Тарихи сананың саралығын сақтайық
Қытай ақыны Ли Байдың қазақтың арғы тегіне еш қатысы жоқ екендігін abai.kz ақпараттық порталы мен «Қазақстан» саяси апталығы сергек жұрт сел етіп қарайтындай етіп жазып келеді. Алайда біздің арғы бергіні қалт жібермей қарап, қадағалап отыратын тарихшыларымыз тырс етпеген еді Есесіне либайтанушылар екпін алып тіпті «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде бір біріне сала құлаш хаттар жазысып, қарық болып жатты. Әйткенменде, «осы өзі қалай?» деп ойланатын да жұрт бар екен бізде. Оқып қараңыз:
Соңғы мезгілде бұқаралық ақпарат құралдары бетінде Қытай елінің ұлы ақыны Ли Байдың шыққан тегі мен әдеби мұрасына байланысты бірсыпыра материалдар жарық көріп, қоғамда өзара қайшылықты пікірлердің өріс алуына негіз болды. Мәселенің газет беттеріндегі жарияланымдармен шектелмей, одан да кең ауқым алуы, яғни Алматыдағы «Әдебиет» баспа үйінен «Елімен қауышқан Елдібай ақын» (2008, 138 б.) және Қазақпарат» баспасынан Елібай. Ли Бай. Ли Бо» «2009, 502 б.) аталатын кітаптардың оқырман қауымға жол тартып, оларды шығаруға тікелей атсалысып жүрген кісілердің Қытай елінің ақынын ешқандай да дәлелсіз жеп-жеңіл түрде қазақ ұлты мен мәдениетіне жатқызуға құлшына кірісіп, түрлі әрекеттерді іске асырып жүргендігі бізге осы мәлімдемені даярлап, жариялауға мәжбүр етті.
Қытай ақыны Ли Байдың қазақтың арғы тегіне еш қатысы жоқ екендігін abai.kz ақпараттық порталы мен «Қазақстан» саяси апталығы сергек жұрт сел етіп қарайтындай етіп жазып келеді. Алайда біздің арғы бергіні қалт жібермей қарап, қадағалап отыратын тарихшыларымыз тырс етпеген еді Есесіне либайтанушылар екпін алып тіпті «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде бір біріне сала құлаш хаттар жазысып, қарық болып жатты. Әйткенменде, «осы өзі қалай?» деп ойланатын да жұрт бар екен бізде. Оқып қараңыз:
Соңғы мезгілде бұқаралық ақпарат құралдары бетінде Қытай елінің ұлы ақыны Ли Байдың шыққан тегі мен әдеби мұрасына байланысты бірсыпыра материалдар жарық көріп, қоғамда өзара қайшылықты пікірлердің өріс алуына негіз болды. Мәселенің газет беттеріндегі жарияланымдармен шектелмей, одан да кең ауқым алуы, яғни Алматыдағы «Әдебиет» баспа үйінен «Елімен қауышқан Елдібай ақын» (2008, 138 б.) және Қазақпарат» баспасынан Елібай. Ли Бай. Ли Бо» «2009, 502 б.) аталатын кітаптардың оқырман қауымға жол тартып, оларды шығаруға тікелей атсалысып жүрген кісілердің Қытай елінің ақынын ешқандай да дәлелсіз жеп-жеңіл түрде қазақ ұлты мен мәдениетіне жатқызуға құлшына кірісіп, түрлі әрекеттерді іске асырып жүргендігі бізге осы мәлімдемені даярлап, жариялауға мәжбүр етті.
Ә дегенде-ақ, мынадай жағдайды ескерткен жөн. Бұл арада сөз ұлы ақынның артында қалдырған мұрасының көркемдік құндылығы жөнінде емес. Әлемдік өркениетте жеке ұлттарға тән ұлы ақындар мен ойшылдардың мұрасын жалпы адамзаттық құндылықтар санатына жатқызу дәстүрге айналған. Ли Бай сияқты ұлы шығармашылық иесінің мұрасы жөнінде де осы ойды айтуға толық негіз бар. Дегенмен, бұл арада әңгіме Ли Байдың шығармаларын қазақ тіліне күмәнді мүдделер тұрғысынан аударып, ақынның шыққан тегі мен этникалық тәндігіне байланысты ешқандай да дәлелсіз және негізсіз тұжырымдарға келіп, ол тұжырымдарын қоғамға кең таратып жүрген Мұхтархан Оразбай сияқты «аудармашы» мен оны ашық қолдап, дем берушілердің үйлесімсіз зиянды әрекеті жөнінде болып отыр.
Ли Бай (701-762 ж.ж.) Таң патшалығы (618-907 ж.ж.) дәуірінде өмір сүріп, бүгінде есімі әлем әдебиеті классиктері санатына қосылған Қытай елінің ұлы ақындарының бірі - Ли Бай мұрасы мен оның өмір жолын зерттеу ісінде үлкен тәжірибе жинақталып, іргелі дәстүр қалыптасқан, әлденеше буыннан тұратын либайтанушылар мектебі бар. Ақынның шығармалары көркем ойдың озық үлгісі ретінде қытай мектеп оқулықтарына енген. Ал мыңжылдық тарихы бар либайтанушылар арасында ақынның Қытай ұлты мен мәдениетіне тәндігі жөнінде екіұшты пікір жоқ. Ли Байдың туған өлкесі жөнінде ХХ ғ. бастап әрқилы болжамдар айтыла бастағандығына қарамастан, оның шыққан тегі жағынан Қытайдың ресми тарихына енген патшалар әулетіне тән Ли фамилиясы Қытай ұлтының перзенті екендігіне бұл елдің шынайы ғалымдары ешқандай да күмән келтірген емес.
Соған қарамастан, ақынның шығармаларын қазақ тіліне аударушы Мұхтархан Оразбай деген азамат (өзін тарих ғылымдарының докторы, профессор атаған) «Елімен қауышқан Елдібай ақын» (А., «Әдебиет » баспа үйі, 2008, 138 б.) аталатын кітабында «Либай Қытайда Таң деп аталатын хандықтар дәуірінде, Түрік тектілерден шыққан билеушілер Қытайды басқарған кезінде жасаған адам. Қазақша аты Елдібай еді. Ол Қытайда Либай деген атпен өлгеннен соң даңққа бөленген ақын. Тарихи жазбалар оны б.з. 701 жылы Тараз қаласына жақын жердегі Суяп (Шу) өзені жағасында Тоқмақ деген жерде туған, 762 жылы Қытайда қайтыс болған дейді», деп жазады. (28 б.)
Аудармашы кітабында Ли Байдың шыққан тегі мен туған жеріне қатысты иланымды деректік материалдар келтірместен, оқырманды Ли Бай ақынның шығармаларын қазақ еліне тән мұра ретінде қабылдауға шақырып «қазақ елінің аруақты ұлдарының асқар рухы елге қайта оралғанда ғана, сол аруақты аталарының даңқты киесі жол бастағанда ғана, тұтас қазақ ұлтының ғаламат рухы қалыптаса береді. Сол күнді бүгіннен бастап қарсы алайық, ағайындар!» деген ұран тастайды.
Ау, сөз қадірін білетін ел емес пе едік.
Орнымен айтылған сөз ғана иесін тапқан ғой. Ал мынау оңды-солды сапырма сөз кімге арналған?
Мұнымен шектелмей Мұхтархан мырза «қазақ ақыны» Либайдың мұрасының «өз еліне жаны ашитын білгір адамдардың аса ден қоятын зерделі көмектерінің арқасында елге жетіп, тұтас қазақ ұлтының рухани кәдесіне жарап» отырғандығын айтады. Ал енді 2009 жылы «ҚазАқпарат» баспасынан жарық көрген «Елібай. Либай. Ли Бо» аталатын кітаптан «Қытай еліне зерттеу жұмыстарын ұйымдастырып, мәліметтер жинап, оларды аудартып, бастырып шығарған Өмірбек Байгелді» деген мәліметті кездестіреміз.
Қытай әдебиетінің классик ақыны Ли Байды жеп-жеңіл қазақ ете салу мұнымен аяқталмайды. Жақында ғана (19.11.09) «Қазақстан» телеарнасы арқылы ақынның шыққан тегі мен қалдырған мұрасына байланысты осы жоғарыда айтылған мазмұнда түсініктер берілді. Осыдан бірнеше күн бұрын Тараз қаласында Ли Байдың қазақ тілінде жарық көрген шығармалар жинағының тұсаукесері болып өтті. Соңғы күндері «қазақ» ақыны Елдібайға арналған тұлғалы ескерткіш Шу бойында бой көтермек деген хабар да шығып қалды. Міне, осы келтірілген фактілер Ли Бай ақынды қазақ, ал оның мұрасын қазақ мәдениетіне жатқызу ісінде жоғарыда аталған кісілердің біраз жерге барып қалғандығын байқатса керек.
Жалпы, қытай ақындарын қазақ әдебиетіне телу әрекеті бұдан да бұрын орын алған. Мәселен, «Қазақстан» газетінің 2009 ж. 5 қараша (№40) санында жоғарыда аталған Мұхтархан Оразбай мен Дүкен Мәсімхан деген «қытайтанушылардың» әрекеті арқылы тарихта болмаған әлдекімдердің саяси мақсатта ойлап тапқан Кегменер Үлгеұлы деген «ақынның» өлеңдерінің «Екі мың жылдық дала жыры» («Қазақ энциклопедиясы» баспасы 2000 ж.) аталатын кітапқа және «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» деген оқулыққа еніп кеткендігі жөнінде мәлімет берілді.
Тәуелсіздік жылдары таяу және алыс шетелдерден біраз зиялы қандастарымыз елімізге оралып, қоғамдық өмірімізге белсенді түрде араласуда. Мәселен, олар «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру ісіне қомақты үлестерін қосуда. Бұл, әрине көңілде ризашылық сезім туғызатын жағдай.
Сонымен бірге ғылым мен шығармашылық өте нәзік еңбек салалары екендігі, ал оларға атсалысу кез келген адамнан үлкен кәсіби даярлық пен жауапкершілікті талап ететіндігі белгілі. Мұндай талапты ескермеу кімді де болса опық жегізері хақ. Ли Бай ақынның мұрасына байланысты да осыны айтпақ ойдамыз.
Белгілі бір шығармашылық иесінің артына қалдырған мұрасы мен өзінің белгілі бір ұлтқа тәндігін анықтау алдымен ғылыми зерттеу жұмыстары арқылы жүреді. Сондай-ақ ондай іс ұзақ жылдық әрі іргелі ізденісті талап етеді. Бұл әлемдік ғылым мен мәдениетте қалыптасқан және қабылданған сан ғасырлық дәстүр. Олай болса бұл ғылыми этиканы мойындамауға немесе тәрк етуге ешкімнің де хақысы жоқ.
Міне, осы жағдайды ескере отырып, біз қазақ қоғамының ресми деңгейде өз тарихына сыни көзқараспен қарай алатындығына сенгендіктен, Қытай елінің ұлы ойшыл ақыны Ли Байды қайсыбір «тарихқұмарлар» мен «аудармашылардың» жеп-жеңіл қазақ ұлтының мәдениетіне жатқыза салуларын ғылыми этикаға үйлеспейтін әрекет ретінде бағалап, БАҚ құралдары мен баспа орындарын қоғамның тарихи жадына жағымсыз, кері әсері болмақ мұндай әрекеттерге жол бермеуге, қоғамның тарихи танымын қалыптастыру ісінде этикалық нормаларды сақтауға шақырамыз.
Сөзіміздің соңында бүгінгі күнге дейін қазақ баспасөзінде жарияланған түрлі бағыттағы зерттеулер мен даулы мәселелерге талдау жасап, дұрыс қорытынды жасау үшін Білім және Ғылым министрлігіне қарасты мекемелер тарапынан арнайы сарапшы топ құрылуы керек. Сондай-ақ ғылыми этиканы белден басып, ұлттық, мемлекеттік мүддеге арандатушы әрекеттер жасаған тарихшы Мұхтархан Оразбайдың «Докторлық-профессорлық» ғылыми атақ дәрежесіне қатысты құжаттарын тексеріп, тиісті шара қолдануын айрықша атап көрсеткіміз келеді.
Құрметпен:
Қазақстан тарихшылары қауымдастығы мен әдебиетшілері атынан:
Академик М.Асылбеков,
профессор М.Қойгелдиев,
профессор З.Қинаятұлы,
мемлекеттік сыйлық иегері профессор М.Мырзахметұлы,
профессор М.Хафизова,
профессор Т.Омарбеков,
профессор Н.Мұхаметханұлы.
Қытай тілінің маманы, аудармашы-журналист: Ә.Дайырбай