Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Билік 7838 0 пікір 12 Маусым, 2014 сағат 09:27

КЕНЕСАРЫ ХАННЫҢ ЖАНСЕБІЛ РУХЫ

Кенесары ханның жансебіл рухы
ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында күнбатыстағы көршіміз отты қаруымен сайын даламызға басып кіріп, қазақтың боз бетеге, сұр соқпағын мелдегінен қанға батырды. Қадым заманнан өзгенің озбырлығына көніп көрмеген асау халықтың тақымына қыл-бұрау салып қинап, басына темір бұғау кигізіп, біржолата бағындырғысы келді. Осы сын сәтте қасиетті атамекенді жаттың табанына бастырмаймын деп, Алашқа сауын айтып, қалың қол жиып, жауына қарсы тұрған, басын бәйгеге тігіп, бар ғұмырын ат үстінде өткізген нар тұлға – Қасымұлы Кенесары хан болатын.

Әсілі, Ресей империалистері отаршылдыққа қарсы бірінші сұлтан-төрелердің қарсы тұратынын сезіп, хандық билікті жойғанмен, төрелерге аға сұлтан деген статус беріп, мансапқа таластырып, бір-біріне айдап салып, бағындырып ұстағысы келген. Хандық билікті жойған М.М Сперанский: «Қазақтар шөлейтте өсетін балтамен ұрып сындыра алмайтын сексеуіл ағашы сияқты. Сексеуілді тек бір-біріне ұрып сындыруға болады. Қазақтарды да бір-біріне айдап салып, әлсіретіп барып бастарына құлдықтың қамытын кигізе аламыз» деген тұжырымға келген болатын. Бірақ, Қасым сұлтан мен оның қайсар ұлдарының арман-мұраты орыс отаршылдарының ойлағанынан жоғары тұрды. «Сексеуілді бір-біріне ұрып сындыру» ойынына оңайлықпен жем болғысы келмеді.

1822 жылғы Сібір қазақтарына жүргізілген реформаны мойындағысы келмей, жер жәннаты Көкшетауды тастап, Ресей бұғауына қарсы қоқандықтармен бірігуге Сыр бойына көшіп келді. Алайда, арыдан ойлай алмаған Қоқан билеушілері Қасым сұлтан мен оның ұлдары Саржан мен Есенгелді сұлтандардан қорқып, олардың аңдаусызда көзін жойды. Әйтсе де, Қасым сұлтанның қайсар ұлы Кенесары сұлтан әкесі мен ағаларының жоғын жоқтатқан жоқ. Аз уақыттың ішінде үш жүздің батырларының басын қосып, Ресей мен Қоқан езгісіне қарсы күресуге елді бастап шықты.

Алаш баласы Абылайдың ақ туының астында қайта басы бірігіп, Кенесары ханның соңынан еріп, жауына бүйідей тиді. Қоңыраулы найза қолға алып, қорамсаққа қол салып, дұшпанына қарсы он жыл бойы атой салды. Хан Кененің төсегінен түңіліп, халқының тәуелсіздігі жолындағы жүргізген қасиетті күресі түгел қазақтың рухын көтеріп, біртұтастандырды. Ресейдің қазақты ішкерлей отарлау үшін арқа төсіне салған Қараөткел бекінісін Кенесарының әскері тасталқан етті. Көп ұзамай үш жүздің игі жақсылары Кенесарыны ақ киізге көтеріп, хан деп жариялады. Ресей империясы Кенесары ханның көтерілісін жанши алмай, әлдәрмені құрыды. Оның әскери тактикасына Еуропаның әскери озық оқуларын бітірген орыс қолбасылары таңдай қағысты.

Кенесары хан Ресейді жалғыз өзі күресіп жеңе алмайтынын ұғынып, мұсылман көршілеріміз Қырғыз, Қоқан, Бұқар, Хиуа хандықтарын көмекке шақырды. Орта Азия хандықтары Кенесарының күшейіп кетуінен қорқып, ғазауатқа шақырған Кенесарыны бір-екі зеңбірек, бірнеше мылтық, оқдәрі беріп қолдаған секілді болды. Мұның құр әншейін алдаусырату екенін ұққан хан Кене Қытай қазақтары және Ұлы жүз бен Алатау қырғыздарын көтеріліске тарту үшін Арқадан Жетісу жеріне ойысты. Алайда, қырғыздар орыс ұлықтарының азғыруына еріп, Хан Кененің ғазауатын жақтамады. Екі арадағы қақтығыстардың бірінде Кенесары хан тұтқынға түсіп, қайран ер шарасыз, шерменде күй кешті...

Кавказда Ресейге қарсы отыз жыл бойы ымырасыз күрес жүргізген Имам Шәмілдің көтерілістен кейін Калугада айдауда жүргенінде Патшаның рұқсат беруімен Меккеге қажылыққа барғаны бізге белгілі. Осы сапарында Имам Шәміл Ыстамбұлға бірнеше күн аялдамақ болған көрінеді. Ол мінген кеме Ыстамбұлға келіп тоқтағанда, Осман императоры «Ұлы ғазауатшыны» сырнайлатып, ерекше сәнсалтанатпен күтіп алыпты. Бірақ, Шәміл кемеден түсер кезде қолын созып ілтипат жасаған Осман сұлтанына: «Отыз жыл бойы орысқа қарсы ғазауат жасағанымда созбаған қолыңды енді неге созып тұрсың?» — деп, уәж айтқан екен.

Иә, Хан Кенесарының Орта Азиядағы мұсылман билеушілеріне бұлай уәж айтуына мүмкіндігі болмады. Десе де Орынбор генерал-губернаторы Перовскийдің 1842 жылы Хан Кенесарыдан көтерілісті тоқтатуды сұрап, оны мәмілеге шақырғаны тарихшы қауымға мәлім. Осы жерде 1825 жылы Петерборда орыстың көзі ашық зиялыларының Еуропа елдерінен әлдеқайда артта қалып қойған орыс ұлтының қамы үшін керітартпа Ресей патшасына қарсы көтеріліс жасағанын есімізге түсіріп көрейікші. Оларға шен, атақ, дүние маңызды емес еді. Бұлардың бәрі декабристерде бар болатын. Оларға орыс халқының болашағы маңызды-тын. Осы қасиетті мұраттың жолында олар бастарын бәйгеге тігіп, қаза тапты. Хан Кенесарыға да Перовскиймен мәмілеге келуіне болатын еді. Бірақ, Хан Кенесары Ресейге вассал болғысы келмеді. Бодан болып өмір сүргеннен, тәуелсіз өмір сүруді артық көрді. Хан Кененің қазақ үшін жасаған жанкешті зиялылығын сөзбен айтып жеткізу қиын. Оны тек тәуелсіздіктің рухын қастерлеп, жан-дүниемізбен тебіренсек қана түсіне алмақпыз.

Түйін: Кенесары хан қан майдан, күркіреуік соғыстың нағыз қызған шағында тілеуі бөлек, яки тіреу болуға жарамаған ағайынның әлсіздігінен қапияда қаза тапты. Хан Кенеге қосшы болған батыр бабаларымыз да ақтық демі шыққанша жауының алдында тізе бүккен жоқ. Алланың алдында ақ өліммен шахид болды. Хан Кененің қайсар рухы, күрескерлік ғұмыры – азат елге айбар беретін рухани күш, намыстың желбіреген байрағы, жігеріміздің мұқалмас татаусыз қайрағы десек қателеспейміз. Өйткені, ол қара орман халқының қамы үшін жанын садақа қылған, сөйтіп ерліктің қас үлгісіне айналған ақберен алмас, нағыз алып-ерен!

Мұқан Исахан

Islam.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052