Сабырлы һәм салмақты чемпион Бейжің Олимпиадасының жеңімпазы Бақыт Сәрсекбаевты осылай сипаттауға болады
Күллі әлем елеңдеп, көз тіккен, құлақ түрген Бейжің Олимпиадасы – бүгінде тарихтың еншісіндегі оқиға. Алайда сондағы бөрікті аспанға атқызған ас та төк қуанышымыз да, өзек өртеген кермек дәм өкінішіміз де әлі сол күйі секілді. Сайыпқырандарымыз жеңіс тұғырына көтерілген жүрек тебірентер әсерлі сәттер көз алдымызға келе қалғанда, тап сол мезет дәл қазір қайталанып жатқандай шаттыққа кенелеміз. «Чемпион болады» деген мықтыларымызды қарсыластар һәм... төрешілер жарыстан сүйрегендей ғып шығарып тастап жатқан шақтағы жыларман көңіл еске түскенде, кеудемізді тағы да өкініш кернейді.
Әсіресе бар үмітімізді арқалаған айтулы боксшыларымыз шетінен сүрініп, ақтық сынға жалғыз 69 келі салмақ дәрежесіндегі Бақыт Сәрсекбаев қана шыққанда, бүкіл елдің көгілдір экранға телміргені дәл күні бүгінгідей есімізде. Финалдағы Карлос Банто Суареспен жекпе-жекті қазақ халқы ешқашан ұмытпасы анық. Бұл – бокстан тарихта жемеген таяқты осы додада жеп, ызаға булыққан Куба үшін де, екі-үш алтынды көксеп барып, қарадай масқараға ұшырай жаздаған Қазақстан үшін де соңғы мүмкіндік, жалпы көрсеткішті ақтап алар ақырғы қадам еді. Мұндағы Бақыт көрсеткен «баса көктеген» батыл бокстың үлгісі – әлі талай тамсана айтып жүрер ерлік. Сондай ел намысы үшін жан алысып, жан беріскен бәсекеде қазақ боксшысының айқын басымдық танытып, алтын медальды жеңіп алғаны – ғасырға ұласар ғаламат сәт...
Сөз жоқ, Бақыт Сәрсекбаевтың бұл табысы – барша қазақтың қуанышы. Астанада, Алматыда, басқа да қалаларда оған көрсетілген сый-құрмет, қолдау-қошемет, мақтау-марапатта шек жоқ. Батырын бағалай білер ел осындай-ақ болар. Отанының намысын қолдан бермеген оғланның да сол құрметке әбден лайық екені даусыз.
Дей тұрғанмен, «Отан» деген ұлы ұғымның «отбасы» атты шағын мемлекеттен басталары да хақ. Ал оның түп-төркіні адамның бала жастан топырағына аунап-қунап өсер ауыл-аймағына апарып тірелері мәлім. Өзінің туған өлкесін жанындай жақсы көре білмеген жігіттің тұтас елін емірене сүйе алуы да екіталай.
Бейжіңге жүрер алдында Бақыт бауырымыз Арыстанбаб пен Қожа Ахмет Йассауи кесенелеріне тағзым етіп, ел ақсақалдарының батасын алып аттанған екен. Олимпиададан келген соң да су жаңа чемпион оңтүстікке арнайы сапар шегіп, разылық зияратын жасап қайтты. Ұлт мерейін тасытқан тамаша боксшыға тұтас елдің ғашық болғанын сонда көрдік. Жұртшылықтың ыстық құшағына көмілген Бақыт Сәрсекбаевқа деген елдің ықыласы оның өзін де, бізді де ерекше толқытты.
Чемпионның көп сөйлемейтін, біртоға, тұйықтау азамат екені теледидардағы сұхбаттарынан-ақ байқалушы еді, бірнеше күн жанында жүргенде бұған көзіміз тіптен жете түсті. Әсіресе сауалға қысқаша жауап беріп қана отыратын оның ұстамдылығы, қарапайымдылығы, кішіпейілділігі риза етті. Қызық та күлкілі әңгімелер айтылып қалған сәттерде ғана риясыз күліп, рахаттанып отырды. Танымал өнер сыншысы Әшірбек Сығай ағамыз айтпақшы, «тура қыз көруге келген бозбаладай сыпайы».
Олимпиададан елге оралғалы оның атына қаншама мақтау-марапат, қолпаш-қошемет, небір сұлу да жылы сөздер арналып жатыр! Басқа біреу болса, соншама ықыластың ыстығынан қардай еріп, қарадай кеуде керіп шыға келер ме еді, кім білсін. Ал Бақыт сыр бермей келеді. Не қуанышын, не өкінішін сыртына шығара бермейтін сабырлы жігіт екен. Олимпиаданың алтын алқасын мойнына тағып, күллі әлем алдында қазақ әнұранын аспандатқанда да алабөтен қуанып, алақайлай қойған жоқ қой. Дәл осылай болуға тиіс секілді сабырлы қалпында қабылдады да қойды.
– Мен табиғатымнан сабырлы жанмын, – дейді Бақыттың өзі. – Қуаныш болсын, қайғы болсын, сол сабырмен қарсы алғанды жөн көремін. Олимпиадада жеңіс тұғырына көтерілгенде, әрине, қатты қуандым, бірақ менде сол қуанышты сыртқа шығарып, елдің көзінше еліріп кету деген әдет жоқ. Жүрегім атша тулап, көңілім өрекпіп, көзіме жас келіп қалғанын жасырмаймын, бірақ өз сезімімді тежей алдым. Өйткені, қандай жағдай болсын, қалпымды өзгертпеу – қаныма сіңген қасиет: іштей қуанамын, іштей күйзелемін. Бейжіңнен келген кезде менен «Жеңіп тұрып, неге аспанға секірмедің? Неге рингті шыр айналып атой салмадың?» деп сұраушылар көп болды. Бірақ адам өз табиғатынан асып қайда барады? Үлкен сынға түскенде айналаңдағы ел-жұрттың қолдауы кәдімгідей елеулі рөл атқарады. Маған жанкүйерлердің сол қолдауы өте қатты күш-жігер берді. Шынын айтқан жөн, Бейжіңге аттанарымда маған сенушілерден сенбеушілердің қарасы көбірек еді ғой. Ал менің өзімде, расы керек, жеңем деген сенім күшті болды. Әрі-беріден соң мені сол сенімім мен жігерім қосып алып шықты деп ойлаймын.
Бақыттан «Бейжіңде саған ең қиын соққан жекпе-жек қайсысы?» деп сұрап, одан нақты жауап алу мүмкін емес. «Бәрі де қиын болды» дер еді ол. Өйткені, қарсыласының әрқайсысын зерттеп, озық тұсы мен осал жерін ойға екшеп жүретін боксшы үшін оңай ұрыс болмайды. Ол жеңіс биігіне тек шелектеп төгілген тер мен азаннан ақшамға дейінгі тәсілдік-тактикалық дайындық қана жеткізетінін жақсы біледі. Осы күнге дейінгі жас өмірінің жартысын жаттығу залында өткізген жан айдай әлемнің көз алдындағы бес айқасының қайсысын қиын, қайсысын оңай дей алсын?
Кезінде Өзбекстанның бокстан ұлттық құрамасы сапында өзіне талай рет қарсылас болған Дилшод Махмұдовпен болған ширек финалдық бәсеке туралы «ең қиыны, бәлкім, осы болған шығар?» деп нақтылай сұрағанда ғана, ол: «Рас, бұл жекпе-жекте сәл тарихи астар болды, мүмкін сонысымен де өзгелерден сәл ауырлау соққан шығар, – дер еді. – Бірақ мен оны жеңетініме сенімді болдым. Кезінде Өзбекстанда жүргенімде, жасыратыны жоқ, маған көп кедергі қойылып, қиянат жасалды. Яғни, бұл ұрыста елдің, ұлттың намысы әдеттегіден де жоғары бағаға ие еді. Мен осы айқаста оған өзімнің басымдығымды толық дәлелдей алдым деп есептеймін».
Бұл сөзді боксшының жеке бапкері һәм нағашысы Кәрім Махмұдов та растайды.
– Меніңше, Бақыт Дилшодты ғана емес, барлық қарсыласын айқын жеңді. Адал һәм әділ ұтты. Ол өз салмағында ешкімге нан қалдырған жоқ. Жартылай финалдағы корей боксшысы тіпті Бақыттан қорқып шықты, байқадыңыздар ма? Себебі, алдыңғы спарринг-жаттығуларда Бақыт оны кәдімгідей ұрып тастаған болатын. «Неге өйтесің? Бекерге шаршайсың ғой, оның үстіне, күшіңді, әдісіңді алдырып қоясың» десем, Бақытым: «Оларды осы бастан өстіп әбден қорқытып тастау керек!» – дейді. «Дұрыс екен» дедім.
Әдетте спортшыларды бала кезінен төбелеске әуес, бұзық боп өседі, солай қалыптасады деген ұғым-түсінік санамызға ұялап қалғаны жасырын емес. Көпшіліктің Бақытты да сондай шатақ мінезді сотқар болған шығар деп ойлауы ғажап емес. Ал оның өзінің айтуынша, кішкене күнінде өзге қатарластарынан пәлендей артылып көзге түсе қоймайтын, салмақты бала болыпты. Боксшының әкесі Әбдірахман Серікбаевтың әңгімесіне құлақ түрсек те, соған ұқсас мәлімет аламыз.
– Негізінде, біздің өз жұртымыз – Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай өңірі, – дейді Әбекең әңгімені әріден бастайтын үлкендердің әдетімен. – Ата-анам, ағайын-туысымның бәрі сонда тұрады. Мен де сол жерде туып-өстім. Үлкен ағам Өзбекстанда тұрды да, мені сол жаққа жұмысқа орналастырды. Кеңес өкіметінің кезі ғой. Сөйтіп, біраз жыл өзбек жерінде қызмет еттім. Өзбек қызына үйлендім. Балаларым да сонда жетілді. Бақытты «Өзбекстаннан екен» деп айтып жүргендері сол шығар. Әйтпесе сол Бостандық ауданы да бұрынғы қазақтың жері ғой. КСРО кезінде Өзбекстанға өтті де кетті. Сол күйі қайтарылмады... Өзім де жастайымнан спортқа қызығатынмын. Футболды тәп-тәуір ойнадым. Орталық жартылай қорғаушы болатынмын. Балаларымды боксқа берген себебім: шыны керек, біз тұрған Табақсай деген жерде басқа секция болған да жоқ. Бақыт бала кезінен ұшқалақ болмады, керісінше, ұқыпты, салмақты боп өсті. Ол бес жасынан бастап жаттықты. Үйірмедегі алғашқы бапкері – менің қайным, яғни, әйелімнің інісі Кәрім Махмұдов болды. Әлі күнге сол нағашысының тәрбиелеуімен келеді ғой...
...Кейінгі уақытта «Сәрсекбаев кәсіпқой боксқа кетеді екен» деген әңгіме гулеп тұр. «Марқұм Бекзат Саттархановтың ғана емес, барша қазақтың арманын орындап, екі дүркін Олимпиада чемпионы атануға мүмкіндігі бар боксшы» деп бағаланып жүрген Бақыттың бұл қадамын әркімнің әрқалай қабылдары рас. Біреулер үшін бұл әлгі арманның желге ұшуы боп, өкінтуі, ал біреулерді қазақ боксының табыстарын кәсіпқой бокс рингінде де жалғастырудың жолы ретінде қуантуы кәдік. Алайда Бейжің триумфаторы әзірге «кәсіпқой боксқа біржола кеттім» деп ашып айтқан емес. Дегенмен әр елдің промоутерлерімен келіссөздер жүргізіп жатқаны рас көрінеді. Кәсіпқой бокс – спортшыға кәсіби жағынан да, қаржы жағынан да аса тиімді сала. Сондықтан боксшының өзіне жасалынған ұсыныстарды ыждағаттылықпен қарастырып жатуы түсінуге болады.
Қалай болғанда да, Бақыт Сәрсекбаев – қазақ спортының тарихына өз атын алтын әріппен жазып үлгерген жігіт. Ол әлі бәрімізді рингте ештеңеден қорықпайтын, ұстамды қалпынан еш айнымайтын сабырлы да салмақты чемпион ретінде әлі талай қуанышқа бөлейді...
«Дала мен Қала» газеті, 2009 жыл.