БАЛА БАБАСЫН САБАЙ МА?
Қиын емес дарға асқаны, атқаны,
Қинамайды абақтыға жапқаны.
Бәрінен де жаныма жаман батқаны,
Өз ауылымның иттері үріп қапқаны.
А.Байтұрсынов
Қазақта: «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» - деген аталы сөз бар. Меніңше, қазақ халқының жүзге, руға бөлінуінің бір ғана қасиетті жағы бар: жеті атаға толмай қыз алыспау, яғни қан тазалығын сақтау. Мұндай қасиетті жоралғы – түркі тілдес халықтардың ішінде тек ғана қазақ халқының еншісіне тиген қасиет. Ал енді қалған жағдайда, өкінішке орай, жүзге, руға бөліну – алауыздыққа, араздыққа алып баратын төте жол.
Барша жұртшылыққа мәлім бір ақиқат: қай ұлтта болмасын, қай жүзде, қай руда болмасын, көпшілікті ауызына қаратқан данагөйлер, дарынды ұл-қыздар, аты шулы ақындар, батырлар болды және бар.
Біз, кеңес дәуірінде туып-өскен ұрпақ, өз халқымыздың тарихи құндылықтарын, тарихи тұлғаларын, ата-тегіміздің қайдан шығып, кімнен тарағанын оқып үйренуден мақұрым қалдық. Көп білетін көнекөз қарияларымыз (барлығы десек те болады) бақилық болып кетті. Соның салдарынан қазіргі кезде «білгіштер» көбейіп кетті. «Тисе- терекке, тимесе-бұтаққа», әйтеуір, көпшілік жамылған көрпенің өз жақ бұшпағы молырақ болсын деп, халқымыздың тарихынан беймақұрым екендігімен санаспай, тарихты бұрмалап, бірнеше ғасыр бұрын бақилық болып кеткен батырлардың әруағын күңірентіп жатқандар да баршылық. Шынын айтсам, сол «білгештердің» аттарын атап,түсін түстегім де келмейді.
Әрине, мен бұл жәйттерді жұмбақ етіп қалдырудан аулақпын. Олай болса, әңгіме: бүкіл Ботбай руына есімі ұран болған – Сәмен батыр, оның батыр ұлы Қапсалаң және Ботбай руының батыры Сыпатай батыр жайлы болып отыр.
Осы дерекке қызығушылық танытатын оқырмандарды мынадай тарихи шындықпен таныстыра кетейін.
Сәмен батыр – Аңырақай маңында 1729 жылы жоңғарлармен болған шайқаста ерен ерлігімен көзге түсіп, бір күнде жоңғардың тоғыз батырын жекпе-жекте жер жастандырған батыр. Осы шайқастағы ерлігі үшін қазақтың Төбе биі-Төле би Сәмен батырға батасын берген.
Сәмен ұлы Қапсалаңға қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан азат ету барысында көрсеткен ерлігіне сәйкес «батыр» деген атақты халқы берген.
Ал енді Сыпатай батыр жайлы айтылатын әңгіме жетіп артылады. Алайда, сыпатайшылдардың тарихи деректерді бұрмалап, Сәмен мен Қапсалаң батырларды «сабатып», қорлағаны жанға батады. Өздеріңіз ойлаңыздаршы... Сәмен батыр 1777 жылы дүние салады, Қапсалаң батыр 1788 жылы 57 жасында дүниеден өтеді, ал Сыпатай батыр 1781 жылы жарық дүниенің есігін ашып, кіндігі кесілді. Қалай ойлайсыздар? Кімді кім сабап жүр? Шындықпен үйлесе ме? Әрине, мұны Сәмен батыр ұрпақтары, жалпы Шағатай руы арандату, руаралық алауыздыққа итермелеу деп қабылдауына толық айғақ бар. Екі аяқты адам түгілі, төрт аяқты жылқы да сүрінеді. Олай болса, осы жалған деректі көпшіліктің назарына ұсынған «жазушылар» Шағатай ұрпақтарынан ашық хат арқылы кешірім сұраулары тиіс. Мен өз тарапымнан, Сәмен батыр ұрпақтарының атынан Абжатов Жанасбай бауырыма шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Жанасбай мырзаның мақаласы арқылы Сәмен, Қапсалаң, Сыпатай батырлар жайлы шынайы шындыққа көз жеткізетіндігіне күмән келтірмеймін.
Құрметті ағайындар! Жер астынан жік шығармай, екі мүйізін тік шығармай жайымызға жүрейік!
Тұнып тұрған тарихи деректер ішіңізге сыймай, лықсып сыртқа теуіп тұрса, Ілияс Есенберлин ағамыздың жолын қуып, тыңға сүре салыңыздар. Қазақ тарихында орын алған олқылықтарды жөнге келтіріп, Ораз Мұхаммед, Еділ хан/Атилла/ жайлы толық мағлұмат беріңдерші. Ағайын адамдарды атыстырып-шабыстырып еш бәтуа таппассыздар!
Алматы қаласынан шығып, Қордай бағытында кетіп бара жатқанда, Қаскелең қаласының солтүстік-шығысында биіктеу алаңқайында орналасқан Наурызбай батырдың ескерткішіне еріксіз көз түседі. Батырдың тұлғасы, астындағы тұлпары өз алдына,ескерткіштің айналасына көк кілем жайып тастағандай көздің жауын алады. Отырғызылған арша, аққайыңдар, жеміс ағаштары өзара үйлесім тауып,табиғи эстетикалық әдемілік әлеміне кіріп кеткендей сезінесің. Одан әрі қаладан ұзап шыққанда жолдың сол жақ қапталында екі батырға орнатылған ескерткіш бой көтерген. Нағыз хас шебер мүсіншінің қолынан шыққан туынды екендігі таңдай қақтырады. Ескерткіштерге көтерілетін мрамор тасынан қашап жасалған тепкішектер, айналаға жарық беретін рет-ретімен орналастырылған электр шамдары, шырақшыға орнатылған тұрғын үйдің өзі жарасымдылығымен көрген адамды бей-жай қалдырмасы анық. Әрине, бұлар ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ жерін қоқандықтардан азат ету жолында ерен ерліктерімен ерекшелінген Сұраншы мен Саурық батырлар. Жамбыл атамыздың дастанында қос батырдың жорық барысында жасаған ерліктері егжей-тегжейлі, жан-жақты суреттелген. Алайда, осы қос батырдың үзеңгілес, қарулас жерлесі Байсейіт батырға орын табылмады ма екен, жоқ әлде Сұраншы мен Саурық батырлар туралы дастанда Байсейіт батырдың аты аталмай қалғандықтан еленбеді ме екен?! Жоқ, әлде, «Атасы бөлек, аттан түс» басымырақ болды ма екен?! Ол енді бір Алланың құзырындағы іс ғой.
Сонымен, әрі қарай Қордайды бетке алып кетіп бара жатқанда, алдымыздан Самсы елдімекені кез болады. Осы ауылдан шыға бергенде, жолдың сол жақ қапталында бүкіл Ботбай руына аты ұран болған Сәмен батырдың ескерткіші тұр. Кезінде ескерткіш қоятын орынды аты алты алашқа белгілі мемлекет қайраткері Асанбай Асқаров атамыз /марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын/ белгілеп берген екен. «Көп түкірсе көл» демекші, рулас ағайындар бірлесіп, батырға ескерткіш тұрғызды, ескерткіштің айналасы қоршалып, әртүрлі ағаштардың көшеттері отырғызылды. Алматы қаласының орталық банкісінде «Сәмен батыр қоры» ашылды. Сол кезде бүкіл Шағатайлар сенім артып, Сәмен батыр қорының төрағасы етіп Аман Ноғайбаев деген азаматты тағайындаған екен. Осы қорға ер-азаматтар өз алдына, Шағатай руының зейнеткер қыздарына дейін атсалысып, зейнет ақыларының 50 пайызын батыр бабаларының қорына аударған екен. Өкінішке орай, жиналған «Сәмен батыр қорындағы» қомақты қаржы да зым-зия, сонымен қатар қордың «құрметті» төрағасы Аман Ноғайбаев азамат та зым-зия.
Осындай келеңсіздікке жауап бере алатын төраға бар ма? Қазіргі таңда ескерткішке жанашырлық танытып, керек-жарағына қол ұшын беріп жүрген Естаев Қуанышбек, Естаев Арсен, Қалыбаев Сағынбек сияқты азаматтар бар. Ескерткіштің қазіргі жағдайы сын көтермейді: электр жарығы жоқ, су жоқ. Естаев Қуан 2013 жылы өз қаражатына су құбырын тазалатып, көп еңбек сіңірді. Алайда электр қуаты болмағандықтан су болмайды.Су болмаған соң ағаш көшеттері, көпжылдық әртүрлі гүл шоқтары қурап қалды.
Уа, ағайындар! Батырларды бірін біріне «сабатып» қойғанша, осындай күрделі мәселелерді неге шешпейміз? Міне, «жанашырлардың» Сәмен батыр ескерткішіне көзқарастары осындай. Қазақта: «Құдай атқан оңалады, әруақ атқан оңалмайды» деген ұғым бар.
Жоғарыдағы түйткілдерді баяндап отырған
Шағатайдың бір баласы-
Қалақбасов Әділқұл Байтайұлы.
Abai.kz