АҚШ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ «АҚСАҚАЛЫ» - ГЕНРИ КИССИНДЖЕР
Әлем тарихында мемлекет басшысының көмекшісі болып-ақ, атап айтқанда, оның саяси саладағы кеңесшісі немесе уәзірі (министр) болып, өз мемлекетіне орасан зор еңбек сіңірген қайраткерлер аз емес. «Мемлекет басшысының даналығы оның кеңесшілерінің қарым-қабілеті мен еңбегінен және адалдығынан көрінеді» деген сөз де бар. Сондай танымал тұлғалардың бірі - XX ғасырдың халықаралық қатынастар және дипломатия саласындағы көрнекті өкілі Генри Киссинджер. 1923 жылы Германияда дүниеге келген ол 1938 жылы отбасымен бірге АҚШ-қа көшіп келеді. Гарвард университетін бітіріп, диссертациясын қорғайды, көп ұзамай саясаттану ғылымының профессоры атанады.
Бірнеше жылдық ұстаздық және ғылыми-зерттеу жұмыстарынан кейін АҚШ президенттері Д.Эйзенхауэр, Дж.Кеннеди, Л.Джонсон тұсындағы үкіметте қауіпсіздік мәселелері жөніндегі қызмет атқарады. Оның дипломатиялық қызметінің жеңісті кезеңі өткен ғасырдың 70-жылдарында көрінеді. Киссинджердің бұл кезеңдегі халықаралық қатынастарға прагматикалық көзқарасы екі астам держава АҚШ пен КСРО арасындағы шиеленісті бәсеңдетуге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Бұл кезде 1971 жылы Батыс Берлин бойынша төрт жақты келісімге (АҚШ, КСРО, Ұлыбритания және Франция) қол қойылып, Еуропадағы жағдайды сауықтыруға қол жеткізілсе, 1972-1974 жылдары болып өткен жоғары дәрежедегі кеңес-американ келіссөздерінің нәтижесінде «КСРО мен АҚШ арасындағы өзара қарым-қатынастардың негіздері», «Ракетаға қарсы қорғаныс жүйелерін шектеу туралы» екі жақты келісімге және «Стратегиялық шабуыл қаруларын (ОСВ-1) шектеу туралы» келісімге қол қойылды. Ал 1979 жылы КСРО мен АҚШ Стратегиялық шабуыл қаруларын (ОСВ-2) шектеу туралы келісімге қол қойып, екі жақтың тепе-теңдігіне және бірдей қауіпсіздігіне негізделген шарт жасалды.
Бұл құқықтық келісімдер мен шарттар қоғамдық құрылысы әртүрлі мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүру принципіне сәйкес ұзақ мерзімді негізде екі жақты ынтымақтастықты және халықаралық қауіпсіздікті дамыту үшін алғышарттар құрады. Осы жылдардағы халықаралық қатынастар мен дипломатиядағы жемісті қызметі үшін Г.Киссинджер XX ғасырдың ең ықпалды мемлекет қайраткерлерінің бірі саналып, АҚШ сыртқы саясатының «ақсақалы» атанды.
Г.Киссинджердің халықаралық қатынастар мен дипломатияға арналған еңбектері («Ядролық қару және сыртқы саясат», «Дипломатия» және т.б.) тұжырымдамалық сипатта болып келеді және дүниежүзілік халықаралық қатынастар ахуалы АҚШ-тың ұлттық мүдделері мен оның алдағы уақыттағы сыртқы саясатының міндеттері мен мақсаты тұрғысынан талданады. Сонымен бірге оның еңбектері теориядан гөрі көбірек дәрежеде нақты саяси жұмыстарға арналуымен де ерекшеленеді. Өз елінің қайраткері ретінде Г.Киссинджер халықаралық қатынастар жүйесін АҚШ сыртқы саясатының мақсаттары мен іс-қимылдарына бейімдеп қарастырады және АҚШ мүддесін қорғайды.
Қайсы бір еңбегінде болмасын Г. Киссинджер Американың мүддесін қорғайды. Тіпті 1950 жылы бакалавр дәрежесін алудағы жазған дипломдық жұмысы мен 1954 жылы жазған докторлық диссертациясының тақырыптары да халықаралық саясат пен ондағы АҚШ мүддесіне арналды. 50-жылдардың соңына қарай жарық көрген «Ядролық қару және сыртқы саясат» монографиясы басқа елдерге де танылып, саясаттанудағы ең жоғары марапат – Вудро Вильсон атындағы сыйлыққа ие болады. 60-жылдардың ортасы мен 70-жылдардың басында Г. Киссинджер АҚШ-тың Вьетнамдағы елшілігінің кеңесшісі, өкілі, Президенттің ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі көмекшісі қызметтерін атқарады. АҚШ-тың сыртқы саясаттағы қызметіне талдау жасаған ол АҚШ-тың Вьетнамнан кетуін қаламайды, бірақ ендігі жерде бұлай болудың мүмкін еместігін де жақсы түсінеді. Сондықтан да Вьетнамдағы соғысты тоқтатумен бірге АҚШ беделінің де түспеу жолдарын іздейді.
1970 жылы Парижде АҚШ президентінің тапсырмасымен Вьетнамдағы соғысты тоқтату мәселесі бойынша Вьетнам өкілдерімен астыртын келіссөз жүргізеді. Осы келіссөздердің арқасында Вьетнамдағы соғыс тоқтатылады, АҚШ-тың да беделі артады. Киссинджерге 1973 жылғы Нобель сыйлығының берілуі де осы саясаттың нәтижесі болатын. Бейбітшілік сыйлығының АҚШ өкіліне берілуі бұл соғыстағы АҚШ-тың беделін, өз әскерін Вьетнамнан алып кетуге мәжбүр болған алып елдің абыройын көп түсіре қоймады. Кейбіреулер Киссинджерге Нобель сыйлығы АҚШ беделін түсірмеу үшін алып берілді деген жорамал да таратты. Сондықтан да 1973 жылғы Нобель сыйлығының Киссинджерге берілуіне наразылық білдіргендер де аз болмады. Тіпті Нобель сыйлығын беру жөніндегі комитеттің екі мүшесі өз еріктерімен қызметінен де кетеді. Бұл сыйлықты тапсыру рәсіміне Киссинджер бармайды. Сыйлықты алуға барған АҚШ елшісіне Ослода қарсылық шеруі өтеді. Бірақ қалай болғанда да Киссинджердің жүргізген келіссөздері мен дипломатиялық қарым-қабілетінің арқасында Вьетнамдағы соғыс тоқтатылған еді.
Генри Киссинджер 1968-1973 жж АҚШ президенті Р.Никсонның ұлттық қауіпсіздік мәселесі жөніндегі кеңесшісі қызметін атқара жүріп, жаппай қарулануға бет алған әлемдік ақуалдың біршама тұрақтануына үлес қосты. Ол қырғи қабақ соғыс жылдарында алғаш рет әлемдік екі державаның басшылары Р.Никсон мен Л.Брежневтің Владивосток қаласында болған 1972 жылғы кездесуін дайындады. Осы тарихи кездесуде екінші дүниежүзілік соғыс жылдарынан кейін алғаш рет екі елдің басшысы жаппай қырып-жойғыш қаруларды шектеу жөніндегі келісімге қол қойған еді.
АҚШ-тың халықаралық қатынастардағы іс-әрекеттері мен дипломатиясын қорғаған Г.Киссинджер «Дипломатия» еңбегінде былай деп жазады: «XX ғасырда халықаралық қатынастарға ешбір ел АҚШ секілді соншалықты үзілді-кесілді және бір мезгілде соншалықты екіұшты ықпал еткен жоқ. Бірде-бір қоғам басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласуға болмайтындығын соншалықты табанды жақтаған және өз құндылықтарын пайдаланудың әмбебаптығын соншалықты жалынды қорғаған емес. Бірде-бір ұлт күнделікті дипломатиялық қызметте одан неғұрлым прагматик немесе өзінің тарихи қалыптасқан моральдық нормаларын сақтауға тырысуда одан неғұрлым идеологияландырылған болған емес. Бірде-бір ел тіпті одақтарға кіре тұрып және өзіне кеңдігі мен көлемі жағынан теңдесі жоқ міндеттер ала отырып, шетелдегі істерге өзінің араласуы туралы мәселелерде одан асқан ұстамды болған емес».
Киссинджердің айтуынша Құрама Штаттар өзінің тарихи даму барысында ие болған өзіндік ерекше белгілер сыртқы саясат мәселелеріне бір-біріне қарсы екі көзқарас туындатты. Олардың біріншісінің мәнісі: демократияны өз үйінде жетілдіре отырып, Америка өз құндылықтарын барынша жақсы орнықтырады және сондықтан ол адамзаттың қалған бөлігі үшін шамшырақ қызметін атқарады; екіншісінің мәнісі мынаған саяды: құндылықтардың өзі АҚШ-ты олардың дүниежүзілік ауқымда орнығуы үшін күресуге міндеттейді.
Г.Киссинджер АҚШ-тың сыртқы саясаттағы әрекеттерін батыл қорғайды және ақтайды. Оның айтуынша: «АҚШ өзінің бүкіл тарихында ешқашан күштер тепе-теңдігі жүйесіне қатысқан емес. Екі дүниежүзілік соғыстың алдындағы кезеңде бұл ел сол жүйемен байланысты саяси айлакерлікке қатыспай және осынау принципті барынша жазғыра отырып, жүйенің іс жүзіндегі жұмысының пайдасын көрді.
Қырғи қабақ соғыс заманында Америка Кеңес Одағымен идеологиялық, саяси және стратегиялық күреске тартылды, ол кезде екі астам держава бар дүние күштер тепе-теңдігі жүйесіне ешқандай қатысы жоқ принциптер негізінде өмір сүріп жатты. Биполярлық дүниеде жанжал баршаға ортақ игілікке жетелеген деген гипотеза әу бастан негізсіз еді: тараптардың бірі үшін кез-келген ұтыс екінші жақ үшін ұтылыс болатын. Шындап келгенде, қырғи қабақ соғыста АҚШ соғыссыз-ақ жеңіске, яғни Джордж Бернард Шоу тұжырымдаған: «Өмірде трагедияның екі түрі бар. Біреуі - ең асыл арманыңа жете алмай кету. Екіншісі - жету» деген дилеммаға бетпе-бет келуге мәжбүр еткен жеңіске жетті».
Г.Киссинджер өткен және қазіргі кездегі халықаралық қатынастар туралы ғана емес, әлемнің болашағы туралы, оның ішінде алып елдер АҚШ, Ресей, Қытай, Жапония және тағы басқалар туралы да өз болжамдарын жасайды. Оның «Дипломатия» еңбегінде айтылғандай: «XXI ғасыр халықаралық жүйе бір қарағанда солай көрінетін кереғарлықпен сипатталады: бір жағынан, шашыраңқылық, екінші жағынан, өсе түсетін жаһандану орын алады.
Мемлекеттер арасындағы қатынастар деңгейінде жаңа тәртіп қырғи қабақ соғыстың қатаң шеңберінен гөрі, XVIII-XIX ғасырлардағы еуропалық мемлекеттер жүйесін көбірек еске салатын болады. Оның құрамдас бөлігі құдіреттіліктің кем дегенде алты орталығы: АҚШ, Еуропа, Қытай, Жапония, Ресей және, мүмкін, Үндістан, сондай-ақ толып жатқан орта және шағын елдер болады.
Сол кезде халықаралық қатынастар тұңғыш рет шынайы жаһандық сипат алатын болады. Ақпарат беру қас-қағымда жүреді; дүниежүзілік экономика барлық континенттерде синхронды жұмыс істейді.
Киссинджердің айтуынша Ресей өзінің бүкіл тарихында әрқашан оқшау тұрады. Ол Еуропа саясатының сахнасына кеш шықты - бұл кезде Франция мен Ұлыбритания нығаю белесінен баяғыда өтіп кеткен болатын, - сол себепті оған, тегінде еуропалық дипломатияның дәстүрлі принциптерінің бірде-бірін қолдануға болмайды.
Әрқилы үш мәдени өрістің - еуропалық, азиялық және мұсылмандық өрістердің - тоғысқан жерінде орналасқандықтан, Ресей олардың әрқайсысына жататын халықтарды қамтыды да, ешқашан еуропалық мағынадағы ұлттық мемлекет болған емес. Оның билеп-төстеушілері көрші аумақтарды ұдайы қосып алып отырғандықтан, нобайын ұдайы өзгертіп отырған Ресей ауқымы жағынан ешбір еуропалық елмен салыстырылмайтын империя болды. Ол-ол ма, әрбір кезекті жаулап алудан кейін мемлекеттің сипаты өзгеріп отырды, өйткені, ол мүлдем жаңа, беймаза орыс емес этностық топты қамтып отырды. Бұл Ресейдің орасан зор қарулы күштер ұстауға өзін міндетті деп санауының бір себебі болды, ал ол күштердің көлемі оның қауіпсіздігіне сырттан төнетін рас болуы мүмкін қатермен салыстыруға еш келмейтін.
Киссинджер айтқандай мазасыз қорғансыздық идеясы мен миссионерлік құлшыныстың арасында, Еуропа талаптары мен Азия арбауының арасында әрі-сәрі Ресей империясы еуропалық тепе-теңдікте әрқашан белгілі бір рөл атқарып келді, бірақ рухани тұрғыдан ешқашан оның бір бөлігі болған емес. Ресей көшбасшыларының миында жаулап алу қажеттігі мен қауіпсіздік талаптары бір нәрсеге айналып кеткен. Вена конгресі заманынан бері Ресей империясы өз әскерлерін шетел аумақтарына басқа ірі елдердің қайсысынан болсын әлдеқайда жиі жұмсаған болатын. Сарапшылар орыс экспансионизмін қауіпсіздіктің жоқтығы түйсігінен туындайтын нәрсе деп жиі түсіндіреді.
Алайда орыс жазушылары Ресейдің өз шекараларын кеңейтуге ұмтылуын оның мессиялық парызымен ақтағысы келеді. Ілгері жылжи отырып, Ресей шама сезімін сирек көрсететін; қарсылыққа кезіккенде ол әдетте түнеріңкі ызаға бой алдыратын. Өз тарихының едәуір бөлігінде Ресей өзін танытуға тырысатын жұмбақ дүние болатын. Коммунизмнен кейінгі Ресей тарихи үлгісі жоқ шекарада қалып қойды. Еуропа сияқты ол да күш-қуатының айтарлықтай бөлігін өзі мәнісін қайта пайымдау ісіне жұмсауға мәжбүр болады.
Қытайдың өткені мен бүгінін және болашағын сараптаған Киссинджер бұл ел туралы былай деп жазады: «Қытай да өзі үшін жаңа әлемдік тәртіппен бетпе-бет келді. Екі мың жыл бойы Қытай империясы өз әлемін императордың жеке-дара билеуінің аясына біріктірген болатын. Шынына келгенде, бұл тәртіп оқта-текте өзінің әлсіздігін де байқатып қалатын. Қытайда соғыстар Еуропадағыдан кем болмайтын. Бірақ олар әдетте император тағына дәмегөйлер арасында жүретін де, көбіне сыртқы соғыстан гөрі, азаматтық соғыс сипатына ие болатын, сол себепті ерте ме, кеш пе, бәрібір жаңа орталық биліктің пайда болуына сөзсіз апарып соғатын».
Ал Жапонияның өткені мен болашағын талдаған Киссинджер күншығыс елінің мәдениеті мен дәстүрлі құндылығын бекем ұстанатынын айта келіп былай деп жазды: Жапония да өзін сыртқы әлеммен байланыстыратын дүниенің бәрінен бөліп тастап отырды. 500 жыл бойы Жапония бір-біріне қарсы тұрған варварлардың арасында күштер тепе-теңдігін құру немесе Қытай сияқты салық төлеушілер табу туралы мүлде ойланған емес.
Сыртқы әлемнің бәрінен оқшауланған Жапония өзінің бірегей қайталанбас салт-дәстүрлерін мақтан тұтты, азамат соғыстарында өзінің әскери дәстүрлерін сақтады және өзінің ішкі құрылымын оның аса жоғары дәрежелі өзіндік мәдениеті шетел ықпалын қабылдамайды, одан жоғары тұр және түптің түбінде оны қабылдағанша, оны жойып тынады деген сенімге негіздеді».
Қырғи қабақ соғыс жылдары Жапонияның қауіпсіздігіне негізгі қатер төндірген Кеңес Одағы болғанда, ол өзінің сыртқы саясатын одан пәлен мың миль қашықтағы АҚШ-тың саясатымен теңдес көретін ахуалға жете алды. Қыр көрсету сан алуан болып келетін жаңа әлемдік тәртіп өткенін мақтан тұтатын елді бірде-бір одақтасқа бағытталған өз көзқарасын қайткенде де қайта қарауға мәжбүр етеді.
Қазір Оңтүстік Азияның жетекші елдерінің біріне айналып келе жатқан Үндістан туралы Киссинджер, оның сыртқы саясаты көне мәдени дәстүрлердің жылуы шарпыған еуропалық империализмнің алтын күндері туралы соңғы естелік болып табылады деп атап көрсетті. Киссинджердің айтуынша британдықтар келгенге дейін субконтинент тұтас мыңжылдық бойы ешқашан біртұтас саяси бүтіндікте болған емес.
Британдық отарлау аз ғана әскери күшпен жүзеге асырылды, өйткені, жергілікті халық оны бір басқыншыларды екінші басқыншылардың алмастыруы деп түсінді. Бірақ біртұтас басқару орнатылғанда Британ империясы билігінің іргесін халықтың өзін-өзі басқаруы мен мәдени ұлтшылдық - Үндістанға метрополияның өзі енгізген құндылықтар - шайқалтып жіберді. Сонда да ұлт-мемлекет ретінде Үндістан - бозбала. Өзінің орасан зор халқын азық- түлікпен қамтамасыз ету мәселесінен қолы босамайтын ол қырғи қабақ соғыс кезінде қосылмау қозғалысының қатысушысы болды. Бірақ оған алдағы уақытта халықаралық саясат сахнасында өзіндік сана-сезіммен өлшенетін рөл таңдауға тура келеді.
Киссинджердің айтуынша: «барлық ұлы және ықтимал ұлы державалардың ішінде Қытай ең жоғары өрлеу дәрежесінде. АҚШ құдіреттілікке баяғыда қол жеткізді, мызғымас бірлік орнату үшін Еуропа елдеріне әлі көп тер төгу керек, Ресей - сүріне беретін алып, ал Жапония бай, бірақ әлі именшек».
АҚШ-тың геосаяси мүдделерін практикалық тұрғыдан да, саяси мағынадан да қорғаған Г.Киссинджердің өз елінің дүниежүзілік көшбасшылық рөлін халықаралық қауымдастағы қажеттілік деп түсіндіре де мақтана айтқан сөздерінен АҚШ-тың бұл үстемдіктен бас тартпайтындығы айқын аңғарылады. Автордың сөзімен айтсақ: «АҚШ не дүние жүзіне үстемдік ете алмайтын, не одан бас тарта алмайтын кезде, ол бір мезгілде мейлінше құдіретті әрі толық қауқарсыз болған кезде, ол өзінің ұлылығын қамтамасыз еткен мұраттардан ешбір бас тарта алмайды. Бірақ ол өз мүмкіндіктерінің шегі жөніндегі иллюзияларға нәр беріп, өз ұлылығын қатерге тікпеуге тиіс.
Дегенмен Құрама Штаттардың өмір сүруі мен прогресі оның қазіргі нақтылықты бейнелейтін таңдау жасай білу қабілетіне байланысты. Әйтпесе сыртқы саясат таптаурын ақиқаттарды өзіне-өзін дән риза көңілмен айта беруге айналады. Осынау компоненттердің әрқайсысының салыстырмалы салмағы және осынау басымдықтардың әрқайсысымен байланысты баға қыр көрсету сипатымен де, саяси көшбасшылардың ауқымдылығымен де анықталады. Бірақ бірде-бір көшбасшының хақысы жоқ нәрсе - таңдаудың құны жоқ немесе тепе-теңдікті қолдап отырудың керегі жоқ деп мәлімдеу».
Киссинджердің бұл тұжырымдары мен мәлімдемесі осы заманғы дәуірде үшінші рет дүниежүзілік тәртіпке бастайтын жолмен ілгерілей отырып, американ идеализмі әрқашандағысындай соншалық маңызды мәнін сақтай алады, тіпті, мүмкін, одан да көбірек мәнге ие болар. Бірақ жаңа дүниежүзілік тәртіп жағдайында оның рөлі жетілмеген әлемде АҚШ-қа таңдаудың бар күмәндарынан ұялмай өтуге мүмкіндік беретін сенім қалыптастыруға саяды.
Міне, АҚШ мүддесін білгірлікпен қорғаған және елдің сыртқы саясатында тамаша жетістіктерге жеткен тұлғаның сыртқы саясат туралы айтқандарынан аз да болса мәлімет алдық. Өткен жолғы Бжезинский туралы жазылған мақалаға оқырманның бірі «Бізде де Бжезинский сияқты мықты саясаткер, әсіресе халықаралық қатынасты жақсы білетін, алысты болжай алатын саясаткер болса ғой» деген пікірін білдіріпті. Оқырман пікіріне орай біз де «одан түңілмейік, бүгінгі жастардан сондай мықты саясаткерлер шығады» деген сеніммен мақаламызды аяқтайық.
Бекмырза СЫРЫМБЕТҰЛЫ, Қызылорда қаласы
Abai.kz