Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3693 0 пікір 28 Мамыр, 2009 сағат 20:29

Ғарифолла ЕСIМ: ҚАЗАҚ БОЛУ – РЕНЕССАНСТЫҚ ИДЕЯ

“Түркiстан” газетiнiң 15-санында (16 сәуiр, 2009 жыл) “Кешегiмiздi ұлықтамай, келешегiмiзде баян жоқ” атты мақала жарияланды. Мақаланың өзегi - Қазақ хандығының құрылған күнiн Қазақ мемлекеттiгiнiң күнi етiп белгiлеу қажеттiлiгi туралы едi. Осы мақала аясында тарихшы Задыхан Қинаятұлы қазақ хандығының құрылған күнiн 1465 жылдың қазан айының iшi деп белгiлеуге болатынын айтты. Осы орайда сенатор, академик Ғарифолла Есiмнiң де пiкiрiн бiлгендi жөн көрдiк.
– Қазiргi таңда елiмiздегi мемлекеттiк мерекелерiнiң iшiнен қазақтың ұлттық тарихынан хабар беретiн қандай мерекенi атап көрсете аласыз?

“Түркiстан” газетiнiң 15-санында (16 сәуiр, 2009 жыл) “Кешегiмiздi ұлықтамай, келешегiмiзде баян жоқ” атты мақала жарияланды. Мақаланың өзегi - Қазақ хандығының құрылған күнiн Қазақ мемлекеттiгiнiң күнi етiп белгiлеу қажеттiлiгi туралы едi. Осы мақала аясында тарихшы Задыхан Қинаятұлы қазақ хандығының құрылған күнiн 1465 жылдың қазан айының iшi деп белгiлеуге болатынын айтты. Осы орайда сенатор, академик Ғарифолла Есiмнiң де пiкiрiн бiлгендi жөн көрдiк.
– Қазiргi таңда елiмiздегi мемлекеттiк мерекелерiнiң iшiнен қазақтың ұлттық тарихынан хабар беретiн қандай мерекенi атап көрсете аласыз?
– Қазақстан Республикасының мемлекеттiк мерекелерiнiң iшiнде қазақтың тарихынан кең мағлұмат беретiнi – Наурыз мейрамы. Наурыз мейрамы бұл адамның табиғатпен, космоспен, яғни бүкiл әлеммен үйлестiгi. Наурыз айында Күн мен Түн теңеседi. Бұл адамдардың күндiзгi өмiрi мен түнгi өмiрiнiң теңесуi деген сөз. Демек, осы жағдайға байланысты адамдардың тұрмысына сапалы өзгешелiктер енедi. Наурыз мейрамынан кейiн бiрте-бiрте адамның күндiзгi ғұмыры өсе бередi. Бұл адамның кәсiбiне, оның денсаулығына, өмiр сүру тәртiбiне өзгерiстер енгiзетiн жай. Аса маңызды iстер Наурыз мейрамынан кейiн басталған, себебi күндiзгi ғұмыр ұзарып, жарық мол болып, тұрмысқа, кәсiпке қолайлы жағдайлар орнайтын болған. Осыған сай, қазақ Наурыз мейрамына қатысты әдет-ғұрыптарын, салт-саналарын түзеген. Наурыз мейрамында адамдар бiр-бiрiмен көрiсiп, “ақ мол болсын” деп жатады. Яғни, Наурыз мейрамымен елге молшылық енедi деген сөз. Ислам дiнiн қабылдағаннан кейiнгi қазақ үшiн елеулi мереке – Құрбан айт. Осы екi мейрамның табиғилығы адамдардың сезiмiне, санасына және дүниетанымына әсерлерi мол. Бұл мейрамдарда адамдар бiр-бiрiмен көрiсiп, “айт қабыл” болсын айтысып, бiр-бiрiне деген ескi өкпелерiн кешiрiп, рухани тазаруға мүмкiндiктер алады. Әрине, осы екi мейрамды мерекелеуде әлi де анықталмаған мәселелер бар. Ол ең алдымен, Наурыз мейрамына қатысты. Осы жағдайларды еске алып, Президент Наурыз мейрамын үш күн тойлауды өз Жарлығымен бекiттi. Бұл құқықтық жағынан алғанда оң шешiм. Наурыз мейрамы – жыл басы, яғни жаңа жыл. Бiрақ бiздiң тұрмысымызда христиандық күнтiзбесiнiң жаңа жылдық мерекесi қалыптасқан. Сондықтан Наурыз мейрамын толыққанды жаңа жыл деп мерекелеу әлi де тұрмысымызда сiңiстi болмай отыр. Бұл зиялы қауымның ойланатын мәселесi. Жыл басы – Наурыз мейрамы деген сана тұрмысымызға бiрте-бiрте мықтап, мәңгiлiкке орнығуы қажет.
– Мемлекеттiлiктiң өзегi не? Қазақта мемлекеттiлiк болған ба? Бастауы қайдан?
– Мемлекеттiлiктiң өзегi оның азаматтарында. Мемлекет және азамат бiр-бiрiмен бiрлiктегi екi ұғым. Азаматтық сана мемлекеттiлiктiң қуаты. Жас ұрпақты азаматтық рухта тәрбиелеу мемлекеттiң болашағына қатысты iс. Қазақта мемлекет болған ба деген мәселеге келсек, бұл мағынасыз сауал.
– “Бұрын қазақта мемлекеттiлiк болмаған” деген пiкiрдi естiп жүрген шығарсыз. Мұндай пiкiрге қалай тойтарыс беремiз?
– Қазақ мемлекетi болмады деген қаңқу сөз. Арнайы мақсатпен айтылатын сөз. Бұл қазақты кемсiту үшiн ойлап табылған идеологиялық парадигма. Қазақта мемлекеттiң болғаны ешбiр күдiк туғызбайтын мәселе. Мырза Хайдар Дулати “Тарих-и Рашиди” еңбегiнде 1456 жылы Шу өзенi бойында Қозы Басы деген жерде Қазақ хандығы құрылды деп жазған. Мiне, осы кезден бастап Ресей империясының 1822 жылғы “Қазақ даласындағы хандық билiктi жою туралы” Үкiмiне дейiн Қазақ мемлекетi болған. Қазақ мемлекетiнiң жүздеген жылғы тарихы бар. Қазақ мемлекетiн құрушы хандар Керей мен Жәнiбек, оның iлiмшiсi – Асан-қайғы болған. Қазақ мемлекетiмен бiрге қазақ этносы қалыптасты. Бұл кезге дейiн осы мәндегi қазақ этносы болмаған. Қазақ хандығының құрамына кiрген әртүрлi тайпа өкiлдерi өздерiнiң азаматтық санасын “қазақ” деген ұғыммен бiлдiрген. Осы мәнде ең алғашқы қазақтар Керей, Жәнiбек және Асан-қайғылар. Азамат деген қазақ ұғымында қасиеттi сөз, себебi ол мемлекеттi құрушы адам деген ұғымды бiлдiредi. Азамат деген тек өзiнiң жеке басының қамын ойлайтын емес, ел қамын, ел тағдырын, яғни мемлекет тағдырын ойлай алатын адамды айтқан. Сондықтан қазақтар ер балаларының аттарын осындай iзгi үмiтпен “Азамат” деп атаған. Азамат деп атану адамның өз тәуелсiздiгiне жетуi. Адамның өз тәуелсiздiгiне жетуi деген сөз, оның ел мүддесiн түсiне алатын, соған сай қызмет атқара алатын жағдайына қатысты айтылады. Азамат атану әркiмнiң қолынан келетiн iс емес. Дәстүрлi қоғамда азамат деп iрi iстерiмен айшықталған, кiсiлiгi бар, адамшылығы мол жандарды айтқан. Азамат атану әрбiр ер адамға сын болған, осындай сана мемлекеттiң бастауы. Қазақ хандығының құрамына енген әртүрлi тайпа өкiлдерi ендiгi жерде өздерiнiң бiр ел, бiр халық, бiр мемлекет болғандығын азаматтығы арқылы бiлдiрiп, өздерiне ортақ ат “қазақ” дегендi иеленген. Ендiгi жерде қазақтар тек Қазақ хандығының құрамына енген тайпа өкiлдерiнiң ортақ атауына айналған. Сөйтiп, тарихта түркi тектес жаңа этнос – қазақ этносы, қазақ халқы қалыптасқан. Осы сана Ресей империясының құрамына енгенге дейiн халықтың тұтастығын бiлдiретiн этнос ұғымы болып келдi. Абайдың “қалың елiм, қазағым”, – деп айтып отырғаны осындай жай. Отаршылар осы бiр мемлекетке топтасқан адамдардың азаматтық санасын әлсiретiп, одан кейiн бiрте-бiрте мүлдем жойып жiберу үшiн айла-тәсiлдер қолданған. Соның ең бастылары – бiрiншiден, Қазақстан территориясын бiрнеше губернияларға бөлген. Губерния басында Ресейдiң генерал-губернаторлары отырған. Бұл әскери әкiмшiлiк болатын. Осындай саясаттың нәтижесiнде қазақ елiнiң тұтастығы, яғни саяси тұтастығы жойылып, сонымен бiрге қазақ мемлекеттiгi жойылған. Екiншiден, Ресей отаршылары қазақ халқының азаматтық тұтастығын жоюда этнос табиғатындағы сегменттердi қайта ояту әрекетiне кiрiскен. Бұл оларға өте тиiмдi тәсiл едi. Және, осы тәсiл көп күдiртпей, өзiнiң нәтижелерiн бере бастады. Ол мемлекет болғанға дейiнгi, яғни қазақ хандығына дейiнгi болған тайпалық түсiнiктердi қалпына келтiрiп, реставрация жасап, қазақтардың азаматтық бiрлiгiн әлсiрету мақсатында рушылдықты жандандыру. Рушылдық немесе руға бөлiнушiлiк қазақ этносы тарихында үзiлмей келе жатқан дәстүр болатын. Бұл хандық дәуiрде елдi басқарудың, елдi есепке алудың, оны реттеудiң және аймақтарға шоғырландырудың тәртiбiне қолайлы тәсiл едi. Кейiн қазақтарға ортақ азаматтық бiрлiк жойыла бастаған кезде, рулық топтасу ел болып топтасудан гөрi маңызды iске айнала бастады. Осы қазақ этносының ерекшелiгiн пайдалана отырып, қазақ халқын жiктеп басқаруда орыс чиновниктерi айтулы табысқа жеттi. Үшiншiден, қазақ халқының азаматтық бiрлiгiнiң, яғни мемлекеттiк бiрлiгiнiң iргетасы Болат ханның кезiнен бастап шайқала бастады. Жоңғарлармен жүз жылдық соғыста әбден қалжыраған қазақ халқы және оның әлсiреген мемлекеттiк жүйесi, оның үстiне Болат ханның жеке басының дәрменсiздiгi қазақ даласын үш аймаққа бөлiп, басқару жүйесiнiң тиiмдiлiгi аңғарыла бастады. Сөйтiп, тарих сахнасында аймақтық билер: Әйтеке би, Қазыбек би, Төле би сияқты асқақ тұлғалар пайда болды. Қазақ мемлекетiне ортақ хан iсiн үш би жүргiзе бастады. Бұл хандық институттың әлсiреп, қазақ халқының азаматтық бiрлiгiнiң ыдырай бастағандығының айғақты көрiнiсi едi. Қазақ халқының азаматтық бiрлiгi, тұтастығы саяси мәнде күшiн жойғанымен, Қазан төңкерiсiне дейiн “қазақ” деген ұран Күн тәртiбiнен түскен жоқ. Мұның басты себебi – хандық дәуiрде қалыптасқан Жер-ұйық идеясының, азаматтық идеяның, яғни қазақ болу идеясының (қарға тамырлы қазақ) қуаты кейiнгi отаршылдық жылдарда сақталып, мұра ретiнде бiзге жеттi.
– Қазақ хандығының құрылған кезеңiн қазақ мемлекеттiгiнiң бастауы деп алып, бiр күндi белгiлеп (шартты түрде болса да), мемлекеттiк мереке ретiнде атап өту туралы ұсынысқа қалай қарайсыз?
– Әрине, Қазақ хандығы құрылған күндi анықтау керек, ол бiр мәселе. Екiншiден, Қазақ хандығы орнаған тарихи мекендi де анықтау қажет. Үшiншiден, Қазақ хандығын құрған алғашқы хандар – Керей мен Жәнiбектiң түр-кескiнiн анықтап, яғни суреттерiн салып, халыққа танымал тұлғалар ретiнде оқулықтарға және де басқа көрнектi орындарға қоюымыз қажет. Олардың атында iрi қалалардың бәрiнде ескерткiш және көше болуы мiндеттi. Мiне, сол кезде қазақта мемлекет болған ба деген желеу сөздер желмен кетпек. Бұл iсте бiр қиындықтар бар. Бiрiншiден, хандықтың құрылған уақытын анықтау. Ол үшiн тарихшылар ортақ келiсiмге келiп, арнайы зерттеулер жүргiзiлiп, қоғамдық пiкiрдi дайындап, Елбасының жарлығымен тарихи дата ретiнде белгiлеу керек. Ол халқымыздың мереке күндерiнiң бiрi болмақ. Екiншiден, Қазақ хандығының құрылған мекенi туралы тарихшылар iшiнде пiкiр-таластар көп. Бұл заңды. Анығы, Қозы Басы деген жердiң Шу өзенiнiң алқабында болғаны рас. Бiрақ, Шу өзенi алқабының қай тұсында. Осы мәселе этнографиялық, археологиялық, ғылыми зерттеулердi қажет етедi. Себебi, ол жер анықталған соң мiндеттi түрде ескерткiш қойылмақ. Бұл күн алыс емес, бұл мәселенiң шешiлетiнiне менiң сенiмiм мол. Бiрақ, осы iстi мүмкiндiгiнше ғылыми-тарихи дәлдiкпен жүргiзген дұрыс.
– Қазiргi қазақты не бiрiктiре алады деп ойлайсыз?
– Қазiргi қазақтарды қазақ болу идеясы бiрiктiре алады. Қазақ болу деген сөз жоғарыда айтқан халқымыздың азаматтық бiрлiгiне, тұтастығына қатысты. Бiздiң ата-бабаларымыз бiрнеше ғасыр бойы қазақ болып ғұмыр кешкен. Демек, қазақ болу бiздiң қанымызда, тарихымызда, тұрмысымызда, дүниетанымымызда болған. Мәселе, осы асыл қаситтердi тәуелсiз Қазақстан жағдайында жаңғыртуымыз керек. Қазақ болу ренессанстық идея, яғни жаңғыру идеясы. Әрбiр бүгiнгi күннiң жаңа қазағы өзiн дәстүрлi қазақпен, яғни ата-бабасының өлшемдерiмен өлшеп, өркениеттiң үрдiсiне iлесетiн асыл қасиеттердi алып, азаматтық санасын жаңа түсiнiк-ұғымдармен кемелдендiрiп, қазақ болып өмiр сүруi керек.

 

 

Әңгiмелескен Гүлбиғаш ОМАРОВА
«Түркістан» газеті 28 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5325