Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәселенің мәні 7303 0 пікір 15 Қаңтар, 2015 сағат 01:30

Ерлан САЙЫРОВ. ҚАЗАҚСТАННЫҢ «ГОЛЛАНД АУРУЫ»

«Голланд ауруы» деген ұғым бар. Мемлекеттің шикізаттан түсетін қаржыға тәуелділігін, жаңашылдық дамудан кенжелеп қалғанын білдіреді. Бұл – шикізаттан түсетін қаржыны қанағат тұтып, қоғамның дамуын тығырыққа тірейтін қауіпті дерт. Яғни, оңай «олжамен» зейнетақы секілді әлеуметтік төлемдерді, бюджеттегі «жыртықтарды» жамай отырып, билік те, қоғам да «жатыпішерлікке» үйреніп алады. Меніңше, біздің ел сондай халге түскен секілді. «Мемлекетіміз қарыштап дамып келеді, енді әлемдегі үздік 30-дың қатарына енеміз» деп дәмеленіп отырғанда, мұнайдың бағасы күрт құлдырады да, абыр-сабыр болдық та қалдық.

Нарық қатынастарына енген 25 жылдың ішінде бізде экономиканы, мемлекеттің дамуын алға сүйрейтін бірде-бір жаңашыл ой, идея тумапты. Банк жүйесі, 2008 жылғы дағдарыстан кейін, мемлекеттің, нақтырақ айтсақ, болашақ ұрпаққа тиесілі Ұлттық қордың «сүтін» еміп жатыр. Жағдайлары жаман болмаса керек, енді сол сүттің біздің немере-шөберелерімізге тиесілі бөлігіне ауыз салыпты. Бизнес өкілдері де «мемлекет осы қордан қаржыны қашан бөледі?» деп телміріп отырғаны.

Ал өмірді өз күшімен, өз еңбегімен, өз ойымен өзгертуге, жақсартуға қабілетті, халықаралық деңгейде көрсете білетін бірде-бір өніміміз жоқ.

«Қазақтың Стив Джобсы, Билл Гейтсі, Марк Цукербергі кім?» деген сұрақ қойылса, жұмған ауызды ашу мүмкін емес.

Біз мұнайдың бағасына сеніп алғанымыз сонша, бүкіл жастардың да, жасамыстың да әңгімесі осы тақырып болып кетті. Кезінде Әңгүдік деген персонаж болған, өзінше ойлауға, қимыл жасауға қабілетсіз, біреудің айтуымен жүреді. Біз мұнайдың «айтуымен» жүретін сондай кейіпкерге айналдық. Халықтың, қазақтың тоқмейілсіп кеткені соншама, ұлттың ішінде өз қандастарына деген «шовинизм» пайда болды. Қытайдан, Моңғолиядан, Өзбекстаннан келген қазақтарға жоғарыдан, менсінбей қарауға әдеттеніп барамыз. Енді сол біз менсінбей жүрген қандастарымыздың заманы жақындап келеді. Олар мұнайсыз өмір сүріп үйренген, жұмыс істей алады, өнім шығарады. Ертең соларға телміріп отырып, ұятқа калмасақ болғаны.

Ә.Исекешов мырза басқаратын «Үдемелі инновациялық-индустриялық даму» бағдарламасының тағдыры да тәлкекке айналып тұр. Үдемелі деген аты болмаса, затының үдеп тұрғаны шамалы. Бұл бағдарламаға жыл сайын қаржы құйылып жатыр, ал нақты дайын өнім шығару, керісінше, азайып барады. Теледидардағы зауыттар мен фабрикалар елес сияқты, нақты есепке келгенде көзден ғайып болып кетеді. Біздің экспорттың 81,9 пайызы –  шикізат. Сонымен бірге импорт (тауарды шеттен әкелу) экспорттан (тауарды шетке шығару) жылдан-жылға басым түсіп жатыр.

«Қазақстан – аграрлы ел, біз – ет өндірушіміз» дейміз. Кеше ғана белгілі болғандай, Қазақстанның етті импорттауы, яғни, ішке кірзігуі экспорттан, яғни, шетке шығарудан 16 есе көп екен! Үлкен мейрамханалар, кафелер, ет өндіруші комбинаттар тек қана шеттен келген етті алады. Біздің базардағы отандық етті көріп, ауыз толтырып жүргеніміз – алдамшы нәрсе. 2013 жылы елімізге 7,9 мың тонна ет енгізілген, оның құны 15,1 млн доллар болған! Қазақ етті АҚШ-тан, Польшадан, Парагвайдан, Австралиядан, Австриядан, Аргентинадан... және тағы басқа 10 елден сатып алады!

Ірімшік мәселесі де ет уайымынан ары болмаса, бері емес.

Осы қарапайым мысалдың өзі нені көрсетеді? Негізінде, шикізатты шетке шығарып, бюджетті қаржыға толтырдық деп ойлап, біз өсу мен дамудың ара-жігін шатастырып алдық. Экономиканың өсуі – оны дамуының аксиомасы емес. Сандық өсім, елге келген қаржымен қосыла отырып, капиталға айналуы қажет. Яғни, сол қаржыға қызмет көрсету саласын дамытуға күш салып, нақты өнім шығаратын, жаңашылдыққа қабілетті өндіріс орындары бой көтеруі тиіс. Сонда ғана даму пайда болады. Бұл – экономиканың бұлжымас заңы.     

Ол үшін елімізде оңтайлы «стартап» жүйесін қалыптастыру қажет. Мемлекет, қоғам деңгейінде бұл мәселеге көңіл аударып отырған ешкім жоқ. Бәріміз де бюджеттен түсетін қаржыны «үдемелі» түрде игеріп, соның жемісін көруге дағдыланып алған тәріздіміз. Рационализаторлық жаңалықтар, ғылыми жетістіктер жоқтың қасы.

Сондықтан Ә.Исекешов мырза басқаратын «Үдемелі жаңашылдық-индустриалдық бағдарламасына» мынадай өзгертулер енгізу қажет:

  1. Бағдарламаға жоба ұсынылған кезде жаңа өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс.
  2. Рационализаторлық ойлап табу жобаларын іс жүзіне асырудың тетіктері қарастырылғаны жөн.
  3. Инновация жасайтын, Кремний даласы тәрізді, орталық ашу идеясын мемлекет, қоғам деңгейінде талқыға салу қажет.
  4. Елімізде рационализаторлық идеялардың банкін ұйымдастыру – кезек күттірмейтін мәселе.

Абай.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394