ЖУРНАЛИСТ-ДЕПУТАТТАР
Журналист саясаттан тысқары бола алмайды. Содан болар, журналистердің біразы саясаттан да төбе көрсетіп келеді.
Ел тарихында депутат болып сайланған журналистер көп емес. Журналист-депутаттың басқа депутаттан жөні бөлек. Себебі журналист-депутат өзіне сенім білдірген халықтың жайына басқалардан бетер алаңдайды екен. Оның дәлелі – кешегі Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов.
Журналист-депутаттардың легін кейін Жарасбай Сүлейменов жалғастырды.Еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» (қазіргі «Солтүстік Қазақстан») газетінде кіші әдеби қызметкер болып бастаған Жарасбай ағамыз Парламент партасында талай оң істің бастамашысы болды. «Петропавлды қазақшалайтын уақыт жетті!» деп атойлаған осы Сүлейменов еді. Үкімет басшысына арнайы сауал жолдап, қаланың ежелгі аты Қызылжарды қайтаруды қоймай сұрады. «Мемлекет дін мәселесіне араласуы керек» деп ашық айтты. Астанада Мағжан Жұмабаевтың ескерткішін орнатуды көтерді. Депутаттық креслосын босатқан соң бұрқ-сарқ қайнаған журналистік ортаға қайтып оралды. Жарасбай Сүлейменов негізінен, Қазақстан теледидары мен радиосына көп еңбек сіңірді. Қарапайым тілшіліктен бастап Солтүстік Қазақстан телерадиокомпаниясы директорының орынбасары, «Солтүстік Қазақстан» газетінің директоры – бас редакторы болып тағайындалды. Осы қызметінен Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды.
Журналистикада тайға таңба басқандай таңбасы бар депутаттың бірі –Қуаныш Сұлтанов. Ағамыз еңбек жолын Алматы облысы Сарыөзек ауданының газетінде корректор, әдеби қызметкер болып бастады. Көп ұзамай Панфилов аудандық комитеттің бірінші хатшысы болды. Осылайша Қуаныш Сұлтановтың саясаттағы мансабы басталып кетті. Әр жылдарда Қазақстан Компартиясының Жастар одағы, мәдениет, ұйымдастырушылық, идеология бөлімдерін басқарды. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш баспасөз министрі өзі болды. Қуаныш Сұлтанов өзі журналист болған соң, тілшілерді жоғары бағалады. Отандық БАҚ-ты жаңғырту, оның тиімділігін арттыру мәселелерін көбірек қозғады. Тіпті Парламент Мәжілісінде қазақ басылымдарының бөлшек саудада шетқақпай көріп отырғанын ашық айтып, Үкіметке сауал жолдаған осы, Қуаныш ағамыз болатын. Саясатта жүрсе де қаламын құрғатпады. Қуаныш ағамызды тәуелсіздіктің шежірешісі деуге әбден болады. Өйткені ол кісінің еліміздің қоғамдық-саяси өміріне арналған он шақты кітабы, 200-ден астам мақаласы жарыққа шықты.
Ұлттық мүддені сонау кеңес кезінде көтергендердің тағы бірі – Уәлихан Қалижан. Еңбек жолын Алматы облыстық «Жетісу» газетінен бастаған. Кейін Қуаныш Сұлтановтың шақыруымен Комсомол Орталық комитетінің баспасөз қызметінде істеді. Бірқатар республикалық газеттердің бас редакторы болды. Бұл жайлы ардагер журналист Сарбас Ақтаевтың: «Қазақ журналистикасының балалығы «Қазақстан пионері» – «Ұланды», жастығы – «Лениншіл жас» – «Жас Алашты», даналығы «Егемен Қазақстанды» басқардың. Шынында да, сен бақытты жігітсің» дегені бар. Көп ұзамай Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары вице-министрі қызметіне көтерілді. Парламент Сенатының баспасөз қызметін басқарды. Сөйтіп жүріп, Парламент Мәжілісінің 3-шақырылымдарының депутаты болды. Парламент төрінде Уәлихан ағамыз қазақ журналистерінің жағдайын жақсарту керек деген мәселе қозғады. «Тілшілерінің мәртебесін мемлекеттік қызметкерлермен теңестіру қажет. Жағдайы жоқ журналист жақсы материал жаза алмайды» деп осыған Үкіметтің назарын аударды.
Қазіргі Сенат депутаттары Нұрлан Оразалин мен Жабал Ерғалиұлы да еңбек жолдарын журналистикадан бастаған. Нұрлан ағамыздың ең алғашқы қызметі – «Қазақстан пионері» газетінің әдеби қызметкері. «Ұланда» Нұрлан ағаның сонау жетпісінші жылдары балаларға арнап ашқан айдарлары әлі күнге дейін жүргізіліп келеді. Оразалин тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Егемен Қазақстан» газетін басқарды. Нарықпен бетпе-бет келген жылдарда «Егемен Қазақстанды» елдің рухани игілігін қалыптастыратын, саяси әрі экономикалық бағыт-бағдарымызды анықтайтын салмақты басылымға айналдырды. Ал Жабал Ерғалиұлы алғашқы қызметін Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде кіші әдеби қызметкер болып бастады. Кейін бірнеше жыл бойы Көкшетау қалалық «Көкшетау» газетінің, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы болып тағайындалды. Осы кезде «Көкшетау» әдеби көркем, қоғамдық-саяси журналын өмірге әкелді. Жабал ағамыз кеңестің салқын саясатына қарамастан, Абылай ханның 280 жылдығын Арқа өңірінде атап өту туралы мәселе көтерді. Қаладағы Ленин ескерткішін алып тастап, орнына Абылай ханның мүсінін орнату туралы ұсыныс жасады. Қазір де Жоғарғы палатада қазақ ұлтының мүддесі үшін қызмет етіп келеді.
Мәжіліс депутаты Алдан Смайылдың да алғашқы кәсібі журналистикадан басталған. Жетпісінші жылдары Қазақ радиосында, Кейін Ақмола облысындағы «Коммунизм нұры» газетінде істеді. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары Ақмола облысының «Қараөткел» газетінің бас редакторы, Ақмола облысы телерадио компаниясы төрағасының орынбасары, Ұлттық арнаның Астана студиясының директоры болғаны тағы бар. Бүгінде Мәжіліс мінберінде келелі мәселелерді көтеріп жүр. Балаларды зиянды ақпараттардан қорғау, Наурыз мерекесінің мәнін тереңдету, көркем әдеби аударманы дамыту, ұлттық тағам өндірісін дамыту, әкімдердің жауапкершілігін көтеру секілді ұлттық мәселелерді алға шығарып, Үкіметке ресми мәлімдеме жасады.
Депутат болмаса да, мемлекеттік қызмет тұтқасын ұстаған журналистеріміз аз болған жоқ. Олар туралы айтқанда алдымен Ербол Шаймерденұлының есімі еске түседі. «Солтүстік Қазақстан», «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан» газеттерінде абыройлы қызмет істеді. Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары, Президенттің тұңғыш баспасөз хатшысы болды. Сол тұста қоғаммен байланыс, баспасөз қызметі сияқты әлеуметтік институттардың өмірге келуіне себепкер болды. «Мәдени мұра» бағдарламасын жасаудағы сіңірген еңбегі таудай еді. Ербол ағамыз негізін қалаған баспасөз қызметi саласын бірқатар журналистеріміз жалғап жүр. Мысалы, Берік Уәли телевизиядан түлеп, Оңтүстік Қазақстан облысының баспасөз қызметін басқарды. Қазір осы облыстың ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы. Шыңғыс Мұқан да еңбек жолын «Жас Алаш» газетінің тілшісі болып бастаған. Қазір Атырау облысы әкімінің білдей бір орынбасары. Тележүргізуші Ернұр Бурахан «Самұрық – Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ баспасөз хатшысы қызметін атқарды, бүгінде Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары. Кезінде «Хабар» арнасының журналисі болған Рауан Кенжеханұлы қазір Қызылорда облысы әкімінің орынбасары лауазымында.
P.S.
Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Жоғарыда айтқандай, журналист саясаттан тысқары бола алмайды. Бүгінгі журналист – билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір. Содан болар, журналист мемлекеттік қызметтің тұтқасын ұстаса, алдымен бұқараның қалауына, сосын биліктің талабына сәйкес жұмыс істейді. Саясатқа араласқан журналистердің қай-қайсысының да жаманы болған жоқ. Бәрі де ұлт мүддесі, ел қамы үшін бір кісідей еңбек сіңірді. Сол себепті журналистер мерекесі қарсаңында журналистерден де халық қалаулылары шыққанын, олардың да ел мүддесі үшін еңбек ете алатын жанкешті мамандар екенін бір сәт еске салғымыз келді.
"Айқын" газеті