен үш мың жылда бір жеміс беретін шабдалыны сыйлаған У Ди патша Баба түрік-хұндармен 60 жыл соғысып, қан қақсатқан ата жауымыз болатын. Қыйыспасты қыйыстырғыш, болмағанды болдырғыш Мұхтархан көтен зарлыққа басып, қанша күшеніп тілін безесе де біздің қасиетті Ұмай анамызды қытайдың «Хан анасына» жығып бере алмайды. Тарихқа, халықтың киелі жадына қиянат жасауға жол жоқ!
11-өтірік «Оның (Ли Байдың - Ә.Д.) асқақ Алатау, Тияшан-Тәңіртау, Қастау (?) деп тамсана өлең жазып, ерекше тебіренген тұстары да баршылық. Ғұн, Ұлы жүз, Кіші жүз, Алшын жөнінде жазған жыр жолдарын оқығанда, оның нағыз қазақ даласының ақыны екені, ел деп еңіреген таудай талантты азамат тұлға екені есіңді тандырып, ойыңды оқыған сайын аспандатып, алаулатып отырады» (18-бет) деген көпірмесіне негізделген.
Ли Бай өлеңдерін Мұхтарханша он жасымызда жаттап өспесек те қытай ақынының шығармаларында «Алатау, Қастау немесе Ұлы жүз, Кіші жүз, алшын руларына» арналған сағыныш сазы мүлде жоқ екенін кесіп айта аламыз. Ал, әлемге әйгілі Тәңіртау, Памир, Гималай туралы Ли Бай ғана емес, сол дәуірде өмір сүрген қытай ақындарының бәрі де жазғаны белгілі.
Ал, Ли Байдың ғұндар туралы жазған өлеңдерінің бәрінде дерлік, әсіресе «Елібай. Ли Бай, Ли Бо» атты кітапқа енген «Ғұндар» деген өлеңде (324-б) қытай ақынының ғұндарға деген шексіз қарғысы, жек көрушілігі, дұшпандығы сонша анық, айқын айтылған. Ол өлеңнің қытайша мағынасы - «ғұндардан тұқым қалмады, ғұндарды тып-типыл қылдық» дегенді білдіреді. Қазақшасы дұрыс аударылмаған, мағынасы бұрмаланған. Ли Байдың бұл өлеңі нағыз қытайлық жауынгерлік жыр, ерлік жыры болатын. Одан «қазақ даласының ақынын іздеу, «Ел деп, қазақ деп, еңіреген таудай азамат тұлға» жасау барып тұрған арандату, жұртты шатастырудан басқа ешнәрсе емес.
12-өтірікті қытай тілінің «білгірі», Мұхтарханның қытай Ли Байды қазақ-дулат Елібайға айналдырмақшы болған, «бес жаста жатқа айттым дастандарды, он жасымда дос еттім асқандарды» дейтін дүмше аудармасынан іздеуге тура келеді. Өйткені Мұхтархан осы өлең жолдарындағы бір ғана «Дастан» сөзін қасақана тықпалау арқылы сенатор Өмірбек Байгелді бастаған елдібайшыл бір қауым қазақты әлем алдында ұятқа қалдырып отыр.
Ли Байдың бұл өлеңінің қытайшасында: «у сүй сұң лю жиа» - яғни «бес жаста «алты жияны» жаттап алдым» деп тұр.Қазақ оқырмандарына түсінікті болу үшін «Ли Байдың өмірбаяны» монографиясының авторы Жу Шиншудың бұл жөніндегі талдауын аударып бергенді жөн көрдік.
«Ли Бай бес жасымда алты жианы жаттадым» дейді. Ол жаттаған «лю жиа» қытайдың ескіше жыл, ай қайыру есебінде қолданылады. «Лю жиа» «люшы жиазы» деген тіркестің қысқарған түрі. Мұндағы «люшы» - 60 дегенді білдіреді, ал сонда «жиазы» деген не нәрсе?
Сөз мәнісі мынада: қытайлар ерте заманда реттік сан орнында қолданатын екі топ иероглиф болған Оның бірінші тобына, «жиа, й, биң, диң» қатарлы оң таңба жатады. Оны «тян ган» - ондық таңба дейді. Ал екінші топқа «з, чоу, иң, мао» қатарлы он екі иероглиф жатады, оны «ди жы» деп атаған. Біздің сан орнына а, ә, б, в, г әріптерін қолданатынымыз сияқты, қытайлар осы күні де оларды реттік сан орнына қолданады. Мұндағы «тян» - аспан, «ди» - жер дегенді білдіреді. Сөйтіп осы екі топ иероглифті ықшамдап «жоғарғы ондық» және «төменгі он екілік» деп атауға да болады.
Ертеде балалар 7-8 жасында хат танып, кітап оқи бастайтын. Ли Бай болса «бес жаста алты жияны жаттап алдым» деп өзінің зеректігін әйгілеп тұр. Әсілі, «Алты жиа» деген қытайдың «Дау жиау» іліміндегі өзгеше бір кітапты «Лю жиа - алты жиа» деп атаушы еді. Бірақ Ли Бай қаншалықты алғыр болса да ондай кітапты оқи алмасы анық. Оның қажеті де жоқ болатын.
Либайтанушы қытай ғалымы Шиншияу «Алты жианы жаттату» үрдісі Таң дәуірінен (618-907) көп бұрын, Хан (Б.з.д 206-б.з. 220), Вый (б.з. 220-265) патшалықтары кезінде басталған еді. Ли әулеті біраз жыл Орта жазықтан (ішкі Қытайдан - Ә.Д.) шалғайдағы Батыс өңірде тұрып қалғандықтан ішкі Қытайдағы мәдениет, ағарту жағындағы өзгерістерден хабарсыз қалғаны, Ли Кы сондықтан ескішіл дәстүрді ұстанып, баяғы Хан, Вый хандықтары кезіндегі оқу-оқыту әдіс-тәсілі бойынша кішкентай Ли Байды оқытқан» деп қараған «Ли Бай жуан» атты монографиясында (14-б).
Мұхтарханның сиқырлы қаламымен «Дастанға» айналған «Алты жиа» нақтылы қолданыста «жоғары ондық пен төменгі он екілік» таңбаларды басынан бастап екіден қосарлап жылға телінген болады.
Мәселен, бірінші жыл басы (жиазы), екінші жыл, үшінші жыл, т.б. есеппен 60 жыл бір мүшел делініп, 61 жылдан бастап басынан қайта саналатын болған. Бұндай есептеу тәсілі ай, күндерге де қолданылып келген.
Бұларды өзіміздің қарапайым қазақша ұғым-түсінікке жақындата таратып айтқанда, 7-8 жасар балаға төрт амалды үйреткеніміз, әліппені танытқанымыз сияқты алғашқы сауат аштыруға ұқсайды. Одан айырмасы, қытайлар балаға ай, күн есебі мен жыл қайыруды үйрететіні.
Ендеше Мұхтархан Оразбай қасақана бұрмалап, мағынасы да, қолданысы да мүлде жанаспайтын «жианы» «дастан» деп аударып, сенатор Өмірбек ақсақалды дуакештей сиқырлап қытайлар алдында күлкіге қалдырғанын, қазақ парламентінің абыройын түсіргенін қалай кешіруге болады? Белгілі қытайтанушы профессор Клара Хафизова «Алаш айнасы» газеті тілшісінің «Ли Бай туралы мәселені осыншама көтерудің қажеті не, оған қытайлар қалай қарайды?» деген сұрағына: «Қытайлар мұны кім, неге жасап жатқанын жақсы білетін сияқты... Олар бұған күледі де қояды» деп қысқа жауап қайырады.
Шындығына келгенде, біз білетін қытайлар, сенатор қазақтың - «қытай халқының поэзиясында дастан деген жанр бар ма?» - деген сұрағына «қазіргі Қытайға кіретін бірен-саран халықтарда бар шығар, бірақ қытайдың өз халқында мұндай жанр жоқ және бұрында да болмаған» деп жауап беруі мүмкін емес, екі жақты бірдей арандатып отырған Мұхтархан бұл сұрақ-жауаптарды қалай аударып бергенін де біліп отырмыз. Ол ол ма? Масқараның көкесі сенатор Өмірбек Бәйгелдінің еш ойланбастан: «Онда ол кісінің (Ли Байдың демекші - Ә.Д.) өзінің балалық шағы туралы жазған мынадай бір өлеңін тыңдаңыздар деп ақыл бердік:
«Бес жаста жатқа айттым дастандарды,
Он жасымда дос еттім асқандарды.
Қатталып хатта жатқан сырды ақтардым,
Таныдым тарих нәрін татқандарды».
Мұндай дастандарды әуендерімен жатқа айту кең тараған ел - біздің қазақ елі. Екіншіден, бұл кісі өз елінде болмаса 10 жасында басқа елдің азаматтарымен араласа алар ма еді» дегенімізде, ол кісілер: «Бұл өлеңіне біз шын мәнінде жөнді назар аудармаған екенбіз. Ал, сіздер тура тапқан екенсіздер. (Өйдейт деген-ау! - Ә.Д.) Дәл осы өлеңі ол кісінің өмірбаянын бұрынғыдан да анықтай түседі екен,- деп келісті» деген («Елібай, Ли Бай, Ли Бо», 55-56 б.)
Өмірбек ақсақал жолыққан қытайлар әлде «Алты жиа» дегеннің не екенін мүлде білмейтін көшеде арба сүйреп жүрген біреулер, немесе әріп кемірген көп надан чиновниктер, немесе күліп тұрып жан алатын іш мерез қытайлардың бірі шығар. Қалай болғанда да сенатор Өмірбек Байгелді осы сөздері арқылы өзін де, қазақ елін де үлкен ұятқа қалдырғаны анық. Бұл «болды, қоя ғой» дейтін нәрсе емес, ағайын!
Қазақта «бір түйенің сиген жеріне мың түйе тайып жығылыпты» дейтін ащы мысқыл бар. Мұхтархандай сигек қоспақтар бір ғана «Дастан» жанрын шатастыру арқылы бүкіл қазақ елін, қазақ сенатын осылайша батпаққа аунатып қойып рахаттанып жүрсе керек.
Ал, қытайлардың қай жерлерін ашып, қалай рахаттана күліп жатқанын білу онша қиынға түспес...
«Оқымысты» Мұхтарханның гипнозы Өмекеңнің ғана емес, филиология ғылымдарының докторы (аударма шеберлігінен докторлық диссертация қорғаған) Сауытбек мырзаның басын да шыр айналдырып алса керек. Әйтпесе «Дастан» деген сөздің этимологиясын, оның қай ұлттың тілінен, қашаннан бері біздің тілдік қорымызға енгенін білмей қалуы тіпті өкінішті жайт. «Дастан» парсы сөзі емес пе еді? Ли Бай өмір сүрген дәуірде, әсіресе оның бес жас кезінде парсының «дастан» сөзі түгілі, иран-ирак әскерінің аяғының Жетісу, Қаратау, Сыр жеріне жете қоймағанын неге естен шығарып аламыз?
Ал, тарихтан, қытай филиологиясынан аздап сауаты бар, ниеті дұрыс бір қытайдың «Алты жианың» поэма, дастан, баллада жанры түгілі, тұтас поэзияға, тіпті қоғамдық ғылымдардың ешқайсысына қатысы жоқ екенін, арифметика мен аспан іліміне, табиғатқа байланысып жатқан әліппелік сауат ашар екенін білмей қалуы, сөйтіп, «лю жиа» - «алты жианың» мәнін «сіздер тура тапқан екенсіздер» деуі ақылға мүлде қонбайды. Апырай, өз шамамызға қарамай, қытайларға «мынадай ақыл бердік» деп ақылгөйсігеніміз тіпті ұят болды-ау!
13-өтірік - Ли Байдың «Бес жаста жаттап алдым алты жианы» өлеңінің екінші жолын тағы да бұрмалап, өтірік аударғанынан байқалады. Түп нұсқада осы екінші жол «Шы суи гуан бей жиа - он жасымда алуан түрлі кітаптарды жүздестірдім, парақтадым, оқыдым» деп жазылған болатын. Оны «қытай тілінің білгірі» - «Он жасымда дос еттім асқандарды» деп, кітапты адамдастырып «асқандарға» айналдырып, Ли Бай ақынның ойын мүлдем бұрмалап аударады. Мұхтархан бұл арада өзі ойдан шығарған «Дастандарды» дегеніне ұйқастыру үшін қайдағы бір «асқандарды» зорлап «дос еткісі» келеді. Қазақ тілінде қолданыстағы «асқан-асқандар» көбінше ұнамсыз «асып-тасқан, тәкаппар, құдайын ұмытқандар» дегенді білдірмейтін бе еді? «Асқандарды дос ету» сонша мақтанға жатпас, әрі бұл арада «асқандар» емес «кітаптар» туралы сөз болып тұрған жоқ па?
Мұхтархан Ли Байдың бұл өлең жолдарында айтылған негізгі ойды білместіктен емес, қасақана бұрмалап «дастан» үшін құрбандыққа шалып отырғанын ашып айту керек. Ли Бай өлеңінің ұйқасы «Лю жиа - Бай жиаға» құрылған. Екеуі де сол дәуірдегі оқу-оқыту талаптары тұрғысынан бала білуге тиісті білім негіздеріне қаратыла айтылған.
Мұхтарханның әрі сауатсыз, әрі өрескел бұрмалауларына ұшырап шатастырылған тарихи ұғымдар мен атаулар жөнінде қайталай түсінік бере отырмасақ, оның жаңылпаштарында жасырынған қараңғы ойларды түсіну қиын болар.
Таң патшалығына дейінгі дәуірлерде қалыптасқан оқу бағдарламалары мен емтихан тәртібі бойынша балалардың жас ерекшелігіне қарай білуге тиісті пәндердің мазмұндары айқындалып қойылған. Біз сөз етіп отырған «Алты жианың» әу бастағы мағынасы - «Жиа» - қытайша есептегі ондық санның біріншісі, қазақша «А» әрпімен таңбаланып жүрген белгі дегенді білдіреді. «Жианың» ауыспалы мағынасы «ең озық, ең әдемі, ең бірінші дәрежелі» дегенді де білдіреді. Ал, «Алты жиа» 7-8 жасар бала білуге тиісті есептік сауаттар жиынтығы, бізше баланың хат тануымен бірге төрт амалды, әбжаттық есепті меңгерді қамтамасыз ететін бастауыш білімге ие болу дегенді білдіреді. Оның «дастан» дегенге үш емес, үш жүз рет қайнатсаң да сорпасы қосылмайды.
Ли Бай оқуға барған тұста болашақ мемлекеттік қызметтен үміткер жас бала «У жиң - Бес кітапты» (бал кітабы, тарих кітабы, жыр кітабы, жоралғы кітабы, жылнама кітабы) оқып білуге міндетті еді. Басқа кітаптарды оқуға рұқсат етілмейтін болған. Аса зерек, талапшыл бала Ли Бай ондай шектемеге қарамай «он жасында алуан кітаптарды оқып шыққанына да қанағаттанбай «Он бес жасымда алуан түрлі ғажайып кітаптарды ( Шы у Сүйгуан ши шу) оқуға құмартқанын айтып отыр. Басқаша сөзбен айтқанда өзі жастай сусындаған білім-ғылым қайнарларының аса мол әрі алуан түрлі екенін мақтаныш етіп тұр.
Осы айтылғандардан түйер түйін - Ли Байдың он бес жасқа дейін алған білім-білігінің тұтастай Таң дәуіріндегі қытай оқу-оқыту бағдарламасы аясында қалып қоймай, өз заманында кең таралған ғажайып, алуан мазмұндағы кітаптарды еркін оқу арқылы аса мол білім-ілімге қол жеткізгенін, бірақ оның қазақ даласына, қазақ түгілі исі түрік халықтарының мәдениеті мен әдебиетіне мүлде қатысы болмаған, нақ қытай білімдары, дарынды қытай ақыны болып қалыптасқанына көз жеткіземіз.
14-өтірік Мұхтархан жолма-жол аударған және өзі тікелей аударған бірнеше өлеңдегі қасақана бұрмалаулардан туындайды, енді соған тоқталайық.
Бұл өлеңдердегі негізгі ойды бұрмалауда Мұхтархан екі түрлі қулыққа басқаны біріншіден, Ли Байдың қазақ даласында туғандығына дәлел болар жеке сөздер мен жер-су атауларын қазақыландыруға ұрынысынан, екіншіден Ли Бай туған жерін, қазақ елін сағынып, қамығып, зарығып өткен мұңлық ақын ретінде дәріптеуінен көрінеді. Мәселен, 1) біз жоғарыда арнайы талдаған «Ұмай ана» жөніндегі шалықтауға ұқсап кететін адам нанғысыз әфсанасын еске түсіріп көріңіздер. 2) Қазақ үшін «жусан» деген жұпар иісті өсімдіктің қадір-қасиетінің ерекше екенін мөлшерлеген Мұхтархан Елібайының аузына «Жусанды теріп көп жүрдім. Асылым қашан табады» (17 жыр, 95 б) өлең мәтінінде жоқ сөзді салып жібереді. Демек Елібай жусанды жырға қосса ол қазақ даласын еске алып аһ ұрмағанда қайтушы еді?- деп емексітеді. Бірақ қытайша мәтінде «жусан» деген сөз атымен жоқ, онда «Кун шан сай Шиюң руй» деген өлең жолында Кун тауы, осы аттас тау да, елді мекен аты да бар, әр дәуірде әртүрлі аталған. Қалай болғанда да ары кеткенде Кун Лун - Гималай тауы меңзелген, асыл тас немесе әсем гүлдер жинадым деп тұр.
Мұхтарханның басқа өтіріктерінен де сорақысы, әрі елдібайшылардың алды-артына қарауына мұрсат бергізбегеін, айғақты сөз ретінде «Үйсін тау» дегенді ойдан шығарғандығы еді. Ли Байдың «У суң шан етегіндегі Шүнау кейуананың үйіне түнеу» деген өлеңінің бірінші жолын жолма-жол аударма жасаған Мұхтархан: «Үйсін тау етегінде түнедім» деп соғып жібереді. Мұндағы «У суң шан» қазақшаласақ «Бес қарағай тауы» дегенді білдіреді.
Ли Бай қытайды қазақ, дулат, Елібайға айналдыруға жаныққан келешек елібайшылар «Үйсін тауы етегінде түнеген» аталары жөнінде еңіреп тұрып толғанбай ма? Халықтың тарихи жадын шатастыратын, жалған тарих жазу деген бұдан артық қандай болмақ, ағайын!
Мұхтарханның жалған тарих жасау жолында ашқан екінші «жаңалығы» немесе екінші қулығы - Ли Бай ақынның туған елі мен жерін зарыға, қамыға еске алатынын қытайша мәтіндегі «Гу шиаң -туған жер, туған село» деген сөзді оңды-солды қолданып біресе, «отан, біресе, туған жер, біресе туған ел» деп, оларды Шу бойын қазақ даласын, туған еліне жете алмай қамығуына апарып телуінен көрінеді.
Қытайдың либайтанушыларының жазуына қарағанда қайда туғаны әлі толық нақтылана қоймаған Ли Бай (қайда туса да қытай отбасында туылғаны) 25 жасына дейін ғана ата қонысы Сы Чуан (Шу) өлкесінің Шиңлиан қалашығында тұрған, 25 жасынан өмірінің соңына дейін Қытай Орта жазығын оңды-солды шарлап қаңғыбастықпен күн өткізген, арақ-шарапқа әбден құныққан, сөйтіп ақыры мас күйінде суға кетіп өлген бір трагедиялық тағдыр иесі еді. Оның ел кезіп қаңғыбастықпен өткізген 37 жылында талай жұлдызды сәттері де болғаны белгілі. Алайда, туып-өскен қыстағына қайта орала алмай тентіреп жүріп, ол туралы қамырық өлеңдер жазбауы мүмкін бе? Ондай өлеңдер неліктен тек қазақ даласын сағынудан тууы керек? Қазақ даласы, Шу өңірі, Суяб қаласын меңзейтін жарты сөз жоқ екеніне қарамай өңештей беретіндерің қалай?
15-өтірік Мұхтарханның қазақ халқын, оның маңдайына басқан, ұлттық мақтаныштарына айналған ұлы ақындарын қорлап, қытай Ли Байды олардың төбесіне шығарғысы келген опасыздығынан туындайды.
Мейманасы тасыған Мұхтархан айылын жимастан «Елдібай жырын түпнұсқадан түсініп оқу көп қазақтың қолынан келе бермейтін шаруа ғой. Болмаса тарихтағы ірі тұлғаны оқығаннан кейін заңғар тұрғанда, төбені мақтап жатпас та еді» («Елімен қауышқан Елдібай ақын», 19-б.) деп қазақ халқы бүгінге дейін Ли Байдай заңғардың орнына қайдағы бір төбе-төбешікті мақтап, ақымақ болып келгенін бетке басқандай болады.
Алаш баласы, ұлы Абайдың елі - қазақ елі мынадай бассыз-тектеусіз кеткен жолбикелерге не айтасыздар?!
Мұхтарханның Елібайды қазақ даласына сүйреп әкеліп, оны сенаторларымыз бен мемлекет басшыларына мадақтаудағы түпкі мақсаты, оның мына сөздерінен айқын білінсе керек:
«Он үш ғасырдан бері... тұтас Қытайды таңғалдырумен келе жатқан атақты қандасымыз, тарихи екі көршілес елдің аса қадір тұтқан ірі тұлғасы болып табылады.. Әрі бұдан былай да екі елдің мәңгі қадірлейтін, екі елді бірдей баурап, өз құдіретімен тұтастыратын рухани күш ретінде жасай береді». (7-б)
Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Мұхтархан ойдан шығарған 15 өтіріктің айтары - қытай мен қазақты бірдей баурап, өз құдіретімен тұтастандыратын немесе екеуін бір тұтас «жұң хуа» ұрпағына айналдырар заңғар тұлға Ли Байға бас ұрғызу - сайып келгенде қытайға бас ұрғызу жолындағы зымиян, жымысқы жоспардың алғашқы жүрісі болмақ.
Мұхтархан сияқты жалған тарихшыларға айтар сөзді ұлы Абайдың:
Мен боламын демеңдер,
Аяқты алшаң басқанға.
Екі көзің аларып,
Құр қарайсың аспанға
Бір ғылымнан басқаның,
Бәрі де кесел асқанға.
Өйткен адам жолығар,
Кешікпей-ақ тосқанға ,
- деген өлең жолдарымен аяқтағымыз келеді.
Ал, Мұхтарханның жалған, жалалы мақаласымағын жалаулата жариялап, бүкіл ақпарат құралдарын дүрліктірген «Қазақ әдебиеті» газеті (2007. 13-19, 20-26 сәуір) «Қытайды қайран қалдырған қандасымыз «Елдібай ақын» деген мақала жариялағаннан кейін, он айдан соң «Егемен Қазақстан» газеті Сауытбек мырзаның жүрекжарды сүйіншісі мен Шерхан ағамыздың «Құдай тілекті бергені емес пе?! Білсін әлем қазақ тегінің ұлылары қайда жатқанын», - деп алақайлағаны есімізде.
Алақайлайтын-ақ реті бар болатын. Бірақ, ол іргесі ізгілікке негізделмеген қуаныш болып шықты. Мұхтархан Оразбай деген дүмше ғалым биліктегі ел ағаларын да, ақсақалдарын да әлем алдында үлкен ұятқа қалдырды. "Білмеген у ішеді", ал біліп тұрып, бәрін қасақана істеген жандардың ішкі оябын ашу бәріміздің парызымыз болса керек.
Біз сөз еткен 15 өтіріктің өтірік-растығына төрелік айтуды патша көңіл қазақ оқырмандарының, қазақ зиялыларының ар-ұятына тапсырамыз.
Біз өз тарапымыздан айтылар сөз әрқашан табыларын, бұл арандатушы «өтірік өлеңді» түп-тұқиянына дейін індетпей тоқтамайтынымызды мәлімдегіміз келеді.
Әлімғазы Дәулетхан, тарих ғылымдарының кандидаты.
"Жас Қазақ үні" газеті №45 27.11-04.11.2009 ж.
CОҢЫ