ЖАТАҚХАНАНЫҢ ЖЫЛДЫҚ БАҒАСЫ ҚАНША?
Жоғары оқу орнын таңдау, құжат тапсыру жұмысы бітісімен, жатақхананың жыры басталады. Шалғайдан білім іздеп, оқуға келген студенттің барар жер, басар тауы жатақхана екені белгілі.
Алайда жатақхана жалпыға бірдей жеткіліксіз. Жатақхана таба алмай сандалған студент ақырында пәтер жалдауға мәжбүр. Бұдан бөлек, әр университеттің жатақханаға белгілеген өз құны бар. Бұл баға студенттің қалтасын көтере ала ма? Алдымен еліміздегі бірнеше жоғары оқу орнына қоңырау шалып көрдік. Алғашқы болып, республикадағы ірі ЖОО-ның жатақханаларының құнын білуге тырыстық. Сонымен...
Кейбір жатақхананың жылдық бағасы 20-30 мың теңге аралығында. Жылына 4 мың теңге ғана алатын университет те бар екен. Ол – Тараз қаласындағы М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті. Мәліметтерге сүйенсек, ең қымбат жатақхана Сүлеймен Демирел атындағы университетте. Ондағы жатақхананың жылдық ақысы 175 мың теңге. Бағасы жоғары университеттердің қатарында КИМЭП те бар. Онда 1 семестр (4 ай) тұрған уақыт үшін 135 мың теңге төлеуің керек. Т.Рысқұлов атындағы ҚЭУ жатақханасының жылдық бағасы 120 мың теңге. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде де шамамен солай, мұнда айына 12 500 теңгеден келеді. Сонда 9 айға 112 500 теңге. Ал аймақтардан келген студенттер үшін мұндағы жатақхана айына 6 500 теңге. «Серпін – 2050» бағдарламасы бойынша оқуға түскендерге жатақхана ақысы айына 2 514 теңге. Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің жатақханасына тұрғың келсе, 10 айға 105 мың теңге төлейсің. Алматыдағы ҚБТУ жатақханасының құны айына 15 мың теңге, яғни оқу жылының 9-10 айында 135-150 мың теңгеге барады. Букетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетіне қарасты жатақхананың бағасы – жылына 60 мың теңге. Ал Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінің 1-курс студенттері мен «Серпін – 2050» бағдарламасымен оқитындар үшін жатақхана тегін беріледі екен.
Бiздi қынжылтқаны, жатақхана мәселесімен хабарласқанымызда кейбір университет қызметкерлері сұрағымызға дұрыс жауап бермей, тұтқаны тастай салды. Онсыз да маңызды қадамға аяқ басып, үмітінен күдігі басым талапкерге бағыт сілтемегенде, осыдан кейін оның тауы шағылмағанда қайтеді? Бірі – дұрыс жауап бермеді деп қынжылсақ, енді біріне хабарласудың өзі қиямет-қайым. Мәселен, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-ге байланысқа шыға алмадық, бірақ сайтында жатақханада тұрудың бір жылдық ақысы 28 910 теңге деп көрсетіліпті.
Жалпы, ЖОО-ға қарайтын жатақханаларда тұру құны қанша болуы керек? Білім және ғылым министрлігіндегілердің айтуынша, бекітілген бұйрық бойынша жатақхана ақысы студенттің шәкіртақысынан 15 пайыздан аспауы қажет. Ал биылғы шәкіртақы көлемі 16 759 теңге екен. Демек, ай сайын берілетін шәкіртақының 15 пайызы 2513 теңге болса, жатақхананың жылдық ақысы оқу жылының 9-10 айында 25 139 теңге болуы шарт. Ақысы жылына 30-40 мың теңгеге баратын жатақханалар да бар.
Көңілді алаң еткізетін тағы бір дүние – жатақханалардың жетіспеушілігі. Жатақхана университет студенттерінің бәріне бірдей бұйыра бермейді. Мәселен, кейбір университеттер тек 1-курсқа түскен студенттерді ғана тұрғызады. Ал кейбір ЖОО-ның жатақханасы мүлдем жоқ.
Жатақханаға қабылдау жүргізудің де өз тәртібі бар. Алдымен грантта оқитын 1-курс студенттерінің өтінімдері, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары, «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен қоғамдық жұмысқа белсене араласқандар қабылданады. Қажет болған жағдайда ақылы бөлімнің студенттеріне белгілі мөлшерде орын бөлінеді.
Осы мәселеге байланысты халық қалаулысы Оразгүл Асанғазының пікірін білгіміз келді.
Оразгүл Асанғазы, депутат: «Университеттің жатақханасы болмаса, қайдан береді. Қазір менің айтқаныммен, жатақхана сала салмайды ғой. Сондықтан оқу орны жатақханамен қамти алады ма, жоқ па, соны білу керек. Өйткені қазір қалтасында 3-4 дипломды салып алып жүргендер бар. Бала бәрін өзі есептеуі тиіс. Бағаны қайтіп реттейсің? Бізде ұлттық, мемлекеттік, жекеменшік университеттер бар. Оның қайсыбірін қадағалайсың? Біріне-бірі бағынбайды ғой. Оның шығыны бар, басқасы бар. Бір Астананың өзінен пәтер жалдасаң, оның орталығында бір баға, оңтүстігінде, солтүстік бағытында басқа баға. Парламенттің ғимараты мен қалалық әкімшіліктің жалға алу бағасы да екі түрлі. Тұрған жеріңе байланысты баға әртүрлі болады. Сол сияқты бәрінің бағасын бірдей қоя алмаймыз».
ТҮЙІН:
Біздің басты мақсатымыз – жатақхана құны барлық студентке қолжетімді болғаны. Университеттегі жатақхананың бір жылдық бағасы қалай екенін жоғарыда кесте арқылы көрсетуге тырыстық. ЖОО-лар жатақхана мәселесін өздері шешетіні белгілі. Бастысы, біз үшін студенттердің әлеуметтік мәселелерден қамсыз, мұңсыз білім алғаны маңызды. Ал ол үшін университеттер студентке жағдай жасауы тиіс.
Дайындағандар:
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ,
Жадыра ПЕРДЕБАЙҚЫЗЫ
Айқын газеті