ДАНИЯЛҒА ДАТ!
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметовке!
Құрметті Даниял!
Әкімдер ауысқанда, әбден саясаттанған жұрт құлағын билік жаққа тіге қалады. Кеткен әкімді жамандап, келген әкімді мақтайтын әдетіміз тағы бар. Айналаңда «жаңа әкімнің көзіне қалай түсеміз?» деген жағымпаздықтың жарысы ендігі басталып та кеткен шығар. Бұл сөзді билік жүйесінде көп жылдар істеген өз тәжірибемнен айтып отырмын.
Ендігі сөз – жағымпаздық емес, көкіректе көп жылдар қордаланған ұсыныстар. Шаруашылықтың жайын өзіңнен артық білетін ешкім болмас, (мақтап жібердім ғой деймін), менікі рухани дүние жайында. Бердібек Сапарбаевтың шенеуніктік ерлігі сол – алдымен Өскеменнің төріне, Орталық Алаңдағы обылыстық әкімшілік ғимыратының алдына ұлы Абайдың ескерткішін қасқайтып қойғандығы! Осылай Өр Алтайға Абай рухы, қазақ рухы келген еді. Ал, Өскеменнің биігінен бүкіл алапқа көз салған Қаракерей Қабанбай ескерткіші – Алтай, Көне Түрік елінің алтын бесігі - соның тыныштығын күзеткен ел шетіндегі қаһарманы!
Биыл қазақ мемлекеттігіне – 550 жыл.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» жолдауында Мәңгілік Елдің жеті құндылығы жеке-жеке аталып, нақты көрсетілген. Сонымен қатар Ұлытаудағы Ұлы Сөзінде Сақтар мен Ғұндарды былай қойғанда «Көне Түрік қағандығы – біздің түп-тамыр, әуелгі ұлы мемлекетіміз. Алтын Орда – одан соңғы бабаларымыз орнатқан даңқты ұлысымыз. Көк Орда – қазақ жұртының этникалық бірлігіне жол ашып, мемлекеттік жүйесін қалыптастырған кезең десек, Қазақ Ордасы – біздің өз атауымызбен аталған, халқымызды этнос ретінде біржола орнықтырған құрылым болды» деген болатын.
Біз тәуелсіздіктің табалдырығын ұлттық идеясыз аттаған елміз. Ұлттық идеяға билік араласып, басшылық жасамай, оның тамырына қан жүгірмейтінін бүгін сезіп те, көріп те отырмыз.
Қазір өзің басқарып отырған обылыстың барлық аудан, қалаларында «Қазақ Хандығына – 550 жыл» деп аталатын мәдени іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүзеге аса бастағаны туралы обылыс көлеміндегі баспасөз әңгімелерін бастап та кеткен. Бұл үлкен жақсылық, олардың солай өтетініне жұрт сенімді.
Мемлекеттігіміздің 550 жылдығын облыс көлемінде атап өтудің шырқау шыңы Өскеменде – тамыз айы болса керек. Осы кезеңге облыс әкімінің спартакиядасын жоспарлаған дұрыс болар еді. Барлық аудан, қалалар бұл шараға ерте бастан «барын киіп, бақанын қолға алып» дегендей, спорты мен мәдениетін дамытып, қиіз үйлерін жаңғыртып, жасартып, салтанат-сәнімен келгені дұрыс. Олардың өз бағдарламалары болса.
Қазақ үйлер қаласы дәстүрлі «Винное» ауданында болатын шығар, ол қалашықтың өз алдына сценарийі, постановкасы болуы керек, режиссерлығына Ғибрат Азубаев лайық деп ойлаймын.
Ал Өскеменнің Орталық стадионында өткізілетін салтанат – 550 жылдықтың кульминациясы болуы керек! Бұны өткізудің сценарийіне бүгіннен бастап конкурс жариялау қажет дүние. Ауыз өзімдікі болған соң айтайын, бұрын да солай болған, бұл шараның, және Өскемен қаласында 550 жылдыққа байланысты өткізілетін барлық мәдени шаралардың бас режиссері Семейдегі Достоевский атындағы театрдың директоры Горельников Мар-Яков болуы керек деп ойлаймын.
Енді осы шараларға дейін өткізілуге тиіс деп ойлаған аса маңызды шаралар туралы айтсам деймін.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытаудағы Ұлы Сөзінде «Көне Түрік Қағандығы – біздің түп-тамыр, әуелгі ұлы мемлекетіміз» десе, оның бұрынғы-бүгінгі орталығы – Алтай, ал, Өскемен оның астана-байтағы!
Осыған байланысты мәслихат депутаттарымен кеңейтілген түсінік жұмыстарын жүргізе отырып, Өскемен қаласының мектептері мен көшелеріне Көне Түрік көксілдерінің есімдерін көптеп беру керек деп ойлаймын. Мен бәрін тізбей, кейбіреулерін ғана атап өтейін: Тарғытай, Ишпақай, Партатура, Анақарыс, Тұмар, Зарина, Иданбарс, Ескіл, Саймақ, Тұман, Мөде, Елжау би, Баутиян, Мойыншор, Таңшықай, Ашина – Көкбөрі, Баламер, Еділ (Аттила), Адакер (Одоакр), Естеми, Қара Шора, Баян, Алып Елтебер, Құтылық- Елтеріс, Алып Ер Тұнға, Білге Тоныкөк, Күлтегін, Білге қаған, Оттегін, Сұлушор, Құлашор, Елуй Дашы,Таян хан, Күшілік хан, Тұғырыл хан, Бунақ (Боняк), Құншақ, Қыран Қадыр – Бұқа хан, Терке хатун, Алып Терек – Қайыр хан, Юрий Құншақ, Қотан, Кетбұқа, Бейбарыс т.т.
Бұлар туралы бүгінде тарихи мәліметтер мен ғылыми дәйектемелер жетіп артылады. Бұл – қазақ мемлекеттігінің 550 жылдығын атап өтудегі ең маңызды, ең басты шаралар болса керек. Осындай жағдайда Түрік Көксілдері есімімен аталған мектептер олардың өмір сүрген заманының тарихымен айналысып, шағын музейлер ұйымдастытар еді. Ең бастысы – ұрпақ өз тарихын білуге бет алады. Ал, Өскемен – Көк Түріктің рухы жебеген қалаға айналар еді!
Бұл мәселеге «Скифтер – біздің де ата-бабаларымыз!», - деп жармасып жүрген славян тілділердің маслихаттағы ұрпақтары да қарсы бола қоймас!
Егер мені қабылдауыңа шақырсаң, Алтайдағы «Отыкен», «Ергене Көң», «Көк Түріктердің жаңа жылы» туралы ғылым-білімнен жиған-тергендерімді де ортаға салар едім. Мына хатта ол ұзақ әңгіме болып кететін түрі бар. Бұны бір деп қойыңыз.
Екінші мәселе – Қазақ Мемлекеттігінің 550 жылдығына арналған стелла - монумент туралы.
1968 жылы Семейде оның 250 жылдығына арналған монумент орнатылып, ол күні-бүгінге дейін асқақтап тұр! Бұл біздің құлдық қамытты мойнымызға кигендігіміздің белгісі еді. Семей шаһарына кіретін төрт бағыттың төртеуінде де осы «1718 жыл!» деген қасырет таңбасы айқұлақтанып, жалауын желбіретіп тұр. Енді оның 300 жылдығын тойлайық деушілердің қозғалысы басталды.
Сол сияқты Өскемен қаласының ортасындағы Киров көшесінде «Декоративная скульптура, посвященная основателям Усть-Каменогорской крепости» деп аталатын, 1998 жылы орнатылған Раппопорттың жаулаушы жаһангерлерге арнаған ескерткіші тұр. Советтік заманда салынбаған ескерткіштің Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін орнатылғанын қайтерсің! Бассыз үйдің иті - осырақ. Иә, ұлттық идеологиясы жоқ мемлекетте сепаратизмнің ауық-ауық бас көтеруі заңды құбылыс болса керек. Расында да ол тұста бүгінгі «Мәңгілік Ел» идеясы қиялда да жоқ, шығыстағы сеператизммен күрестің бірден-бір жолы -- Семей облысын Шығыс Қазақстан облысына қосу болатын. Бүгінде көзіміз жетіп отырғандай, бұл үлкен шара өзін- өзі ақтаған, бірден-бір дұрыс, сол кездегі ең үлкен саяси шаралардың бірегейі болғанын өмір өзі көрсетіп отыр.
Сондықтан «Қазақ Хандығының 550 жылдығына» арнап орнатылатын монумент-ескерткіш үлкен кешен түрінде, қазақ-түрік халқының арғы-бергідегі тарихын толық қамтитындай қаланың ортасында болу керек деп ойлаймын.
Әрине, бұл үлкен шаруа, бірақ бүгінгі Өскеменнің қуат-күші жетіп-артылатыны анық! Және оған көп кешіктірілмей қаражаты есептелініп, конкурс жарияланса екен деп ойлаймын.
Экономикада бірде – ары, бірде – бері болып жататын жағдайлардың басы-қасында өзің де көптен бері жүріп келесің.
Ал, рухани дүние – басқа әлем! Ондағы шенеуніктің ерлігі – ерекше құбылыс! Иманғали Тасмағамбетов «Үлкен Күлтегін ескерткішін» Қазақстанға әкелуімен қазақ халқының рухани әлемінен мәңгі орын алды деп есептеуге болады.
Қазақта «атқа міндің – ажалға міндің!» деген сөз бар. Бұл ел тізгінін қолына алған Ерге қаратып айтылған сөз. Әкім болған екенсің – тас шайна! Даниял, өзіңе де осындай рухани ерлік жасаудың кезеңі келіп тұр деп ойлаймын (Қайраудай-ақ қайрадым-ау деймін)!
Енді өзіңе құлаққағыс ретінде тағы екі мәселе туралы айта кетпекпін.
Тарихқа Қимақ-Қыпшақ қағанатынан бастап белгілі (840 жыл) ежелгі Семей қаласы ХХ ғасыр басында Алашорда Үкіметінің астанасы болғаны белгілі. 2008 жылы Қазақстан Үкіметі Алаш қозғалысы және Алашорда Автономиясының 90 жылдығына байланысты Семей қаласында Алашқа арналған Ескерткіш-кешен салу жөнінде қаулы қабылдаған болатын. Осы қаулы күні бүгінге дейін орындалған жоқ!
Осыдан бұрын, қай кезде, қандай дәрежеде көтерілгенін білмеймін, Семей қаласында Алаш қозғалысына арналған музей ашу мәселесі де қозғалған болатын. Бұл мәселе де әлі ашық күйінде жатыр!
Хатымды аяқтаймын.
Еңбегіңе табыс тілеп: Құсмілия НҰРҚАСЫМ.
Абай.kz