Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
46 - сөз 9633 0 пікір 30 Мамыр, 2014 сағат 14:08

Алаштың баласы аман қалар ма, жоқ па

Алаштың баласы аман қалар ма, жоқ па. Болжап болмайды. Қорқамын жалпы жұрттың қараң­ғылығынан, басшы боламын деп, тонын айналдырып киіп, жұрт тілегін өзінің соқыр тиынына айыр­бастағаннан.

Аға-іні, Алаштың азаматы, бірік, бүгінгі үй ара уақ істі таста, мына қараңғы қара бұлт Ресей ылаңынан Алаш басын қорғайтын жолға шық.

Ресей мемлекеті енді жақын арада үйірге қосылмайды. Бірліктен айрылсақ, мына орысша қаңғып кетеміз. Көш бастаған ақсақал аға, зиялы, іні, жергілікті жұрт қызметін таза атқар! Жалпы жұртқа мұрындық бол!

Заң адам пайдасына жазылады, адам – заң үшін тумайды ғой.

Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды.

Би – түзу, билік – әділ болсын!

Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана.

Жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздеу мақсат.

Қазақ сайлауы – жұртқа келген бір жұт: сайлау жылы мал бағусыз, егін салусыз, пішен шабусыз қалады.

Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса, қазақ халқы соңынан ерер еді.

Еуропада халық партия болғанда адаспас ақ жол табамыз деп, адам аспас асқар белден асамыз деп, жұрт ілгері басатын іс қыламыз деп таласады.

Француз, орыс һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді: молда үкіметтен ақша алса, сатылып кетеді. Рухани іс аяқасты болады. Жалақы алған молдалар үкіметке жетекшіл болып, еріп кетеді. Біздің қазақ-қырғыз дін ісін көркейтетін болса, үкімет ісін бөліп қойған оң болады.

Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды.

Бірліктен айрылған ел қаңғып қалады.

Әділдік жоқ жұртта береке-бірлік болмайды.

Аз адам атқа міндім деп, қасқыр болып жұртқа шапса, мұндай жұртта береке қайдан болсын?!

Қазақ жұртының шырақ алып, түзу жолға бастар жігіттері қайда?!

Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат сонда орындалады.

Бөтен кісі қазаққа ешқайдан ештеңе жақсылық әкеп бермейді.

Өз күшіне сенбеген адам да, халық та ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды.

Біреуге телмірген адамнан яки халықтан қосақ түрткен жетім лақ бақытты.

«Күн шыққанша қарау көзді соқыр қылады» деген орыстың өзгеге телмірген жұртқа шығарған мақалы бар.

Әр заманның өз рәсімі, өз салты бар. Біздің замандағы салт: әркім құқына таласу, хұқына тартысу болады. Жылау салты артта қалды.

Түрік затты халықта біздің қазақтай бір жерде тізе қосып, қалың отырған іргелі ел жоқ.

Анық түрік затты халық тілі – біздің қазақ тілі.

Ғұмыр бәйгесінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар.

Еуропа мәдениеттімін-мәдениеттімін деп мақтанғанымен, мәдениеті өнерінде ғана, ал мінезі әлі хайуандық сапарынан қайтқан жоқ.

Қазақ-ау! Оян! Мұжық көші жүріп кеткенде жұртта қалып жүрме!

Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады. Бақыт пен махаббаттан тысқары болады: бұл екеуі жоқ жұртқа тіршілік неге керек?!

Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар!

Бұл болып тұрған заман – Алаштың азаматына зор жүк. Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт-махаббат жолына түсті! Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүрер алдымызда зор шарттар бар! Осыны аңғар, жұртым қазақ!

Жастар! Жұртшылдар! Өз бетіңмен іске кіріс!

Қазақтың байырғы жерін қашан ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмеуі тиіс.

Халыққа қиянат жасаған үкіметтен, биліктен кешірім сұрамаймын.

Ұлты үшін құрбан болуға шыдағандық – ұлтшылдықтың осы күнде ең берік ережесі.

Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар әне, Германия, Жапония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін өз жұртының күшеюіне жұмсайды.

Өзіңе тілегенді біреуге де тіле, адам баласын бауыр тұт.

Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек.

Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды.

Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай; ерінбей-жалықпай, бақырмай іс бітіретін, терісі қалың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын.

Қазақтың аты орыстың атынан озса, балуанын балуаны жықса, шешені шешенін сөзден тоқтатса, мардымсып, бар қазақ сүйсініп қалады. Қазақ жеңілсе, орыс та дардияды. Ноғай мен қазақ, сарт пен ноғай егессін, олар да солай.

Қазақта қашаннан білгіштің соңынан ергіштік береке бар.

Адам сүю, күю, азап шегу үшін жаралады екен.

Ана тілі… жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына.

Ана тілін жақсылап меңгеріп алмай тұрып өзге пәндерді түсіну мүмкін емес.

Ана тілі – халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін мәңгі құламайтын бәйтерегі.

Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнде көрген өнеге.

Қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын.

Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғам. Оны үзе алмаймын. Үзу қолымнан да келмейді.

Қазақы тәрбие алмаған, қазақша сөйлеп, қазақша ойлай алмайтын қазақтардың өзін жоғары билікке жақындатуға болмайды.

Тіршілікте адам баласы нелер күйге түспек: бейнет шекпек, рахат таппақ, өкінбек, үміт етпек, адаспақ, түзелмек, талай ажалға басын байламақ, талай соққы да жемек…

Ізденсе, талаптанса, қолдан жасалмайтын шарт жоқ. Құнттамаған, ізденбеген, соңына түспеген адамның жұмысы ешуақытта берекелі болмақ емес.

Адамда аз да болса бір үміт, бір таяныш болу керек. Ондай таяныш болмаса, тіршілік етіп не керек.

Ерлік, қайрат үнемі ірі жұмыста көріне бермей, күндегі уақ-түйек жұмыста да көріну керек.

"Алматы ақшамы" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963