Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Қоғам 79568 1 пікір 31 Желтоқсан, 2014 сағат 11:29

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ - МЕМЛЕКЕТІ ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛҒАН?

 

Ұлтжанды азамат, қазақтың  белгілі жазушысы  Мұхтар Мағауин ағамыз: «Еңсемізді қайта көтеру үшін, рухани жаңғырып, санадағы жарақат жазылу үшін әлі де бірталай еңбектенуге тура келеді»1 - дегенде осы бабалар тарихындағы бұрында әр түрлі құйтырқы саясатқа негізделіп, ұрпақтан әдейі жасырылып, айтылмай, жазылмай жазылса шынайы тарих бұрмаланып берілген оқиғалар бүгінде қалпына келтірілуі тиіс екендігі туралы  айтқан болар.

Өткен тарихымыздың қалпына келтірілуі бүгінгі таңда әлемдік халықаралық қауымдастықтағы ҚАЗАҚ елінің беделінің одан сайын артуына ықпал етіп,  мемлекеттілігінің бастауы кейбіреулер айтып жүргендей  кеше ғана құрылмаған бірнеше ғасырларға созылған тарих екендігін, оны мекендеген  қазақтар байырғы халықтар қатарына жататындығын айғақтайды. Мемлекетіміздің құрылуын бұлай ерекшелеп атап өту, қазақтар осы өңірдің АБОРИГЕНДЕРІ – белгілі бір елдің немесе жердің байырғы тұрғыны екендігін жоққа шығаратындардың күмәндарын  сейілтетіні сөзсіз.  Бұлардың жаңа қоныстанғандардан айырмасы – аборигендер өз жерін атам заманынан бері мекендеп келетіндігі. 

  Шыңғысхан ұрпақтары үстемдік еткен Алтын Орда, Ақ Орда, Шағатай хандықтарының ыдырауына байланысты, Дешті Қыпшақ даласы мен Орталық Азия өңірінде пайда болған ұсақ хандықтардың және осы хандықтардың  тағына таласқан хандар мен сұлтандар басқарған түрліше феодалдық топтардың тынымсыз өзара соғыстарынан қанжілік болған халық бұқарасы бұл қырқыстарды тиятын, аласапыранды тоқтататын бір тұтас  мемлекетті  арман етті. Бұл  сол кездегі өз алдына бейбіт өмір  сүруді аңсаған қазақ халқының көкейтесті тілегі еді.

            Осы Орталық Азияда, Дешті Қыпшақта, соның ішінде оның шығыс еуропалық бөлігінде, Еділ бойында, Батыс Сібірде, Шығыс Түркістанда шаруашылық-әлеуметтік, саяси, мәдени-тарихи даму деңгейі де әртүрлі болды. Бұл өңірлерді біріктірген моңғол ұлыстарының экономикалық жағдайының тұрақтылығы да берік болмады. Әртектес этникалық тайпалар мекендеген олар уақыт өте келе тарихи жағынан байланысты, шаруашылық және этникалық негізі бар саяси құрылымдарға бөлшектеніп кетті. Бұл бөлшектенуге қоғамдық қатынастар дамуындағы белгілі бір өзгерістер, этникалық процесстердегі топтасушылық  факторлар ықпал етті.

 Қазақ хандығының құрылу қарсаңында (XIV-XV ғасырларда) Қазақ тайпалары  Сібірден Сыр бойына, Ертістен Жайық жағасына  дейінгі жалпақ өңірге жайылып қоныстанған болатын. Осы дәуірді баяндайтын орта ғасырлық тарихшылардың  шығармаларында  қазақ даласының негізгі тұрғындары ретінде қыпшақ, қаңлы, қарлұқ, үйсін, найман, керей, қоңырат, маңғыт тағы басқа тайпалар аталады. Бұлар қазақ даласының ежелгі тұрғындары, сондай ақ бұдан бұрын  осы өңірлерде  құрылған Ақ Орда, Моғолстан, тағы басқа  хандықтардың халқын құраған этникалық топтар еді. Бұл тайпалар ішінде қыпшақтардың  орны өзгеше болды, XIII ғасырдың деректерінде Алтын Орда хандары  «Қыпшақ патшалары»2  деп аталды. Қыпшақтар XIV ғасырда  Орда Ежен  мен  Шайбани ұлыстарын мекендеген Ақ Орда халқының, ал кейіннен Әбілхайыр хандығы  халқының да  едәуір бөлігін құрады.3

Батыс Сібір тайпаларымен  көрші болып, оларға елеулі  ықпал еткен қазақ  тайпаларының негізгі  ұйытқысы қыпшақтар еді. Ертіс өңірінің  Торғай, Есіл далаларының  қыпшақтары: құлан қыпшақ, қытай қыпшақ, сағал қыпшақ, торайғыр қыпшақ және мажар (мадияр) қыпшақ бірлестіктеріне бөлінді.

Тобылдың төменгі бойынан Ұлытау мен Сырдарияға  дейінгі территорияда басқа тайпалардың едәуір бөлігі олардың ішінде наймандар, керейлер, меркіттер мен  оңғыттар  қоныс тепті.4  

XV ғасырда Ақ Орда орнына құрылған  Әбілхайыр хандығының  (1428‒1468) халқы  арасында  қарлұқ, қоңырат, үйсін, найман, өкіреш найман, қият, маңғыт, шынбай, итжан, тапғұт, дұрман, тұбай, таймас, күшті, отаршы, шап, қытай, барақ, ұйғыр, күрлеуіт, ишкі, ишкі-маңғыт, тұман т.б. тайпалардың  болғандығы мәлім.5

            Ноғай  ордасының құрамында  маңғыт, найман, арғын, қоңырат, қаңлы, алшын, қыпшақ, кенгрес, қарлық, алаш, тама т.б. тайпалар болды.6  Моғолстанға қарсты Жетісу тайпалары: дулат, қаңлы, (бекчик) қарлық, керей, арғынот, күрлеуіт, күшші, барлас, шорас, көңші, қалушы, бұлғаш т.б. еді.7

 Қазақ хандығының  құрылуы қарсаңында, әрбір қазақ тайпасының өріс-қоныстары  ұлан-байтақ территорияны алып жатты:

Наймандар XV-XIV ғасырларда  Ұлытаудан  Есілге дейінгі  аудандардың  көпшілігін  қоныстанды.

Қоңырат  XV-XIV  ғасырларда  Түркістан мен Қаратау аудандарын мекен етті.

            Арғындар   XV-XIV-ғасырларда  Ертістен  батысқа  қарай   орталық   Қазақстанды, ішінара  Сырдарияны  және  батыс  Жетісуды   мекендеді.8

            Керейлер   XV-XIV-ғасырларда Жетісуда  және  Тарбағатайда, сондай-ақ  Ертіс  бойында,  Зайсан  көлінен  Ом  және  Тобыл  өзендеріне   дейінгі  өңірде  өмір  сүрді.9

            Дулаттар   XV-XIV ғасырларда     Іле, Шу, Талас өзендерінің  алқаптарында,  Ыстықкөлден  оңтүстікке  қарай,  сондай-ақ  оңтүстік  Қазақстанда  «Отырар  жасыл    алқабын» мекендеді.10

            Қаңлылар  Қаратау  баурайы, орта  Сырдария  және  батыс  Жетісудағы  өзендерінің   ежелгі  мекенінде  болды.11

 Үйсіндер өздерінің  байырғы  заманнан  бергі  мекені  Жетісу  өңірін  қоныстанды. Тарихи  деректердің   айтуынша, Әбілхайыр  хандығында  да  үйсіндер  болған.12

            «Тарих-и-Рашиди»  мен  «Раузат  ас-сафаның»  дерегіне   қарағанда, XV-XIV -ғасырларда  Іленің  сол  жағасында  және  Янги  (Тараз)  ауданында  керейттер   (керейлер),   Шу   өзенінің   оң   жағасында  арғындар   мекендеген. 13

Жалайырлар   Қаратау  баурайын,  орта  Сырдария өңірі  мен   Жетісуді  қоныстанған.14

«XV ғасырдың ақыры мен XVI ғасырдың алғашқы он жылдығында қазақ халқын құрайтын негізгі этникалық топтардың мемлекеттік бірлестігі халықтың бірігу барысын жеделдете түсті. Әбілқайыр мен Ақ Орда хандықтарына қарағанда Қазақ хандығының ерекшелігі-оның анағұрлым кең де берік этникалық негізі-қалыптасқан қазақ халқы болды»15. Қазақ хандығының құрылуы  қарсаңындағы  осы өңірдегі этникалық  жағдайдың жоғарыда аталғандай  орналасуы  Қазақ хандығының құрылуына өз ықпалын тигізді. Ал  Қазақ  хандығының құрылуы осы ұлан-байтақ өңірді қоныстанған  қазақ тайпаларының  және қазақтың этникалық территориясын  біріктірді. Қазақтың өз алдына халық болып қалыптасу барысы біржолата аяқталды.

 

1428 жылы Ақ Орданың ақырғы ханы  Барақ ішкі  феодалдық қырқыста  қаза болған соң, Ақ Орда мемлекеті ыдырап,  ұсақ феодалдық иеліктерге бөлінгенде  өзара қырқыс үдей түсті. Бұрынғы Ақ Орданың орнына Әбілхайыр хандығы мен Ноғай  Ордасы құрылды. Шайбани тұқымынан шыққан  Әбілхайыр хан  бұрын Орда Ежен билеген Ақ Орда территориясы – шығыс  Дешті Қыпшаққа 40 жыл (1428-1468) үстемдік етті. Әбілқайыр хан құрған бұл мемлекет "Көшпелі өзбектер мемлекеті" деп те аталды. Әбілқайыр (1412-1468 жж) Жошының бесінші баласы Шайбаннан тарайды. Мемлекеттің территориясы XV ғасырдың орта шенінде Сырдариядан Сібір хандығына дейінгі ұлан-байтақ жерді алып жатты.  Әбілқайыр жөнінде Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің "Тарих-и-Рашиди" атты шығармасында: "Әбілқайыр хан бүкіл Дешті-Қыпшақты билеп, төстеді. Жошы ұрпақтарының кейбір сұлтандары Әбілқайырдан арамдық әрекеттер мен соғыс құмарлығының  иісі аңқып тұрғанын біліп, мұны болғызбауға талпынды»16 деп жазады.

XV ғасырдың  ортасында Әбілхайыр хандығындағы толассыз болған қан төгіс соғыстар мен ішкі феодалдық қырқыстар барған сайын үдеп, феодалдық езгі мен қанау халық бұқарасын ауыр күйзеліске түсірді.

Аласапыран соғыстар мен феодалдық  бытыранқылық салдарынан Дешті Қыпшақ даласында бұрыннан  қалыптасқан  мал жайылымын  пайдаланудың  дағдылы көшіп қону  тәртіптері бұзылды, көшпенді  тайпалар  мезгілінде жайлау-қыстауларына  бара алмайтын болды. Бұл көшпенді мал шаруашылығына  ауыр зардабын тигізді. Осындай ауыр тауқымет тартқан халық бейбіт өмірді, Әбілхайырдың әділетсіз үстемдігінен  құтылып, өз алдына тіршілік етуді арман етті. Ақ Орданың ақырғы ханы  Ұрыс (Орыс) ханның ұрпақтары  Керей мен  Жәнібек бұл жағдайды  өз мақсаттары үшін пайдаланды да, Әбілхайыр ханның  қанаушылығына қарсы  күрескен, болашақта қазақ деп аталған жұртты құраған тайпаларға басшылық жасады. Осы қазақ атанған қалың тайпаларды  бастап батыс  Жетісуға қоныс аударды. Ол кезде 1434-1462 жылдары Жетісуды  билеген Моғолстан ханы  Есенбұға  бұл қазақтарды Әбілхайырға  қарсы пайдалану  үшін қарсы алып, қоныс берді. Бұлар батыс Жетісуды мекен ете отырып, қазақ хандығын құрды. Тарихшы  Мұхаммед  Хайдар Дулати «Тарихи-и-Рашиди» атты еңбегінде: «Ол кезде Дешті Қыпшақты  Әбілхайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде  Керей мен Жәнібек Моғолстанға көшіп кетті. Есенбұға хан оларды қарсы алып, Моғолстанның  батыс  шегіндегі  Шу мен Қозыбас аймақтарын берді. Ол көшіп келген өзбектерді «қазақтар» деп атады. Қазақ сұлтандары 870 жылдары (1465-1466) билей бастады...» деген мәлімет қалтырған.17

            1456 жылы  Керей  мен  Жәнібек  сұлтандар, Әбілхайыр хан үстемдігіне  қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап шығыс Дешті Қыпшақтан батыс Жетісу жеріне  қоныс аударуы  қазақ хандығының құрылуына  мұрындық болған маңызды тарихи  оқиға болатын. Ал қазақ  хандығының    құрылуы  қазақ  халқының   тарихындағы  төтенше  маңызды  оқиға болды. Ол ұлан-байтақ өңірді мекендеген   түрік тектес тайпалардың басын қосып  шоғырландыруда, қазақтың  этникалық территориясын біріктіруге, қазақтың  байырғы заманнан  басталған  өз алдына жеке ел болып  бір жолата қалыптасуында  аса маңызды және түбегейлі шешуші рөл атқарды.

 Орта ғасырлық атақты тарихшы Мұхамед-Хайдар Дулатидың куәландыруы бойынша, бұл оқиға 1456 жылы болған. Осы 1456 жыл, жаратылысынан еркіндік аңсаған қазақ жұртын бастаған Керей мен Жәнібектің жаңа бір ұлыстың дербестігін жариялаған  ерекше оқиға – қазақ деген атауды иемденген халқымыздың тарихындағы маңызды құбылыс,   жаңғырған қазақ этносынан тұратын мемлекеттің  дүниеге келген мезгіл  болды.

        «Кейінгі зерттеушілер 1465 жылды, тіпті, бұдан соңғы кезеңдерді атап жатады. Бұл тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ Ордасының ту көтеріп, ірге бекітуі тек Әбілқайыр кенеттен қайтыс болған соң ғана жүзеге асқан сияқты. Осыған дейінгі ұзақ он екі жыл тепе-тең күрес үстінде өткені есепке алынбайды. 1465-1470 жылдар – хандықтың құрылған емес, нығайған уақыты, халықтың өз тәуелсіздігін емес, көрші жұрттарға біржола танылған мезгілі. Түптеп келгенде мұның бәрі қазақ тарихының бастауын мүмкін болғанынша кейіндету талабының бір көрінісі ғана»18 - деген Мағауиннің тұжырымы   сол кездегі тарихи оқиғаларды зерттеген өзге де тарихшы-ғалымдардың пікірлерімен үндес. 

Алғашында  қазақ хандығының территориясы  батыс Жетісу жері, Шу өзені мен Талас өзенінің алқабы еді. Міне нақ осы территорияға деректемелерде тұңғыш рет  «Қазақтар» деген атау қолданылған (Уасифи, 16-ғасыр),19 ежелден осы алқапты  мекендеген қазақтың  ұлы жүз тайпалары  Дешті Қыпшақтан қоныс аударған қазақ тайпаларымен етене араласып кетті. Әбілхайыр хандығындағы аласапыран   соғыс салдарынан қанжілік болған қазақ халқы бұл араға келіп ес жиып, етек жауып, экономикалық тұрмысы түзеле бастады. Мұны көрген Дешті Қыпшақ көшпенділері Әбілхайыр хан қол астынан шығып, бөгеуі бұзылған судай ағылып Қазақ хандығына  келіп жатты. XV ғасырдың 50 жылдарының ортасынан 70  жылдарының басына дейін Әбілхайыр ханның қарамағынан батыс Жетісуға 200 мың адам көшіп барды.20  

1462 жылы Моғолстан ханы Есенбұға қайтыс болған соң, бұл мемлекетте ішкі феодалдық қырқыс күшейіп, өкіметсіздік жағдайдың өріс алуы, Амасанжы Тайшы бастаған ойрат жоңғарларының жасаған шабуылы салдарынан Моғолстан мемлекетінің шаңырағы шайқалған кезде Жетісуды мекендеген қазақ тайпаларының Қазақ хандығына келіп қосылуы үдей түсті. Бұлар жаңадан құрылған Қазақ хандығының үкімет билігін нығайтып, оның беделі мен әскери-саяси күш-қуатын арттыра түсті.

 Жазушы-ғалым Мұхтар Мағауиннің осы ретте: «Көне Түрік қағандығы–біздің түп тамыр, әуелгі ұлы мемлекетіміз, Алтын Орда – одан соңғы бабаларымыз орнатқан даңқты ұлысымыз, Көк Орда – қазақ жұртының этникалық бірлігіне жол ашып, мемлекеттік жүйесін қалыптастырған кезең десек, Қазақ Ордасы біздің өз атауымызбен аталған, халқымызды этнос ретінде біржола орнықтырған құрылым болды»21-деп берген бағасы ғылыми негізделген  тұжырым болып табылады. Қазақ  хандығының құрылуы ежелгі түрік тайпаларының бір бөлігін ата мекенге ұлыс етіп ұйыстырумен қатар, олардың  біртұтас халық-ұлт  ретінде сақталуына мүмкіндік жасады. Бұл кезде өткендегі  Алтын Орда  қарамағындағы  басқа түрік тектес тайпалар  қырылып-жойылып    жатқанда, қазақ туын көтерген қауым өзінің елдігін сақтады, ұлан-байтақ жерін ұрпағына мирас етіп қалдырды.

Бүгінгі және келешек ұрпақ үшін өткен заманымыздың қай кезеңіндегі тарихымыз болмасын қымбат, сұрапыл-сағаттарда ту ұстаған бабаларымыздың барлығы да  ардақты.   Бұрыңғы-соңғы тарихта орны ерекше   тұлғалар да болған.    Олар – Қазақ Ордасының негізін салған  тұңғыш  хандарымыз–Керей мен Жәнібек. Екеуі де дана, екеуі де ер. Алаштың асып туған дара ұлдары. Олардың ата жөнін таратар болсақ, ежелгі түріктің қият руынан бастау алатын, қазақтың үш жүзіне ортақ төре деген рудан. Арғы бабалары – Шыңғыс хан, одан Жошы хан, одан Тоқай-Темір, одан  Өз-темір, одан Қожа, одан Бәдіғұл, оның ұлы атақты Ұрыс (Орыс) хан. Ұрыс ханның жеті ұлының үлкені Тоқтақия хан, ортаншысы – Құйыршық хан. Тоқтақия ханнан Болат туады, Болаттан қазақтың Керей ханы. Құйыршық ханнан атақты Барақ хан туады, Барақтың ұлы – қазақтың Жәнібек ханы. Яғни, Қазақ Ордасының негізін салушы Керей мен Жәнібек хандар үшінші атадан табысады. Көк Орданы көркейткен Ұрыс ханның шөберелері.

 Қазақ Ордасы құрылғанда алдымен жасы үлкен Керей ақ киізге хан көтеріліпті. Керейдің нақты қай жылы қайтыс болғаны белгісіз. Одан соң Жәнібек хан әмір жүргізеді.  Қазақ жұртының Әбілқайырды жеңіп, біржола іргеленуі Жәнібек тұсында болса керек, жаңа хандықтың өзіндік құрылымы мен заң жүйесі де осы Жәнібек заманында жөнге түскен секілді. Тарихшы Махмұд ибн Уәли,  Керей мен Жәнібек сыртқы саяси істер мен байланыстарда өз беттерінше қимыл жасаған хандар, ерекше мемлекеттік саясат жүргізе білген билеуші болғандығы туралы мәлімет қалдырған: «Есенбұға  ханның тірі кезінде, оған жоғарыда аталған хандар (яғни Керей мен Жәнібек) көмек көрсетіп, қолдап отыруының арқасында Жүніс хан тәкаппарлық үзеңгісіне әдепсіз аяғын сала алған жоқ»22  - деп жазған екен. Жәнібектің қазақ тарихындағы айрықшы тұлға екендігінің бір белгісі – ол халық  санасында әулиеге пара-пар, ақылды әрі әділетті әмірші ретінде таңбаланған, ұлттық тарихымызда жай ғана Жәнібек хан деп аталмайды, Әз-Жәнібек хан деп аталады. Әз Жәнібек – қазақ жұртының іргесін бекітіп, ордасын орнықтырған ұлы хан ғана емес, сол халықтың бар игілігіне ұйытқы болған асыл ұрық, ұлы әулеттің де негізін салушы 23 0. Қазақ Ордасының құдіретті әміршілері, қазақ халқының  асыл перзенттері: Қасым хан, Хақназар хан, Тәуекел хан, Еңсегей бойлы Ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан, Әз-Тәуке хан, Абылай хан, ең соңы Кенесары хан, ұлы ғалымымыз Шоқан, Алаш-Орда көсемі Әлихан Бөкейхан – барлығы да осы әулие Әз-Жәнібек ханның тікелей ұрпақтары.

Қазақ салтында хан көтеру, тақ алмасудың сонау Түрік қағандығы заманынан  қалыптасқан өзіндік ұлттық ерекшілігі болған.  Тақ билігі әкеден балаға емес, ағадан-ініге көшкен. Мұрагер інінің кешегі өткен ханмен емшектес болуы міндетті емес, немере не шөбере, жалпы сол әулеттен болуы шарт болған және көп туыстың кез-келгені емес, тобынан озған ақылгөй батыры ғана хан болып сайланған.

VIII ғасырдан жеткен атақты Білге-Қаған ескерткішінде: «Әуелі әкелері қаған болды, одан соң інілері қаған болды, содан кейін балалары қаған болды», - деп жазылған. Мұндағы бала деп отырғаны – ағаның баласы, одан соң келесі ініге, келесі ағаның әулетіне жол ашылмақ. Бүгінгі тілмен айтсақ, тақ билігі әкеден балаға көшпейді, ағадан ініге көшеді. Мұрагер інінің кешегі әміршімен бірге туған, емшектес болуы шарт емес, тобынан озған ақылгөй, батыры ғана хан көтерілетін болған.

Бұл туыстық салт, айнымас ата дәстүрі бұзылған жағдайда, билеуші топ арасында алауыздық, жұрт ішінде бүлік шығатын болған. Қазақ Ордасының төрт жүз жылға жуық ұзақ тарихында бұл дәстүр бірер рет қана бұзылған. Кейбір хандардың есімі біздің заманға жеткен тарихи құжаттарда таңбаланбай қалды. Ежелгі салт төрт ғасыр бойы берік сақталды. Қазақ тарихында ешқашан да хан көтеру жолында қан төгілмеуі, тақ үшін қырқыс тумауы – ең алдымен осы көне дәстүрдің, ұлыс ішінде қалыпты саяси жағдайға негіз болған ата салтының арқасы. 24

Қазақ Ордасының әуелгі әміршісі – Керей хан болды. Керейден соң оның шөбере  інісі Әз Жәнібек хан билік құрды. Әз Жәнібек өлгеннен соң аға баласы ретінде Керейдің ұлы Бұрындық хан көтерілді. Бұрындық хан көз жұмғаннан кейін аз ғана уақыт хандық дәреже Әз-Жәнібектің ұлы Әдікке көшеді. Әдіктен кейін оның туған інісі Қасым Қазақ Ордасының ханы болып сайланады. Қасымның хан сайлануымен билік Әз Жәнібек ұрпағына ауысады. Түрік жұртының бұған дейінгі мың жылдық тарихында сыннан өткен жол-жора, қалыптасқан жүйе негізінде соңғы екі жарым ғасыр  орайында ер халықтың, мәрт халықтың жиын ортасынан жарып шыққан, бар тілегі   елінің мұратымен берік астасқан асыл тұқым – Шыңғыс хан – Жошы хан – Ұрыс хан – Әз Жәнібек хан әулеті өз жұртын тарихтың барлық қиын өткелінен алып өтті, Қазақ Ордасы деп аталатын байтақ та қуатты ұлыстың тұғырлы туын берік ұстады. Біртұтас қазақ халқының ұлттық ұраны – “Алаш”, мемлекеттік елтаңбасы- гербі – “Төре таңба” (яғни бас таңба) аталатын, көне түрік заманынан тартылған, Алтын Орда тұсында қалыптасқан діні бір үшем бітік ۩. Бас байрағы – төре таңбалы қызыл ту. 25

Қазақ Ордасының астанасы бүкіл түрік жұртының зиярат ететін орталығы Әзірет-Сұлтан  кесенесі  тұрған қасиетті Түркістан қаласы болды.

 Алайда жаңадан құрылған Қазақ хандығының экономикалық негізі әлі де әлсіз еді. Бірсыпыра қазақ тайпалары Әбілхайыр хандығының, Моғолстанның, Ноғай одағының және Батыс Сібір хандығының қол астында төрт хандыққа бағынышты болып отырған болатын. Оның үстіне шығыс Дешті Қыпшақты билеген Әбілхайыр хан өзіне қарсы шығып, Жетісуға қоныс аударған қазақтардың өз алдына хандық құрып,  еркінсіп  отырғандығына, әсіресе Әбілхайыр хандығынан көптеген тайпалардың оған кетіп жатқанына наразы болып, қылышын қайрады. Ол жаңа  құрылған Қазақ хандығын тарпа бас салып жойып жібермек болды. Он шақты жыл айналасында батыс Жетісу өңіріне екі жүз мың жан саны бар көшпелі тайпалардың жиналуы кең өріс-қоныс керек етті. Ал көшпелі елдің отырықшы-егіншілігі көркейген аудандармен, әсіресе қолөнері мен саудасы дамыған экономикалық орталық-Сырдария жағалауындағы қалалармен сауда-саттық қарым-қатынастарына қолайлы жағдай жасау халық тұрмысындағы маңызды мәселеге айналды. Бұл қарым-қатынастың оңалуына тек көшпелі халықтар ғана емес, отырықшы аймақтардағы егіншілік өнімдерін өткізіп егіс көлігін алуды мақсат еткен егіншілер де, қолөнер өнімдерін өткізіп шикізат (жүн, тері, т.б.) алуды қажет еткен қолөнершілер де, сауда тауарын өткізіп пайда табуға ұмтылған саудагерлер де мүдделі болды. Бай аймақтар мен қалаларды қол астына қаратуға феодалдар тіпті де мүдделі еді, әсіресе жаңадан шаңырақ көтерген Қазақ хандығын саяси-экономикалық база ретінде пайдалану үшін Сырдария бойындағы қалаларды қарату өте маңызды болды.

Сөйтіп қазақ хандығы алдында үш міндет тұрды:

         1.Мал жайылымдарын пайдаланудың Дешті Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан дағдылы тәртібін қалпына келтіру (бұл тәртіп Әбілқайыр хандығындағы аласапыран арқылы бұзылған болатын)

         2.Шығыс пен Батыс арасындағы сауда керуен жолы үстіне орнаған Сырдария жағасындағы Сығанақ, Созақ, Отырар, Яссы (Түркістан) т.б. қалаларын қазақ хандығына қарату. Бұл қалалар осы өңірдегі саяси–экономикалық  және әскери-стратегиялық берік база болды.

          3.Қазақ тайпаларының басын қосып, этникалық территориясын біріктіру, бұлардың ішіндегі ең маңызды міндет–Сырдария жағасындағы қалаларды қарату болды. Сырдария бойындағы бай қалалар бұдан бұрынғы мемлекеттік бірлестіктердің-Ақорданың, Әбілқайыр хандығының саяси-әкімшілік және сауда-экономикалық орталықтары еді. Сондықтан осы қалаларды өзінің экономикалық және әскери тірегіне айналдыру бұдан бұрынғы тарихта да Дешті Қыпшақ даласын билеудің басты шарты болып келген еді.

Керей мен Жәнібектің соңына ерген, қазақ атанып бөлінген жұрттың әуелгі саны – екі жүз мыңдай адам болған. Бұл  сан сол заман үшін көп халық, бірақ байтақ ұлыста қалған туыстардың саны бұдан алты-жеті есе артық болатын. Шу бойына, Алатау етегіне орныққан жұрт біраз күш жинап, өзінің саяси жағдайын  нығайтқан соң, бұрыңғы Көк Орда жерін түгел қайтарып алу жолындағы күресін бастайды. Көршілерімен жүргізген соғыстар сәтті болып, нәтижесінде және қолайлы тарихи жағдай арқасында айналасы он жылға толар-толмаста үлкен қуатқа ие болады. Алайда, Сырдария бойындағы қалалар мен Дешті-Қыпшақ даласы үшін күресте қазақ хандығының басты бәсекелесі және ата жауы Әбілқайыр хан болды. Қазақ хандығы Әбілқайырға қарсы күресу үшін ең алдымен Моғолстан мемлекетімен тату, көршілік, одақтық байланыс орнатты. Бұл одақ Ойрат жоңғарларының тайшысы Амасанжының Моғолстанға шабуыл жасауынан және Әбілқайыр ханның Жетісудағы қазақ хандығына шабуыл жасауынан тізе қоса отырып қорғануды қажет етті.

 Қазақ болып бөлінген қауымды қолда бар күшпен таптап, жаныштауға шамасы жетпеген Әбілқайыр бүкіл ұлысына сауын айтып, әскер жинайды. Еділ дарияның жағасында қалың қол түзіп, 1468 жылы қыста Әбілқайыр хан қазақ хандығын қиратпақ болып, Жетісуға жорыққа аттанады, бірақ сапары сәтсіз болып, жорық жолында қаза табады. 26   

Әбілқайыр бастап келген әскер қазақ болып бөлінген жұртты шабуға үзілді-кесілді қарсылық білдіргенге ұқсайды. Өйткені Керей мен Жәнібектің туы астындағы жұрт пен Әбілқайыр туының астындағы жұрт – бір-ақ халық еді, бәрі де алаш ұлы, кейінгі үш арыстың ұрпағы. Шынында да солай болады. Әбілқайыр өлісімен, қарамағындағы әскер тарап кетеді; бұрынғы әміршісіне адал шонжарлардың бір тобы Әбілқайырдың ұлы Шейх-Хайдарды хан көтереді, бірақ ол көп ұзамай, қазақтармен қақтығыста қаза табады. Сөйтіп, алғаш ту көтергеннен соң арада бір мүшел өтер-өтпесте Керей мен Жәнібек ата жұртына толық ие болады. Қазақ ордасы бұрынғы Алтын Орданың шығыс бөлігі Көк Орда жерінде біржола орнығады, ежелден ата мекенінде отырған түрік-қыпшақ рулары енді қазақ деген ұлттық атаумен аталады. Қазақ Ордасының құрылуы, осының нәтижесінде қазақ аталатын халықтың тарих сахнасына шығуы–бір жұрттың екінші жұртты жаулауының, белгілі бір тайпалардың жаңа қонысқа келіп, жаңа  патшалық орнатудың нәтижесінде жүзеге асқан іс емес. Бұл – тілі бір, түрі, діні бір, салт-санасы ортақ туысқан рулардың, яғни, этникалық тұрғыдан алғанда, біршама қалыптасқан қауымның жаңғырған Орда құрамында қайтадан топтасуы болатын.

 Әбілқайырдың қаза табуы қазақ хандығының нығаюына және көлемінің кеңеюіне жағдай тудырды. Әбілхайыр өлгеннен соң оның елінде қиян-кескі қырқыс басталып, хандық ыдырай бастады: «Өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды, шиеленістер басталды. Оның (қарамағындағылардың) үлкен бөлігі Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кетті».27 Мұндай тиімді жағдайды дер кезінде пайдаланған қазақ хандары Керей мен Әз Жәнібек бұдан 12 жыл бұрын өздері ауып кеткен ата қонысы Дешті Қыпшаққа қайта оралды. Қазақ хандары Әбілхайыр ханның мұрагерлеріне қарсы күресте олардың тап болған ішкі-сыртқы қайшылықтарын толық пайдаланды, бұрыннан бері Әбілхайырмен билікке таласып келген Жошы ұрпақтары-Ахмет хан мен Махмұд батыс Сібірдің билеушісі Ибақ ханмен, сондай-ақ Ноғай одағын билеген мырзалармен одақтасып, тізе қоса отырып күрес жүргізді.

Әбілхайыр ханның орнына отырған мұрагер баласы Шайх Хайдар бұл күресте өлтірілді.28 Әбілхайыр ханның немерелері Мұхаммед Шайбани мен Махмұд сұлтан Астраханға барып паналады. Әбілхайыр ханның мұрагерлерімен күресте толық жеңіске жеткен қазақ хандығы Әбілхайыр хан 40 жыл билеген шығыс Дешті Қыпшақ даласын және ондағы көшпелі тайпаларды бірте-бірте өзіне қосып алды. «XV-ғасырдың 70-жылдарында қазақтар Сырдария бойымен оған жалғас Қаратау өңірінің бірсыпыра жерін басып алды».29 Сөйтіп қазақ хандығының территориясы әлдеқайда кеңейді, оған тұс-тұсынан қазақ тайпалары келіп қосылып жатты.

Алайда Сырдария жағасындағы қалалар үшін Әбілхайырдың немересі Мұхаммед Шайбани ханмен күрес отыз жылдан астам уақытқа созылды. Бұл күрес Керей ханның баласы Бұрындық ханның (1480-1511жж) тұсында да толастаған жоқ. Сырдария бойындағы қалаларды алу үшін қазақ хандығымен таласқан белді бәсекелес Мұхаммед Шайбани еді. Сонымен қатар Түркістан аймағын билеген Әмір Темір әулетінен шыққан Әмір Мұхаммед Мәзит Тархан мен Моғолстан ханы Жүніс ханның да көздегені-Сырдария жағасындағы стратегиялық маңызы зор қалалар болды. Бұл қалалар үшін қазақ хандары да соғысты.      Қазақ ханы Әз Жәнібектің үлкен баласы Махмұд сұлтан Созақ қаласын бағындырды, екінші баласы Еренжі (Иренжі) Сауранды иемденді. Сауран түбінде қазақтардан соққы жеген Мұхаммед Шайбани Бұхараға қашты.30  Сөйтіп, Сырдария жағасындағы екі қала-Созақ қаласы мен Сауран қаласы Қазақ хандығының құрамына кірді.

Бұрындық пен Шайбанидың Түркістан өңірі үшін ұзаққа созылған соғыстары қазақ ханының Дешті Қыпшақта өз жағдайын нығайтуына әкеліп соқты. Осының нәтижесінде Бұрындық Қазақ хандығының шығыс аудандарыңда өз иеліктерін территориялық жағынан біршама ұлғайтты. 

Моңғол шапқыншылығынан кейін, барлық қазақ рулары мен тайпалары Жетісуда алғаш рет бір мемлекетке біріктірілді. Қазақ хандығы нығайып, халқының бірігу барысы жеделдеумен бірге, оның «қазақтар» деген атау да бекіді.31

 Біздің бүкіл өткен тарихымыз жаулас елдердің, жау болмаған күннің өзінде жат жұрт өкілдерінің қолымен жазылып өздерінің мүдделеріне сай бұрмаланып келгендігін есте сақтап,  тәуелсіздігіміздің кепілі ретінде ол өткен тарихтағы ақиқатты  бұрмалап «ақтаңдақтар»  жасауға  жол бермеуміз қажет.   

Есенғазы     Қуандық,

тарих ғылымдарының докторы,  профессор.

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Мағауин М."Қазақ тарихының әлппесі", Алматы-1995, 9-бет

2. «Алтын Орда тарихына қатысты материалдар жинағы», 1-том, 364-442-448-бб

3..  Иванов П.П. «Орта Азия тарихының очерктері» 20-21беттер.

4. «Қазақ ССР тарихы», Алматы, 1983.2-том, 192-бет.

5.  Масғұд ибн Осман Коhстани «Тарихи Әбілқайыр хан»  312-480 беттер

6. «Қазақ ССР тарихы»,  Алматы,1983.2-том, 190-бет

7.  Юдин В.Т «Моғолстандағы моғолдардың тайпалық құрамы», 28-38 беттер

8.  «Қазақ ССР тарихы»,  Алматы, 1983. 2-том, 255-256-беттер

9.   Мұқанов М. «Орта Жүз қазақтарының этникалық құрамы», 28-38 –беттер

10.  Мұхаммед  Хайдар  Дулати  «Тарих-и-Рашиди»,  7-22-34-беттер

11. «Шай банинама»,56-бет.  «Тарих-и-Рашиди»,  45-48 беттер

12. «Тауарих ғұзидаин нұсыратнама», 5-7-98-беттер

13. «Раузат» ас‒Сафы», «Тарих-и-Рашиди»,  23 бет

14. «Қазақ ССР тарихы», Алматы,1983. 2-том, 257-бет

15. «Қазақ совет энциклопедиясы», 8-том, 664-бет.

16.  Мұхаммед  Хайдар  Дулати  «Тарих-и-Рашиди»,  46-бет, «Қазақ хандығы

           тарихының   материалдары», 95-бет

17.  Мұхаммед  Хайдар  Дулати  «Тарих-и-Рашиди»,  46-бет, «Қазақ хандығы

           тарихының  материалдары», 95-бет

18. Мағауин М."Қазақ тарихының әлппесі", Алматы-1995, 12-бет

19.  «Қазақ совет энциклопедиясы», 6-том, 384-385-беттер.

20.  «Қазақ совет энциклопедиясы», 6-том, 384-бет.

21. Мағауин М."Қазақ тарихының әлппесі", Алматы-1995, 14-бет

22.  Сонда,  16-бет

23.  Сонда, 16-бет

24.  Сонда,  16-бет

25.  Сонда, 15 бет

26.«Бақыр ал-асырар», 1326-1336-беттер.

27. Мұхаммед  Хайдар  Дулати  «Тарих-и-Рашиди»,  46-174 бб.

28. «Тауарих ғұзидаин нұсыратнама»,В 96-бет, «Шайбанинама» А4, В 4-б.

29.   «Қазақ совет энциклопедиясы», 8-том, 235-б.

30.«Қазақ совет энциклопедиясы», 8-том, 225-б.

31. Пищулина К.А. «Қазақ хандығы»,«Қазақ совет энциклопедиясы», 4-т.,385-б.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963