Мұхтар Мағауин. Ұлтсыздану ұраны. (Жалғасы)
Қайда барсам Үш шал
Әлбетте, топ құру, яғни ұжымдаса өмір сүру - адам баласына тән сыпат, ал билік атаулының күш-қуаты, тіршілік тәсілі. Мұндай кез-келген ұжым - мақсат, мүдде бірлігінен туындайды. Бұл тұрғыдан алғанда, барлық халықтардың басынан өткен ру, тайпа бірлестігі - ол да белгілі бр шектегі ұжым-топтың көрінісі - өз заманында жұртты сақтау жолындағы ұнасымды құрылым болған. Адамзат қоғамы дами келе, рулық, тайпалық бірлестіктер әрқилы сыпаттағы мемлекеттік құрылымға ұласты. Бұл орайда әуелгі рулық бөліс - кең көлемді ұжым ішіндегі қажетті тетік ретінде сақталғанын көреміз. Заман тағы да алға басқан, халық саны өсіп, ұлыс, мемлекет біржола ұйысып, оның ішкі бөліктері тығыз қатынас, аралас жағдайға көшкен кезде кешегі рулық бөлініс аймақтық, аудандық сыпатқа ие болмақ. Бұл өткен құрылым жаман, бүгінгі құрылым озық деген сөз емес. Заман үрдісіне тән сипат. Бір заманның озық ғұрпы одан мүлде басқа, екінші бір заманға телінсе - шын жаман сол болар еді. Біз бұдан бұрынғы бір еңбегіміздің ("Менің аталарым") жарияға шыққан кіріспе бөлігінде ("Жұлдыз", 2003, №4) Ата-қазақтың өткендегі рулық бөлінісіне қатысты ойларымызды айтқан едік, жоғарыдағы жайларға үстеме ретінде соның түйінді сөзін қайталай кетейік.
Қайда барсам Үш шал
Әлбетте, топ құру, яғни ұжымдаса өмір сүру - адам баласына тән сыпат, ал билік атаулының күш-қуаты, тіршілік тәсілі. Мұндай кез-келген ұжым - мақсат, мүдде бірлігінен туындайды. Бұл тұрғыдан алғанда, барлық халықтардың басынан өткен ру, тайпа бірлестігі - ол да белгілі бр шектегі ұжым-топтың көрінісі - өз заманында жұртты сақтау жолындағы ұнасымды құрылым болған. Адамзат қоғамы дами келе, рулық, тайпалық бірлестіктер әрқилы сыпаттағы мемлекеттік құрылымға ұласты. Бұл орайда әуелгі рулық бөліс - кең көлемді ұжым ішіндегі қажетті тетік ретінде сақталғанын көреміз. Заман тағы да алға басқан, халық саны өсіп, ұлыс, мемлекет біржола ұйысып, оның ішкі бөліктері тығыз қатынас, аралас жағдайға көшкен кезде кешегі рулық бөлініс аймақтық, аудандық сыпатқа ие болмақ. Бұл өткен құрылым жаман, бүгінгі құрылым озық деген сөз емес. Заман үрдісіне тән сипат. Бір заманның озық ғұрпы одан мүлде басқа, екінші бір заманға телінсе - шын жаман сол болар еді. Біз бұдан бұрынғы бір еңбегіміздің ("Менің аталарым") жарияға шыққан кіріспе бөлігінде ("Жұлдыз", 2003, №4) Ата-қазақтың өткендегі рулық бөлінісіне қатысты ойларымызды айтқан едік, жоғарыдағы жайларға үстеме ретінде соның түйінді сөзін қайталай кетейік.
"...Әлем тарихында дәл Қазақ тәрізді біртұтас, біртекті халық ұшыраса қоймайды. Әуел баста азды-көпті этникалық айырымы бар топтар мен тұлғалардың өзі кең көлемде әрі үздіксіз қан алмасуы нәтижесінде жалпы жұртпен ортақ сыпатқа ие болған. Қазақтың хандық дәуіріндегі идеологиясының негізгі тұрғысы: барлық Алаш - бір кісінің баласы, бәріміз де Қазақ байдан тарадық деген көзқарас - осы тұтастықтың айқын көрінісі болатын. Бажайлап айтсақ, былай екен.
Әуелде Қазақ деген кісі болады. Оның үш ұлы болады: Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс. Ақарыстан: Сары-Үйсін, Қаңлы, Жалайыр, Албан, Суан, Сіргелі, Шанышқылы, Ысты, Ошақты, Шапырашты туады. Жанарыстан: Арғын, Найман, Керей, Уақ, Қоңырат, Қыпшақ туады. Бекарыстан: Әлімұлы, Байұлы, Жетіру туады. Өз кезегінде бұлардың әрқайсысынан тағы қаншама ат тарайды. Олардан тағы да еселеген жаңа ұрпақтар. Жинақтап келгенде Ақарыс әулеті - Ұлы жүз, Жанарыс әулеті - Орта жүз, Бекарыс әулеті - Кіші жүз деп аталады. Ежелгі қазақта рудан тыс кісі жоқ, кез-келген адам Үш Жүздің біріне, одан беріде нақты бір руға, одан бері белгілі бір атаға жатады, бар қазақ өзінің түп негізін осы жора бойынша жіктейді. Әлбетте, рулық құрылым - тарихи жағдай, заман талабынан туындаған, өте күрделі құбылыс, ал Қазаққа келсек, рулық идеология - ұлттың ұйысуы, мемлекеттің ілгеріленуі, болашақ ұрпақ үшін күрес жолындағы аса мәнді құрал болды. Орданың ортақ шаңырағы, барлық тетікті біріктіріп тұрған болат ұстын дер едік. Расында да. Төменгі, бірінен бірі өңдіген ұсақ тармақтр емес, жоғарғы берік ұштық тұрғысынан қараңыз. Үш қырлы, біртұтас пирмида. Қай рудың өкілі атасын қалай тартса да, үстідегі Үш арыстың біріне, одан соң ең төбеде тұрған Қазаққа барып тіреледі екен. Яғни, бар қазақ бір кісінің баласы! Біздің бабаларымыз бөлшекке емес, бірлікке сенген, бөтендікке емес, бірлікке сенген. "Бәріміз Қазақ байдың баласымыз!" "Керегеміз ағаш, ұранымыз Алаш!" "Киіз туырлықты, Алаш ұранды Қазақпыз!". Міне, мәселе қайда".
Біздің ағайындар бұл мәселенің байыбын ұқпады. Ұғу шарт та емес еді. Негізгі мақсат - өзінің билігін нығайтып, атақ-абыройын көтеретін, қолғабыс, құрал қызметін атқаратын топ жасақтау болатын. Бұл да табиғи жағдай. Барлық заманға, барлық билікке, өктемдікке, белгілі бір мақсатқа ұмытылған тұлғаларға тән құбылыс. Мәселен, қазіргі кездің өзінде кез-келген елдің басшысы өзіне тиесілі командасын сенімді кісілерден жасақтайды. Бұл ретте аймақ, жер мәселесін де назардан тыс қалдырмайды. Алысқа бармай-ақ өзіміздің советтік және ресейлік әміршілерді алайық. Брежнев өз төңірегіндегі жетекші жұмыстарға Днепропетровск және Молдавиядан шыққан партиялық қызметккерлерді келтірді. Нәсілдік белгісі бойынша емес, өзінің көз алдында сыннан өткен серіктері болғандықтан. Горбачев үлкен билікке Ставрополь аймағынан шыққандарды көтерді. Рулық, туыстық қажетімен емес. Таныған, білген, сенген кісілерін. Ельцин өзі өсіп шыққан Батыс Сібірден жасақтады. Бүгінгі Путин Санкт-Петербургта және КГБ-да қалыптасқан тұлғаларға күш беріп отыр, тағы да өзіне мекені, қызметі жақын кісілерге. Орыста ру жоқ, жер ғана бар, оның өзі де шартты. Ал мына жағдай - рушылдық, иә жершілдік көрінісі емес, саяси қажетті сыйпат. Ресей ғана емес, бүкіл жер жүзі өстиді. Мәселен Америкаңыздың өзінде. Джон Кеннедидің туған інісін министр жасап, басқа да жақындарын тартқан сияқты. Бүніде Джордж Буштың өткендегі әкесінің командасын қайта көтергені сияқты. Ал біз ауылдас екі кісінің бас қосылса, "ойбай, ру", "аттан, жүз" айқайлап шыға келеміз. Орыс ағайындар ауызекі тілде "комплекс" дейді, "комплекс неполноценности" - сезік, құнсыздық көрінісі. Күнделікті тұрмыстан озып, саяси сипатқа айналып барады. Бір ғана мысал айтайын. Осыдан бес-алты жыл бұрын Жазушылар одағының кезекті пленумында бұрынғы төртеуге қосып, тағы бір жаңа хатшы өткізу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Ұсынылып отырған жігіт - басшылық тәжірибесі кем, жас жігіт еді. Онысы ештеңе емес. Одақтың басқарма мүшелігінде жоқ. Бұл - жарғыға қайшы келетін. Бірақ дәл осы баланы сайлау керек десті. Сөйтсек, ілкіде ғана өткен құрылтайда атаулы бір арыстың баласы ұмыт қалыпты, енді, үш таған түгел болуы қажет екен. Мен әуелде таңырқап, содан соң күліп, арнайы сөз алдым да, бұл - ұят жағдай, кісісі лайық келсе, Жазушылар одағының барлық хатшысын бір ғана Алматы облысынан сайлауға болар еді, мұны қойыңдар деп, әлгі үміткерді өткізбей тастадым, оны аз десеңіз, менің нақты ұсынысым бойынша хатшылар қатарын толықтырған, Одақтың ішкі жұмсынан тәжірибесі мол, жаңа кісміз тағы да "Үлкен ауылдан" болып шықты. Кім қалай қарағанын білмеймін, сірә, әлде біреулер есімізден айырды, бұлтартты деп, режіп кетті. Тағы да айтқаным бар еді, сол жолы және кейін де. Қазақтың үлкен әдебиетінен ең ірі үш классикті атау керек болса... Абай, Әуезов - екеу, бәлкім, екеу емес, үшеуі де Шыңғыстаудан шығар, сонда әтекем баласы өкпелеп қалады деп, Абайдан соңғы екеуін басқа жақтан сайлаймыз ба деп...Барлық салада солай. Бір кезде, Қанекең бастап, ең зор академик ғалымдардың Баяннан шыққаны сияқты. Бүгінгі мемлекеттік қызметте Үлкен атаңның баласы көтерілгені сияқты. Хакім Абай айтпақшы, балуан жігіт бүгін мына ауылдан, бәйге ат ертең ана ауылдан шығады. Кейде ауыс, күйіс, артық кем түсіп жатса да, табиғи жағдай. Әрине түйенің жүгі көпе-көрнеу бір жағына ауып кетсе - әбес, бірақ қаткенде де "ата баласын" түгендеп отыру - шарт емес.
Алайда... манағы сөзімізді жалғастырсақ, тәуелсіздік қарсаңы, 70 - 80 жылдарда әлде билікке беки түспек партия қызметкерлері, әлде артықша атақ-абыройға жетпек жазушылар қауымы түртпектеп, бас көтерер қазақ азаматтары арасында бұрын болмаған, болса да шектеулі ғана сыпаттағы жаңа дерт өркен тарта бастады. Түп негізінде топ құру инстинкті жатқанымен, біздің топшылдар немесе сол топқа қарсы басқа бір топтар, жинақтап келгенде әлденеге ұмтылған барлық жұрт бұл кеселді "рушылдық", "жүзшілдік" деп атады. Көп ұзамай, бұл расында да келеңсіз құбылыс қазақ қоғамына тән және қатерлі дерт деген бағаға ие болды. Күн озған сайын дабыл-дабыр ұлғая түсті. Ақыр, мемлекеттің саясатында әйгілі "Үш Шал" теориясы бойынша, осындай бүтінді бөлшектеу бағдарламасы біржола заңдастырылды.
Бөлшекке ұмтылыс және оның "Үш Шалмен" иін тіресе бой көтерген ресми әрі ең пәрменді көрінісі - Қазақстан республикасының мемлекеттік гимні болды. Сөзі, мән-мағынасы емес. Авторлық құрамы. Сырттай, үстірт қарағанда, сөлекет ештеңе жоқ сияқты. Расында да солай. Белгілі, жай ғана белгілі емес, атақты, мәртебелі ақындарымыз. Әліпби ретімен айтсақ, Әлімбаев Мұзафар, Дәрібаева Жадыра, Молдағалиев Тұманбай, Мырзалиев (қазір Мырза Әли) Қадыр. Әйелдің жолы жіңішке, ал қалған үшеуіне келсек... бұлардан артық кімді табарсың. Әйткенмен, бұл істің бастауында өзгеше сыр болып еді.
Тәуелсіздіктен соң көп ұзамай, ұлыстық рәміздің ең негізгі белгілері - мемлекеттік ту мен герб және мемлекеттік гимн мәселесін шешуге арналған ғұзырлы, үлкен комиссия құрылды. Жалпақ саны қырық кісіге тақау, бәрінің де ұлты қазақ, руханият саласына қатысты белгілі алаш азаматтары. Әуелі ту мен герб жайын шешіп алу керек екен. Үш ай тоқсан бойында әлде жиырма, әлде отыз мәрте кеңес өткіздік. Қырық кісі жетпес жаққа тартып, ешқандай мәмлеге келе алмадық. Кейін, естелік кітабымда, бәлкім, орайына қарай, одан бұрынырақ, арнайы жазсам ба деп те жүрмін. Соншама жамырап кетуіміз - байрақ тарабында көңіл аударарлықтай озық жоба бола қоймады. Оның негізгі себебі - әуелде тудың түсіне, содан соң ту бетіне түсуге тиіс таңба жайына тым үстірт, ұлттық тарих, ежелгі рәміздер тұрғысынан емес, көлденең, төте, сырттай анти-советтік, анти-коммунистік көзқарас, ал шын мәнісінде ескі отарлық таным тұрғысынан қарадық. Сондықтан да біз ұсынған, үштен екі болмаса да, жартылай, тым құрыса қиғаш, әлде жолақ қызыл түс мәселесі мүлде қабылданбады, ал ту бетінде тұруға тиіс төре таңба - яғни, кем дегенде мың жылдан астам тарихы бар, арыда Алтын Орда, беріде Қазақ Ордасының туын асқақтатқан, Әз-Жәнібектен Кенесарыға дейінгі аралықтағы қазақтың бас таңбасы - ұлттық рәміздің ең жарқын, ең айғақты көрінісі - төре таңба мүлде ілтипатқа алынбады. Біздің айғайындардың бәрі шаңырақ суреті мен ай таңбаны мақұл көрген: ал шаңырақ деген - құмдағы шимай болатын; ай таңба - қайткенде де бүгінгі Парламенттен өтпес еді; ақыры - жоғарғы билік алдына барғанда, көлденеңнен қосылған басқа бір жоба - күн таңба қабылданды, жарар, көк туымыз көзімізге ыстық, қайырлы болсын. Сөз реті келген соң еске алып жатырмыз. Мұндағы айтпағым - ғұзырлы комиссиямыздың осыншама берекесіздігін аңдағаннан кейін мен гимнді талқылайтын, тағы да екі-үш айға созылуға тиіс, ақыры бәрі де төтесінен әрі мүлде басқаша шешілетін істен бойтартып, бұдан соңғы додаға мүлде қатыспай қалдым. Негізгі себеп - түптеп келгенде зая кетер уақыт мәселесі ғана емес еді. Мемлекеттік гимнді үш атадан шыққан үш ақын жазуы керек екен деген лақап тараған. Әлде бейресми нұсқау, әлде үштік ұранның буынға түсе бастаған жаңа бір көрінісі. Неге міндетті түрде үш кісі? Неге? Әлемнің ұлы мемлекеттерінің гимндерін... сол елдегі бір замандағы тарихи тайпалардың біріккен өкілдері - құрам команда емес, жекелеген кісілер жазған. Кейін біздің баспасөзде (қазақ-түрік газеті "Заман-Қазақстанда") туысқан Түркияның мемлекеттік гимнін жасау тарихы тәптіштеп баяндалды. Бәйгеге жүздеген мәтін, ондаған әуен түсіпті. Соның біреуі ғана қабылданған. Бр ақын, бір сазгер. Басқа жұрттарда да дәл осылай. Ал бізде... олай қалыптауға болмайтын көрінеді. Өйткені... кім өтсе де, қалған екі атаның баласы өкпедеп қалады-мыс. Ақыры, әуелден жобаланған үштікке тоқтаппыз. Жекелеген аусарлар да қатынаса керек. Аусар әрі ақылсыздар. Ал ақылы мол, есебі түгел ағайын үшеу-үшеуден біріккен. Ақыры, ол үштіктердің екеуі озып шығады. Соңғы, биік мәртебелі талқыда әуелде қара үзіп алға кеткені - төменірек танылып, екінші кезектегі үштік озыпты. Түптеп келгенде, үштік емес, төрттік болып шықты. Неге десеңіз... әйел теңдігі деген ұғым бар ғой. Бүкіл халықтың тең жарымы, тең жарымынан да артығырағы. Ендеше, ардақты аналар неге ескерусіз қалуы керек? Сөйтіп, жолы жіңішке әйел затынан арнайы өкіл қосылады. Әттегенге, әйелде де ру, ата бар, ендеше, бір емес, үш арыстан, үш қарындас қосылуы керек еді. СондаҰлы Жүзден екеу - әйел және еркек, Орта жүзден екеу - әйел және еркек, Кіші жүзден екеу - әйел және еркек - төрт құбыламыз түгел болып шығатын еді. Ақиқатына тоқтайық. Мемлекеттік гимн мәтінін жалғыз-ақ кісіге тапсырсақ қайтетін еді? Сол Тұмағаңа, Сол Мұзағаңа, сол Қадекеңе...үшеуінің басын байлап, аяғын шырмап, біріктірмей-ақ жеке-жеке, тек біреуіне ғана? Жарар, біреуі кетсе, басқалары, яғни, бәйгеге ілінбеген, атаулы екі ақынымыз емес, солардың "артындағы" мифтік жұрты "өкпелеп қалады" екен, онда жаңағы, жолы жіңішке қарындасымыз Жадыраға неге қимадық? Құдай ақы, оған ешқандай күмән жоқ. Жадыра жалғыз өзі жазып шықса, қазір бәріміздің төбемізде тұрған, мектеп оқушысынан бастап, Парламент мүшесіне дейінгі аралықта тым құрыса екі кісі жаттай алмай жүрген, аузы-басы бүтін ешкімнің де тілі келмей жатқан бүгінгі "әнұранымыздан" әлдеқайда әулетті шығар еді. Қарындасымыздың алдыңғы ағаларынан асып кеткенінен емес, өз қалауымен, өз талғамымен еркін сілтеуінен. Ал анау үш алып ақын туралы сөз де жоқ. Кез келгені ұлттық гимнің тамаша мәтінін жазып беретін еді. Жоғарыдан қақпалау, орта жолдағы түзетулер өз алдына, бірінің жолын бірі бөгемес еді ғой. Бірақ бізге мән-мағыналы, өр рухты гимн емес, ойдан шығарылған "Үштік" бірлігі керек болатын. Нәтижесінде "Үшеусің! Біртұтас емес бөлшексің!" деп өз көзімізді өзіміз шұқыған үстіне, осыншама босаң "әнұран" мәтіні қабылданыпты. Тек таңқаларлық жағдай, әуелден "үштік" негізге бейімделген гимнде сол "үштікті" құраған атаулардың аты ескерусіз қалған! Әр шумағы бір атаға арналып, қайырмасы "Қырық рудың жалаңаштары, бірігіңдер!" жеген ұранмен түйінделіп отырса, тіпті қатып кетер еді деп ойлайсың. Жә. Реніш өз алдына. Осыдан екі-үш жыл бұрын Мемлекеттік гимн мәтінін жаңадан қалыптау турады әңгіме көтерілуі кездейсоқ емес еді. Біздің саналы қауым бұл мәселеге қайтып оралуы керек. Бірақ тағы да "үштік" мүгедек ұғым төңірегінен табылып жүрмесек болды.
(Келіссіз үстеме. 12.VI.2004. Жексенбі. Түнде, таң атқанша, ұзақ толғауымыздың "Жұлдызға" арналған екінші терімін тексеріп бітіп, тал түсте, ұйқыдан жаңа тұрған сәтім еді. Жуынып-таранып болмастан, шай әзірлеп жүрген бәйбішем тосын әңгіме бастады. Үлкен қызымыз телефон соғады ғой. "Апа, Найман қай Жүзге жатады?" "Апа" - ежелгі емес, күні кешегі, бәлкім, бүгінгі де қазақ тілінде және біздің шаңырақта - "мама" деген сөз, салақтаған немесе торсиған емшек емес, туған ана. Сонымен: "Апа, Найман қай Жүзге жатады?" "Найман... Найман - Орта жүз". "Орта жүз?.." "Иә. Оны неменеге сұрадың?" "Ал біз... қай Жүз боламыз?" "Біз - Керей..." "Оны білем. Сонда қай жүз деймін?" "Ол да орта жүз". "Ә... Ал сен?" "Мен.. Менің төркінім - Арғын". "Арғын қайсысы?" "Орта жүз". "Ендеше .... Айка бір балды кем алатын болды. Тестіде "Найман - Кіші жүз" деп толтырыпты..." "Алда, құдай-ай... Соны да білмеген бе!» "Қайдан біледі. Білмеген, Қате толтырған..." Үлкен қызымыз Үміттің тұңғышы Әйгерім деген баламыз биыл орта мектепті бітіруге тиіс, бүгін түске дейін жалпыға ортақ негізде, жоғарғы оқу орнына да жүретін арнайы тест тапсыру керек еді, таңғы сағат алтыда телефон соғып, шешесі екеуін оятқам, сәт тілегім. Енді міне, басқасының өзі күмән, күтпеген жерден кілтипан шыққаны. Найман атамның Орта Жүзден тарайтынын білмей қалған. Қазақ мектебінде оқыған, қазақы тәрбие алған немере (қазір қыздың баласы немере болды ғой). Мұны аз десеңіз, ол да қазақша, Алматының атақты 12-мектебінде оқыған үлкен қызымыздың өзі... туған руын білгенімен, Жүзін танымайды екен").
"Біздің әжеміз... қай Жүз?" - деп сұрайды ғой сәлден соң. Яғни, өз енесі. "Кіші жүз". "Алтынай?" Біздің үлкен келін. "Алтынай - Ұлы Жүз". "Анар да Ұлы жүз бе?" Анар - үшінші, әзірге кіші келініміз. "Жоқ, Кіші жүз". "Е-е..." - дейді қызымыз, терең мағыналы паузадан соң. Міне, бір шаңырақтан тараған балалар осылай бөліндік. Жоқ, бөлінгеміз жоқ. Анардың Алтынайдан, ол екеуінің Әйгерімнің әкесі, үлкен күйеу баламыз, Орта Жүздік Зәуірден ешқандай айырым белгісі байқалмайды, яғни дәл бүгінгі жіктеу - мүлде түсініксіз көрініп тұр біздің Үмітке. Әлі ой қорытып біткен жоқ. Қайткенде де күтпеген жерден бір несібеміз... құдай сақтасын, бір балымыз кем түсті. Зерек, алғыр деп жүрген баламыз Найман - Орта Жүз екенін білмей шыққан. Бұған да тәуба. Сұрақ басқаша қойылып, өз руы Керей де осы Орта Жүзге тиесілі екенін білмей қалса, нағыз масқара сонда болады екен! Тіпу! "Идиотизм" - дедім мен күйініп. - Идиоттардың ойлап шығарған сұрағының сиқын қарашы! " "Тестілерді кім дайындайды өзі? - деді біздің бәйбіше, бір кезде Алматыдағы №25 - Жириновскийдің мектебінде қазақ тілінен сабақ жүргізген, бүгінгі зейнеткер мұғалім. - Қазақ тарихынан басқа ешқандай сұрақ таппаған ба? Мұндай тақырып программада бар ма екен?" Бар екен. Есіме сарт етіп түсе қалғаны. Бұдан әлде жеті-сегіз, әлде тоғыз-он жыл бұрын, иә, ол да Найман, жазушы Сайын Мұратбеков айтып еді. Немересі барып жүрген мектепте тарих пәні бойынша қазақ халқының рулық құрамы туралы сабақ өтіпті. Жай ғана өтпеген, барлық бала үйде толтырып, анықтап келу үшін арнайы анкета алған. Жеті атасы, шыққан руы және Жүзі. Сайын ағам мұның не керегі болды екен деп таңырқап отырып, мұғалім тапсырды деген соң анықтап айтып, немересінің анкетасын түгендеп береді ғой. Ертеңіне тарихи танымы артып, көкжиегі кеңейіп келген немере шай үстінде мақтанып отыр дейді: "Біздің класта мен сияқты Найман - төртеу, ал біздің Орта жүз ең көбі болып шықты - он жеті бала. Ұлы жүз - сегіз, ал Кіші Жүз, кішілігіне орай тіпті аз - бес-ақ бала! Жақсы және үздік оқушының көбі де бізде!..." Ал сізге керек болса! "Бұл не сұмдық? Осындай да тәрбие бола ма?" деген Сайын ағам айран-асыр кейіпте. Өзімнің не айтқаным есімде жоқ, сірә, ақымақшылық десем керек, шетін жағдайға балап, онша мән бермесем керек. Енді міне, өзінің барлық сөлекет көрінісімен, қарсы алдымнан шықты. Мәселе аяқ астынан жоғалтқан бір балда емес. Болашақ әулетімізді теріс жолға жетелейтін идиотизмнің (жас бала, мектеп тәрбиесіне тікелей қатысты болғандықтан, бөтен, сыпайырақ сөз таба алмадым), шектен шыққан надандықтың ұрпақ санасына ресми тұрғыдан егіліп жатқандығында. Бұл - қазақты бөлшектеу тарабындағы есалаң бағдарлама барлық жерде күшіне енді деген сөз.
Айттық, қазақ - біртұтас халық. Пенде болған соң, ешкім де туған ауылын, ағайын-жекжатын, ата-тегін жек көрмейді. Ежелгі қазақтың үй іші, от басындағы "жеті атаны білу" дәстүрі - алалыққа емес, туыстыққа шақыратын рәсім. Ел тануға, сыйластыққа жетелейтін ұғым. Сондықтан да мен пәлен атаның баласымын деп мақтанбайтын қазақ жоқ. Және қандайда болса басқа атаның ұлын қонақта, той-томалақта төрге отырғызбайтын қазақ жоқ. Өткендегі қазақ үшін ұлттық бірлік, ұлттық сана, ұлттық мақтаныш бірінші орында тұрған. Әрине, ру аралық реніш, араздық, кейде кішігірім қақтығыс (бірақ қырғыздың Бұғы мен Сарбағышты соғысы, түркмендегі Теке мен Ерсарының, Геклен мен Жәуміттің қанды ұрыстары сияқты емес) болып тұрған. Бірақ бұл - нәсілдік қайшылықтан тыс, кландық тартыс, яғни әдепкі тіршілік жолындағы, жеке адамдар, ағайын-туыс арасында да ұшырасатын жағдай. Бүгінгі, кей реттерде жершілдік, рулық негіздегі әуендер де бірегей ұлт ішіндегі алалық емес, билікке немесе атақ-дәрежеге ұмтылған топтардың күрес тәсілінің бір көрінісі ғана. Көбіне-көп әлсіз, өзіне сенімсіз жандардың әрекеті. Соншама құбыжық, асқынған, жазылмас дерт кейпінде әйгілеу қисынсыз. Әлбетте, денедегі кішкентай бөрткеннің өзі, тынымсыз шұқылап, тырнай берсе, үлкен жараға айналуы мүмкін. Ойдан шығарылған, пәленше-екем айтыпты-мыс "Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін" деген екіжүзді айқай астында өзінің қажетті шаруасын тындыруға тырысатын мұнафиқтардың барлық іс-әрекеті тек осыған ғана саяды.
Енді, халық өмірінің айна көрінісі болып табылатын байырғы рухани қазынамыз - үлкен әдебиетке жүгінсек, қазақта қай заманда "ру аралық тартыс" ең үлкен кесел ретінде сыпатталған екен? Жоқ қой. Ауыз әдебиеті - ертегілерінде, аңыз-әпсаналарда, ерлік эпос, ғашықтық және тарихи жырларда ру мәселесі бар ма? Асса, кейіпкердің шыққан тегі ғана айтылады. Мәселен, Қарақыпшақ Қобланды. Кез-келген есі дұрыс қазақ - Қобыланды - қыпшақ екен, бөтен екен демеген, бүгінгі тілмен айтқанда, Қарақыпшақов Қобыланды - қазақтың ұлы батыры ретінде қабылдаған, мақтаныш еткен, үлгі тұтқан, күш алған. "Жиделі-Байсын жерінен, Қоңырат деген елінен" Алпамыс батыр шығыпты.... Бұл да солай. Қоңыратов Алпамыс деген қазақ. Барлық уақытта солай қабылданып келді. Өйткені, ол Қоңырат Алпамыс - Тайшық деген, Дулаттың емес, Қалмақтың ханына қарсы аттанды. Ру намысы үшін емес, ел намысы, бүкіл қазақтың мерей, тыныштығы үшін. Қара қыпшақ Қобыланды - Қызылбасқа шабады. Тама Нәрік ұлы Шора - Қазанды кәпірден құтқармақ. Алшын Ер Тарғын бытырап кеткен бүкіл Ноғайлы-қазақ елінің басын қоспақ... Ежелгі Ерлік эпостың өзінде дәуір, кезең, ғасырлар шындығы бар екен. Ал ақын, жыраулар мұрасы ше? Заманның ұлы ұраншысы Бұқар жырау... "Ханын қалмақ жаулаған, - Сүйткен қалмақ оңбаған!..." - дейді, бүгінгі білікті, аруақты әміршің Абылай ханның төңірегіне топтас, "Жаулаған ханын қара оңбас, - Хан қисайса бәрі оңбас!.." - береке-бірлікте бол дейді, біздің ұғымдағы "Барлық елдердің рулары, бірігіңдер!" - емес, жалпы адам, пенде атаулының басындағы әлсіздікті жең дейді. "Өлетұғын тай үшін, - Қалатұғын сай үшін, - Қылмаңдар жанжал, ерегес", "Айнала алмай ат өлсін, - Айыра алмай жат өлсін, - Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз!" - дейді, "Табаңдасқан дұшпанға - Күнінде қылыш шауып өткерген", "Қырық сан қара қалмақты - Жарлығына қаратқан", "Он сан алаш баласын" береке-бірлікке жеткізген Абылай ханды мадақтайды.
Махамбет кім үшін қан төкті. Мұрат неге зар шекті, Шортанбай неге құса болды? Жаңағы, Бұқар жырау айтқан "он сан алаш" - бар қазақтың баласы үшін. "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым..." деп толғанды Абай. ХХ ғасырдың басындағы алашшыл жаңа әдебиет өз заманының барлық кеселді түйіндерін көтерді: әлеуметтік алалық, әйел теңсіздігі, отаршылдық зардабы... оқуға, өнер-ғылымға үндеу, ұнамсыз ғұрып, жаман әдет-мінезден арылуға шақыру, түптеп келгенде, ел суреті, заман кейпі. Халық өміріндегі қаншама жара, мұң-нала, ауыр ахуал. Бірақ солардың ішінде ру, жүз проблемасы айтылмайды, ойбай қазақ рулық негізде, жүз бойынша бөлшек-бөлшек болып құрып бара жатыр деген байбалам жоқ, өйткені ондай мәселе де өмірде жоқ.
Қазір де жоқ. Тек болмашыны бықсытып, екі арада пайда табуды көздеген пысықайлар мен "қыз алмай-ақ босқа қашқан" дәлдүріш парықсыздар ғана бар. Бірақ... бұл бықсық шынында да ұлтты аздыратын тілсіз жауға айналмаған күннің өзінде, көзіңді көк түтінмен көлегейлеуі әдбен мүмкін. Бұдан әрмен ұлтсыздану ұранына да белгілі мөлшерде теріс ықпалы тиюі мүмкін. Бірақ түптеп келгенде, мұның бәрі өткінші әрі пәрменсіз құбылыс деп білем. Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан бірегей табиғатынан ғаны емес. Бүгінгі дамыған халықтардың барылығы өз тарихының белгілі бір кезеңінде рулық құрылымды басынан өткерген. Герман, славян тайпаларын айтпағанда, өзімізбен туыс түрікте де ру атаулының жұқанасы жоқ. Ерте ме, кеше пе, аман тұрсақ, біз де соған жетеміз. Заман алға сүйреп, нарық ентелеп тұр. Өз руының жарлысы мен жетімін жинап жүрген қазақ жоқ. Биліктегі немесе бизнестегі әлдебіреулер туысып, табысып жатса, ол - саяси немесе экономикалық қажеттілік. Қара жұрт оңды-солды көшіп, қонып, сабылып жатыр. Ру, ата жөнімен емес, тұрмыс жағдайымен. Ішкі миграция қандай да қауымды мыйдай араластыратын қалаларға қарай ойысқалы он жыл. Тіршілік тыныс, заман ауқымы өткендегі рулық, кейінгі облыстық, аймақтық айырыма атаулардан біржола тазартады. Белгілі бір заманнан соң қазақтың руы да естелік, этнографиялық ертегі болып қылмақ. Адам баласына ортақ тарих үкімі солай.
Әйтсе де, бүгініміз не? Жаңағы аз ба, көп пе бықсық? Айттық, сыпат емес, тәсіл. Біреу пайдасын ойлайды, біреу босқа желігеді. Немесе парықсыздық демейік, аңғалдық. "Үш шал" ұраны осы соңғысына сәйкес. Ал қалғаны... Пайдагерлерді түсінуге болар. Желөкпенікі не? Баспасөз төңірегіндегі ағайындарды айтам... Бұлар да, ақымақтығын әйгілей келе, бір заманда тоқтам табар. Тек... оған дейін ұлтымызды біржола аздырып бітпесе.
(Жалғасы бар)