ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕҢ ТИІМДІ БИЗНЕС – КОРРУПЦИЯ
(ПАМФЛЕТ)
Мына заманында немен шұғылдансақ екен, қайтіп қалтамызды толтырсақ екен деп, басы қатып жүргендер үшін керемет бір жол бар. Ол –коррупциямен айналысу. Бірақ коррупциямен айналысу үшін мемлекеттік қызмет керек. Ең құрығанда ауылдың әкімі деген дәрежеңіз болғаны дұрыс. Ар жағы сосын – оп-оңай. Өзіңіз секілді әмиянын толтыруды армандап жүрген бір кәсіпкерді тауып алып, қатырып тұрып керемет жоба жасайсыз. Оған біздің қашанда «қолы ашық» мемлекетіміз жүздеген миллион теңге қаржыны ойланбастан бөле салады. Бітті. Сосын осы ақшадан өзіңіздің «тәбетіңіздің шапқанынша» асайсыз. Жоғарыда отырғандарға бересіз. Сөйтіп бір-ақ күннің ішінде миллионер болып шыға келесіз.
Ал, жобаны не істейміз дейсіз бе? Түк те. Ол солай қалады. Егер қолға алған жобаның барлығы іске аса берсе, Қазақстан баяғыда-ақ, Америкаңызды аттап өтер еді. Сондықтан жобаны ойламай, әуелі өзіңіздің жағдайыңызды ойлаңыз.
Бірақ «батпан құйрық, бұл не деген далада жатқан құйрық» демекші, далада жатқан ақша жоқ. Егер жылдамдатып шет елге қашып кете алмасаңыз, бірер жыл «ана жақтың» дәмін татып келуге мәжбүр боласыз. Көп емес, бір-екі жыл ғана. Кәдімгі әскерге барып келген бала секілді. Дегенмен ақшасы бар адамға ол жақта да көп қиындық жоқ. Түрмеде отырмын деп тіркеліп қоясыз да, өзіңіз үйіңізде кемпіріңіздің қасында тыр-тыр қасынып жата бересіз. Содан бір күні сот болып, сіздің ісіңізді қайтадан қарайды. Сосын судьялардың өздері аң-таң қалып, тіпті ыңғайсыз жағдайға түседі. «Апырмай, ұят болған екен, мына кісінің «жегені» бар-жоғы 500-ақ миллион теңге. Ал түрмеде отырғанына жылдан асып кетіпті. Қой, енді ұстағанымыз дұрыс болмас, «үлгілі тәртібі үшін» деген сылтаумен босатайық!» - деп, сіздің жүген-ноқтаңызды басыңызға түріп, бостандыққа шығарып қоя береді. Міне, осыдан кейін сіз біржола еркіндіктесіз және ешқандай жұмыс істемей-ақ қоюыңызға болады. Себебі ұрлаған ақшаңыз балыңыздың баласына жетеді. Және бұдан еш қысылушы болмаңыз, себебі ақша жеп сотталу деген бүгінде қылмыс деп саналмайды. Ол шенеуніктердің арасында кәдімгідей дәстүрге айналып кеткен. Пролетариаттың көсемі Ленин атамыз айтпақшы, түрменің дәмін татпаған адам өмірдің не екенін білмейді.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін, бірер мысал келтіре кетелік. 2012 жылы Қостанай облыстық әкімдігінде жүздеген миллион мемлекет қаржысын қымқырған шенеуніктер істі болып сотталғанынан хабардармыз. Және кілең бір «дөкейлер». Облыс әкімінің аппарат жетекшісі А.Твердохлебов, облыстық экономика және жоспарлау басқармасының бастығы М.Щеглова, әкімдіктегі әділет бөлімінің меңгерушісі Г.Төлеубаева, халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Г.Асайынова, кәсіпкер В.Ельчищевтер. Қазір осылардың барлығы бостандықта жүр. Ал «аса үлкен көлемде пара алды» деп айыпталып, бес жылға сотталған М.Щеглова 2 жыл, екі ай отырып, жуырда біржола босап шықты.
Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтың «командасы» 82 миллиард қаржыны қымқырған деп айыпталғанын білеміз. Қазір осы іске тікелей қатысы болған Атырау қаласының бұрынғы әкімі Асқар Керімов пен облыстық қаржы басқармасының бастығы Бауыржан Жантеміровтер «үлгілі тәртібі үшін» біржола босап шыққанын біліп отырмыз.
2012 жылы Жаңаөзен қаласының әкімі болған Орақ Сарбөпеев 109 миллион қаржыны қалтаға басты деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Және ол бұл қылмысты қаланың бұрынғы әкімі Жалғас Бабахановпен келісіп жасаған деп жазады ақпарат құралдары. Жуырда О.Сарбөпеев жаңа қылмыстық кодекстің күшіне енуіне байланысты, 600 мың теңге айыппұл төлеп, босап шығыпты. Ал ақталып шыққан Бабахановты түрменің қақпасы алдынан туыстары шашу шашып қарсы алды дейді көргендер. Па, шіркін дедік! Қайда барсаң да көзге ұрып тұратын қазақтың баяғы дархандығы.
Былтыр ғана 252 миллион 335 мың теңге және 147 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деп, 6 жылға қатаң режимдегі колонияға жіберілген Қорғаныс министрінің орынбасары Бағдат Майкеев те жуырда ғана денсаулығына байланысты босап шыға келді.
Үш жүз мың доллар көлемінде пара алды деп айыпталған ҚР Табиғи монополоияларды реттеу агентігінің төрағасы Мұрат Оспанов «ана жаққа» барғысы келмесе керек. Оған 1 миллиард 101 миллион 60 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Айыпталушы бұл жазаға келіскен. Яғни, оның төлеуге мүмкіншілігі бар деген сөз. Қазір ол осы айыппұл сомасының ширек бөлігін (250 миллион теңгеден аса) төлеп те тастаған көрінеді. Оспанов айыппұлды алты айдың ішінде төлеуге міндетті. Яғни, қыркүйек айының аяғына дейін 1 миллиард 101 миллион теңге мемлекет қазынасына түсуі керек деген сөз. Ал түспесе ше? Бірақ біздегі «адамсүйгіш» сот жүйесі ол мерзімді тағы да бірер жылға ұзартуы, тіпті айыппұлды біржола алып тастуы мүмкін.
2013 жылы 80 мың доллар көлемінде пара алды деп айпталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған Кедендік бақылау комитетінің бұрынғы төрағасы Серік Баймағамбетов те журда «мерзмін бітіріп», босап шықты.
2013 жылы Су ресурстары жөніндегі комитеттің төрағасы Арман Құмашев 1 миллиард 200 миллион теңге көлемінде мемлекет қаржысын қалтаға басып және 6,6, миллиард бюджет ақшасын қолды қылмаққа әркет еткені үшін «табандатқан» 4 жылға бас бостандығынан айырылған. Мүмкін қазір ол да боастандықта жүрген шығар. Осыншама байлығы бар адам түрмеде көп отырғаны, тіпті, ыңғайсыз ғой.
Павлодар облысының бұрынғы әкімі Е.Арынның кеңесшісі болған Т.Бәстенов 8,7 миллион теңге көлемінде пара алды деп айыпталып, қамауда отырғанына жылдан аса уақыт өтті. Онымен бірге әкімнің бұрынғы орынбасары А.Әбдіхалықов та жазасын күтуде. Егер бұлардың кінәлары дәлелденсе, Т.Бәстеновтың 1976 жылы шыққан «Москвич-412» және 1971 жылы шыққан «Волга» автокөлігі тәркіленеді екен. Бұл көліктердің бірінің шыққанына 39, ал енді біріне 44 жыл болыпты. Заңымыздың «әділеттілігіне» еріксіз таң қаласың! Ертең мемлекет осы екі машинаны аукционға қойып сатады да, 8,7 миллионның орнын жаба салады.
Міне, Қазақстандағы ең тиімді бизнес-корруцция деп отырғаным – осы. Бірақ ол үшін мемлекеттік қызметкер болуың керек. Мемлекеттік қызметкер болу үшін-біреулердің қолына «бірдеңе» қыстыруың керек. Осының есебін тапсаң, бітті, жолым болды дей бер!
Сайлау Байбосын
Abai.kz