КІТАП ОҚУҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАП ОТЫРМЫЗ
– Виртуалды ашық кітапханалар әлемнің әр елінде дамып, олардың мүмкіншіліктері жыл өткен сайын артып келеді. Wikibilim қоғамдық қоры қолға алған Қазақстанның ашық кітапханасы да бірнеше жылдан бері оқырманына қалтқысыз қызмет етіп келе жатыр. Көзделген мақсат қалай орындалуда?
– Иә, әлемнің әр елінде ондаған жылдық тарихы бар, соңғы технологиялармен үндескен көптеген ашық кітапханалар жұмыс істейді. Ал kitap.kz – еліміздегі алғашқы жобалардың бірі. «Әдеби әлем», «Әдебиет порталы» сынды мақсат-мүддеміз ортақ әріптестеріміз де бар.
Сұрағыңызға жауап бермес бұрын, «Қазақстанның ашық кітапханасын құру қандай қажеттіліктен туды?» деген сауалға жауап бере кетейін. Кез келген тілдің өміршең болып, кең қолданысқа енуі – сол тілдің заман көлденең тартқан технологияларды қаншалықты игеруіне тікелей байланысты. Күн өткен сайын ақпараттық технологияларсыз адым жасай алмайтын қоғамға бет алып келеміз. Қазірдің өзінде сұлбасы енді көрініп келе жатқан ақпараттық қоғамның нышандарын байқауға болады. Ғаламторға қосылған құрылғыңыз арқылы үйде отырып-ақ білім алу, ақша аудару және анықтама алу секілді операцияларды жасайтын жағдайға жетуіміз – сөзіміздің айғағы. Өзімізге үйреншікті болып көрінген дүниелердің жаңа технологиялардың әсерінен өзгеріске түсіп, басқа кейіпке енуін қабылдау қиын болса да, біз оған қарсы тұруға қауқарсызбыз. Қарсы тұрудың қажеті де жоқ. Себебі, заман талабы солай. Кітап шығару және оны тарату ісі де бұл үрдістен шет қалмады. Батыс елдерінде қағазға басылатын кітаптарды біртіндеп электронды кітаптар алмастыра бастады. Осыдан бірер жыл бұрын интернеттен қазақша сапалы материал табу қиынның қиыны болатын. Интернетті шалғай ауылдардың барлығына тартып, Қазақстанды толық интернетпен қамтамасыз ету мәселені толыққанды шешпейді. Олай дейтініміз, контентсіз интернет – ішінде жазбасы жоқ кітап секілді. Интернетте контент жоқ деп «жылаудан» пайда жоқ екенін, өзімізге керегімізді өзіміз жасап алмасақ, басқа біреу жасап бермейтінін түсініп, Wikibilim қоры сайт жасауға кірісіп кетті. Қазақстанның ашық кітапханасы – сол талпынысымыздың нәтижесі. Біздің мақсатымыз – ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетімізге, ғылымымыз бен білімімізге қатысы бар барлық кітаптардың электронды нұсқасын жасап, оқырманға ыңғайлы үлгіде ұсыну.
Осы үш жылдың ішінде кітапханамызға 700-ден астам автордың 4000-ға жуық кітабы салынды. Әрине, қорымызда әдеби мұра мол. Балалар әдебиетінен әлем әдебиетіне дейінгі аралықты өз деңгейінде қамтыдық. Кітапханамызға жазба әдебиетімізді өркендетіп, кемеліне келтірген ХХ ғасырдың ұлы тұлғаларының туындылары тұтастай салынды деп айта аламыз. Ғылыми мұрамыздың қоры да ауыз толтырып айтарлықтай. Ізденісіміз жалғаса береді. Ауыз әдебиетінің қайнар бұлағы болған ақын-жырауларымыздың, шешендеріміздің мұрасын толықтай жинап, оқырманымызға ұсынғымыз келеді. Кітапхана қорын толтыру ісі бірнеше бағыт бойынша жүзеге асып жатыр.
Біз замандастарымызды кітап оқуға шақырып, ол үшін барлық жағдай жасап отырмыз. Күн сайын жүздеген оқырманның кітап оқып отырғанына куә боламыз. Бұл – біздің ізгі арманымыздың басы ғана. Мақсатымыз толық орындалуы үшін әлі де ерінбей еңбек ете беруіміз қажет.
– Үш жыл да аз уақыт емес. Осы аралықта «Замандастарымыз кітап оқи ма?» деген өзекті сауалға нақты жауап таба алдыңыздар ма?
– Заманауи технологиялардың артықшылығы – сайт қолданушыларының қалауын, іс-әрекетін зерделеп отыруға мүмкіндік беретін жүйелер бар. Алдағы уақытта соның негізінде оқырман белсенділігі туралы зерттеулерді ұсынуды жоспарлап жүрміз. Оқырман не оқығанды ұнатады? Қай уақытта оқиды? Қай қалада тұрады? Жас ерекшелігі қандай? Қандай кітаптарды іздейді? Бұл қызықты деректерге толы зерттеу болмақ. Бір сөзбен айтсақ, елімізде онлайн кітап оқу мәдениеті қалыптасып келеді. Кітап оқитын оқырман жетерлік. Замандастарымыз кітап оқиды! «Мына кітапты сайтқа салуды сұраймыз» немесе «Мынадай кітап неге жоқ?» деп реніш білдіріп жататын қолданушыларымыз көп. Қазақстанның ашық кітапханасына бір рет кірген оқырман оның бай мұрасына байланып қалады. Ол міндетті түрде тұрақты оқырманға айналады.
– Дұрыс екен. Қазақстанның ашық кітапханасы авторлық құқықтарды сақтай отырып, заң аясында жұмыс істейтінін білеміз. Ақын-жазушылар, ғалымдар өз кезегінде сіздердің ұсыныстарыңызды бірден қабылдап жата ма? Авторлар мен олардың ұрпақтары мұраларын қалың көпшілікке ұсынуға дайын ба?
– Біз жобаны бастаған кезде көптеген авторлар мен олардың мұрагерлері авторлық мәселесіне келгенде түсінбей, алаңдаушылық танытқаны рас. «Біздің сайтымыз тегін болады, біз кітапханамыздың жұмысы арқылы пайда табуды көздемейміз» деген уәжімізден кейін авторларымыз біздің идеямызды түсіне бастады. Себебі, барлық автор өз туындысының оқырманға жеткенін қалайды. Біз сол жазушы мен оқырманның арасын жалғаушылар ғанамыз. Жоғарыда атап өткеніміздей, жаңа ақпараттық технологиялардың әсер етпеген саласы кемде-кем. Ақпараттық технологиялардың келуімен ғалымдар адамзат өз дамуында жаңа қоғамға – сандық қоғамға аяқ басқанын айтуда. Бұл кезеңде көптеген дәстүрлі дүниелерді қайта қарастырып, жаңа кезеңнің талаптарына икемдеу қажеттігі туды. Соның бірі – авторлық құқық. Қазіргі қолданыстағы «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заң интернет жоқ кезде пайда болған. Яғни қазіргі редакциядағы заң интернеттің келуі арқылы пайда болған көптеген ерекшеліктерді ескермейді. Мұның шешімін Гарвардтың заң профессоры Лоуренс Лессиг осыдан он шақты жыл бұрын ұсынған болатын. Ол ақпараттың еркін таралуын заңды тұрғыда қамтамасыз ететін Creative Commons еркін лицензияларын ойлап тапты. Ғалымның осы еңбегін қорымыз қазақшалап, кітап етіп басып, көпшілікке ұсынғанын да айта кеткенім орынды болар. Қазірдің өзінде АҚШ президентінің ресми сайты, Википедиа, YouTube, Flickr сияқты әлемдік ресурстар Creative Commons лицензияларын қолданады. Егер сіз автор ретінде өзіңіздің шығармаңызды интернетте еркін таралғанына мүдделі болсаңыз, онда сіз Creative Commons лицензиясына жүгінуіңіз қажет. Көптеген авторларымыз өздерінің шығармаларының еркін таралғанын қалайды, сол себепті біз кітапханамызды Creative Commons лицензиясының негізінде жасауды жөн көрдік. Алғашқылардың бірі болып, бастамамызды қолдап, Алаш арыстарының ұрпақтары қайраткерлеріміздің туындыларын кітапханамызға салуға келісімін берді. Ахмет Байтұрсынұлы, Ілияс Жансүгірұлы, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабайұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхтар Әуезов бастаған ұлы тұлғаларымыздың мұрагерлері бізге үн қосты. Бұл тізімді Қасым Аманжолов, Зейін Шашкин, Жұбан Молдағалиев, Қалижан Бекхожин, Сағи Жиенбаев, Ғафу Қайырбеков, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Зейнолла Қабдолов, Сәкен Жүнісов сынды көрнекті қаламгерлеріміздің еңбектері жалғады. Әбіш Кекілбаев бастаған көзі тірі классиктеріміз де шығармаларын Қазақстанның ашық кітапханасына салуға өз рұқсатын берді. Біз жуырда Ілияс Жансүгірұлының ұрпақтарынан ризашылыққа толы хат алдық. Біртуар тұлғамыздың көпшілікке белгісіз бірнеше фотосуретін жолдапты. Бабаларының мұрасын туған тілінде әрі сапалы аудионұсқада тыңдауға мүмкіндік бергеніміз үшін алғысын білдірген екен. Мұндай мысалдар жетерлік. Біздің ісіміз оқырманның осындай ілтипатымен өлшенсе керек.
– Kitap.kz сайтына мектеп бағдарламасына кіретін бүкіл шығармалардың аудиохрестоматиясы салынған. Білуімізше, бұл – 130 автордың 1500-ден астам шығармасы. Шығармалардың үзінділері немесе белгілі бір бөлімдері емес, толық нұсқалары жазылғанын ескерсек, бұл жобаға қыруар күш жұмсалғаны білінеді. Мұндай аудиохрестоматия жасауға не түрткі болды?
– Кітапханамызды тек қана мәтінге негізделген материалдармен толтыруға болар еді. Алайда біз кітапханамыздың дүниелермен бай және алуан түрлі болғанын қалаймыз. Бұл іс талғамы күннен-күнге артып келе жатқан, қазақ тілінде сапалы ақпарат тұтынғысы келетін интернет пайдаланушыларының қажеттілігін өтеу үшін жасалып жатыр. Қазақ тілінде аудиокітап жасау идеясын мектеп бағдарламасына енген шығармалардан бастауды жөн санадық. Бұл өз кезегінде жас ұрпақты кітап оқуға ынталандырады деп сендік. Аудиохрестоматия кәсіби студияда, кәсіби дикторлардың қатысуымен 2 жылдың көлемінде жазылды. Ауқымды жобаның нәтижесі – 900 сағаттан астам аудиоматериал. Бүгінде сайтымыздан 1500 шығарманы еркін тыңдауға кез келген оқырманның мүмкіндігі бар. Аудиохрестоматия мәтін түріндегі кітапты оқуға уақыты немесе мүмкіндігі жоқ кітапсүйер қауымға арналады. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді үйренуге деген сұраныс күн санап артып келеді. Тіл үйрену процесінің маңызды бөлігі – тыңдау екенін ескерсек, онда аудиохрестоматия өздігінен тіл үйренушілерге де таптырмас құрал болып отыр. Аудиокітаптарымыз көпшілікке ұсынылғанда, тіл үйренуге ниетті замандастарымыздың қуанғанын жасыра алмаймыз.
– «Қазақ тілінің әмбебап сөздігі» де – Қазақстанның ашық кітапханасының құрамдас бөлігі болып тұр. Туған тіліміздің сөздік қорын жүйелеп, интернет арқылы көпшілікке ұсынған түсіндірме сөздік туралы кеңірек талқыласақ...
– Қазақ тілінде жарық көрген ғылыми материалдар көп. Біз сол дүниелерді заман талабына сай икемдеп, оқырманға ыңғайлы үлгіде интернет арқылы жеткізуді көздейміз. «Қазақ тілінің әмбебап сөздігі» жобасы да түрлі сөздіктерді бір жерге топтастыруды мақсат етеді. Келешекте әмбебап сөздікті салалық, тұрақты тіркестер, кәсіпке байланысты және аударма сөздіктермен толықтыру жоспарланған. Сонымен қатар, әмбебап сөздіктегі әр сөз дыбысталатын болады. Яғни әмбебап сөздіктен сөздің қалай дұрыс айтылатындығын да тыңдай алады. Осы орайда, әмбебап сөздігіміздің өзегі болып отырған «Қазақ әдеби тілінің сөздігін» әзірлеген және бізге қолдануға рұқсат берген А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтына алғысымызды айтамыз. Бұл сөздік туған тілін тереңірек танығысы келетін әр азамат үшін құнды.
– Kitap.kz биыл ішкі дизайнын, құрылымын өзгертіп, жаңаша сипатта оқырман назарына ұсынды. Оған дейін көпшілік кітапхананың ikitap.kz деген атауын білетін. Атауы да жаңарды. Бұл өзгерістер қандай мақсатта жасалды?
– Заман бір орында тұрмайды. Әсіресе, технологиялардың даму қарқыны өте жылдам жүруде. Жаңа технологияларды пайдалана отырып, кітапхана пайдаланушыларының тілек-өтініштерін ескере келе, сайтты жаңарттық. Жаңа сайтымыздың басты ерекшелігі оның ридерінде (онлайн кітап оқу бағдарламасы). Ескі ридерде мәтінді үлкейту мүмкіндігі жоқ болатын. Ал қазір ePub технологиясының негізінде мәтінді өзіңіздің қалауыңыз бойынша өзгерте аласыз. Сайттың атауына келер болсақ, жобаны бастар кезде ойымызға алғаш келген атау kitap.kz болды. Алайда, ол домен бос болмады, Дегенмен, біз kitap.kz доменін қайтсек те алуымыз керек деген оймен келіссөздер жүргізе бастадық. Нәтижесінде, kitap.kz доменінің иесімен келісімге келдік. Сайттың қолданушыларына ыңғайсыздық тудырмас үшін ikitap.kz доменін kitap.kz-пен қатар қолданып жүрміз. Сайт атауын ауыстыруға байланысты бар әңгіме осы. Оқырмандарымыз байқаған болар, сайтымыздың дизайны, ішкі құрылымы жаңарып, мүмкіншіліктері артты. Мәселен, әр автордың портретін тек біздің сайтымызға тиесілі ерекшелікпен салып жатырмыз. Өзіндік галереямызды қалыптастырудамыз. Кітап мұқабаларын сапалы жасау үшін де суретшілер тобы жұмыс істеуде. Әр мұқаба үшін жеке-дара сурет салынатынын да айта кеткеніміз жөн. Сайтымызға тіркелген пайдаланушылар өзінің «жеке кітапханасын» құрып, оған қалаған кітабын орналастыра алады. Кітап талқылауларына қатысып, өз ойын ортаға салуына мүмкіндік жасалған.
– Интернет кеңістігінде баламасы жоқ «Құнды кітап», «Ертегі тыңдайық!», «Қазақтың ақындары», «Ұлылардың үні» жобалары жайында сөз қозғасақ...
– Қазақстанның ашық кітапханасы мейлінше ауқымды аудиторияны қамтығанын қалаймыз. Қызығушылығына қарай әркім өз іздегенін біздің кітапханадан тапса деген мақсатымыз бар. Сол үшін де шығармашылық тобымыз еңбек етіп жатыр. Республикалық кітап мұражайымен бірлесе отырып, «Құнды кітап» жобасын қолға алдық. Жоба аясында ғылыми құндылығы жоғары, сирек кітаптардың фотокөшірмеcін сайтымызға орналастырудамыз. Бұл Қазақстанның тарихын түпнұсқадан оқығысы келетін ғалымдарға, оқырманға таптырмайтын ресурс болады деп сенеміз. Фотокөшірме–тарихтың тынысын, кітаптың сол кездегі «рухын» сезуге мүмкіншілік береді. Осыдан жүз жыл бұрын бабамыз қолға ұстаған кітапты парақтаудың өзі ерекше әсерге бөлейтіні анық қой.
Жеке өзім Тұрар Рысқұлов пен Санжар Асфендияровтың, Темірбек Жүргеновтің көзі тірісінде жарық көрген кітаптарымен танысқанда, ғажап күйде болдым. Сол күйді әр оқырман сезінерін білеміз.
«Қазақ ақындары» аудиожобасы белгілі ақындарымыздың өз өлеңдерін өздерінің оқуына жол ашады. Бір өлең емес, жүз өлеңді оқыту арқылы – ақынның тұтас шығармашылық жолын қамтимыз. Бүгінгі күнге дейін Темірхан Медетбек ағамыз және Жадыра Дәрібаева апамыздың жырларын ұсындық. Аудио жобамызға аға буын ақындарымыздың барлығын тартуды мақсат етіп отырмыз.
«Ұлылардың үні» жобасы арқылы белгілі ақын-жазушыларымыздың, қайраткерлеріміздің дауысын қалың көпшілікке ұсынудамыз. Қолымызда 100 тұлғаның дауысы бар. Осы орайда, қорында тұлғаларымызға қатысты аудио, видео және фотосуреттері бар азаматтар мұраларын көпшілікпен бөліссе деген тілегіміз бар.
«Ертегі тыңдайық!» жобасы аясында қазақ халқының 400 ертегісінің аудио нұсқасын көпшілікке ұсындық. Бұл жұмысты да жылға жуық жүргіздік. Ұрпағын ана тілімен сусындатуды көздейтін ата-аналар жобамызды жылы қабылдады. «Фейсбук» әлеуметтік желісінде «Ертегі тыңдайық!» жобасының сілтемесін мың жарым азаматтың бөліскенін ескерсек, заманның өзі тудырып отырған қажеттілікті дөп бастық деп айта аламыз. Сонымен қатар, сайтымыз біраздан бері аудиосұхбаттар ұйымдастыра бастады. Ғылымның әр саласының бастауларында тұрған ғалымдарымыз бен белгілі қаламгерлеріміздің келелі әңгімелерін ұсынудамыз. Бұл – оқырмандарымыз аға буынның ойлы пікірлерімен сусындаса, өзіне керегін алса деген ойымыздан туды.
– Қазақстанның ашық кітапханасын қолданатын кез келген оқырманның көкейінде жүрген мынадай сауал бар. Сайттың мобильдік құрылғыларға арналған қосымшалары жасала ма?
– Бұл бағытта да жұмыстар басталып кетті. Бүгінге дейін кітапхана аясында жұмыс істейтін «Қазақ тілінің әмбебап сөздігінің» iOS және Android операциялық жүйелеріне арналған мобильді қосымшасы жасалды. Келесі кезекте кітапхананың мүмкіндігін мобильді құрылғылар арқылы толық пайдалануға жол ашатын қосымша жасау жоспары тұр.
– Әңгімеңізге рақмет!