Жұма, 22 Қараша 2024
Дін 13117 0 пікір 29 Қыркүйек, 2014 сағат 10:00

ЗІКІРШІЛЕРДІҢ КӨЗДЕГЕНІ НЕ?

Соңғы жылдары шетелде қашып жүрген Аппақ ишан (Құрбанәлі Ахмет) елге оралып, зікіршілердің төбесі көкке жеткендей болды. Оның «аруаққа сиынатын қазақ болайықшы» деген сөзін естіп жағамызды ұстап едік, ізін шала «ишандық мектепті» дәріптеген мақала шықты. Оқыдық, шошыдық. Неге? Өйткені, қазақтың бәрін мүрид қылып, пірге байлапты. Дәстүрлі дінге «ишандық мектеп» деп анықтама беріпті. Сонымен, «ишан» кім, «пір» кім, «мүрид» кім?

Қазақ даласында дін таратқан кісілер өте көп. Қожа, молда, ахун, ишан, мақсұм т.б. Көпке топырақ шаша алмаймыз, алайда, осындағы ишандардың барлығы елге бірдей жақпағаны белгілі. Олардың арасында дінді теріс бұрып, Құдияр Біләл айтқандай хәл ілімін насихаттап, мистикалық аңыздарға толы уағыз айтып, ұшып барып, ұшып келіп жүргендері жеткілікті.

Ислам діні бірінші иман келтіріп, дінді қабылдап, 5 уақыт намазыңды оқып, оразаңды ұстап, шамаң жетсе зекет беріп, қажыға баруды жүктейді әрбір адамға. Онан әрі қабілетің болса, құран жаттап, ілім таратып Аллаға жақындайсың. Әйтпесе, 5 парызыңды орындап, шаруаңды істеп, бала-шағаңды асырап, қоғамға пайдаңды қыл дейді. Ұш, қон, галактиканы сырттай бақыла, ел білмеген құпия сырды біл, пірге қол бер, оның дәрет суын іш демейді. Фатиха, ықыласын әрең жаттап, намазын қаза қылмай, оразасын ұстап жүргендерді ақылға сыймайтын қияли нәрсемен неге басын қатырасыздар?!

 

Фитна ғалымдар...

 

Я, мистикалық уағыз айтатын «аңқау елге арамза молда» Құдияр Біләл айтқандай, бұған дейін қазақ топырағында болмады емес, болды. Бірақ, олардың ешқайсысын бабаларымыз қабылдамады. Керісінше, оларды масқаралап, кейінгіге сабақ болу үшін олардың ісін ауыздан-ауызға таратты. Мысалы, Болат-Жанат дастаны. Ол бұрын ел арасында «Сауда ишан» және «Опасыз ишан» деген атпен кеңінен тараған жыр. Онда Мақалбай бай сапарға аттанарда ұлы мен қызын Сауда ишанға аманаттап кетеді. «Пір» болып, жұрт қол тапсырды деген ишан әке-шешесі кеткесін қызына қиянат жасайды. Оқысаңыз жағаңды ұстайсыз. Қараңыз:

«Бір күндері Жанат қыз,

Шай құйып отыр тағы да,

Ішіп отыр Ишаны,

Жерге қойып кесені,

Қызға ишан ұмтылды.

Қояндай қылған қу дүние,

Неше әулие, нешені.

Дастарханнан әрі өтіп,

Білегінен ұстады,

Бері отыр деп нұсқады.

Қыз шегініп бұлқынды,

Ашуланып жұлқынды.

Қара құстай қоңқаңдап,

Қызға ишан ұмтылды» дейді. Міне, дастанда біреудің әлпешетеген қызының тағдыры арамза ишанның кесірінен күл-талқан болады. Бұл аз десеңіз, кешегі Дулат Бабатайұлы бабамыздың ишанға арнап жазған өлеңінде:

«Жұмаққа тура бастайтын,

Ел серкесі көсемге,

Құтқаратын тозақтан,

Шариғатқа шешенге» деп, кекете отырып:

«Бедеу қатын қалды ма

Сен етегін көрмеген?» деп, оның пендешілігін бетіне басады. Жә, пендешілік кімде жоқ дерсіз, бірақ Абай атамыздың сөзін қайда қалдырамыз? Хакім Абай Құдияр Біләл айтқандай, хәл ілімін меңгеріп, әулие болам дегендерді 38-қара сөзінде: «яғни, пенделіктің кәмәлаты әулиелікпен болатұғын болса, күллі адам тәркі дүние болып һу деп тариқатқа кірсе, дүние ойран болса керек” дейді. Және данышпан Абай осы сөзінің жалғасында: “әрбір наданның бір тариқатқа кірдік деп жүргені біз бұзылдық дегеніменен бір болады” дейді. Енді бұған не дейміз?! Шөпті де, шөңгені де өлеңі қылуға ары жібермеген Абай бұл мәселені бекерден бекер күйініп жазған жоқ. Ұрпағын одан әрі сақтандырып: “моллалар тұра тұрсын, хусусан бұл заманның ишандарына бек сақ болыңдар. Олар - фитнә ғалым, бұлардан залалдан басқа ешнәрсе шықпайды. Өздері хүкім шариғатты таза білмейді, көбі надан болады. Онан асып өзін-өзі әһіл тариқат біліп және біреуді жеткізбек дағуасын қылады. Бұл іс олардың сыбағасы емес, бұлардың жеткізбегі мұхал, бұлар адам аздырушылар, хаттә дінге де залалды. Бұлардың сүйгені - надандар, сөйлегені - жалған, дәлелдері - тасбығы менен шалмалары, онан басқа ешнәрсе жоқ”, – деді. Абайдың сөзі – сөз! Енді ишан болмақ түгілі, кім болса да қазақ даласында Абайдан асқан данышпан жоқ. Не десек те, оның алысқан 1000-ының бірі осы ИШАН екені даусыз.

Міне, хәл ілімін насихаттап, құран мен хадиске сүйенбей, тариқатқа сүйреген ишанның қазақ әдебиетіндегі, дұрысы қазақ ұғымындағы образы осындай. Әрине, халықты 5 парызын орындап, құранын оқып, сүннетке амал етуге тәрбиелеген имам, молдалар басқа.

Мақалада автор: “Ишандықтың тағы бір анықтамасы – пірлік. Пірге байлану біздің табиғатымызға тән” деп түсіндіріпті. Ашығын айтайық, пірге қол беру, оған байлану қазаққа үш емес-ау, мың қайнаса да сорпасы қосылмайды. Тариқатқа сүйреген «Пір», «мүрид» образы да қазақ ұғымында «ишанның» синонимі іспетті. Өйткені, екеуі бір тұлға. Жалпы, осы пірлік мектеп пен Ирандағы шииттік тармақтың жүйесін салыстырсақ, аса бір айырмашылық жоқ, ұқсас екенін байқаймыз. Ішкі сенімдері, пірді құрметтеу әдебі, бірінен соң біріне жалғасқан пірлік қасиет деген шатпағы, зікір салуы да.

XІV-XV ғасырда Асан қайғы бабамыз пір мен мүрид туралы «Бұл заманда не ғаріп?» деген толғауында:

«Мүридін тауып алмаса,

Азғын болса пір ғаріп» деген. Бабамыз неге бұл жерде пірді «азғын» болса деп сипаттайды? Неге «ғұлама», «хакім», «тақуа» болса демейді? Осыдан-ақ, білуге болады, «пірдің» бейнесі қандай екенін. Одан әрі «мүридке» (пірдің шәкірті) назар аударудың қажеті шамалы.

Қазақ даласында пірге қол берген деген ақпарат бірен-саран ғана. Оның өзі Болат-Жанат дастанында көрініс тапқан, масқараланған. Анығы, ХАЛЫҚ қарсы болған. Мүмкін, менің бабаларым пірге қол берген, мүрид болған дерсіз? Оған жауапты Ыбырай Алтынсарин атамыз берген. «Мұсылмандық тұтқасы» кітабының 13 бетінде ол: «Иманның үшінші түрі иман тақлиди. Бұл иман – ақылымен Құдайды танымайынша, «ата-бабалардың ұстап келе жатқан жолы ғой» деп иман келтіргендердің иманы болар. Әрине бұл иман надан халықта болады, өзі еш нәрсені түсінбей, біреудің сөзіне еріп іс істеуші кісі азғырушыға еріп діннен шығуыда жеңіл» деген. Яғни, пір не айтса, соңынан еруді қаламаған бабаларымыз. Қысқасы, Асан қайғының (XІV-XV), Абайдың (XІX-XX) тұсында сынға ұшырап, елді ойран қылған «ишан», «пір», «тариқат» қазір тура жолда дей алмаймыз. Өйткені, бүгінде өзін «пір» атап жүрген әлгі Құрбанәлінің (Аппақ ишан) қойған талай концертіне ел куә. Бір жолы ауылымызға келгенде күннің ыстығында үстіне шапан, аяғына мәсі киіп, басына сала құлаш сәлде ораған тариқатшылардың жапа-тармағай келіп, Құрбанәлінің дәрет суына таласқаны бар. Не деген жиіркенішті?! Бұл не мәдениет?! Ал, «пірдің» ар жағында оған сиыну, одан жәрдем сұрау тұрғаны айтпаса да белгілі. Оны мақалаңызда «аруақ ауызға алынған жерде тыпыршып отыра алмай кететін діндарлар бар» деп жеткізгенсіз. Айтпақшы, мақалада сіз мақтаған бұрынғы мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі «Дін басы» атты кітабының 60-бетінде: «Тірінің өліге, адамның адамға мінажат етуі Ислам қағидаларына қайшы». … «Мұсылман баласы бір Аллаға ғана құлшылық жасайды» деген болатын. Осы пікірі ұнамады-ау, сірә, «Бүгінгі медреселер, тіпті араб елдеріндегі мүйізі қарағайдай жоғарғы діни оқу орындары әулиелік түсінікті шәкірт бойына дарыта алмайды” деп, бүтіндей ҚМДБ-ын кінәлапсыз. Сонда ҚМДБ-на қарасты медреселер мен “Нұр Мүбарак” университетінің бәрі де түкке тұрғысыз болғаны ма? Құран жаттатып, ақида, фиқһ саласын оқытып, мешіт имамдарын дайындап жатқан жоқ па? Олай болса, неге өп-өтірік мақтайды? Әлде бұл оқу ордалары мақала авторының көңілінен шығу үшін “теңселіп зікір” салуға рұқсат беру керек па? Қысқасы, Сауда ишаннан жалғасқан, Асан қайғы сынап, Абай “фитна ғалым” деп анықтама берген – ишандық мектеп, яғни, пірлік жол, тариқат біздің жолымыз емес.

Сонда ДӘСТҮРЛІ ДІН дегеніміз не деп ойларсыз?


Ол - Құран үкімі мен Пайғамбар (с.а.у) сүннетіне сүйеніп өткен бабаларымыздың жолы. Олар тек Аллаға ғана сиынды. Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар көрсеткен жолмен жүрді. Оған дәлелді алыстан іздеудің керегі жоқ. Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінен, Ыбырайдың «Мұсылмандық тұтқасынан», Шәкәрімнің «Мұсылмандық шартынан» қарасаңыз да жетіп жатыр. Әрине, бабаларымыздың еңбегі бұдан да көп айта берсек. Әлде бұлардың жолын дәстүрлі жол деп айта алмаймыз ба? Қазіргі таңда ҚМДБ осы жолда қыруар шаруа атқарып, барлық мешітті бір орталықтандырып, барлығында бір Аллаға ғана сиынуды, пайғамбар (с.а.у.) сүннетімен, бабалар жолымен жүруді насихаттауда.

Асхат Нәдіров

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321