Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Біртуар 8951 0 пікір 28 Қараша, 2014 сағат 18:58

ШУАҚ

- Шығыс көгіндегі жарқыраған жұлдыз сөнді.

Біржола өшті-, деді тірі Буддадай боп отырған Коко-Цос көктен көзін алмай. – Ендігі күніміз не болмақ, Ұлы ҚАһан?! Тұла бойың тұнған мейірім еді. Біз пақырды кімге тастап барасың?

Р. Отарбаев.

«Шыңғыс ханның көз жасы»

Шешен

... Әуелгі кездесуіміз тосын болды.

2012 жылдың қысы. «Конгресс Холлда» Төлен Әбдіковтің 70 жылдық мерейтойына арналған жиын өтті. Төкең өзі жүргізіп отырды. Құттықтаулар, әдемі әңгімелер. Бір кезде сөз Әшірбек Сығайға берілді.

... Әңгіменің майын тамызатын, шешен кісі болып шықты. Төленмен таныстық, білістіктен шығарып небір жақсы ойлар айтты. Мүдірместен таза сөйлейді, әрі әр сөзі құраған сөйлемінің нық мүшесі боп өріліп, көз алдында көрінбейтін тақтадан оқып тұрғандай әсер етеді. Әбіштен кейінгі көріп тұрған ділмәр қазағым еді, қатты риза болдым.

... Әсия екеуіміз залдан шығып келе жатқамыз, фойеде тұр екен. Өмірде, жақыннан алғаш көруім еді, кейіндеп қалдым. Ал, Әсия сыйлы ағасына амандаспаққа асықты. Әшекең де Әсияны танып қарсы жүрді, құшағына қысып, бетінен сүйді... Жастық шығар, қалжыңдағым кеп кетті де, сәл жақындап:

- Әсияш, сен көрінген жігітке бетіңнен сүйгізе бермесейші -, деп қалдым

- Өй, не дейді?! Әсияшыңыз менің өз балам ғой, туған қызымдай боп кеткен кісі ғой,- деп ақтарыла күлді Әш ағам. Күле түсіп сәлемімді алды, қолымды қысты.

Бір сұмдық жылылық есіп өтті. Ағаны алғаш көруім осы ет-ін...

- Әй, өзің де қусың-ау, әлгінде сенің жігіт дегеніңе Әшекеңнің бөркі

дағарадай боп қалды. Жаны жібектей есілген, кез-келген нәрсеге балаша қуана білетін ғажап жан, - деді Әсия сыртқа шыққан соң.

Толғам

2012-13 жылдары «Хабар» арнасында «Аймақтар аламаны» атты жоба жарық көрді. Еліміздің әр аймағынан келген өнерпаздарды бағалаушы қазылар алқасын Әшірбек аға басқарды. Мен бағдарлама талабы бойынша маңғыстаулық сайыскерлерді қорғаушы болып қызмет атқардым. Яғни, түсірілім барысында өнерпаздарды сөзбен демеп, қазылар алқасының пікіріне әсер етуге тиіспін.

Әшірбек ағаның тағы бір қырына осы кезде куә болдым. Ақты ақ, қараны қара деп анық айтатын, аса әділ кісі екен. Ұнамаса бетің бар, жүзің бар демей, айтып салатын, ұнатса көкке көтере мақтап тастайтын шыншыл қазы болды.

Төлен ағаның кешіндегі таңырқаудан туған пікірімді сол бағдарламада айттым. «Әбіштен кейін шешен де сұлу сөйлейтін қазақ өзіңіз боларсыз, аға» деген пікірімді ұнатты ма, әлде басқаша қабылдады ма, жеке шығарып алып:

- Айналайын, жақсы сөзің жан семіртеді. Бірақ, Әбіш қайда, мен

қайдамын. Әбіштер басып кеткен ізге түнейтін адамдармыз ғой біз. Десек те, кейінгі жастың ішінде көргенім аз еді, сирек те болса талағыңның биті бар, болайын деп тұрған бала екенсің,- деді көзіме тіке қарап.

Сүйтті де сөмкесінен «Толғам» деген етжеңді жинақ шығарды. Әдемі жазумен шиырып «Алмас ұлыма! Шын ризалықпен ұсынамын. Әшірбек Сығай» деп жазды да қолыма ұстатты. Табан астында Тәңір көктен бере салған соншама бақытқа ие бола алмай апалақтап қалған мені қалдырды да, келе басын созған кеісті нардай найқала басып жөней берді...

Ашығын айтқанда...

... Әлеуметтік желідегі Нұркеннің парақшасындағы жазу мен фотоға көзім жасаурап қайта-қайта қарадым. Жоқ. Жанарым алдағысы келмей тұр. Әшірбек ағамыздың жаманат хабары... Ұйқы шәйдай ашылды. Көз алдымнан асыл ағамен ұшырасқан аз сәттердің тәтті естеліктері өте шықты. Әсияны ойладым. «Бейшара қыз, жалғыз, жетім қалды-ау... Театр да, сахна да...» Ойым тапырақтап, бір арнаға тоғысар емес. Құлазып қалдым. Бір інім хат жазады «мыналар бірінен соң бірі кетіп. Мәзі жоқ боп бара жатыр, ә?! Шалдар азайған сайын Әбекеңді ойлап, қайғы жеймін» деп... Одан бетер ауырлай түсем...

... Үш-ақ күн бұрын бағдарламамда сарапшы болған. Қазақтың тойы мен асабасы төңірегінде небір келісті ойларын айтқан. Театр әртістерінің тойға шығып кеткеніне қынжылыс білдірген. «Абайды, Отеллоны, Қозыны ойнаған жәйсаң жігіттер тойдың деңгейіне түсіп, сайқымазақтың рөліне кіргенін көргенде жаным шығып кете жаздайды» деп шырылдаған. «Ондай әртістердің жүргізген тойына бір қатысқан соң сахнадағы бейнесі солғындап сала береді» деп базына айтқан. Академиялық білім бар кәсіпқой әртістердің мейрамхана жағалап кетеріне ренжіп, талай жақсы әртістерінің атын атап тойдан қызғанатынын айтқан...

... Ендігісі мынау... «Өзі жоқ» дейді. Кәдімгі талай алыпты алып соққан ұйқы. «Кешке жантайып, содан мәңгі оянбасқа кетті» дейді... Сенбейсің. Қимайсың. Көнесің...

... «Түсте уақытың болса, 6-қабатқа соғып, мені бір құшақтап кетші...» Әсия екен. Бардым. Қасқа қыздың көзі бұлаудай. Үн жоқ, егіле береді. Басынан сипап жұбатқан болдым. Әшірбектей болуы қайдааа маған?! Әшекеңнің Әсекеңе деген көңілі бөлек еді ғой.

... Жасы кеппеген жанармен сыртқа, қар жамылған Астанаға қадала қарап, үнсіз тұрып қалды. Аспан бұлтсыз, қарашаның соңында кездесер сирек шуақты күндердің бірі еді...

Бірнәрсе айтып күлген болды. Шынайы күле алмады... «Таласбек кеткенде күйзеліп, орнымнан тұра алмай қалғам. Әшірбек ағаның жайдарылығы шығар, ол кісі туралы әдемі, жылы естеліктердің көптігі шығар, сенің қасымда тұрғаның бар аздап көңілім көтерілді» деді маған.

Үнсіз келістім. Әсия айтса, біліп айтады. Әшірбектің мектебі ғой.

... Ал, Астана аспаны шуақты еді. Дәл Әшірбектің өзіндей шуақты!


Алмас Алтай

Астана қаласы

28.11.2014

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963