Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Әдебиет 14233 0 пікір 30 Маусым, 2015 сағат 18:55

ҚЫМЫЗ ПОЛИГОНДЫ ЖЕҢДІ (ЭССЕ)

Қадірлі оқырман! Естелік түрінде жазылған шығарманың атауы Сізге біртүрлі қызық көрінуі мүмкін. Шағын ғана Саржал ауылы  бүкіл елімізге танымал. Саржалды біреу  «Білем, Семей полигонының жанындағы   соры арылмаған  ауыл» деп мүсіркей еске алса,   енді біреулер  «Ой, Саржал қымызды ауыл  ғой»  деп атын көкке көтере  дәріптейді. Қазір Семей полигоны жабылып, аты тарих қойнауына  кетіп  бара жатыр,   ал Саржал  қымызы  балдай дәмімен  тіл   үйіріп, дертке  дауа, жанға шипа  болып,  жұртшылықтың  сүйікті  сусынына  айналды. Иә,   қымыз дәстүрлі ем ретінде  ұлттық  брендке баланады. Әсіресе,  енді  екі  жылдан  соң  Астанада өтетін  «ЭКСПО-2017»  халықаралық көрмесіне  байланысты,   ұлтымыздың   дәстүрлі тағамдарын әлемге әйгілі   ету мүмкіндігін  иеленіп   отырмыз.  Осыған орай, қымыздың бүгінгі   жағдайы,  сапасы мен әзірлену технологиясы, осы  бағытта елімізде  қандай іс-шаралардың қолға алына бастауы керектігі жайлы тақырыпты көтеру әрбір саржалдықтың  міндеті. Шынында, жылқы  малы  атам  заманнан  бері  судың  тұнығын ішіп,  шөптің  асылын жейтін текті жануар. Бұдан екі ғасыр бұрын Ақтамберді жырау:

Арудан асқан жан бар ма?

 Жылқыдан асқан мал бар ма?

 Биенің сүті сары бал

 Қымыздан асқан  дәм бар ма?-

деген екен. Мен  Саржалдың  төл  баласы  ретінде полигон   аждаһасымен   бала шағымнан алысып, қымыздың өмірімізге   қалай енгенін, Саржал  атын қалай шығарғаны, тіпті  полигонды қалай жеңгені жөнінде  басымнан өткен  оқиғалармен  байланыстыра  отырып,  осы  естелікте баяндауға тырысамын.

 Мен - Сәкен Сейсенұлы 1951 жылы Саржал ауылында  дүниеге келдім. Сондағы  орта мектепті  бітіріп, Семейдегі педагогикалық  жоғарғы оқу орнын  тәмамдап, 48 жасыма дейін  ұстаздық қызмет атқардым. Әрі қарай еңбек етуге  денсаулығым келмегендіктен өз өтінішім бойынша 3-топтағы еңбек мүгедегі, 50 жастан зейнеткер болып, Семей қаласында  тұрып жатырмын. Түрім қораштау, сырт бейнем сүйкімсіздеу. Көшеде кейбір адамдар, балалар үңіле қарап, аяп кейде үрейленіп те жатады. Бұл шындық,  мұны өзім де жақсы білемін.                                                          

Қаладағы  автобус кондукторлары  маған ешқашан   билет ал  демейді.  Яғни, өңім өз жасымнан  әлдеқайда қартаңдау,  бет-пішінім,  өзге органдарым қалыпты деңгейден  әлдеқайда  өсіп кеткен: мұрын, ерін, бет, аяқ-қолдарым. Бірақ мен туғанда өмірге  осылай келген жоқпын.  Бес жасымда әкем, әжеммен бірге түскен суретте мүлде бөлек, сүйкімді бала күлімсіреп қарап тұр. Қысқасы,мен Семей  полигонының эпицентрі – Саржал аулында  туған жүздеген атом полигонынан зардап  шеккендердің   бірімін. Полигон аждаһасы, оның  қасіреті туралы  көп  жазылды. Мыңдаған   адам қатерлі дерттен көз жұмса, талай жас  асылып  өліп, талай  мүгедек, талай жанұя  аурудан  әлі  жапа шегуде. Бір менің өзіме қойылған   диагноз:  аденома  гифофеза (бастағы  рак), аденома  простота (қуықтағы рак), зоб.  Сол жақ  көзіме   екі рет  ота жасалған, мүлде көрмейді, оң көзіме бір рет ота жасалған, жиырма пайыз көреді. Өтім жоқ. Жүрек ауруы, хондроз,  гастрит, т.б. өз алдына.

          Семей полигонында 500-ден астам жарылыс болды.  Бірақ алтын  бесігім - Саржал ауылы осы қасіреттің бәрінен аман қалып, жаралы нәрестесін аялаған  анадай қазір  күннен-күнге   жайнап келеді.  Әрине, еліміз тәуелсіздік  алды,  полигон жабылды,  арнайы заң қабылданды.  Адам факторы бірінші  орынға қойылып, сауықтыру жұмысы  үкімет   тарапынан  бірыңғай  жүйеге түсті. Әйтсе де жасампаз Саржал  халқының шаруашылықтағы, мәдениет, денсаулық,  оқу-ағарту,  спорттағы  жетістіктері ұшан-теңіз.   Саржал  аждаһа  аузына түссе де Саржалдың қымызы, жылқы еті  сол атом сынағының  радиациясын бәсеңдетіп,  Саржал халқын тікелей төнген  ажалдан құтқаруға себепші болды. Бұл шындық. Мен қазір 63-ке  келген жасымда басымнан өткен  оқиғаларды  баяндай  отырып, Саржал  қымызының   құдіретін,  қалай  аты шыққанын дәлелдей  алсам, өзімді  бұл өмірде шексіз  бақытты сезінер едім.

 

                 ***

          Атом полигонының мен көрген  алғашқы жарылысы   мәңгі есімнен кетпейді.  Ес біліп  қалған шағым, шамамен  5-6 жастамын. Әкем ауылдағы  бесінші  сиыр фермасының меңгерушісі, жарылыс жасалатын  Дегелең тауларына 20-25 шақырым   жердегі Кәжік  деген  жайлауында отырып, өнім аламыз. 500  сиыр  2 мезгіл сауылады,  сүт  тартылып,  май шайқалады.  Аудан  орталығына аптасына бір рет  25-30  кәтке???  май жөнелтіледі. Екі бақташы, бір бұзаушы, 10-15 сауыншы бар. Осындай  күндердің бірінде түстен кейін  ауылға бір жеңіл,  бір жүк машинасымен әскери адамдар келді.  Жеңіл машинадағының  біреуі қартаңдау адам, бірі – жас офицер. 

        Жүк машинасындағы  он шақты солдаттың  ішінде бір қазақ аудармашысы бар. Ауылдағы  кісілерді түгел жинап алды. «Ертең әскери сынақ  өтеді. АҚШ жанталаса қаруланып жатыр, біздікі бейбіт мақсат»  т.б. дегендей сөздер айтылған   сияқты.

«Бұл  ауылда түгел қазақ  үй,   палатка, құлайтын  ештеңе  жоқ, сондықтан солдаттарға  ешкім арақ бермесін, әйтпесе  қатаң жазаланады»-деп   қартаң офицер  баса айтты. «Келгенше қонақ, келген соң үй иесі ұялады» дегендей  ауыл дайындық қамына кірісті.  Шешеміз офицерлерге қазы-қарта, жылқы етін  асты. Солдаттар сауыншылар  үйлеріне  бөлінді. Бірақ той  кешкі ас піскенше   басталып та кетті.  Сағат 5-тен кейін келген адамдар  қарындары ашып,  тықырши бастады.  Сиырдың алғашқы сауымынан кейін  екі шелек шикі сүт әкелініп, дастарханды көк шөптің үстіне жайғызып, өздеріндегі мол нанды  турап жіберіп,  тамақтануға кірісті. Қартаң офицер машинадан қара сумканы алдырды. Іші толған арақ екен, үлкен қырлы стақандарға құйғызды. Біреуін жас офицерге,  біреуін  әкеме ұсынды.  Әкем ішпеді, шешем дайындаған қымызды алдырып ішті. «За родину!», «За Сталина!» деп  офицерлер өздері тартып жіберді. Солдаттар да  тамсанып қояды. Кеш бата  қартаң офицер мас болып, ұйықтап қалды,  жас офицер   солдаттармен бірігіп   ішіп, сөйтіп  бір сумка арақ  таусылды. Өлең айтылды, алау жағылды. Оттың жарығымен би  басталды. Биге алдымен сауымды аяқтаған неміс  қыздары, артынан  ұяла-ұяла қазақ  қыздары да келді. Мұндайда желігетін бала-шаға  мәзбіз. Тіпті,  солдаттар мен  қыздар арасына темекі қорабына жазылған  хаттарды тасып, зыр жүгіргендер де болды. Сағат түнгі 12-де жас офицер солдаттардың  бәрін жатқызды. Таңертең бәрінен ерте тұрған  қартаң офицер: «Ой  голова, голова»  деп басын ұстай берді. Қара сумканы тауып  алды, ішінде  ештеңе жоқ, бұл кезде әкем де тұрған еді, шешеме  қымыз алдыртты. Қартаң офицер бір кесе қымызды тартып жіберді,  іле ойланбастан екіншісін ішті. Әкем түнде асылған  қазыдан бір кесіп, асатып жіберді. Қартаң офицердің жүзі жайнап шыға келді. Сағат 11-де барлық  ауыл адамдарын далаға шығарып, сырмақ,  алаша жайғызып, соған отырғызды. «Мына жаққа қарамаңдар»   деп  жарылыс болатын күнбатыс  жақты нұсқады. Дәл сағат 12-де  тарсыл-гүрсіл басталды. Балалық  әуестікпен  күнбатыс жаққа да сығалып қарадым. Сол ғаламат қорқыныш мәңгі сімде қалып қойды! Үлкен, қап-қара саңырауқұлақ дәл көз алдымда төніп тұр. Қорыққанымнан бақырып жылап жібердім. Сағат 13.00-те әскери адамдар қайтты. Қартаң офицер бір нәрселерді айтып, әкемді босатпайды. Әкем сол офицермен кейіннен дос болып кетті,  Анда-санда  машинамен  құрылыс материалдарын жіберетін. Әкем айтады «Өзі оқыған адам екен, М.Әуезовтің «Абай жолы»  романын оқыпты. Ондағы Долгополов пен Михайлестің  Абаймен  дос болғанын да біледі,  өз ауруларына қымыздың  шипасы бар деп,  Абай аулына неше рет келіп, құрт ауруынан  жазылған  дейді.  Өзім бұрын радиацияға қарсы сөмке-сөмке  арақ ішсем, байқаймын, қымыз да радиацияның  алдын алады екен»- депті. Және үйіне,  бала шағасына да  қымыз құйғызып алды. Аң-таң боп тыңдап тұрған маған «Балам, сен де бір кесе қымыз ішші, орыстан кемсің бе?» деп  кесені  қолыма  ұстата қойды. Бала жасымнан  аурушаң болып,  дәріні   көп ішетін мен  қымыздың ащы иісінен жиіркеніп,  ішпейтінім   рас еді, әлгі сөзден кейін  рухтанып, жаңағы  қымызды сіміріп салдым. Біраздан кейін рахат  бір сезімге бөлендім, сөйтіп ата-бабамның ем сусынымен  осылайша табыстым.

                       ***

           Арада екі-үш жыл өтті. Полигон әбден күшіне енді. Елдің еті өліп кетті, тіпті  іштен  соның  атылуына тілектеспіз де. Өйткені дүние жүзіндегі ең қуатты қару – бізде. «Ал, сынақтың адам баласына  зияны жоқ, жау төнсе біз  дайынбыз, біздікі бейбіт мақсаттағы жарылыстар» дейді  советтік  идеологтар. Ал әкемнің фермасындағы  құрдасы, бақташы,  ұлты неміс  Георг Штайгер  басқаша ойлайтын сияқты, тұнжыраңқы, үнемі көңілсіз жүреді. Сол кезде жасы 80-ге келген енесі Берта өте  тың, әйелі Алиса еңбекшіл адам еді.  Оон баласы бар, барлығы қазақша оқиды, тұрмыстарында таршылық жоқ. Сол Георг көп ішетінді шығарды. Мас болып, даланы басына көтеріп өлең айтады. Әкем  мәселенің түйінін тапты. Георг ферма орталығындағы   дүкеннен қарызға арақ   алып ішеді  екен. Әйелі де айлық алғанда арақтың ақшасын  төлейтінін мойындады.       

   - Қайтейін, он бала, кәрі шешем бар, мал бақпай  қоя ма деймін,  онда  біз қалай күн көреміз?- деп жылады Алиса. Әкем Алисаға:

 - Сен   онда  менің айтқанымды істе, оның  арағын қойғызамыз,- деп талап қойды. Алиса үнсіз  басын изеді. Әкем  Георгты, дүкен сатушысын шақырып  алды.

- Енді  Георгке арақ сатпа, басыңмен  жауап бересің!-  деді сатушыға.

- Әй, Сейсен, әйтеуір  бір өлім, мына полигон бәрімізді  құртады, оны  тек  арақ қана қайтарады, әнеукүнгі  қартаң офицерді естідің ғой,-  деп   міңгірледі Георг. Әкем ойланып отырып қалды.

-Әй, құрдас, дұрыс айтасың, ол офицер көп нәрсені  білетін сияқты, радиацияны арақ қана емес  жылқының еті, қымыз да қайтарады. Оны  ғалымдар қазір анықтау үстінде, ал сен  аман қалып, ана балаларды  жеткізем десең,  арақты қой, қымызға көш, сенде жылқы жоқ, ана менің үш биемнің біреуін ал, орнына сиыр  берерсің. Алиса  Қапурадан   бие сауып, қымыз ашытуды  үйренгенше, жұмыс  аяғында арағыңды мен  беріп тұрамын. -Екі құрдас осыған келісіп, қол алысты. Сонымен басқа діндегі Георгтың жаңа өмірі басталды. Мал өрістен келе біздің үйге кіреді.  Екі  кәсе қымыз ішсе, артынан  бір «стопка» арақ құйылады.  Георг осылай бірте-бірте  қымызға үйренді. Бір ай мөлшерінде тиянақты, пысық әйел  Алиса  бір биенің сүтінен  қымыз  ашытып, бір үйлі жан  мәз-мейрам  болды да қалды. Неміс әйелі бие байлағаннан кейін   фермадағы қалған  15-20 үй  түгел  бие байлап, қымыз ашытты. Жайманың  көк шалғынына жайылған  қымыздың даңқы бес-алты шақырымдағы Саржалға  тарап,  ауыл  тұтас бие байлай бастады...

        Ал, Георг  тоқсаныншы жылдардың ортасында  бір үйір жылқысын, барлық малын, үйін,  көлігін сатып,  тарихи Отаны Алманияға көшуге жиналды.   Бірінші  болып әкем көшерлікке шақырды.

- Әй,  құрдас, мені адам қылған сенсің әрі қазақтың  кеңпейіл ортасы  ғой.  Шынын  айтқанда,  менің ол жаққа көшкім  келмейді, әттең, балалар болмаса...  Он бала да  сонда көшіп кетті. Олардан  біз қалай қаламыз,  амалсыздықтан ғой, рахмет шақырғандарыңа,- деп еңкілдеп тұрып  жылады. Шығарып  салуға барғанда:

- Сейсен,  мына ертоқым мен арбаны  саған  сыйладым, көзімдей  көріп жүр,- деп  әкеммен құшақтасып қоштасты. Сол Георг Алманияға барғанда да  Саржалды ойлап қамығып, құсалықтан қайтыс болды дейді балалары хат жазғанда. Жасы  тоқсанға  тақап  қайтыс  болғанда  ең соңғы сөзі «Қайран Саржал! Қайран Жайма. Қайран бал қымызым!» болыпты.

                                                            ***

         Осылайша  полигон аждаһасымен  арпалыс  жалғаса берді. Әрине, күш тең емес еді. Мемлекет қорғаныс қабілетін  арттырамыз деген  желеумен тұтас Курчатов қаласын, Дегелең бойында бірнеше шағын қалашық  салды. Миллиондаған, миллиардтаған  қаржы бөлінді, жер асты, жер үсті  жарлыстарына  арнап қаншама құрылыстар салынды, көптеген техника әкелініп, қаншама әскерилер жұмылдырылды.  Ондағы адамдарға «московское  обеспечение» деп  азық-түлік, киім-кешек бөлінді. Саржалдықтардың қолынан келгені  мал өсіру болды. Әсіресе, жылқыны көбейтті. Судың тұнығын ішетін, шөптің дәмдісін таңдап жейтін жылқы мен балдай  сары қымыз  ғана жанымызды  сақтап қалды. Оған төмендегідей дәлелелдер келтірейін. 1962 жылы Қытай елінен 50-60 жанұя көшіп  келді.  Олар халықпен  тез араласып кетті,  үлкендері мал бақты,  жастары техника жүргізді. Балалары  мектепте озат оқыды. Жазда оқушылардың  өндірістік бригадасында  болып, шөп шапты. Денсаулықтары мықты, еңбекке шыңдалған, достыққа берік, адамгершілігі,  қайырымы мол еді. Сол қандастарымыз келген соң арада 20-30 жыл өтпей  шыбындай қырыла бастады. Әрине, олардың таза организмі  атом   радиациясына төтеп бере алмады. Жылқы еті мен бал қымыз  қысқа уақытта  денеге сіңіп, оларды дер кезінде қорғап қала алмады. Осылайша, бала жастан бір фермада  бірге өскен достарым Есімхан, Сәрсен, Құсандардан  30 жасқа жетпей айырылып қалдым.

                                          ***

         Әй, балалық ай десеңші 7-8 сынып бітірген жылдары оқушылардың өндірістік  бригадасында Құнафиянов Жұмағазы  екеуміз трактормен шөп  жинап жүріп,

Шүрек батыр  зиратының жанындағы  атом сынақ  «котлаванындағы» суға түстік.  Шілде айының  аптабы, қой дейтін ешкім жоқ, үлкен бес қабатты үйдің  орнындай көгілдір тұздай???  суға қойып кеттік.

        Арада 20-30 жыл өткенде екінші оқиға  да осы  жерде болды. Бұл 1995 жыл. Мен туған  ауылымда  мектеп  директорымын. Түскі үзіліс кезі еді. «ГАЗель»  көлігі үйдің алдына тоқтап,  ішінен үш кісі түсті. Үйге кіріп, жөн сұрасты. Жапониядан келген журналист, аудармашы және жүргізуші. 

        - Совхоз басшылары аудан орталығына жиналысқа кетіпті, келген мақсаттары  Дегелеңге барып, полигон аймағын суретке түсіру, соған жол білетін бір адам қосып  бере аласыз ба?- деп сұрады.Зайыбым  жеңіл тамақтар мен қымыз алып  келді. –Ой, дәмді екен,-  деп  мақтап, бір-екі кеседен қымыз ішті. Зайыбыма:

- Шетелден келген қонақ қой, өзім апарып  келейін, сен тамақ асып қой,-  деп жолға жиналып, жүріп кеттік. 20 шақырым жердегі Шүрек  батыр зиратына  әңгімемен тез-ақ жетіп  келіппіз. Полигонға  дейінгі атом сынағының бірінші бекеті осы «котлован» еді. Осыны айтып едім,  журналист  жігіт барып көріп, суретке түсіргісі келді. Машинадан түсіп, биік үйінді топырақтан асып, тұздай көк  су   көрінгенде жапон жігіті абыржи бастады. Етекке  түсіп, қалтасынан дозиметрді алып,  радиация фонын өлшеді. Жапон қалтырап қоя берді, тіл жоқ, қолымен машина жақты нұсқайды. Бірден ауылға қайттық, журналист машинада тілге келді.  «Дозиметр 1030 микрорентген көрсетті, қалыпты деңгей 31  микроретген!». Қанша  есе  артық  екенін  өздеріңіз есептей беріңіздер.

- Сынақ болған  жер неге қоршалмаған, белгі қойылмаған, өзі ашық жатыр. Қалай аман жүрсіздер, үстімізге скафандр  да киген жоқпыз,- деді абыржып. Ауылға келгенде зайыбым: «Сағатқа жетпей неге тез  келдіңіздер? Ет әлі пісе қойған жоқ»- деп сасқалақтап  қалды. Қонақтар тамаққа да қараған жоқ. Көліктеріне отырып, қалаға жөнеп берді.

        Бұл екі оқиғадан шығатын қорытынды:«Бала жасымнан полигонның зардабын бір кісідей тартып, кемтар, мүгедек болсам да әлі күнге дейін атом аждаһасына берілмей, қажымай күресіп келе жатқаныма қуанамын.  О, құдірет, жаратқан ием! Осыған алдымен дем берген бір өзің, одан соң жылқының еті мен дәм үйірген қымызы. 

                                                           ***

          1960 жылдардың ортасына қарай полигон аждаһасы тіпті еркінсіп алды. Күн бұрын келіп, ескертпейтін де болды, далаға шығып отырыңдар деген талап та қалды. Жарылыс болатын күні жоғары шенді офицерлер вертолетпен ұшып келеді, ауыл кеңсесіне кіріп хабарлап, ілезде қайта ұшып кетеді. Ауыл балалары дауылдатып, шаң боратқан вертолетті қызықтап, шуылдап шығарып саламыз. Мұндай күндері мектептегі сабақ та жайына қалады. Өйткені, жарылыс уақыты тұрақты болмай, балалар күні бойы сабылып көшеде жүреді. Иә, полигон аранын аша түсті. Өлім-жітім көбейді. Бұрын атын естімеген рак, ақ қан, қант ауруы, қан аздығы, жүйке аурулары сияқты қатерлі дерттер пайда болды. Балалардың кеміс болып тууы ұшыраса бастады. Өзіне өзі қол салу уақиғалары жиіледі. Бүгін ғана ойнақ салып жүгіріп жүрген балалар, жастар түстен кейін «асылып өліпті» деген суық хабар тарайтын. Адамдардың ауруға қарсы иммунитеттері бәсеңдеп, шамалы сөзге, қиындықтарға бола өмірлерін «қыл арқанмен» қиып кетіп жатты. Міне, осындай ауыр жылдарда қымыз ауыл адамдарының денсаулығына шексіз пайдасын тигізді деп ойлаймын.

 Нақты өмірден мысал келтірейін. Саржалда 1960-шы жылдардың басынан бастап меншік жылқы көбейді. Совхозда 2 табын жылқы бар, одан бөлек «меншіктің жылқысы» деген табын пайда болды. Оны Иманғали, Исайын, Сәрке, айнакөз Төкен, Мәукен, Сәкен Кеңесбаев сияқты жылқышылар бақты. Май айы туысымен сонау қара күзге дейін жылқыларды айдап келіп, таңғы сегізден кешкі жетіге дейін сақа биелер байланып, сауылатын, одан соң ағытылып, кешкі жайылымға жіберілетін. Әр үй бие байлаған соң, қыдырыс та көбейді, әңгіме айтылады, қымыз ішіледі. Әдетте қымыз ішу сағат 11 кезінде басталады. Бұл кезде ауыл адамдарының шаруадан қолы босап, кеңсе қызметкерлері тапсырма алып болады. Біздің үйде үлкендердің қымыз ішуі күнде болмаса да, күнара болатын. Әкем достары Омаш, Оразбай, Төкіш, Өмірғали, Ерғали, Төкен, Болатқали, Аймұқан тағы басқаларын ерте келеді. Бұл кезде шешем балқаймақты қайнатып, бауырсақты пісіріп қоятын.

Үш биенің 20-30 литр қымызы таусылғанша әңгіме көрігі қызатын. Сондағы, бала кездегі менің есімде қалғаны «Полигонның зиянын зерттеп жатыр, Алматыдан профессорлар С. Балмұқанов, Қ. Атшабаровтар текке келмепті, көп дәрігерлер тексерген 1958-1962 жылдардағы зерттеулер нәтижесімен Семейде 4 диспансер ашылыпты, ал ана жеп отырған жылқы еті, мына ішіп отырған қымыздың орасан зор көмегі бар екен» - деп отыратын. Расында, академик Т. Шармановтың «Қымыз құрамында 28 түрлі микроэлементтер, көптеген дәрумендер бар. Жаңа босанған ананың сүтін молайтып, нәрлі етеді, еметін бала тез жетіледі. Адам денесінің күш-қуатын арттырады, бүйрек пен бауырды, қан тамырларын тазалайды. Адамның тәбетін ашады, ас қорытуын жақсартады» деген пайымдарында қаншама мән жатыр.

Ауылда алғашқы бие байлайтын күн ерекше мерекеге айналатын. Қазір мұны оңтүстікте «қымызмұрындық » деп атапты. Саржал аулы бұл күнді «Бие бау» деп атап, оны тойлағандарына жарты ғасырдан асты. Үй іші тазартылып, көрпе-жастық қағылып, үй әктелетін. Жылқының семіз қазысы мен сүр еті, бағланның жас еті асылатын. Жаңа піскен бауырсақ, қаймақ, құрт-май, ірімшік қойылады. Ән айтылып, би биленеді.

         Семей қаласында төртінші диспансерлік  орталық ашылып, ауыл адамдарын «Уаз»  машинасымен  апарып,  он күн тексеруден  өткізіп,  қайта әкеліп тастап отырды. Тегін тамақ  беретін, жатқан күнге есептеп бюллетень  төлейтін.  Кеңес Одағының радиация  зардаптарын зерттейтін сұрқия саясатын  түсінбеген  ауыл адамдары бұл зерттеу кезінде етінен  ет кесіп алып жатса да  «ғаламат» қамқорлыққа балап, төртінші   диспансерді «он күндік»деп  ат  қойып, дәріптейтінбіз.  Еліміз тәуелсіздік  алған соң ол аруханаға айналып,  зерттеу нәтижелерімен қоса жартылай  ем-дом жасайтын болды.  Полигон зардаптарын жою бағытында  қалалық, облыстық  аурухана,  ардагерлер ауруханасы,  диагностикалық  орталықтардың орасан зор  көмегі болды. Саржал халқының бұл мекемелер  ұжымына айтар алғысы шексіз.  Сондай тұлғалардың ішінде  өз өмірімде қырық жылдай  алдына барып, қаралып келе жатқан,   медицина ғылымдарының   докторы,  профессор  Майра Еспенбетова   туралы айтпай  кетуді  күнә деп  санаймын. Ол кісі  кәсіптік  шеберлігімен  қоса,  телегей-теңіз білімді адам. Науқасқа  диагнозды дәл қойып, оны емдеудің жолдарын мұқият түсіндіреді. Сондай-ақ, әр науқасқа қамқор, жан дүниесін түсінетін  тамаша  психолог. Майра апай  диагностикалық орталықтағы  бағасы қымбат құрылғыларға түсуге  де квота бөлгізуге кемектесіп отырды.  Әсіресе гипофиз  аденомасы ауруына  қажетті «Парлодел» деген дәрі Семейден табылмаған кезде оны Мәскеуге тапсырыс  беріп, алдыртудың жолдарын түсіндірді. Тоқырау жылдары ол дәрі Мәскеуден де табылмай, Түркиядан алдырып іштім. Содан 3-4 жыл  ішкеннен  кейін  басымды  қатты ауыртатын болды.

- Сәкен,  сен енді ол дәріні ішпе, ол бастағы  ісіктің өсуін  тоқтатты, шынында  сен мықты адамсың, сендегі диагнозбен ЦГБ-да бірге жатқан Сидоров, Ивановтар  өліп қалды. Әрине,  олардың мінез  әлсіздігі, күйректігі де себеп болды. Сондықтан сен қорықпа, бұл  ауруға  операция  жасау керек пе,  жоқ па? Анықтау үшін Алматыға  өз ғылыми жетекшім профессор В.Зельцерге жіберемін,- деді  бірде Майра апай, күлімсіреп, -әзірге  Саржалдың  қымызын  ішіп жүре бер. Білем қымызды Саржалда жас та  ішеді, кәрі де ішеді. Ол кімнің болсын денсаулығын  нығайтады, әлсірегендерді  орнынан тұрғызады,  қанымызға сіңіп, генефонымызға   араласқан қасиетті  сусын. Бұрын  өкпе  ауруына қарсы басты ем болса, қазір  обыр  ауруының бетін қайтаратын  қазақ медицинасының  атасы атанып жүр.

         Осылайша  90-шы жылдардың   басында  жазда зайыбым Мәрияш  екеуміз Майра апайдан    жолдама  алып  Алматыға жиналдық.

- Алматыға бірге барғандарың  дұрыс,  өйткені  операция  жасайтындай болса,  бірге боласыңдар, барлық құжаттар,  ауру тарихын алыңыздар, сосын Қалқаман  ауруханасында кісі  өте көп  болады,  профессордың алдына  жетулерің қиын, мен  ол кісіге хабарласып қояйын,  тура үйіне  барып жолығыңдар, ол кісілер сондай жақсы адамдар, ренжімейді, -  деп  профессордың  үйінің адресін де берді.

       Ертеңінде Алматыға кештете жетіп, такси алып, профессор В.Зельцердің үйіне жеткенде  кешкі сағат сегіз мөлшері еді. Профессор қағылез, аласалау,  жасы  сексенге  келіп қалған  адам екен.

- Иә, иә, келіңіздер.  Майра Жақсыманқызы хабарласты, жоғары  шығыңыздар, қазір тамақ та дайын болады.

Кемпірі  де, өзі де адамның іші-баурына  кіріп тұратын  меймандос адамдар екен. Іле дастархан   жасалып, түрлі салаттар  мен дәмді дайындалған   котлет келді.  Бұдан соң сүт қосылған кәдімгі қазақи шай іштік. Бұл кезде  Мәрияш та ауылдан  әкелген сәлемдемелерді қоя бастады.  «Бұларың не ?» деп кемпірі ыңғайсызданып жатыр. Профессор қазақи дәстүрді білетін сияқты, қазыны турап, бір кесіп жеді,  екі кесе  қымыз ішті.

- Гипофиз аденомасына  біз операция сирек жасаймыз. Өйткені қажетті аппаратуралар  жеткіліксіз. Негізінен Москвада жасайды, бірақ онда  да кепілдік берілмейді, көбінесе ота сәтті шығып жатады. Барамын десең, ертең  жолдама беремін, ауруханада  да   айтылатын әңгіме осы, шындығы да  осы,- деп  профессор ағынан жарылды.

          Мәрияш екеуміз   үйден шығарда  да ота күрделі, келіспейміз  деген  пікірімізде қалып,  профессорға рахмет айтып, қонақ үйге  сұрандық, онда таныс  апайымыз бар еді. Профессор  сыртқа өзі шығарып  салды.

-Біздің  Қазақ тағамтану  академиясының  көпжылдық зерттеулерінде  қымыздың онкологиялық  аурулармен күресуге ғылыми тұрғыдан дәлелденген  ұсыныстары бар. Қымыздың  ана сүтіне тән қасиеттері  көп. Бие сүтін қайнатуға келмейді, оған стерилизация, пастерилизация жасауға  болмайды. Қайнатса бұзылады,  ал ашытқанда емдік қасиеттері   молая түседі. Сізге ұсынар кеңесім – ауруға берілме, қазы-қартаңды жеп, қымызыңды ішіп жүре бер,- деді  профессор күлімсіреп. Иә, профессордың айтқаны  келді, содан бері 20-25 жыл өтті, аман-есен келе жатырмын...

          Атом  полигонының  денсаулығыма тигізген  екінші үлкен кеселі көз кемістігінің жастай пайда болуы. 7-8 жастағы қара саңырауқұлақ  көзіме де  өмірлік  аурулар  сыйлады. «Сегіз қызым бір төбе, Кенжекейім бір төбе» демекші, көз аурулары деген  нағыз қасірет. Бұны басынан өткізген  адам ғана  біледі. Көзің жарқырап тұрмаған  соң  көпшілік ортасында өзіңді   ұстау, шешіліп  сөйлеу,  жүріп-тұру   машақаты адам жүйкесіне орасан  зор әсер етеді. 1973 жылы Семей қаласында облыстық аурухананың кафедра меңгерушісі профессор  К.Тюриков екі көзіме  де ота  жасады. Оң көзіме жасалған ота сәтті болып - қырық пайыз, сол көзім жиырма пайыз көретін болды. Кейіннен  ол дәрігер Россияға көшіп кетті. Содан  көзіме алаңдап жүрген кезде ауылға  Майра апай келе қалды. Жанында  көз орталығы ауруханасының  кафедра меңгерушісі   профессор В.Тетерина бар.

- Сәкен, мына кісі білгір дәрігер, өзің де, мектеп оқушыларын да дұрыстап  қаратып ал.

Профессор екі көзімді  де мұқият қарап, содан соң кесіп айтты.

- Полигоннан көзің  көп  зардап  алған, қалаға ауруханаға жатып, емдел.

Семейдегі көз аурулары  орталығында  ауылдан  ферма меңгерушісі Сәкен Тайтөлеуов және бірнеше мектеп оқушылары жатыр екен. Бір күні Сәкен ағамыз:

- Ауылдан  тамақ, қымыз келген екен,  профессорға дәм ауыз тигізсек  ұят болмай ма?- деді.

        - Ой,  ол қазақтың дастарханы ғой, түк те ұяты жоқ,- деп түскі үзілісте  кабинетіне кіріп, рұқсат сұрадық.  В.Тетерина  қатты риза болды, қымызды ішіп, жылқы етін жеп отырып, қызық әңгіме айтты:

- Қымыздың құрамындағы  бром ұйқысыздық  ауруына бірден-бір ем, депрессия секілді  жүйке  ауруына да шипасы бар. Сондай-ақ,  қымыздың негізінде геропротекторлардың қартаю үрдістерін  тежейтіні және өмір ұзақтығын  арттыруға болатыны дәлелденді. Осылай үзбей жылқы еті мен қымызын ішсеңдер сендерге  еш ауру жоламайды.

Бір курс ем-дом алған  маған В.Тетерина қоштасарда:

-Біз қолдан келгеннің  бәрін жасадық. Сізге Алматыға көз аурулары  орталығына  бармай болмайды. Әлі жассыз, әйтпесе, көзден айырылып қалуыңыз мүмкін. Бірақ жолдама бере алмаймын, біз мүлде көрмейтін адамдарға  ғана  береміз, жолын  өзің тап,- деп  сыпайы қоштасты. Сол В.Тетерина  да кейіннен Россияға  көшіп кетті.

Алматы жайын  бір жол табар деп  әкеме айттым. Әкем өзінің  кәрі досы Жұмақсанның ұлы  Маратты шақыртып  алды. Ал Марат  әкемнің інісі Болатпен жан аяспас дос еді.

- Жағдай  осы, ана жылы елге келгенде үйде қонақ болған Алматыда орталық комитетте сектор  меңгерушісі болып істейтін ағаң Ораз Құлжановқа хабарлас, былтыр өзің де көзің ауырғанда сол кісіге барғансың. Болат екеуіңді совхоздан сұрап аламын, жол қаражаты түгел өзімнен,- деп кесіп айтты. Сыйлас  ағайын сөзге келген жоқ. Сонымен екі ағамның ортасында ойнап-күліп, Алматыға келдік. Ораз ағаның  үйінде бір күн қонақ болдық. Ораз аға ашаң өңді, арықтау келген, өте мәдениетті, бауырмал адам екен. Ертеңінде  қиыла сұрап,  қонақ үйге көштік. Оның өз қызығы бар. Ораз аға сол кезде ең жақсы «Алматы»  қонақ үйінен ЦК-ның бронымен  үш орындық  люкс бөлме алып қойыпты. Біз келіп орын сұраймыз, әкімшілік:

        -Сіздердің орындарыңыз  алдын-ала тапсырыс  бойынша  ма?- дейді. Біз

 -Жоқ, -дейміз. Түсте келеміз,  осы сұрақ, осы жауап. Ораз ағаға  хабарлассақ, «орындарың дайын» дейді. Қонақ  үй жанындағы  кафеден сыра ішіп,  қайта  келіп сұраймыз. Тіпті болмаған соң  ашуланып:

        -ЦК-ға  хабарласамыз,- дейміз.  Администратор  күледі «Мен сендерге  бронь ба деп  таңертең айттым ғой». Кешкілік рестораннан  тамақ ішіп, бөлмеге келсек, бір-бір жәшік қағаз шай тұр. Бұны да шайдың  қат кезінде Ораз  ағамыз, үйлеріңе апарсын деп  шопырынан беріп жіберіпті. Таңертең  машинасын жіберіп, көз аурулары орталығына  жеткізіп салды. Институт  директорының орынбасары әйгілі жазушы Ғабиден Мұстафиннің қызы Жанат Мұстафина  кафедра меңгерушісі Екпін Қарымсақұлы Мамбетовке хабарласып, тапсырып қойыпты. Бір көзіме ота жасап, бір көзіме ем-домын жасап,  айдан аса ауруханада жатып қайттым. Ораз аға дәрігерлермен де, өзіммен де сөйлесіп жағдайды біліп тұрды. Қайтарда билетке тапсырыс беріп, өз көлігімен  әуежайға жеткізіп салды. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деген осы. Кейіннен Мамбетовпен жақсы танысып алып, квота ала алмай жүрген  екі-үш  жолдасыма  пайдасы да тиді.

                                                           ***

        1980 жылдардың аяғында полигон  аждаһасына қарсы Саржал халқының ересен жойқын күресі басталды. Бұл күрестің басында  ауылдың абыз ақсақалы Қабден Есенғарин тұрды. Полигон   аждаһасына қарсы алғаш халықтың көзін ашқан да Қабден ағамыз. Ол кісінің   өткір-өткір мақалалары   алдымен  аудандық, одан соң облыстық  газеттерде жарияланды.  Жалпы сол кезде  70-тен асқан майдангер ағамыздың  шексіз біліміне сүйсінуші едім. Тұңғыш рет полигондағы сутегі  бомбасын сынау  мақсатымен Қайнар, Саржал, Қарауыл халқын көшірген кезде, әр ауылдан 40  адамнан жиыны 120 адамды жарылыс әсерін білу үшін   ауылға  тастап  кеткенін де  осы кісінің  аузынан естідім. «Өз адамына тәжірибе жасаған Отанымыз  неткен қатыгез, неткен қасіретті ел  еді» деп бүкіл денем түршіккен. Қазір  сол  120 адамның бірі де бұл өмірде  жоқ...

         1990 жыл. Жазғы каникулға  шыққанбыз. Досым, ауылдық  кеңестің  төрағасы Қайырбек Дүрмекбаев звондады.

- Курчатов қаласына  іргелес жатқан ауылдар полигонның  жабылуын талап етіп,  акция өткізейік деп деп жатырмыз. Автобус дайын, өз еркімен баратын адамдар болса ала кетейік, күн ыстық, ыдыс болса қымыз ала сал,- деді. Түске дейін бір автобус  адам әндетіп, әне-міне дегенше Курчатовқа жетіп келдік. Акция үш күнге созылады екен. Маңайдағы  ауылдар ерте келіп, Курчатов қаласын қоршаған тікен сымдарды жағалай қоныстанып, киіз үй тігіп,  қазан-ошағына дейін дайындапты. Қайтып кетеміз бе, біз не істейміз деп дал болдық. Мұндайда амал тапқыш Қайырбек:

        -Келгеннен кейін полигон эпицентріндегі  саржалдықтар қайтып кетті  деген ұят болады, байқаймын барлықтарыңда бір-бір канистр қымыз бар сияқты, сонымен қонақ шақырамыз, қалғанын көре жатармыз.  Қайырбекті автобус жүргізушісі Бекен Уалелев қоштады. Автобусқа  келіп, Саржалдың бал  қымызын ішкендердің барлығы  мал сойып, өзімізді шақыра бастады. Осылайша отырыс үлкен той-думанға  айналып,  соңы сол кездегі  партияның саясатын сынауға арналған митингке ұласты. Жер-жерден келген  радио, телевидение, газет  журналистері  қалт жібермей, бұл оқиғаны жазып  ала бастады. Сөйтіп үш күн көрші ауылдардың құрметті қонағы болып, полигон  орталығының  жанында «Полигон жойылсын!» деген қарсылығымызды білдірдік.

         ҚР Президенті Н.Назарбаев 1991 жылы 28 тамыздағы Жарлығымен Семей ядролық  полигонын жапты. Мына қызықты қараңыз, совхоз директоры М.Қорғанбаев екеуміз  жаңа оқу жылы қарсаңында қалаға іссапармен барып, қайтарда «Волга»   автомашинасының  радиоқабылдағышынан осы тарихи сәттің куәсі болдық. Машинаны тоқтатып, полигон құрбандары – екі аю қорбаңдасып, бір-бірімізді құшақтап жатырмыз. Ойы терең, қиялы ұшқыр ағамыз сан алуан әңгіменің тиегін ағытты.

-«Қырық  жыл  қырғын болса да  ажалды өледі» деген, Саржал халқы бұл полигоннан не көрмеді. Бәрін айт та бірін айт, бұлар қай күні жел Саржалға қарай  соқса,  сынақты сол күні жасаған. Бір жылы жел ұйтқи соғып, жарылыс толқыны Курчатовқа  қарай кеткенде, Москваға дейін шуласып, өліп қала жаздаған. Саржал халқын «кролик» ретінде  ұстады ғой. Қазір де  ана жерасты сынақтары деген Атымтай жазығындағы штольнялардан  радиация шығып жатыр. Неше рет хабарладық, телеграмма  салдық, иттің балалары, ешкім мән  бермейді, көмілмей ашық жатыр, - деп күрсінді.

-Сонда не, ЦК-дағылар бұны білмей ме?

-Біледі. Оларға қазақтың құны  бес тиын. Сәкен, мен саған ана жылдары басымнан өткен бір уақиғаны айтайын. Москвада  өткен ауылшаруашылық  көрмесіне   шақыртылып,  кешкілік  қонақ үйдегі  екі кісілік люкс бөлмеге орналасып,  демалып жатқам. Бөлмеге  орта жастағы жігіт ағасы кіріп, екінші  бос орынға  жайғаса бастады.  Краснодар  өлкелік  партия  комитетінің  екінші  хатшысы екен. Мен Семейдегі полигон  іргесіндегі ауылдан келгеніміді айттым. Әлгі адам   көйлегін ауыстырып жатқан-ды, содан сөмкесін, көйлегін  алып, шығып кеткен. «Бір жұмысы болған шығар, әйтпесе,  түн ішінде қайда барады»  деп мән бермегенмін. Таңертең тұрсам  ол келмепті, төсегі бос тұр. Этаж кезекшісінен сұрасам:

- Сізді  полигон  аймағынан  екен деп басқа бөлмеге  ауысып  кетті,- деді ол. Міне, солай қарайды олар. -Ал, Президент Жарлық берді. Енді полигондағы шахталарды  бетондатып,  жапқызып,  полигон зардабын  жою қамына кірісу керек. Ертең  ауылда  ақылдасып,  Семей  облысынан  шыққан азамат, Жоғарғы Кеңестің  төрағасы Серікболсын Әбділдиннің алдына мәселе қойып, полигон туралы Заң  қабылданса, халыққа өтемақы  төленсе,  сауықтыру шаралары жүрсе, міне әділет,  сол болар еді...

Мүкең сөзінде тұрып, бір жұманың ішінде ауыл ақсақалдары, көзі ашық азаматтары  халық атынан хат жазып, Алматыға, Жоғарғы Кеңеске жүріп кетті. Сөйтіп осындай қажырлы күрес, үздіксіз жұмыстардың арқасында  1992 жылы «Семей сынақ полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен  азаматтарды әлеуметтік қорғау  туралы» ҚР Заңы  қабылданды. Әрине, жаңа ғана тәй-тәй  басқан елімізге бұл заңды қабылдау оңай емес еді. Бұл сөз жоқ Серікболсын, Мұратқан ағалардың   көзсіз ерлігі болатын. Заңда сынақтар салдарынан  радиация алған адамдар,олардың  келесі ұрпақтарының  сәулелену дозасы қамтылып, тұрақты медициналық бақылаулар, экологиялық оңалту  жұмыстары қарастырылды.

         «Жыланның басын үш рет кессең де  бір кесірткелік  әлі бар» деген  сөз тегін  айтылмаған. Полигон  мені  денсаулығымнан айырып,  кемтар қылғанымен қоймай, түрмесіне  бір күн  жауып,  түнетті де. Бұл оқиға 1997 жылы  наурыз  айының  соңында  болды. Мектептің қазандығын  жөндеу  үшін  құрылыс  материалдарын  әкелмекке   полигон   аймағына  мектептің 7-8 жұмысшы-қызметкерлері меншік «Волгамен»,  соңымызда  ауылдық әкімшіліктің  «Т-80» тракторы  бар (жүргізушісі  өзімнің оқушым Қуанышқали Сағындықов)   ертерек жүріп  кеттік. Қарт Дегелең  қарт бурадай шөгіп, бүк түсіп жатыр. Бұрынғы  көркі жоқ, ағаш-тоғайынан  айырылған. Жасыл желек жамылған құз беткейлері арса-арса, қарауытқан жақпар тастар етекке  дейін шашылған. Тауды бұзып, тереңге тартқан шахталардың бетпақтанып, сұрғылт тартқан беттері бетондалып, жабылған. Сылдырап  ағып  жататын жүздеген  бұлақтардан Ұзынбұлақ қана қалыпты, оның өзі ауру адамның көз жасындай әр жерден үзіліп қана ағады. Сойқанның көкесін Г. қалашығына келгенде көрдік. Дәл бір  соғыстан кейінгі елдімекенге ұқсайды. Қалашық  түгі қалмай қираған, таланған. Бір жиында  отырғында Қамза Әубәкіров  айтты деген сөз оралды ойыма: «Ой, бұл  полигон Саржалды құртты ғой, ауырмайтын адам жоқ, әй, бірақ Саржал да аянған жоқ, полигон жабылған соң  оны талап,  жермен жексен етті». «Әй, айтқыш  жездем-ай, көзден ерте кәріп болсаң да,  сөзден  есеңді жіберген  жоқсың»- деп іштей риза болдым.

       Сөйтіп үйден апарған  тамағымызды ішіп, түске қарай жұмысқа қызу кірісіп кеттік. Жартымыз  қазандыққа қажет саймандарды, қалғанымыз  қызыл кірпіш тиеп, екі-үш сағатта жұмысымызды дөңгелентіп жібердік. Осы кезде  УАЗ автокөлігімен бір топ   әскерилер сау етіп  жетіп келді, қолдарында  автомат. «Курчатовқа жүріңдер»  деп  әй-шайға қаратпай, өз машинамызға отырғызып, алды да кетті. 50-60 шақырым жердегі Курчатовқа келген соң  түрмеге қамап, жауап ала бастады. Мектеп  директоры ретінде  бар кінәні мойныма алып, осылай да осылай  мектеп үшін  қажетті материалдар  алдық  деп  түсіндірме   жазып бердім.

- Жоқ,   ондағы  қоқыр-соқыр  бізге керек емес, ана телефон  линиясын неге қиясындар, қазір Дегелеңде бүкіл   байланыс тоқтап тұр, онда америкалықтар жұмыс  істеп жатыр, халықаралық жанжал  туады,-  деп тергеуші шұқшиды.

Сөйтсек, біз жұмыс істеп жатқанда тракторшы Қуанышқали қызығып кетіп,  линиядағы   үш метр болатын сымды трос үшін қиып алған ғой, мұны біз білмейміз. Сонымен, сол Курчатовта  милицияда басшы қызмет  атқаратын өзіміздің Қуантқан Қажиев, күйеу балам Шыңғыс Исайыновтар  көмектесіп, таңертеңінде түрмеден әзер босап  шықтық.

                                                          ***

        Аранын ашқан, жаналғыш полигонның дәурені өтіп,  халықтың  еңсесі  көтеріле бастады. Тоқсаныншы жылдары   тоқырау кезеңін саржалдықтар  жеңіл өткізді. Мал өсіріп, оның ішінде  жылқы саны  бұрынғыдан  екі-үш есе көбейді, қымыз  өндірісі  бірте- бірте  кәсіпке айналды.  Бұрын қай үйдің қымызы  жақсы деген әңгіме  талай талас тудыратын, енді кәсіп үшін  әркім қымызды  баптауға көшті, бал қымыз дайындаудың халықтық тәжірбиесін ерінбей-жалықпай   үйреніп, сапалы  тауар дайындауға көшті.  Иә, тауар. Нарық  қатынастары осыны  талап етті. Қымыз емдік қасиетімен  қоса әр жанұяның күнкөрісіне айналды. Ауылда  алды  бес  бие, соңы  30-40 бие байлайтын үйлер көбейді. Сонда, көтерме  баға және базар бағасымен   берген  бір үйдің  күндік  және  айлық таза  пайдасын есептейік.

Егер орта  есеппен бір бие 8 литр  саумал берсе;

 

а) 5 биеден 40 литр сүт алады екен. Көтерме баға 300 теңгеден десек, 12000 теңге бір  күнгі таза пайда! Мұны 30 күнге көбейтсек,  360000  теңге! Осылайша 10, 20 бие сауатындардың табысын да есептеп шығаруға болады.  Бұдан жылқыны бағу, жем-шөп шығынын  алып тастасақ, қалғаны  таза пайда. Саржалда қаншама адамға кәсіп табылып,  жұмыс орнының ашылуы деген  осы емес пе! Жалпы, мен қазақ  халқы  жалқау  халық  деген пікірге  қарсымын. Өзім туып өскен Саржалдағы  мысалдар  соған  айқын  дәлел.

       Полигон жабылысымен  Саржал халқы полигоннан   кабель,  мыс, рельс сияқты болат темірлерді; құрылыс  материалдары: блок,  панель, силикат кірпіш, қаңылтырларды Қытайға тасып, біршама  қаржы тапты. Соның ішінде  аса пысық Әнуарбек Исаханов, Нұрсамат Есенғарин сияқты азаматтар  қомақты қаржы жинап, фирма ашып, талай туыстарына жұмыс,  күнкөріс тауып берді. Шынын айтқанда,   қалаға кабель өткізіп,  өзім де бір үй  алуға шамам келді.  Тоқыраудың алғашқы жылдары өмірі сауда жасамаған адамдар Қытай, Түркия, Россия, Иран сияқты  шетелдерге дейін  шығып,  сауда  көрігін қыздырды. Бірде мынадай  уақиғаның   куәсі болдым. Көктемгі   каникулда Ақсай базарын аралай жүріп, бір костюмге қызығып тұрсам:

- Сәкен аға, сонша қымбат емес,-дейді сатушы, Алматы базарларында  мені кім  таниды, -деп аң-таң болып, қарасам ауылдағы інішек Матайбаев Рахатбектің зайыбы екен.

-  Ой, қарағым, сен  мұнда қайдан  жүрсің ? -десем,

-Ауылдан  келіп, көтерме базардан тауар алып, осы Ақсайға әкеліп, 15 күн  сауда жасап, ақша тауып қайтамыз, осылай  бала-шағаны асыраймыз, енді  ауылдан Рахатбек келіп ауыстырады,- дейді жайраңдап. Ауылдағы іскер адамдар жоқтан бар жасап, 10-15 жанұя дүкен ашып, сауданы дөңгелетіп әкетті. Ал, ауылдың азаматтары өндірісті көрген жоқ, онда істей алмайды дегендер де қатты  қателеседі. Ауылдың  көп  азаматтары «Қаражыра» көмір кенішінде, алтын өндіретін кеніштерде, Мұқыр, Бақыршық,Өскемен, Степногорск, Жамбыл, Шымкент, тіпті, мұнай  өндіретін Батыс Қазақстанда да жүр. Қазір  ауылда  қой саны азайып кетті. Қой малын ұстаудың шығыны  көп, пайдасы аз. Әсіресе,  қойшы табылмайды. Қойшының 30-40 мың  айлық еңбекақысы  ауыз шаюға да келмейді. Бейнеті көп, еңбегі аз  мұндай жұмысты кім істегісі келеді. Сондықтан  қазір ауылда жылқы саны еселеп артуда. Осылайша жылқы  шаруашылығы  мен оның балдай қымызы үлкен табыс көзіне  айналып, Саржалдың атын шығарып, шырайын кіргізуде. Ауылымыз тірек ауылы  атанды. Тоқырау  жылдарыдағыдай  аңғал-саңғал  кейіпте емес, қазір үйлерде еурожөндеу  жасалып, көшелер тәртіпке келтіріліп, шарбақтар, қақпалар бірыңғай  көк түске боялып, кешкілік  шамдары жарқырап, абаттанып келеді. Ауыл бағдарламасы бойынша  әрбір үйге су  тартылып, құбыр жүргізілген. Спутниктік антенна арқылы түрлі-түсті  теледидардан 100-ге жуық арнаны тамашалап,  тұрғындар  жер-жермен  ұялы байланыс арқылы байланыса алады. Оқушылар компьютердің құлағында ойнайды. Өткен жылы типтік жобада Мәдениет үйі, 300 оқушыға арналған  жаңа  мектеп пайдалануға  берілді. Бұған қоса бұрыннан істеп тұрған «Ақбота» мейрамханасы, монша, жазғы қысқы футбол  алаңы, хоккей корты бар. Сондай-ақ, Ұлы Отан  соғысы мен тыл еңбеккерелеріне   арналған саябақ  құрылысы қайта  жаңғыртылуда. Ауылымыз көптен бері  мұқтаж болып келе жатқан дәріхана  ашылып, медицина қызметкерлері мінсіз қызмет ете бастады.

         1990 жылдардан Саржалда  той, қонақ, қатым қымызсыз өтпейтін болды. Бұрынғы  партияның өктем  саясаты орнықтыра алмаған салауатты өмір салты Саржалда есігін айқара  ашып,  өмірге еркін ене бастады. Сондықтан  қымызға бәсекелестер көбейді. Бөтелкеге  жабылған қымыздар, елімізде ұнтақ қымыз өндіретін өндіріс орындары ашылды. Тіпті, Еуропадағы аса дамыған ел Алмания  патенттеп алса да, олардың кермек татыған  қымызы Саржалдың бал қымызымен  бәсекелес бола алмайды. Егер қымыз дайындаудан бүкіл дүниежүзілік байқау өтсе, кешегі  анам Қапура, жеңгем Зағия  тәрбиелеген бүгінгі ұрпақтары  дайындаған бал қымыз  1000 қымыздың ортасынан  топ жарарына мен  сенімдімін.

Қымыз дайындаудың ерекше құпиясы да жоқ,  бұл шаруа бала жасымыздан  көз алдымызда. Қазір қымыз дайындауды қысқаша баяндайын. Күзде қымыздың астыңғы сұйығы төгіліп, кою тұнбасы алынады. Бұл - қымыздың  ашытқысы, ол «қор» деп  аталады. Ол жаяның немесе қазының сүйегімен сүтке езіп, дайындалады. Ақ шүберекке  түйген қорды  сабаға  салып, бір  шелек саумалды құйып, сабаны жылы орап  тастайды. 3-4 сағатта қор езіліп, саумал қышқылданады. Ертеңінде түн асқан  қорға жаңа сауылған саумалды суытып құйып,10-15 минут піседі. Бие ағытылған соң 30-40 см етіп жерден қазылған шұңқырда тобылғымен ысталған  сабаға қаймақ жағылып, барлық саумал қотарылады. Содан  соң бір жарым, не  екі  сағат қымыз пісіліп, сабаның  аузын ашып қояды. Қымызды пісумен қоса сапырудың да пайдасы зор, әсіресе кесеге құяр алдында  он-он бес минут үлкен тегенеде сапырылған қымыздың маңызы арта береді. Қымыз  аса дәмді болу үшін  сабаға пісер алдында шикі қазы, не өрік пен мейіз қосса  бал қымыз содан шығады. Әрине, бие байланарда  еменнен жасалған екі сабаны суға қайнатып, қымыз  ақпайтындай кіріктіру,  одан соң күнделікті тазалап жуу, кептіру,  ыстау, қаймақ жағудың да маңызы зор.

 

        1999 жылы мен  өз өтінішім бойынша жұмыстан босап, қалаға көштім. Оның  екі түрлі себебі болды. Туған ауылымда 10 жыл мектеп басқардым, бұл еліміз тәуелсіздік алған қиын жылдар еді. Қаржы  тапшылығынан мектептерге ақша бөлінбейтін. Полигон сынақтарынан  қатты зардап шегіп, мектеп ғимараты  бір жағына шөге түскен. Үлкен панельдердің арасы ашылып, сылақтары түсіп қалған, саңылаудан дала көрініп тұрады. Неше жылғы тербелістен  мектеп төбесіндегі битумдар бір-бірінен ажырап,  жаңбыр жауса  төбеден су ағып кететін. Мектептің  терезелерінің жарылыс әсерінен  жақтаулары қиюласпай, шынылары сына  беретін. Совхоз директоры М.Қорғанбаев, орынбасарлары  М.Қалиев, Т.Жарқынбаев, партком хатшысы Ғ.Ибраев, ауыл әкімі  Ж.Дәрібаев,  алғашқы ауыл кәсіпкерлері  Н.Есенғарин, Б,Ахметқалиевтер  қатты қолдау көрсетті.  Мектеп ұжымы  жөндеуге бір кісідей кірісіп, ата-аналар  көмегімен  мектепке  бір контейнер шыны салынып, терезе жақтаулары жонылды, қайта  боялды. Мектеп сырты  ақшыл-қызыл түске әдемі  боялды. Төбеге қалыңдап битум құйылды, есік алдына темір шарбақтар орнатылып,  жасыл түске  енді.

Панельдер арасы  түгелдей  бітелді. Осындай жылма жылғы  ремонттың  арқасында мектеп жаңа оқу жылына  арналған  бәйгеде  бірінші, екінші  орыннан түскен жоқ. Мектепте бірнеше оқу пәндерін тереңдетіп оқытумен қоса, ауданда алғашқы болып,  компьютер кабинеті ашылды. Тәрбие жұмысына халықтық  педагогика элементтерін  енгіздік. Ұлттық дәстүрге, өнерге, спортқа тәрбиелейтін қоғамдық негізде бірнеше үйірмелер тұрақты  жұмыс  істеп тұрды. Оларды ауыл ақсақалдары Қабден Есенғарин, Құралбек Жәкеев, Риза Нұржаубаев, Қарпық Бекбатыров, Кемел Айдарханов, Оразия Молдабекова, Кәбира Сәдуақасова, Кәбира Шәкерова, Монғолиядан келген өнер шебері Гүлбаршындар басқарды. Қаладағыдай жұртшылықтың бетін мектепке бұру мақсатында  «мектеп кеңестері» құрылды, оған төраға болып совхоз директоры М.Қорғанбаев сайланды. Сонда Мүкең: «Әй, қу жиен-ай, ақыры өзіңе орынбасар қылып тағайындап  алдың ба?» - деп әзілдегені бар. 1989 жылы көрші ауылдағы Ж.Молдағалиев атындағы орта мектепті басқарып жүрген жерімнен  «Өзіміздің кадр»  деп 80 мұғалім  аудандық  партия  комтитетіне   арыз  жазып, туған ауылыма   алдыртқан.

         Осылайша, өз  ұжымыммен біте қайнасып жұмыс істеп жатқанбыз. 90-шы  жылдардың соңында  ауданға әкім болып келген бұрын ел басқарып көрмеген, тәжірбиесі аз азамат шаруа қожалықтарын жолға қойып, жаңа жобалар жасағанның орнына, түк таппағандай педагогикадан хабары жоқ болса да  жөнсіз мектеп ісіне   араласа берді. Сонау 100-200 шақырым жерден келіп сабаққа қатысады. Сабақтан соң  қолына борды алып, тақтаның алдына шығып, кісінің бас суретін салып, «Біз маймылдан  жаратылғанбыз, қияли болып, неше түрліні ойлап табуымыз керек»- деп  тұрғаны. Түскі үзілісте  13.00-ке дейін келу керек  адам  кейде кешігіп, сабақтан кейін келеді. Бүкіл ұжым күтіп отырамыз, үйде түскі ас әзірленіп қойып, жанұямыз тосады. КГБ қызметкері сияқты кейде ерте жетіп келеді. Бұл келістің  мектеп үшін  еш маңызы жоқ. Қаңтардың аяғында барлық  мектеп басшыларын жинап алып: «Барлық зейнеркерлерді жұмыстан шығарыңдар!» деген талап қойды. Зейнеткерлердің білім-біліктілігі туралы айтқан уәжімізді, конституциялық құқығын  тыңдағысы да келмеді. Содан қатты қобалжыдым. «Сүт бетіндегі қаймақтай,  тәжірбиелі әріптестеріме  өз қолыммен бұйрық жазып, енді мен несіне жүремін, жазға дейін жастарды қалыптастырып, оқу жылының  аяғында  өзім де кетемін»,- деп шештім. Кетуіме екінші  себеп -  режим сақталмағандықтан денсаулығым төмендеп кетті.

 Қазір ойлап отырсам, Саржалда балалық,  жастық шағым өтті. Полигон  аждаһасы  аузына алған атам Әлі, әжем Рысбибі, әкем Сейсен, шешем Қапура, ағаларым Қайыр, Болат, апайларым Қазиза, Қайрия, жеңгем Зағия, қарындастарым Қапиза, Майгүл, інім Қуаныш  – бір әулеттен 12 адам обыр  ауруынан  көз жұмды. Бұны  ойлағанда  «Атаңа нәлет  сұм  полигон!» деп іштей қарғыс  айтып, налимын. Семейге  келген  соң да  қарап  жата алмадым. Республикалық «Бозторғай», абайлық қарындасым Бақыт Әлімбаева басқаратын «Полигон балалары » қоғамдық қорының жұмыстарына араласа бастадым. Саржалдағы, қаладағы мүгедек балаларға қор есебінен жәрдемдесіп, бағалы  сыйлықтар  теледидар, компьютер бөлгізіп, мерекелік кештер өткізуге ұйытқы болдық.

                                                              х    х    х

          2014  жылы 13 қарашада Саржалда жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысуға шақырылдым. Мұның алдында екі  ай бұрын типтік жобада Мәдениет үйі пайдалануға беріліп, заман талабына сай өнер ордасын көріп, ауыл жастарының концерттік бағдарламасын тамашалап, ауыл ақсақалдары, басшылары, ұзақ жылдар облыстық деңгейде қызмет атқарған ағам Мұрат Әлин қуанышты лебізін білдіріп, көңіліміз  көтеріліп  қайтты.                    

Жиын бағдарлама  бойынша сағат 11.00-де басталады деп көрсетілген. Таңғы сағат алтыда тұрып, ағам Мұрат, зайыбым Мәрияш,  ұлым Арнұр болып  ертемен  жолға шығып кеттік.  Мен үшін орны ерекше  мектептің   салтанатына  қатты қуанып келемін. Кейбір   оқиғалар есіме оралды...

Полигоннан зардап шеккен  мектепке күрделі жөндеу жасау туралы облыстық оқу бөлімінің алдына  мәселе қойып, сметалық  құжатын жасатқанмын. Өзімнен кейінгі директор, өзімнің шәкіртім Ерлан Ақбергеновтен осы шаруаның  соңынан қалма, жалықпа деп жүруші едім. Бірде Ерлан үйге телефон соқты.

         -Аға, сүйінші! Ауылға жаңа мектеп  салынатын болды. Бұдан кейін  іле ауылға барғанда бұл жайға  асықпай қанықтым. Ерлан айтады:

         -Жұт жылы ауылға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев   келді де бірден ат  басын  мектепке бұрды. Асықпай аралап Х.Матаев, Қ.Әлімжанов, С.Қоспанов, Е.Қажиев,  Т.Станбеков, Н.Жакупов  атындағы  пән кабинеттерінің жабдықталуына риза болып, далаға шықты. Енді  спорт зал жақтағы қанат  асхана,  мәжіліс залы, төбеден су ағатын жерлер,  қазандықты көргенде  әкім ұзақ ойланып,  күрсініп қойды. - Иә полигон жарлыстарының  зардабынан мектептің  бір жақ қанаты  осадка берген.

          -Бердібек Мәшбекұлы, күрделі жөндеу жасауға  сметалық құжаты жасалғалы бірнеше жыл өтті. Соған көмектесіңізші ?- дедім мүмкіндікті  жіберіп алмайын деп.

          -Жоқ, жоқ. Қазіргі мектеп авариялық жағдайда, көз алдаудың керегі жоқ,  дереу жаңа мектеп салу қамына кірісу қажет. Өз бақылауыма аламын, келесі  аптада Өскеменге кел, көмекшіммен байланыс  жаса,- деп әкім  аттанып  кетті. Келесі жұмада  облыстық  білім басқармасына барсам, 320 оқушыға арналған  жаңа  мектептің  сметалық құжатын жасауға кірісіп кетіпті. Басқарма басшысы: «Мына төтенше жағдайлар департаменті Саржалда  3 қабатты  типтік  жобада мектеп бар,  ал облыста үш ауысыммен оқитын мектептер бар,  сондықтан күрделі  жөндеу жасаса болды деп көнбей отыр» дегенді ескертті. Салып-ұрып әкімнің көмекшісіне   бардым. Ол күлді.

          -Әкім  өз бақылауына  алды ма, болды. Бұл облыс бюджетінен салынатын  мектеп, әкім оны өзі шешеді,  алаңдама, қайта бер,- деді. Иә, бұл  облыс әкімі болған Б.Сапарбаевтың  полигон эпицентріндегі көңілі жарым балалар мен ата-аналарға жасаған өз сыйы. Мектеп директорымен болған әңгіме  есіме  түсіп, жымиып қойдым... «Рас, Бердібек Мәшбекұлы осындай адам» деп ойладым.

 Ол кісіні бұрынан танушы  едім. 1991 жылы Семейде облыс  мектеп директорларының  арасында байқау  өтіп, «болашақтың мектебі» жобасы бойынша, Абай ауданынан  байқауға мен  қатыстым. Төрт бөлімнен тұратын байқауда облыста «Жыл директоры»  атандым. Келесі жылы Алматыда өткен Республикалық байқау мектеп басқару жұмысының сан алуан құпияларын саралап, үлкен тәжірибе  алмасудың үздік мектебі болды.

 

           Осы байқаудың бас төрағасы білім  министрінің орынбасары Б.Сапарбаев болған еді. Байқауға өзіммен бірге барған орынбасарым Болат Қысатаев екеуміз рухымыз көтеріліп,  қанаттанып қайттық. Иә,  сол Б.Сапарбаев мектеп лентасын өзім қиямын деп отырғанда басқа жұмысқа ауысып кетті.

Осындай оймен отырғанда сағат 10-нан аса Саржалға да келіп қалыппыз. Ауыл үлкен мереке  құшағында, ерсілі-қарсылығы ағылған  халық. Алдымыздан  осы меркені басқарушылардың бірі  аудан  әкімі  аппаратында қызмет істейтін Әсет Мырзақасымов шықты. Көптен көрмеген досыммен  құшақтасып  қауыштық.

Мереке белгіленген  уақытында басталмады. Облыста шаралар  қосақталып,  регламент  бұзылған. Күздің қара суығы шыдатар емес, жерде қар бар.  Әне келіп қалар, міне келіп қалармен 3-4 сағат тостық. Қонақтар келіп, түскі екіге қарай мереке басталды. «Еңбек пен даңқ»  аллеясын  және жаңа мектеп лентасын қиюға келгенде үлкен біршоу басталды да кетті. Жаңа бір әуен, тосын бір әңгіме. Ең болмаса   әкесінің  үш  бөлмелі үйінің  бір бөлмесіне мектеп  ашқызған, бір бөлмесіне  Ы.Матаев, Ғ.Төребаев, О.Диқанбаев  сияқты  мұғалімдерді орналастырған, есімі Саржал тарихына алтын әріппен жазылатын Шаймардан Тоқжігітов, үш қабатты мектебі  бар ауылға полигон іргесіндегі  ауыл  деп көзсіз  ерлік  жасап, жаңа мектеп салдырып берген  Б.Сапарбаевтың  басқа қызметке  ауысқанына үш күн өтпей жатып, аты аталмауы  қалай!? Күннің  суықтығы, режимнің  сақталмауынан  денсаулығы дімкәс  мен  сағат үшке  қарай  ауырып қалдым. Алтын ұя мектебімді аралауға да мұрша болмай ,тісім-тісіме тимей сақылдап, өн-бойымды  зіл қорғасын басқандай. Аяқ астынан  қалаға қайтатын болдық. Қоштасып  шығайық  деп інім Досымның үйіне соқтық. 

         -Аға, осының  зияны жоқ,- деген соң бір кесе қымызды зорланып іштім. Машинаға отырып, қалаға бағыт алдық. 10-15  шақырым жердегі Бойлауық тауларына ілінгенде, жаңағы қымыз бойыма тарап, денеме әл кіре бастады. Артыма, ауыл жаққа қарап едім, Бекен Теміров және мектеп бітіруші түлектер қойғызған  екі стелладағы бедерленген жылқылар  жайылып жүргендей болып көрінді. Бұны байқап қалған бізбен сапарлас жергілікті  өнер шебері Ертіс  Тәтиев:

       -Жаңа байқаған шығарсыз, мектеп фойесіне Ш.Тоқжігітовтің, мектептің  алдына  жылқы мүсінін тұрғыздым. Бұл азаттықтың символы  әрі ата кәсіпті   насихаттау. Қазір ауылда 8 мыңнан аса жылқы  бар, күніне 5 тонна қымыз өндіріледі. Көп шаруа қожалықтары  мемлекет  тарапынан субсидия ала бастады. Мемлекет ауылшаруашылығына  мойын бұрды,- деді әр нәрседен хабары бар жігіт.  Шаймардан аты аталғанда, көз алдыма Райхан апай бейнесі  елестей қалды. Әкесі өлгенде анасының құрсағында қалған қыз 1996 жылы Саржал мектебіне әкесінің  аты беріліп, шағын музей ашылғанда риза болып, еңкілдеп тұрып жылап  еді-ау...  Сөйткенше  жүйрік  машина Бойлауық тауының  жотасына көтеріліп, батыста  полигон аждаһасы қарауытты, машина лып етіп,  әп-сәтте төмен түсіп,  аждаһа көзге көрінбей қалды. «Жоғал, лағынет! Қанша адамға ажал, ауру әкелген тажал, енді қайтып көрінбе, атың өшкір!»- деп бірнеше қайталадым. Бір кесе қымыз  басымды көтертті.

Қымыздың  халық денсаулығына тигізетін пайдасының  молдығы, болашақ ұрпақтың  әлеуетін арттырудағы  маңызды рөлін ескере отырып,  ұлттық бренд ретінде  қымыз  тынысы мол, берекеге бастайтын  іс екенін ойладым. Жуырда парламент депутататарының бір тобы Премьер-министрге   қымыз бен  шұбат жөнінде сауал жолдапты. Бұл мемлекеттік көзқарасты түбірімен   өзгертеді деп сенейік, осыған байланысты  заң қабылданса  нұр үстіне нұр болар еді. Ал, естелікте баяндалатын атом аждаһасы мен  бал  қымыздың күресі  ажал  мен өмір үшін  арпалыстың   символы ғана. Қазір  қалада да, ауылдарда да Саржалдың  бал қымызы сапырылып,  ойын-той,  қатым,  қонақ онсыз өтпейтін болды.

Иә, тәубе! Жаратқан, бергеніңе шүкір!

 

Сәкен Сейсенұлы, зейнеткер-ұстаз

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963