Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Қоғам 11981 0 пікір 30 Сәуір, 2014 сағат 11:30

«Я НЕ ПОНИМАЮ ПО КАЗАХСКИ, ГОВОРИТЕ ПО РУССКИ»

Жуырда Астана қаласындағы «Мемлекеттік тіл» қозғалысының төрағасы Сайлау Батыршаұлы, «24 kz» телеарнасының тілшісі Жамбыл Зейнулламен бірге Астана қаласының Есіл, Алматы және Сарыарқа ауданы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс барысын бақылауға бардым. Бақылауды сол жағалаудағы Сауран көшесі 7-ші үйде орналасқан Есіл ауданының №1 ХҚКО-нан бастадық. Қарсы алдымыздан жас қазақ жігіт бізді көріп, «Вы кому пришли?» - деп дүрсе қоя берді.

    Сайлау Батыршаұлы «Айналайын, біз жеке куәлігімізді ауыстыруға келдік» - деп еді, «Я не понимаю по-казахский, говорите по-русский» демесі бар ма? «Іздегенге сұраған» дегендей, біздің тақырып осы еді. «Я стажер, офицально еще не работаю» деп тұр. Содан инспекторлардың қасына жақындадық. Олар: Косымжанова Алмагуль мен Нушонева Ляззат. Сөйтсек, іс-қағаздар ішінде «Перечень документов, необходимых для регистрации граждан по месту постоянного жительства», «Перечень необходимых документов для государственной регистрации юридических лиц» секілді құжаттардың қазақ тіліндегі үлгісі мүлдем жоқ болып шықты. «Перечень для пособий на рождение ребенка и по уходу за ребенком» деген қағазды жарты сағат дегенде әзер шығарып берді.

    №1 ХҚКО-ның басшысы Алимов Фархад Бауыржановичтің ертеңнен қалдырмай кемшіліктерді жөндейміз деген уәдесіне сеніп арттық. Алайда, ертесінде келгенімізде  баяғы жартас - сол жартас екеніне тағы куә болдық.

Ал, Алматы ауданы ХҚКО-ның Мирзоян көшесінде орналасқан бөлімінде келушілердің кезегін хабарлап тұратын құрылғы тек қана орысша сөйлейді екен. Қазақшасын баяғыда ұмытқан секілді. Инспекторлар Шынгожаева Индира мен Бекмуратов Галымжан «Перечень документов на регистрацию (прописка)» деп аталатын құжаттың қазақшасын тауып бере алмады. Қызметкерлердің дені өзіміздің қаракөздер болса да аты-жөндеріне дейін орыстанған: Курманалина Аэлита, Камшыбаева Назгуль, Рамазанова Аягоз болып кете береді. Бөлім басшысы Нуртаева Сандугашты екі күн келіп орнынан таба алмадық. Сандугаштың орынбасары Жанар есімді қарындастың сөзі «Көш жүре түзеледі» дегенге сайды.

  

Республика даңғылы бойындағы Сарыарқа ауданы ХҚКО барғанымызда бізді инспектор Игисинов Самат Карекеевич қарсы алды. Есіл ауданындағы кемшіліктер бұл жерде де алдымыздан шықты.  «Алты жылдан бері осында істесең, неге аты-жөніңді қазақшаға ауыстырмадың?» деген сұрағыма Самат «бүкіл құжаттарымды қазақшаға аударуға уақыт жоқ» деген сылтау айтты.  Бөлім басшысы Мухамеджанова Айнур Бериковна қазақшадан мүлдем мақұрым болып шықты.

   Көтерілген мәселе қаншалықты маңызды болса да мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілде жасалған ұсыныстар мен ой-пікірлерге пысқырып та қарамайтыны неліктен? Бұл мемлекеттік тілді ашық түрде менсінбеу және қорлау емес пе?

   Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесін» деген талабына құлақ аспау, оған үзілді-кесілді қарсы шығу дегеніңіз - осы. Мемлекеттік саясатқа қарсы әрекет ететін мұндай адамдарды басшылық қызметке қандай негізге сүйеніп отырғызып қойғаны түсініксіз. Мемлекеттік тіл туралы мәселе көтеріле қалса болды, «бізде мемлекеттік тіл екеу. Ата заңымызда орыс тілінің ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатыны айтылған. Күмәндансаңыз, Конституцияны оқыңыз» деп желкесін күдірейтіп шыға келеді.

Еліміздегі тіркелген 3872 отандық ақпарат құралдарының 482-сі ғана таза қазақ тілінде әрі олардың таралымы да мардымсыз. Мемлекеттік тілдің мүшкіл халін осыдан-ақ шамалай беріңіз. Қазір біздің республикамыз рухсыз ақпараттар тасқынының астында қалды. Мына сиқымызбен әлі буыны қатпаған жауқазын ұрпаққа қандай өнеге ұсынбақпыз?

Жұмамұрат  Шәмші

«Мемлекеттік тіл» қозғалысының мүшесі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1965