ҚАЗАҚ ҚАЛАЙ СӘЛЕМДЕСКЕНІ ДҰРЫС?
Осы қазақ қызық өзі, "Сәлем - Сөздің Анасы" дейді. Орасан ұғым! Олай болса, сәлемдесейік. "Ассалаумағалейкум!". "Уа, ғалейкумассалам!". Рас қызық қой: өзіміз - қазақ, сәлеміміз - араб! Қазақтың сәлем екеш сәлемді де "өзгеден қарызға алған" осы сорлылығы қай заманнан бері жалғасып келе жатыр? Оны білу бізге онша маңызды да емес. Ал, жалпы,бұл қазақтың қазақша төл сәлемі болып па еді, мәселе - сонда. Болғанда қандай! Біз ол туралы да "Қас Сақ Аңқымасы"-ның екінші кітабында ("Қазығұрт" баспасы, Алматы-2003) тоқталғанбыз. Әрине, Сәлем туралы әңгіме де - ежелгі қонақ культімен тікелей байланысты, өзінше бір жатқан философия. Бүгін қазақтың көнеден келе жатқан аңқымалық қасиетті сәлемдері ішіндегі "ҚОШ" Сәлемінің төңірегінде ғана қысқаша бір-екі сөз айтайық. Тілші ғалымдарымыз "Қош" сөзін де парсыға апарып теліп қояды. Дұрыс емес. Тіліміздегі көптеген сөздер секілді, "ҚОШ" Сөзі де - көпмағыналы Сөз. Біз оның барша мағынасын айтып жатпаймыз. Әуелгі затесімдік "қош" (жұпар) сөзі дәтесімдік һәм тәуесімдік "ҚОШ" (1. жұпар Періште-Рух 2. жұпар Періште-Рухтың қош сәлемі я қош хабары) кейпіне енеді. Затесімдік "қош" сөзінің көптеген синонимдерінің бірі ретіндегі затесімдік "аңқыл" (жұпар леб) сөзі де дәл солайша дәтесімдік һәм тәуесімдік "АҢҚЫЛ" (1. жұпар Періште-Рух 2. жұпар Періште-Рухтың қош сәлемі я қош хабары) Сөзіне айналған. 24-шілдедегі "Біз - барып тұрған йсалмаспыз" атты жазбамызда (оны парақшамыздан оқуларыңызға болады) келтірілген мысалдар да Тіл тірлігіндегі осындай, "қарадан шығып, Хан болған" заңдылығы негізінде еді. Оған "ес (жұпар желдет, самал) - ЕС" (жұпар Періште-Рух; жұпар Сана; жұпарперіштелік қош Сөз.,) мысалын да қосып қоюға болады.
Қош делік. Періштенің өзі - Қонақ (қонушы яғни ұшып келіп, бір жерге байыздаған мейман). "Жұпар Періште-Рух" деген мәндегі "ҚОШ" Сөзінің орыс қолданысында, "С+т" симбиозының кесірінен бүлінгі "гость" ("ГОС+ть": Қонақ) кейпінде, еш жұпарсыз тірлік ететіндігі де содан. Жоғарыдағы "АҢҚЫЛ" Сөзін де орыс бауырлар, еш жұпарсыз, құр "Ангел" (Періште) түрінде ғана қолданса, жоғарыдағы "ЕС" (жұпарперіштелік қош хабар-Сөз) Сөзін де олар еш жұпарсыз бүлінгі "весть" (в+ЕС+ть"; Хабар) түрінде ғана қолданады. Аңқымалық көне "Аңқыл" Сөзінің гректік - Ангел" ("елші") я "Аггел", латындық "Анжел" (осыдан "Інжіл" атауы қалыптасқан), "Ангелия", "Евангелие (гр. "благая весть)", т.с.с. туынды-бүлінгі үлгілері де біршама.
Осы айтылғандардың бағзыдағы аңқымалық мәнісі мен мағынасын ептеп ұға алсақ та, көңіліміз қ о ш болып, Басымыздағы Бағымызға да ептеп жұпар дари бастар еді ғой!..
Жә, бұрынғы ата-бабаларымыздың бір-бірін қарсы алғанда да, қоштасқанда да ұдайы "ҚОШ" (1. жұпар Періште-Рух 2. жұпар Періште-Рухтың қош сәлемі я қош хабары) десіп, жұпар Періштелерше аңқылдаса сәлем айтысатындарының тәңірлік мәнін енді сәл де болса түсіндік пе, ағайын? Әлде, сол баяғы "ассалау" мен "ассалам"-ға ғана мәз болып жүре береміз бе?
Бағзы дана бабаларымыздың әлемдік барша дінге негіз болған қадымдық АҢҚЫМА (тәңірлік-періштелік Жұпар Ілім.,) ғажабында рухани мағыналары ерен аңқып тұратын "ҚОШ ҰЛ", "ҚОШ ҚАР", "ҚОШ ЖАР", "ҚОШ БІТ", т.т. түрлердегі бестанымдық сансыз терминдер бар. Тәңірі жар болса, алдағы уақытта олар жайында да пікірлесіп көрерміз. Солардың басты бірі - "ҚОШ ЕГЕ" термині. Жалпы, тақырыпта көрсетілген атаулар жайында біз, кезінде, "Қазақ Әдебиеті" газетінде де біраз дүниелерді айтқан болатынбыз.
"Қош" сөзінің көп мағыналарының "Жұпар Періште" деген мәнісін ғана алсақ, "Қош Еге" терминінің "Жұпар Періште-Еге" деген мәні айқындалады. "Еге" (Ійе) сөзінің туынды бір үлгісі - "Эго" (лат. Мен). "Мен" дегенді білдіретін славяндық "ЙА" сөзі - "Эго" яки бүлінгі "ЕГЕ" терминінің "ІЙЕ" түріндегі әуелгі таза нұсқасының туынды үлгісі. "ІЙЕ" ("ЙА") = "ЕГЕ" ("ЭГО").
Әркімнің "Мен"-і (Эгосы) - Рух ретіндегі Өзі. Демек, "Қош Еге" дегеніміз - "Жұпар Періште-Рух". Ал, Кеж Еге" дегендегі "КЕЖ" сөзінің басты бір мәні: "қиқар-қырсық". Яғни, "кежеге" (шүйде, қарағұс.,), метатезалық "кегеже" үлгілері де бар "КЕЖ ЕГЕ" дегеніміз - "Кесір Рух". "Кежегесінің кері тартуы" фразеологизмі содан шыққан. "Сонымен, "ҚОШ ЕГЕ" мен "КЕЖ ЕГЕ" - әр "Мен"-нің бір-біріне қарама-қарсы қос ипостасы, "Аңқыр" мен "Мүңкір" аналогтары.
Тегінде, Тіл тірлігіндегі текорат (тектестікке орайғы аттастық) заңдылығы бойынша, Рух қалай аталса, Оның басқарымындағы Ақыл-Ес те солай аталады. Оның үстіне, Екеуі - біртұтас ғажайып. "Бастағы Бақ" деп те аталатын жұпарлы Жұмақ Естің "ҚОШЕГЕ" аталуы да содан. "КӨСЕГЕ" түрінде қолданылады. Басты батаның "Көсегең көгерсін!" (Бастағы Бағың өркендесін!) түрінде болатындығы да сондықтан.
Осы айтылғандардың бәрі - байырғы дана бабаларымыз түзген Аңқыма Ілімінен. "Бастағы Бақ пен Сордың" барша құпиясы да, Тәңіртанудың ең кемел көне концепциялары да - Аңқымада. Кімде-кім Аңқыма жайында көбірек білгісі келсе, Бестанымның құпия кілті ретіндегі Сөзтанымды игерсін, Қазақтың Ата Тілін үйренсін. Себебі, "Қазақ Тілі - жұмбақ: не айтса, бәрінің шешуі бар; шешуін білуге тырысу керек!" деп кетті Мәшһүр Жүсіп. "Білімнің де, ғылымның да, діннің де, әулиешіліктің те Қазақ Тілінде" екендігін өсиеттеп кеткен әулие де - Мәшһүр Жүсіп. Ал, біздің тірлік ше, "өз Басындағы Баққа сенбей, өзгенің Басындағы боққа ынтыққан" сорлылық емес пе?! "Өзге тілде түсініксіз бірдемелерді күбірлеп тоңқаңдай бермей, аңқымалық Жұпары тұншыққан Басымызды бір көтерейікші, ағайын!" деп, бар дауысыммен әлемге айқайлап жібергім келеді кейде... Бірақ, қайтесің, "баяғы жартас - бір жартас...".
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы.