Сенбі, 23 Қараша 2024
Қырдағы әңгіме 9994 0 пікір 6 Тамыз, 2015 сағат 08:02

Садық СМАҒҰЛОВ. «ҚЫЗДАНАЙДЫҢ ҚЫРҒЫНЫ»

 

1963 жылы аңазақ шілденің басында жолым түсіп, іс сапармен Гурьев, Құлсары, Қосшағыл елді мекендерін араладым. Жол бойы шағыл құмдардың арасынан ойдым-ойдым көлшік-сорлардан басқа мал жайылар шалғынды, жусанды далалар көрінбейді. Қысқа ойдың шырмауында «бұл елдің қазақтары қалай күн көріп отыр» деп ойлайсың. Менің ат басын тіреген ауылым мұнай өндіретін шағын ауыл, майда төбешік құмдардың арасында орналасқан Қосшағыл елді мекені. Әр жерде алыстан қарасаң  түйенің басы секілді епетейсіз шомбал темір ұзын мойынының иірі жазылғандай созылып қайта көтеріліп тынымсыз жұмыс істеп тұр. Бұндайды бұрын соңды көрмеген Арқа қазағына жеті қат жердің астынан май (мұнай) сорып жатыр дегенді түсінгенше сұрақ көбейіп, кешкі тамаққа кірдім.

Қонақтар саны көбейіп жерге жайылған екі қабат дастарханның басынан бала да болсам «құда бала» деп төрден орын берді. Біз жақта әрі кетсе 7-8 кісіден дөңгелек жер столға, қонақ көп болса 3 столға бөлініп жайғасады. Бұнда жиырмадан астам адам бір дастарханның басында малдас құрып емін еркін отырмыз. Менің оң жағымда әдемі сұлу шоқша сақалды, маңдайына, бетіне әжім түспеген қызыл шырайлы зейнет жасындағы ақсақал отырды. Кейін білгенімдей Кіші жүз тарихына, шежіресіне қалам тартқан тарихшылар Ашықәлі Тағанұлының (пейіште нұры шалқысын) білгірлігіне, сұңғұлалығына бас ұрмай, сілтеме жасамай зерттеу жүргізе алмайды. Сол жағымдағы қара сүйектен жасалған алақандай көзілдірікті, елуге жете қабыл, ойлы көзді, қыр мұрынды, салалы саусақты жігіт ағасын «күйші болармысың» деп ойладым да қойдым. Өйткені, Кіші жүз қазақтарының екісінің бірі күйші деп естігенмін. Қатарында алғаш «Ассалаумағалейкүм» айтысып танысқан, Бейсештің үйін табуға жөн сілтеген адамым Меңдібай отыр.

Үй иесі Бейсеш отырғандарға мені ғана таныстырып басқалары бірін бірі танитын болып шықты. Жұбайы Рахима дастарханның үстін неше түрлі тәтті тағамға толтырып алдыңда кесе қоятын оймақтай ғана жер қалдырды. Мені таң қалдырып отырғаны жиырмадан астам кесеге шәй құйылып иіріліп тұрып бірден қолдан қолға таратылды. Үлкен жайма табақтың үстіндегі кішкентай рюмкелерге коньяк, арақ құйылап табағымен жоғарылатып әркім өзі ауыз тиетінін алып қалып әрі қарай жалғастырады. Ішпеймін деген адам болмады, ішпесе де алдында тұру керек. Қайтып барған шәй кеселер орын ауыспай өздерінің кезегін күтіп тұр. Түгел жиналмай шәй құйылмайды екен. Бұл екі арадағы үзіліс әңгімелесуге таптырмайтын уақыт. Сөз бастаған Ашекең (Ашықәлі Тағанов - пейіште нұры шалқысын)

- Арқа жақтан келді деп естіп едім, Арғын боларсың - деді.   

- Иә, - дедім.

- Алты арыс Арғынның қайсысы боласың?

- Ол жағын тарата алмайды екенмін.

- Өзің журналистикада оқиды екенсің, біліп алғаның жөн.

            Ашекеңе жан жақтан қызығушылық танытқан сұрақтар қойылап, өз аталарын, өз руларының көсемдерін тануға ынтықтық білдіріп сөз үстемеленіп әңгіме барысы қыза түсті. «Біздің жеріміз Жем, Сағыздың бойы емес пе еді, мына қалың құмның арасына қалай кіріп кеттік» деп жатты. Ашекең асықпай, бар ынтасымен жауап беріп;

            - Хан Тәукенің заманында біздер Мұғаджар тауынан бері қарай Жем, Сағыз, Елек, Қобда, Ойыл, Қиылды жайлағанымыз рас, ол енді ұзақ әңгіме.

 Бұл жерлер аты айтып тұрғандай шаруаға ыңғайлы, малға жайлы жерлер. Ол кезде қазақ жерін кеңейтіп жайлау, қыстауды молайтып, шегараны нығайту хандық үшін бірінші мақсат болатын. Башқұрт, Ноғай, Түркімендерді ығыстыруды, басы ашық шегара қалыптастыруды, Орынбор жерін қазаққа қаратып, Жайық бойының бергі бетін келімсектерден тазалау үшін хан Тәуке Арғынның жас батырын қолбасшы етіп жасағына отыз мың сарбазды атқа қондырып жібереді. Мұғаджардан бергі Кіші жүз сарбаздарын біріктіріп сұлтан Әбілхайыр мен баһадүр Бөкенбай батырдың басшылығына тапсырып хан Тәукенің әмірін орындайды. Осы жеңісті олжадан кейін Кіші жүздің хандығына Бөкенбай батыр мен Бөгенбай батырдың ұсынысымен Әбілхайыр хан болып бекітіледі. Бертін келе қоқандық сарттар, қарақалпақтар ел мазасын алып барымта, ұрлық-қарлығын жалғастырған қарақшылық шабуылдарымен көз аштырмай жүрген соң Таз руының батырлары Нарынбай, Өтен, Төремұраттар атқа қонып қалың әскер ертпесе де, шағын қолмен барымтаға сырымта жасап тойтарыс беріп отырады.

- Бұл ел - Таз руы «басқаны білмесң де Құрманғазыны білетін шығарсың» дегендей маған қарап - күй атасы Құрманғазының нағашы жұрты болады. Қуғын сүргін көріп жүргенде айлап жатып талай күй шығарып тарту етті.  «Қызданайдың қылығы», «Қызданайдың күлкісі» деген күйлері домбыра сағағынан түспейді - деп домбыра алдыртып менің қасымда отырған Мұхамбетиярға ұсынды. Ол кісі өзінен жастау інісіне ұсынып «аттың құлағында ойнайды» дегендей домбыраның сағағында ойнап қыз Данайдың сыңғырлаған күлкісін домбырада адамша күлдіріп, ұйып тыңдағандарды риза етті. Тағы 3-4 күйді қатарынан серпіп тоқтатқанда, қол жуғызуға иығына сүлгі салған жігіт кірді.

Тағы баяғы қос дастархан жайылып шұңғыл шарамен ет әкелінді. Шараның ортасындағы басты алып Ашекеңнің қолына бергенде қалтасындағы бәкісін алып құлағын кесіп маған ұстатты. Көрші жігіт етті жапырақтап турап үстіне кәрлен кеседегі пияз туралған майлы сорпаны құйғанда шара кілкілдеп шыға келді. Жайма табақтан қамырымен етті араластырып жеп жүрген адам бір екі рет ұмтылып қол созып ыстық сорпадан қамырын алып жей алмай, қолға ілінген еттен ауыз тиіп «тойдым» деп сыпайылық танытып отырып қалдым.

Тамақ ішіліп бата жасалынған соң әңгіме қайта өрбіп Қызданайдың «айдай сұлу, күндей көркем» болғандығын айту үшін әңгімені әріден бастаған Ашекең Қызданайдың әкесі Қожаназар асқан бай, дәулетті екенін, үбірлі шүбірлі бала шағасының көп екенін айта отырып «Мұхаммед пайғамбардың кезінде бір араб руы, екінші араб руымен өштесіп тұқым өрбітер бала шаға қалдырмай қырып тастайды. Бұл күн сейсенбі екен. Бұл оқиғадан жаны түршіккен басқа рулар бұл күнді қаралы күн санап жаңа іс бастамайды, жаңа тәуекелге бармайды.» Әріден келе жатқан бұл салт дәстүрге Қожаназар қарсылық білдіріп сейсенбі күні он баласын сүндетке отырғызып, он бура, он айғырды ақтатады. Сүндетке отырғызылған балалардың қуанышына сойылған биелерді  шығысқа қаратып бауыздатып қазан көтертеді.

Таң сәресісінде он ұл ұйқысынан оянбай жан тапсырып, он бура, он айғыр пышаққа ілігіп, еті іске аспай қара жерге көміледі. Үш күн аза тұтып, он ұл қабірге тапсырылады. Осы оқиға Шыңғысханда да, Есімханда да болған. Шыңғысхан қырған Маңғытқа да, Есімхан қырған Қатағанға да көрші рулары қайғырмай тірі қалғандарын өздеріне қосып алды. Таз руы ерекше болғаны ғой. Осы күнге дейін сексенге келген қарттары сейсенбі күнін тергейді. Қонаққа бармайды, қонақ қабылдамайды. Телефон трубкасын көтермейді. Жастықтан басын көтермей, көз жасы сора-сора болып Қожаназар бес күн жатқанда ағайын туыстары жиналып;

- Қожеке! Сіз әлі тұғырдан түскен жоқсыз. Он әйелдеріңіз әлі жас, Құдайдың берейін десе рақымы мол, біздер бата беріп Құдайдан бес ұл бер деп тілейік, көтер басыңды! - деген өктем дауыстан кеудесін көтеріп мең-зең қалпында көзінен жасы сорғалап кемсеңдеп, басы төмен салбырап жыламсыраған қалпында:

- Ағайын туыстарым, мен астамшылық жасадым. Құдайдың қаһарына ұшырадым. Соның азабын тартып жатырмын. Баталарың қабыл болсын, беріңдер. Жаным қалса намазға жығыламын. Мал сойғызып құдайы тамақ берейік, елге сауын айтыңдар.

            Араға 1-2 жыл салып Қожаназар бес ұлды, бір қызды болады. Бақыты басына қайта оралған Қожаназар ұлан асыр той жасап Құдай алдында бас иіп, намазға жығылғанын паш етеді. Не істесе де шариғат жолымен істеуді уағыздап отыруға жетті. Кейінгі ұрпақтарына жаңа іс бастамауды, шариғат заңын орындауды өсиет етті. Кенже келіншегінен туған қыздың атын қыздан туған айдай екен деп ырымдап «Қызданай» қояды. Бесікке салар тойында өзі қатарлас бай, мыңғыртып мал айдаған досы құда түсіп Қитарбай деген ұлына алып бермек болып «Бесік құда» атанады. Жылдар жылдам өтіп 16-17 жасқа толғанда  Қызданайдың сұлулығы, көркі жыр болып тарап, мен жігітпін дегендердің ауызының суын құртып Қожаназардың алдынан өтіп құда түсушілердің саны күн санап артты. Қожаназарға Ақжайықтың арғы бетінен нағашылап келіп жатқан атақты күйші Сағырбайдың Құрманғазысы айлап жатып «Қызданайдың қылығы», «Қызданайдың күлкісі» деген күйлерін тегін шығармаса керек. Табиғаттың сұлулығын, үннің сұлулығын, домбыра күмбірінің шыйырымын Құрманғазыдай түсінетін адам кемде кем болар. Өзінің басы дауда, қуғын сүргіннен бой тасалап жүрген атақты күйші қанша ғашық болса да «сап, сап көңілім, сап көңілім» дегендей сұлулығына, көркіне, ақыл, мінезіне тояттап сабыр сақтаған болар.

            Ержеткен Қитарбайға Қызданайдың көңілі толмайды. Болашақ күйеуім деп менсінбей елге атағы шыққан жас батыр, өз ауылдасы Төремұратпен кездесіп сөз байласса да, Құдайдың қаһарына бір рет ұшыраған Қожаназар бесікке берген антынан, досына берген уәдесінен айнымайды. «Ауызы күйген үрлеп ішеді» дегендей «Құдайға екі рет күнәһр болар жағдайым жоқ» деп үзілді кесілді жауап береді. Төремұрат ауыл ақсақалдарын құда түсіріп, екі есе қалың мал беріп Қожаназарды да, Қитарбайды да тоқтата алмайтынына көзі жеткен Төремұрат батыр Қызданайды батырлыққа салып алып қашады. Артынан ілесе шыққан 20-30 жігіт қуып жеткен жерде қан төгісті айқас басталады. Жан аямасқа бекінген Төремұрат батыр 7-8 жігітті қылышқа түсіріп, қалғандарын аттан құлатып, жуылмастай кінәсін мойынға алып қашқындығын жалғастырады.  Өзі жауласып жүрген қоқандық сарттар жеріне Хорезмге жол тартады. Ел жұртының өз қандастарының өлімін кешірмейтінін біліп бой тасалап бір жылдай тұрақтап қалғанда, соңынан іздеушілердің шыққанын естіп, Түркімен жерін паналауға із суытады.

            Құшақ жайып қарсы алған түркімен батырлары жұбайы Қызданайға қызығып, сұлулығына елітіп Төремұрат батырмен араздасып, өшігіп ақырында жауласып өлтіріп тынады. Түркіменнің бас батыры Қызданайды тоқалдыққа алып көңілдері тынғанмен, Қызданай қалай құтылудың жолын ойластырып түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмей азып тоза бастайды. Кешкі салқынмен сыртқа  ұзағырақ шығып, серуендеп жүргенде бір ақсақал кісі өзін қазақпын деп таныстырып, мән жайға қанық екенін айтады.

- Ата, қазақ елінің бағыты қайда? Қанша күнде жетемін? - деп тәптіштеп сұрап алады.

- Шырағым, күйеуіңді өлтіріп, сені тартып алған түркімен батырының екі жүйрігін баптап, жаратып кезек мініп, шауып отырсаң екі күндік жер. Ел шетіне аман есен іліксең әрі қарай қазақтар өзі қолдап алар - деп жөнін айтады.

            Сол күннен бастап «күйеуіне» айрықша ықылас білдіріп сеніміне кіре бастайды. Еміренген тоқалына емешегі құрып, айтқанына көніп, екі тұлпардың баптауын Қызданайға тапсырып, құдықтан мұздай сумен суартып, желдетіп желіп келуіне ұлықсат береді. Төремұраттың тұлпары ауылды өзі тауып барар деп сеніп, ер тұрманын дайындап, түркімен батырының ақалтекесін жетекке алуды көздеп, әбден жетекке үйретеді. Ай жарым жаратылған қос тұлпармен күйеуінің көрші ауылға қонаққа кеткенін пайдаланып Қызданай қарт ақсақал көрсеткен бағытпен алыс жолға алаңдамай Төремұраттың бес қаруын асынып жолға шығады. Артымнан қуғандай болса деп ұзап кету үшін бәйгеге шапқандай шабыспен сәске түстен, қас қарайғанша шауып, бір терең сайға келіп ат басын тартады. Екі аттың да тартпасын босатып демалдырып қаңтарып тастайды. Қалтасына сала шыққан екі құрт, ірімшігін талғажу етіп, қол аяғын созып, аздап көз іліндіріп таң біліне түркімен ақалтекесіне мініп қатты жүріспен етін қыздырып алған соң сауырына қамшы басып шабысқа салды. Адай елінің шетіне жетіп, киіз үйлі ауылға тоқтап жөн сұрасқандарға бар шынын айтады. Ауыл ақсақалдары жанашырлықпен қарап, екі атты суытып, отқа қойып, астаудағы мұздай сумен бауырын жуып шідерлеп, үй маңындағы ойпаң тоғайға жіберіп балаларды қарауыл қаратады. Өзіне бөлек үй бөліп демалдырып тамақтандырады. Кешкі тамақта жөн сұрасқанда Төремұраттың түркімендер қолынан қаза тапқанын, ауылы Құлсары даласындағы, Қараша көлі маңында екенін, Нарынбай, Өтен батырлардың қарындасы болатынын, өзі Қожаназар байдың қызы екенін айтады. Отырғандар батырларды танитындарын айтып, таңертең жүрерде екі жігіт қосып беретіндерін айтып қызды қуантып қойды.

            Таңғы салқынмен жолға шыққан үш жолаушы Құлсарының сары даласы қайдасың деп желе жорытып ауылдан ұзап шыға берді. Амандық болса «түнделетіп елді дүрліктірмей жақындап барып ат шалдырып, күн көтеріле барғанымыз дұрыс болар» деген Қызданай өзі көріп біліп жүрген түйелі ауылдың маңайына, жылқыға от болар қырдың басына тоқтады. Алған тамақтарын, піскен түйенің өркешін бауырсаққа қосып жеп, шұбатпен сусындаған үшеу салқын ауада, самал желдің төсінде мамыра жай ұйықтап таңертең асықпай тұрды. Осы жерде екі жігітпен қош айтысып, алғысын айтып кері шығарып салады. Өзі қозы көш жердегі Қитарбайдың үйіне қос тұлпармен жорықтан қайтқан батырдай болып келіп түседі. Қызданайдың келгенін ел тез арада естіп ауыл азан-қазан болып сүйіншілесіп Қитарбайдың үйіне жиналады. Опыр-топыр басылғанда сөзді Қызданай бастап Қитарбайдың өзін кінәлей сөйледі.

            -  Қитарбай - деді Қызданай - Болар іс болды, құтқарып алып қала алмадың, жігіттердің қаны төгілді. Басқа түскенге көндік, мен саған өзім келдім - дегенде шоршып түскен Қитарбай;

- Мен сен келеді деп күтіп отырғаным жоқ, үйленіп қойғанмын, мына отырған менің әйелім деп босаға жақта отырған әйелді көрсетті.

- Құтты болсын. Мен тоқал боламын.

            - Жоқ. Мен сені алмаймын - деп өз сөзінен өзі ұялғандай, теріс қарап жатып алды. Әрі қарай сөз жалғаспайтынын білген Қызданай

            - Ойлан, Қитарбай - деп орнынан тұрып сыртқа беттеді.

            Шыққан бетте байлаулы тұрған аттарды жетекке алып, қасына ерген әйелдермен өзекте отырған Қожаназардың  үйіне келді. Сағынышпен қарсы алған әкесі маңдайынан иіскеп төрге оздырып амандық саулығын сұрағаннан артыққа бармады. Қазан көтеріліп, тай сойылып Қожаназар әулеті мәре-сәре болды. Өз үйінде бір жетідей мауқын басып, өткен кеткенді саралап ақылға салған соң ақсақалдар жиналып Қитарбайға қайта қосуды жөн көрді. Қызданайдың бірден келіп Қитарбайдың үйіне түсуі әке антын аттамай мойындағандық деп түсінген ақсақалдар кіші-гірім той жасатып қайта қосатын болды. Бұл хабарды естіген Қитарбайдың әйелі Зәуреғайша өзінің құрсақ көтермегендігін сылтау етіп төркініне кетіп тынды. Екі «бесік құда» «игіліктің ерте кеші жоқ» деп қайта төс қағысып мың жылдық құда болды. Жиналған елде ризашылықпен тарап «бағы сынбас байталдың, қайтып үйірін тапқан соң» деп бата берісіп (Ашекеңнен жазып алған мақал) Қызданайды Қитарбайдың үйіне кіргізіп берді.

         Төремұраттың өлгенін, Қызданайдың еліне келгенін естіген Құрманғазы нағашы еліне қайта соғып көңіл айтып, қуанышын бөлісіп біраз уақыт демалып жатып қайтты. Жай жатқан жоқ. Қызданайдан барлық сырға қаныққаны бойға шабыт дарытып «Қызданайдың қырғыны» деген атақты күйін шығарды.  Бұл күйді «Төремұрат» деп те атайды. Күй жеке адмның портетінен гөрі қырғынның суреттемесін, алмас қылыштың жүздері сарт-сұрт айқасқандағы шыңылы жүректі шаншытады. Кісіней төс қағысқан тұлпарлардың тұяқтарының сартылы, домбыраның төменгі сағасындағы пернеден, шанаққа басқан кішкене саусақтың астынан шыққан дабылды дыбыс, саусақтан пернені бос жібергенде қос шектен шыққан  аңыраған дыбыс, нағыз қырғынның, нағыз сойқанның болып жатқанын елестетеді.

Қитарбайдан үш ұл өрбіп, елі жұртын қуанышқа бөлегені Ашықәлі Тағанұлы (пейіште нұры шалқысын) ақсақалдың айтуынша жаңа үкіметтің ісіне араласып, қазақ үшін еңбек еткен белсенді азаматтар болған көрінеді. Қызданайдың өзі ұзақ өмір сүріп, сұлулық болмысын жоғалтпай, бойын күтіп Қитарбайдың әкесінен қалған байлықты көзін тауып жұмсатып 1908 жылдары қайтыс болыпты. Осы әңгімелерді естігенде Ашекеңе газетке сұранып тұрған хиқая екен деп едім. Алматыға келіп «СҚ» (Социялистік Қазақстан) әдейі жіберген іс сапардың мақаласын Қосшағыл «Мұнай өндіру» (Нефтпромысл) комбинатының директоры Шаңбай ағамен өткізген сұхбатты бастығым Нұрғазы Шәкеевке беріп «Қызданай» туралы естіген әңгімемді жазсам қайтеді дегенде біз ЦК-ның органымыз, басқа газетке ұсын деді. Сонымен, жабулы қазан, жабулы күйінде қалып 52 жылдан кейін еске түсіруіме тура келді.

            Оған себеп қырық жылдан астам жолдас болған Сағым деген досым ауруға шалдығып төсек тартып сал болып жатып қалған. Сол досым мың жолдық «Ажал алдындағы араздасу» деген ұзақ өлең жазып Кіші жүздің Қызданай сұлуын еске алыпты. Өлең шіркін күйзелістен, уайымнан туады білем, ертеде Сағымның «Балдызыма», «Қараәлкеннің термесі» деген өлеңдерін әнші-термеші Аяз Бетбаев дастархан басындағы жиында, көңіл көтеру үшін айтып жүреді екен. «Балдызыма» деген өлеңі;

Өзім іздеп таптым ғой,

Апаңызды сорыма.

Нем бар еді, Құдай-ау,

Гурьевтің сорында. - деп басталушы еді. Әйелінің Кіші жүз қызы екенін содан білетінбіз. Маған берген өлеңі жан күйзелісінен шыққан керемет толғау, қырық жыл отасқан қосағына айтқан өкпесі мен назы жан аярлықтай. Қызданайға арнаған бірер шумағын оқып көрейік. Әйелінің әкесіне енді табынып Сағым былай дейді.

 

Әкесі Зорбай шіркін қасарысып,

«Бермеймін» деп тырысты қаны тасып.

«Қызым менің баспақ емес, алып кетер,

Жалғыз жүрген жолбарыс мойынға асып. Дей келіп Қызданайды жырлайды.

 

Борбайы көкпар болған Қызданайдың,

Қыз алған ауылынан менде ақымақ.

Неге ғана кетпедім «хош аман» деп,

Өтсемде өмір бойы болып бойдақ.

 

Қызданайдың қылығы мен күлкісіне,

Арнаған асқақ күйлер Құрманғазы.

Қызданайдың ауылында айлап жатып,

Аттанғанда болар - ау, бек разы.

 

Бұйыртпай атастырған күйеуіне,

Төремұрат алып қашты алыс жерге.

Бас батырды сыйғызбай өз елінде,

Жем қылды қанды балақ Түркіменге. 

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371