Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3135 0 пікір 16 Қаңтар, 2010 сағат 07:25

Өркен ДАРХАН. Көбелек... Кебенек

Тунистің қу шаңқанындағы тауыскөз көбелектің қанатқағысынан Тынық мұхитында тайфун көтерілсе, таңданбаңыз... Мүмкін емес дерсіз, бірақ мүмкін. Қалай десек те, осы теорияны құндақтаған Эдвард Лоренцтің логикасына салсақ, қым-қиғаш әлемдегі құйтақандай кемшілік, я өзгеріс басқа жерде, басқа уақытта Сіз күтпеген «сюрприз» жасайды. Сондай «сюрприздің» бірін қазір интеллектуальды қауымның ортасында топалаң туғызған «Қазақстанның ел бірлігі» доктринасы жасауы мүмкін-мыс. Бұл, әрине, ұлтшыл-патриоттар мен оппозициялық пиғылдағы ортаның танып отырған түсінігі десек те, осынау даудың жел буған қарынша үрлене бастағаны да үркітеді.

Тунистің қу шаңқанындағы тауыскөз көбелектің қанатқағысынан Тынық мұхитында тайфун көтерілсе, таңданбаңыз... Мүмкін емес дерсіз, бірақ мүмкін. Қалай десек те, осы теорияны құндақтаған Эдвард Лоренцтің логикасына салсақ, қым-қиғаш әлемдегі құйтақандай кемшілік, я өзгеріс басқа жерде, басқа уақытта Сіз күтпеген «сюрприз» жасайды. Сондай «сюрприздің» бірін қазір интеллектуальды қауымның ортасында топалаң туғызған «Қазақстанның ел бірлігі» доктринасы жасауы мүмкін-мыс. Бұл, әрине, ұлтшыл-патриоттар мен оппозициялық пиғылдағы ортаның танып отырған түсінігі десек те, осынау даудың жел буған қарынша үрлене бастағаны да үркітеді.

Естеріңізде болса, Елбасымыз Қазақстан халықтары Ассамблеясының XV сессиясында аталмыш жоба жайлы алғаш мәлім етті. Айта кетерлігі, бұл доктринаның толғағы сәтті болса, посткеңестік елдердің ішінде алғаш рет және 2020 жылға дейінгі этникалық, мультимәдени бағдарымызды анықтайтын болады. «Ел бірлігі» доктринасының тірегі де барлығымызды бір ядроға біріктіретін құндылықтардың ортақтығы негізінде іске асса керек. Алайда, ұсыныс айтылып, таяқ тасталысымен көтерілген пікірталас құйыны «паллиативті, жартыкеш» жобаны салымға салған серкеше жұлымдап, жіліктеп, артық-кем тұстарын анықтап бергендей. Ассамблея төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, қазірдің өзінде бұл жобаға қатысты жер-жерден 300-дей пікір түссе, оның 200-дейі нақты ұсыныс-тілек болып тұр екен. Артық тұсы, халықтар бірлігін төбесінен биік қоятын тәуелсіз елімізде мұндай реттеуші құжат керек-ақ. Идея ізгі, «тұрақтылық бесігінде тербелуші» еліміздің табысын еселеп тұру үшін де мүдде мен мақсат бірлігін ұштастырып отырмаса, болмайды. Кем тұсы... қалай болғанда да, көңілге қаяу салған кейбір «түйірлерді» тізбелеп айтпаса, тамаққа тіреледі екен. Айталық, доктрина нұсқасындағы «... Нәтижесінде 140 этнос пен 40 конфессия өкілері қазақтармен қоян-қолтық бейбіт өмір сүретіндей жағдай қалыптасты» деген сыпайы сөйлем. Қайбір ұлттан он отбасы болса да, қосып-қосып, «130 ұлт пен ұлыс» деген теңемеге әбден құлағымызды үйреткен кезде, бұл қандай көрсеткіш? Асығып-аптыққан мәтін терушінің «ағаттығы» ма, әлде бұл аллюзия ма? Бұл бірінші де болуы керек пе еді, жалпы «доктрина» деген атау құжаттың сипатымен дәл үйлеспейді-ақ. Себебі, жалпақ жұртқа әр сөздің астын сызып, диффинициясын келтіріп бермей тұрып, «айтса, орындалуы тиіс» әскери жарлықпен астарлас доктрина сөзінің өзі талайдың терісін тітіркентті. Тұжырымдама, болмаса концепция десе де, құжаттың бұдан қылшығы қисаймас еді. Тағы бір теріс «тренд» - доктринаның өн бойында өрілген ой-мазмұннан «қазақтардың тарихи мекенінде» басқа ұлт-ұлыстардың бейбіт-бақуат өмір сүргені айтылады да, тек ... қазақ жайлы аз, тіптен ұмытылып кетеді. Жылқы мінезді халқымыздың аузынан жырып, қаралы күндері кіші ұлыстарға қамқор болған тарихи миссиясы бір тарам да, тәуелсіздіктен соңғы параллельдегі оның тұрақтылықты сақтаудағы рөліне терең тоқталмайды. Сипап-сылап өтеді. «Ел бірлігі» ерен ой дейік, бірақ «халықтар зертханасы», «интернационализм» деген жалған жапсырмалардан санасы сарсыған халыққа «супербірұлт» болу сүйкімді ме? Мүмкін, дұрысы қазақ ұлтының төңірегіне ұйысу идеясы ойға оралымды шығар. Өткен мен келешекті өбістіру, яки дуализм идеясын да осы құжатта аша түсу керек пе еді? «Ұлттық идентификация» деген ұғым қайда қалған? Ең болмаса, доминант ұлтқа (ұлтымыз 67 пайыздық үлестен асып-жығылған соң осылай атамасқа амал жоқ, мемлекет те моноұлтты) айналған қазақтың көзкөрер кеңістіктегі келешегі, ұлттық сипатының дамуы, этносаралық орбитадағы орны секілді сұрақтарға жауап берілсе, жөн болар еді. Жөн... Тіл туралы жазылады. «Қазақ тілі - қазақстандықтарды біріктіруші тіл» деп айтылғанымен, осы сөзге сөл беретін, сүйеу болатын тіректер тағы көрсетілмеген. Ал, қазақ тілін қажетті тіл етудің нақты констракты - арнайы заң қабылдау екендігі айтылудай айтылып келе жатыр. Бұдан әрі «қазақстандық қоғам»... Алдымен қоғамдық талқыға түскен құжатқа қарсылық білдіріп, осынау тіркестерді доктринадан алып тастау туралы Елбасына ашық хат жазып, тегі болмаса аштық жариялауға әзір екендігін жариялаған Мұхтар Шаханов еді. Бұл бастамаға еі қолын көтеріп, қолдау көрсеткендердің қатарында Асанәлі Әшімов, Болат Атабаев секілді ұлт зиялыларынан бастап, Мұхтар ағамыздың өзі «тамағымен ғана жұмыс істейтіндер» деп айыптайтын әнші-сазгерлер тобы қосылып отыр. Билікке қойылып отырған бас ультиматум - доктринаға тоқтау салу, болмаса 17 желтоқсаннан кейін аштық жариялау. А-а, айтпақшы, «АЗАТ»  ЖСДП-ысы да бұл у-шудан сырт қалмай,  радикальды сыңайда мәлімдеме таратып үлгерді. Сондағысы, бұл құжат Қазақстан азаматтарын ұйыстыратындай қабілеттен жұрдай, содан бұны талқылауды күн тәртібінен алып тастау керек. «Азаттықтардың» бұл әрекетін «ұлттық мәселеден ұртын майлау» деп бағалаушылар болып жатқанымен, онда неге басқа партиялар бұл «батпанқұйрықтан» тыс қалады?

Иә, бұл құжат бүгін-ертең қабылданбайды. Сын тезіне салынып, ұсыныстар талданады. Бірақ, қазіргі қалпынан қаншалықты айниды екен,а? Қызығы осы... Құжат ресми тұрғыда ешкімді ренжітпесе де, біріктіруші факторлар толық қамтылмаған. Қанша жерден тарихымыз, жеріміз, ауа-суымыз ортақ десек те, ұлыстардың одан арғы ортақ мақсаты, ортақ мүмкіндіктері болатындығын естен шығаруға болмас. Кезінде хаос теориясының хас авторы Анри Пуанкаре «Бастапқы шарттағы болмашы айырмалар ақырғы құбылыста алапат өзгерістер туғызады.... Болжау мүмкін болмайды» деген-ді. Басты сына да, сын да - алдағы он-он бес жылда ұлттық идеологияны айқындар құжатта қазақ ұлтының рөлі көрсетілмеуі болып тұр ғой, түсінген жанға. Бұлай етсе, Сейдахмет Құттықадамның сөзімен айтқанда, «қазақ құқығының тапталуы» болмақ. Демек... емеурін түсінікті.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5392