Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 5587 0 пікір 27 Тамыз, 2015 сағат 12:09

«НҰР ОТАН» ЖӘНЕ КӨШІ-ҚОН

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ең алдымен жолға қойған саясаты – Көші-қон. Тіпті, астананы Арқа төсіне көшіру мен шекараны әлемдік талапқа сай етіп бекітуден де бұрын осы шеттегі қазақтарды қара шаңырақ Қазақстанға шақыруды қолға алған. Ел тәуелсіздігін жариялай салып, не бары, он бес-ақ күннен кейін. Нақтылап айтсақ, 1991 жылдың желтоқсан айының ең соңғы күні. Сөйтіп, бүгінгі «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының түп негізі - осы Көші-қон саясатымен қаланған еді. Демек, Көші-қон – өз тізгінін өзі қолына алған тәуелсіз ел болғанымызды шын мәнінде әйгілеген ТҰҢҒЫШ һәм ҰЛЫ бастама! Азаттық аңсаған Алаш жұртының кеудесіне Ұлттық мемлекет құрудың үмітін ұялатқан алғашқы қарлығаш!

 «Қымбатты отандастар!

Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. Туған жердің түтіні де ыстық дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы атақонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!» («Егеменді Қазақстан» газеті, 1992 жыл, 1 қаңтар) - деген болатын кемеңгер тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сол алыста жүрген ағайынға арнаған жаңа жылдық үндеуінде.

Содан бері, міне, 24 жылға таяды, Ұлт Көшбасшысының бұл үндеуінің маңызы артпаса, кеміген жоқ. Соның арқасында қазірге дейін алыс-жақын шетелдерден Атажұртына 952 мың 882 қазақ келіп, қоныстанып үлгірді.

Бұлайша көп қазақтың қауырт келіп, орналасып қалуының тағы бір басты себебі бар. Ол –Н.Назарбаевтың айналасында сол кезеңде ұлттық, мемлекеттік деңгейде ойлайтын, іс тындыратын нағыз тұлғалардың көптігі еді. Олар Елбасының айтпағын емеуірінінен-ақ біліп, ары қарай игілікті шаруаны іліп әкетті. Қазақ көш-қонының кедергісіз болуы үшін бірден құжаттанудың заңнамалық негізін жасап берді.

Бірақ, соңғы жылдары, нақтылап айтсақ, 2007 жылдан бері сол ақ тамақ қарлығашқа айбар шегіп, айыр тілінен у шашатын әбжылан пайда болды. Құйрығын айыр еткісі келіп, тап-тап беретінді шығарды. Ұясына өзге жұмыртқа төгіп, шырылдатып далада қалдырғысы келді...

Осы қара ниетінің кесірінен алыстан келген және келгісі келетін ағайынның көрмеген азабы, тартпаған бейнеті қалмады. Өз елі тұрып, өгейден де сорлы күн кешті. Билік пен халықтың арасы алшақтап кетті. Жасыратыны жоқ, Елбасымыздың да беделіне көлеңке түсірді ...

Осындай қиын сәтте қысылған халық мемлекет басшысынан, одан қалаберді билікшіл партиялардан көмек күтеді екен. Құдайға шүкір, еліміз партиядан кенде емес. Әділет органдарына заңды түрде тіркелген «Нұр Отан» партиясы, «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясы, Қазақстан Коммунистік Халық партиясы, «Бірлік» партиясы, Қазақстан Патриоттар партиясы, «Ауыл» Қазақстан Социал-демократиялық партиясы, Қазақстан Коммунистік партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы бұл күндері өз жұмыстарын жалғастыруда.

«Нұр Отан» партиясы, «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясы, Қазақстан Коммунистік Халық партиясының Парламент Мәжілісінде қазір фракциялары бар.

Өкініштісі сол, басқасын былай қойғанда, осы аталған үш партияның бір де біреуінің бағдарламасында Көші-қон, шеттегі қандастар туралы бір ауыз сөз жоқ!

1999 жылдың 1 наурызындағы партияның І съезінің қаулысымен бекітілген «Нұр Отан» партиясы қоғамдық бірлестігінің Жарғысында партия мақсаты «Мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында партияның және оның мүшелерінің, азаматтар мен түрлі әлеуметтік топтардың мүддесін қорғау;» деп ашық жазылған. Сөйте тұра, еліміздегі іргелі әлеуметтік топ есептелетін қандастарымыздың мүддесі ең нашар қорғалуда. Халықтың көші-қоны туралы заңының 2013 жылғы 10 желтоқсанда қандастарымызға төрт жылсыз азаматтық берілмейтін етіп, Парламенттің қос палатасында бір ауздан қабылданып кетуі соның ең басты мысалы.

Өткенді қаузамай-ақ қоялық, «Нұр Отан» партиясына 2013 жылы Бауыржан Байбек бірінші орынбасар болып келгенде, біз жетекші партия осы мәселені бірден қолға алатын шығар деп үміттенген едік. Үмітіміз ақталмады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесін қорғауда ерен еңбек көрсеткен жас басшы Елбасының ең ұлы саясаты есептелетін Көші-қон туралы екі жылда шөп басын сындырмады. Алыстағы ағайыннан гөрі «Ақындар айтысын», «Ат бәйгесін», қала берді «Жайдарманды» қызықтап кетті. Бауыржан Байбектің бұлай ұсақталып кетуіне, әрине, айналасына шоу құмар «ақылшылардың» жиылып алғаны тым әсер еткені даусыз.

Ал, Қазақстаннның «Ақ жол» Демократиялық партиясының жаңа бағдарламасында «Біздің партияұлттық мемлекеттілікті қалыптастырудың іргелі негіздерін қалаған,  ұлттық мүдделерімізді әлемдік өркениеттің үздік жетістіктерімен ұштастыру негізінде, қазақ қоғамын еуропалық жолмен  жаңғыртуды өзінің мақсаты еткен «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының ізбасары болып табылады» - делініпті.  Алаш аталған жерде, шеттегі қазақ шет қалмауы керек! Бірақ, бұл «ізбасарда» да ол жағы мүлдем ауызға алынбаған. Есесіне, «Алашшыл» партия «*Шетелдік жұмыс күшін тартудың республиканың еңбек нарығындағы ахуалға сәйкес мемлекеттік квотасын берудің икемді жүйесін енгізу;»  дегенді мақсат тұтыпты. Бүгін бар, ертең жоқ шетелдік жұмыс күшінің орнына өз қандастарымызды тартсақ, елімізде ешқайда кетпейтін ұлттық еңбеккүш қалыптаспай ма?!

Қазақстан Коммунистік Халық партиясының (ҚКХП) бағдарламасы да бұл жағынан тұржағұм.

Қысқасы, Б.Байбекке қарағанда А.Перуашев пен Жамбыл Ахметбековтың оралмандар мәселесін шешу туралы Үкіметке ара-тұра депутаттық сауал жолдап тұратыны болмаса, бұл екі партия да Ұлт Көшбасшысының Көші-қон сынды ұлы саясатының алдында ұятты.

Сондықтан да болса керек, қайдағы бір тіркелмеген билікке қарсы қозғалыстар мен оппозициялық ұйымдар оралман ағайындарды өздерінің саяси мақсаттарына оңай пайдаланып жатады. Мәселесін көтерген болып, желіктіреді, жаманатты қылып жатады.

Осынау партиялардың ішінде, әрине, «Нұр Отан» партиясының орны бөлек. Мәжілісте де осы партияның салмағы басым. Мемлекет басшысы жақында президеттік билікті әлсіретіп, Үкімет пен Парламенттің пәрменін арттыруды, Конституцияға өзгеріс енгізуді ұсынды. Елбасы тағы  «Партиялар халыққа өз бағдарламасын дәлелдесін, күрессін, парламенттен орын алып, өз адамдарын ұсынсын!»деді. Бір миллиондық топ оңай күш емес. Керек болса, келіскен бір партия болып ұйыса салуға өздері-ақ сұранып тұр! Олардың жүрегінде Отанға, Ұлт Көшбасшысына деген ыстық жүрек, зор құрмет, мәңгілік махаббат бар. Оралғандардың сол сезімін суытпай, билік партиясы қатарына тарту, Елбасы төңірегіне топтастыру керек. Оған ең алдымен ұйытқы болатын, үлгі көрсететін партия, әрине, «Нұр Отан»!

Міне, «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары болып ел ықыласына бөленген білікті басшы келді. Кең ойлайтын кеңесші тағайындалып жатыр. Қандастарымыз бұдан былай қаңғырып, далада қалмас дейміз. Ең бастысы, Көші-қон, шетте жүрген қандастарымызды тарихи Отанына шақыру - Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Перезиденті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұлы саясаты екені есте болса екен!!!

 

Ауыт Мұқибек

25.08.2015

Астана

qamshy.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320