Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 6038 0 пікір 1 Сәуір, 2010 сағат 08:56

Жүрсін Ерман: Бақаны бар бандыға не істемекпін?!

Біраздан бері үні шықпай қалған айтысты жоқтаушылар да, сол айтыстың арбасын талай жылдан бері сүйреп келе жатқан Жүрсін Ерманды іздеушілер де аз емес бүгінде.  Екеуара  әңгімеде айтыстан да басқа көкейдегі көп сауалға жауап іздедік.

 

-  Айтыс дегенде жұрттың есіне Жүрсін Ерман түседі, ал сіздің атыңыз аталса, алдымен ауызға айтыс оралады. Сол айтыс 15 жыл телеарналардан  үзбей көрсетіліп келді де, кілт тоқтады. Жыл жарымға жуық уақыт айтыстан көз жазып қалған көрерменнің көңіліндегі сауал біреу: Неге? Айтысқа саясат араласты ма, әлде айтыс саясатқа араласты ма?

- Айтыстың  өтпегеніне, эфирден тоқтатылғанына  1 жыл 4 ай болды. Қайда барсам да, халық  айтысты сұрайды. «Айтыс неге тоқтап қалды? Сіз қайда жүрсіз?» дейді. Былтырғы желтоқсан айында мені министрлікке шақырды. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің  қабылдауында болдым. Айтыс жабылды.

Біраздан бері үні шықпай қалған айтысты жоқтаушылар да, сол айтыстың арбасын талай жылдан бері сүйреп келе жатқан Жүрсін Ерманды іздеушілер де аз емес бүгінде.  Екеуара  әңгімеде айтыстан да басқа көкейдегі көп сауалға жауап іздедік.

 

-  Айтыс дегенде жұрттың есіне Жүрсін Ерман түседі, ал сіздің атыңыз аталса, алдымен ауызға айтыс оралады. Сол айтыс 15 жыл телеарналардан  үзбей көрсетіліп келді де, кілт тоқтады. Жыл жарымға жуық уақыт айтыстан көз жазып қалған көрерменнің көңіліндегі сауал біреу: Неге? Айтысқа саясат араласты ма, әлде айтыс саясатқа араласты ма?

- Айтыстың  өтпегеніне, эфирден тоқтатылғанына  1 жыл 4 ай болды. Қайда барсам да, халық  айтысты сұрайды. «Айтыс неге тоқтап қалды? Сіз қайда жүрсіз?» дейді. Былтырғы желтоқсан айында мені министрлікке шақырды. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің  қабылдауында болдым. Айтыс жабылды.

Неге  тыйым салынғанын мен жақсы білемін. Мадақтауға құрылып, тек жақсылықтарды ғана сөз етіп дәріптеген айтыстың ешкімге керегі болмас еді.  Айтыстың сонау замандардан келе жатқан дәстүрі - қоғамда болып жатқан келеңсіз жайттарды ашып айту, өлең тілімен сынау әрі әжуалау. Ал айтыста айтылған әңгіме билікке жақпады. Оны жолдағы қулар мемлекет басшысына мың құбылтып жеткізуі отқа май құйғандай болды. Кешегі Абылайдың тұсында, коммунистік партияның, қылышынан қан тамған қызыл империяның тұсында  да айтыс жүріп тұрған болатын. Ең өкініштісі, жүздеген жылдық тарихы бар, киелі өнерге  Тәуелсіз Қазақстан тұсында тоқтау салынды. Бұл - елдің рухани сорлылығының көрінісі.  Ақындардың аузына қақпақ қою сөз бостандығының қаншалықты дәрежеде екенін көрсетеді.  Қазақ «Ер болсаң бопсаға шыда», «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дейді. Шындық қай кезде де айтылған. Шындыққа шідер болмаған. Тәуелсіз Қазақстан тұсында айтысты тоқтату - масқара, сорақы көрініс.

- «Айтыс  үшін жылпоспын  мен, ептімін, айтыс десе - тау жығардай екпінім» деуші едіңіз ғой. Тау жығардай екпініңіздің таусылғаны ма?

- Жақында «Айтыспен қоштасу» деген өлең жаздым. «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Бұл сұрағыңа сол өлеңіммен жауап берейін.

Ширек ғасыр болды «Айтыс» алданышым,

Рахмет  - алданыш болғаны үшін.

Талай төрде ту етіп желбіретті,

Тоз-тоз  болған қазақтың өр намысын.

Сен қазақтың арманын үстем еттің,

Сен талайдың бармағын тістелеттің.

Мыңмен жалғыз алысар шама қайда?

Бақаны  бар бандыға не істемекпін?!

Қымыздай  боп ашыған сабасында,

Шырақ жақтың ұлтыңның санасында.

Алпауытпен  алысып жүргеніңде

Қолың кетті биліктің жағасында.

Менен дәрмен кетті енді

Кешір мені!

Сенсіз  алға жылжиды көш ілгері

Бар қазақтың аузына құм құйғаны -

Айтыс, сенің үніңді өшіргені.

 

- Соңғы жылдары айтыстың сәл сұйылып кеткенін ескерсек, бір жағынан бұл дұрыс та сияқты. Ақындардың бір тақырыптың төңірегін шиырлап шыға алмайтыны, әзілдеріне дейін жаттанды екені сыналып жүргені бізден гөрі сізге мәлім. Ал ақынның деңгейі өсу үшін не істеу керек еді деп ойлайсыз?

- Айтыс өлеңінің көркемдік сапасы - мәңгілік сұрақ. Бірақ, барлық ақынды немесе барлық айтысты «сұйылып кетті» деген бір өлшемге сыйғызуға болмас. Барлық шығармашылық өнер секілді, айтыс та бірде сәтті, бірде сәтсіз болды. Оны көкке көтеру үшін бір ұтымды сөзге сүйіну де жеткілікті. Айтыстың және айтыскерлердің деңгейін көтеру - ешқашан өзектілігін жоймайтын мәселе. Барлығы айналып келіп дарын деңгейіне және ізденіске тіреледі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса беретін болады.

- Айтыс туралы газет шығармақ болып едіңіз...

- Ондай ойым болған. Шығарған жоқпын. Министрлікке тіркетіп, куәлігін де алып қойғанмын. Жұмыс көп болғандықтан, үлгермедім. Мүмкіндігім болмады.

150-ДЕН АСТАМ КӨЛІК ТІГІЛДІ...

- «Жүрсіннің жүйріктері» жобасын қайтадан қолға алатын ойыңыз жоқ па?

- Айтыс тоқтағаннан кейін осы жоба арқылы айтысты жалғастыратын ойым болған. Бірақ, жеме-жемге келгенде айтысты күйттегенім дұрыс деп ойладым. «Жүрсіннің жүйріктері» ақындардың басқа да жаңа қырын көрсететін, соған орай ұйымдастырылған жоба. Айтыстың синкретті өнер екенін ескерсек, ақындар әмбебаптығымен ерекшеленеді. Ол әрі сазгер, әрі әнші, күйші және пародист. Жобаны әлі де жалғастыруға болады. Ойда бар. Бірақ, қазір бәрі мүмкіндікке, қаржыға келіп тіреледі.

- Оразалы Досбосынов дүниеден өткелі де бес жыл болыпты. От тілді, орақ ауызды ақынның өлеңдерін  жинастырып, кітап шығарып жатқан ешкім жоқ. Жоқтауға тұрарлық ақынның бірі әрі бірегейі емес пе еді Оразалы?

- Шығарып жатыр ғой. Жақында артында қалған әйелі Ажар «Естеліктер» деген кітап дайындап жатқандарын айтып хабарласқан. Ағасы Оңғар да «өлеңдерін жинастырып жатырмыз» деген. Оның бәрімен айналысуға мүмкіндігім келмейді. Оразалы туралы газетке де,  кітабыма да естелігім, өлеңім шықты.

- Ал Оразалыға арнап бір айтыс өткізуге болмас па еді? Кейде болымсыз тақырыпта да айтыс өтіп жатады. Оның жанында Оразалы Досбосыновтың айтысқа еңбегі өтті емес пе?

- Шырағым-ау, Оразалыға арнап айтыс өткізу тұрмақ, жай айтыс та өткізе алмай отырмыз. Әрине,  айтыста ойқастап өткен кесек талантқа арнап айтыс өткізу артық емес. Айтыс деген мылтықсыз майдан тәрізді. Ташкентте айтыс өтіп жатқанда Көпбай Омаровтың аяқ астынан жүрегі тоқтап қалды. Ерік Асқаров көлік апатынан кетті. Әзімбек Жанқұлиев жүрегі тоқтап өлді. Санамалай берсем, шығын көп бізде. Осылардың қай-қайсысы болсын айтысқа еңбегі сіңген азаматтар. Әрқайсысына арнап айтыс өткізуге тұрарлық. Колымыздан келгенше біз әр айтыста олардың атындағы жүлде тағайындап, еске алып тұрдық. Мен - жалғызбын. Ресми мекеме емеспін. Қолымнан көп нәрсе келмейді. Мен де айтыстан тысқары айлық тауып, бала-шағамды асырауым қажет. Айтыстан тек таяқ жеуге тиіс емеспін. Өзімнің де несібемді тауып жеуім керек қой.

 

- Жалпы, ақынға сыйлық не үшін қажет?  Ешқандай жүлде берілмейтін айтыс өтетін болса, оған қатысушылар табылар ма еді?

- Жеңген  ақынның өнеріне риза болып, шапан  жауып, ат мінгізу бұрынғы заманда да болған.  Халық ақынға деген ризашылығын осы арқылы білдірген. Ақынын риза етіп аттандырған. Айтысқа мәшине тігіп, қомақты қаржы беруді шығарған мен ғана. 1984 жылдан бері 150-ден астам көлік жүлдеге тігіліп, ақындардың алды кемі 10-15 көліктен алды. Соның ішінде үкіметтің бөлген бір тиыны жоқ. Оның бәрі алдыңда отырған Ерманов деген қазақтың аннан-мыннан құрап-сұрап тапқан ақшасына келген дүние. Бәрі ақшаға тіреліп қалған жоқ. Ақындарымыз жүлдесіз-ақ елдің көңілін көтеріп, мұңын жырлауға дайын.

- «Қазақстан» Ұлттық телерадиокорпорациясында, Қазақ радиосында басшылық қызметтер атқардыңыз. Белгілі бір кедергілер болғанынан да хабардармыз. Өткен күнді еске алғанда неге сүйінесіз, неге күйінесіз? «Әттеген-ай» деріңіз көп пе?

- Қазақ Радиосында 3-4 жыл жұмыс істедім. Радионы  кәсіби шығармашылық деңгейде сара жолға салып, биікке көтердім. Беталысын айқындап бердім деп ойлаймын. Қазір сол бағытта жұмыс істеп жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдарына байланысты пікір айтып жүрген үлкен ағаларымыздың да, қарапайым көрерменнің  де пікірі осы. Сүйінерім - «Қазақ радиосын тыңдау үшін үйімізге транзистор сатып алдық» деп хабарласатын адамдар көп. Бұл да болса менің еңбегімнің нәтижесі.

«Қазақстан» Ұлттық арнасында маған жұмыс істеткізбеді. Көп істі атқаруыма кедергі жасалды. Мен телевизияға 20 жасымда  келдім. Теледидардың жілігін шағып, майын ішкен  адаммын. Толысып, кәсіби

шеберлігім  жетіскен тұста  өзімнің еңбегім сіңген теледидарды басқарып, ұлттық бағытта жұмыс істеуге көп жоспарлар жасадым. Алайда, мен арна басшылығына басқа ішкі ойындардың есебінде барған екенмін. Соны түсіндім. Тізгінді қолға ұстай салысыммен жұмыс істетпеді. Себебі теледидардың басында отырған адамдар журналистикадан хабары жоқ, ақша үшін отырған шенеуніктер. Қолдан қағып, жұмыс істетпеген соң кетуге тура келді. Жоспарымның бәрі аяқсыз қалды. Өкінішті...

- Кезінде депутаттық сайлауға түскеніңізді білеміз. «Саяси қызметіңіз» сонымен тәмам болды ма, әлде?

Тәмам болды. Қазақстанда демократиялы сайлау деген жоқ. Біз оны білмей түсіп кеттік. Мемлекеттің машинасы шайнап, жеп қоя жаздады. «Парламентке барып халықтың сөзін сөйлеймін, жоғын жоқтаймын, ақиқатты айтамын» дегенім пендешілік екен. Бос қиял екен. Бармағаныма да өкінбеймін. Қалтадағы парламент қой қазір.

- Дәл қазір сізді қазір не толғандырады?

- Мені  толғандырмайтын мәселе жоқ. Қазақ спортының тағдыры толғандырады. Ванкуверде өткен қысқы олимпиадада бір қазақтың топ жара алмауы жүйкеме әбден тиді. Қазір Қазақстан Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына  төраға болды. Ойбай, бізді әлем мойындады деп жатырмыз ғой. Әлемді ұлттық спортымызбен, өнерімізбен, мәдениетімізбен мойындатуымыз керек. Қазір бәрін қағаздағы көрсеткішпен бағалайтын болдық қой, мені осы да ойландырады. Мені қазіргі әдебиеттің жайы мазалайды. Ол аз десең, өзімнің денсаулығымнан бастап, мені сендей қыздардың неге тұрмысқа шықпай жүргені де толғандырады. Қазір елімізде 450000 қыз «кәрі қыз» атанып, күйеусіз отыр. Халқымыздың үлесі 67%-жетті, пәлен миллион болдық деп мақтанамыз. Осы ғасырдың басында өзбектер бізден 7-8 есе кем болатын. Қазір олардың саны 20 миллионнан асып кетті. Ал біз әлі жете алмай жүрміз. Қазақтың санын көбейту керек. Шариғат бойынша 4 әйел алуға рұқсат етілген. Әрі бұл біздің дәстүрімізде де бар. Абылайдың 12 әйелі, 30 ұлы болған. Біз моральдық жағдайдың бәріне уақытша көз жұмуымыз керек. Көп әйел алуды заңдастыруымыз керек. Неге бізге көбеймеске? Мысалы, күніне 1 миллион қытай атылып тұрса, 365 күнде 365 миллион қытай атылады. Одан қалған 1,5 миллиарды да жетіп жатыр. Ал қазақтарды ататын болса,  10 миллион қазақ 10-ақ күнде атылып бітеміз. Трагедия ма? Трагедия....

- Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Қарлыға Ибрагимова.

Түпнұсқадағы тақырып - «Бар қазақтың аузына құм құйғаны -

Айтыс, сенің үніңді өшіргені»

 

«Алқа» журналы, №3, 2010.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321