Сенбі, 23 Қараша 2024
Міне, әңгіме! 6976 0 пікір 4 Желтоқсан, 2015 сағат 09:11

ПОЭЗИЯНЫ ТАБЫНУШЫЛЫҚ ПЕН ЖЫЛПОСТЫҚ ЖАЙЛАП АЛДЫ

Ғасырлар бойы біресе патшалық Ресейдің, біресе Кеңестік Ресейдің бодандығында рухы жаншылып, ұлттық бет-әлпетінен түп-түгел айрылудың аз-ақ алдына жеткенде Алла оңғарып азаттық алдық. Бұл ұлы дүбірге қос ауыз жыр жазу қолынан келетін ақынжанды қазақ қызу атсалыстық. Еркіндікті, Ерлікті жарыса жаздық, жарыса жырладық. Алайда...

Иә, алайда өмір шындығы сияқты өнердің де, жыр-өнерінің де өз шындығы бар. Егер сен жырлап отырған жағдаятта сол өмір шындығы мен өнердің шырайлы шындығы қоса өрілмей, бір-бірімен қиыспай-жуыспай тұрса ше? Иә, айтар ойымызды бірден лақ еткізбей,  «алыстан сермеп» келе жатқандағы айтпағымыз да міне, осы мәселе болатын. Әңгіме  бүгінгі поэзиямыз лепірме жел сөздің, жалаң мадақтың, ащылау айтсақ  жылпос өлеңшілердің күнкөріс жемтігіне айналғаны туралы. Әдетте ең дарынсыз, ең талантсыз адамдар Пушкинше айтқанда «полу, полулар», яғни, жартыкеш ақындар көзге түсудің, жұртқа танымал болудың алуан-алуан айла-шарғысын білетін, әрі осы жолда шаршап-шалдықпайтын өлермен келеді. Ондайлар әсіресе, бүгінде топ құрып алып теледидарда, не бір жиындарда кезектесіп қолдарын сермелеп өлең оқуды әдетке айналдырып алды. Иә, бүгінгі поэзияның бүкіл қадір-қасиетінен айырылып, тек әлдебіреулердің танымал болуы мен күнкөріс құралына айналуына себеп көп-ақ. Оған бір қаланың туған күніне, белгілі бір мемлекет және қоғам қайраткерінің мерейтойына арнап бәйге жариялау, баспасөз бетінде әдеби сынның жоқтығы, ақындардың бірін-бірі кезектесіп мақтауы, мемлекеттік сыйлық  алу үшін күрес сияқты толып жатқан факторлар себеп болуда. Әрине, еліңнің тәуелсіз ел екенін оның астанасы Астана деген қала екенін, өзге де жақсылық-жетістіктерді айтпа демейміз. Бірақ әр нәрсенің шет-шегі, мынау артық, мынау кем дейтін өлшемі болады. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де еркіңіз, бірақ, осыдан бірер жыл бұрын Астана қаласына арнап бір жылда 500-ден астам өлең жазылыпты дегенді де естідік. Ал Астананың мерейтойына белгіленген сыйлыққа түскен өлеңдер ше? Мейлі, жазсын, жазғыштар жаза берсін! Бірақ, сөзіміздің басында айтқандай сол өлеңдер не жылу жоқ, не дәмі-татымы жоқ, шын жүрек тебіренісінен шықпаған жалған ұрандату, өтірік өлеңдету, жасанды мәз-мәйрам болу екені ап-анық көрініп тұрса оны айтпау, көре тұра көрмеу күнә ғой! Ендеше  сол Астана мейрамына  бір ақын ағамыз жазған өлеңнен мысал келтірейік:

         Ұнат мейлі,

         Ұнатпа!

         Теріс деме

         Қиялдың бір кезі ме өрістеген?!

         Кенттің көбі тамырлас әзәзілмен

         Ал Астана ұқсайды періштеге!

 

         Әдемілеп айтқанды жөн көремін,

         Құйқылжытып көңілге жел беремін

         Келіндердің келбеті күн іспетті

         Үр қызына ұқсайды жеңгелерің.

Осы қос шумақтан Астана қаласына деген шынайы сүйіспеншілікті көрдім дей аласыз ба? Бір Астананы мақтап бәйге алу үшін «Кенттердің (қалалардың) бәрі әзәзілмен тамырлас, тек Астана ғана бейкүнә періште деу нағыз күнәһарлық емес пе? Сонда Астанадан басқа қалада тұратындар да шетінен әзәзілдермен (шайтан, жын-жыпыр) ілік-шатыс күнәһарлар да, ал Астанада тек етегіне намаз оқыған, денесінен жұпар иіс шашып тұратын ақ періштелер ғана тұратын болғаны ғой? Бұл неткен сорақылық? Жалпы қаланы періштеге теңеуіміз қалай? Бұл да жаңалық па? Жоғарыдағы өлеңнің тағы бір-екі шумағына көз салыңыз:

          Адамдығын сезген бе әрбір адам?!

         Алғыр адам қашанда алғыр адам!

         Түскен еңсе еңсе боп жарытпайды

         Бастар бас боп жарытпас салбыраған!

 

         Жөн ақылды бастардың ағарғаны!

         Асықпасын ажалдың шабарманы!

         Басты арманы аурудың – тірі қалу

         Баи түсу –байлардың басты арманы

Осы екі шумақтағы Астана қаласына емешесі құрып еміренуді, сүйіспеншілікті, тебіреністі көріп тұрсыз ба? Астана туралы өлеңге «салбыраған бастардың», «ағарған бастардың», «ажалдың шабарманының», «тірі қалуды армандап жатқан аурудың» қандай қатысы бар? Мен не жазсам да жарай береді ғой деп бұлайша есеңгіреп, бұлайша лағуға бола ма? Одан әрмен::

         Сүйдің екен сұлуды

         Сүй керімін

         Астанаға ұқсайды Әйгерімің.

Айтыңызшы, есі дұрыс  адам өзінің сүйген қызын Астана қаласына теңейді ме?! Бұдан әрі бұл өлеңнен мұндай мысалдарды келтіре берсек әжуаға айналдырғандай болармыз. Мемлекеттік сыйлық иегері атағы бар ағамыздың әруағын бұдан әрі тебірентпей-ақ қоялық. Тек осы өлеңнің ең соңғы шумағына ой көзімен қарап көріңізші:

         Тырна ғана көгімде тыраулаған

         Тарихымды жырлаған жырау ғана

         Шаһар салған шах-патша баршылық та

     Қала салған Президент біреу ғана, – деп аяқталады бұл ұзақ өлең. Бұл жерде тыраулаған тырнаның не қажеті болды ақынға? Шаһар деген де парсыша қала деген сөз еді ғой. Ендеше шаһар бір бөлек, қала бір бөлек болғаны ма?! Қысқасы, ақынның осы 25 шумақтан астам өлеңде әрнәрсенің басын шалып келгендегі бар айтпағы Президентіміздің қала салғаны екен.

Енді Астанаға арналған екінші бір өлеңге, ақын әпкеміздің «Аңсарым асқақ Астана» деген өлеңіне назар аударалық: Бұл өлеңнің

Ай, Астана, атың қандай нақ та әсем,

Аңызақтан айналыпсың баққа сен, – деп басталатын алғашқы қос жолын оқығаннан-ақ қатқан нанның қабығына қақалған адамдай тоқтай қалғанбыз. Себебі әуелі «Ай, Астана» дегенге түсіне алмағандықтан еді. Мұндағы «Ай дегеніміз аспандағы ғаламшар Ай емес, жәй қаратпа сөзге ұқсайды әрине. Оның «әй», «ей», «уа» деген сияқты баламалары бар және олар сол сәттегі жағдаятқа (ситуацияға) орайластырып айтылады. Ал «ай» сөзі көп ретте, әсіресе көне қисса-жырларда біреуге жекіріп, ақырып сөйлердің алдында қолданылатын еді. Мысалы, «Ай, атаңа нәлет ит-жоңғар!». Автор бұл жерде «Беу, Астана атың қандай нақ та әсем» десе әлдеқайда әсемірек болар еді. Бұл - бір. Екіншіден, «Аңызақтан айналыпсың баққа сен» деген мүлде ақылға симайтын сөз. Шөл, шөлейт, тақыр дала баққа айналуы бек мүмкін. Ал, аңызақ дегеніміз ыстық леп, ыстық жел. Ол қоңырсалқын желге, салқын самалға, тіпті, қарасуық желге айналуы әбден ықтимал, бірақ ешқашан баққа айналмайды. Бұл жерде ақын әпкеміз осының алдындағы «нақ та әсем» дегенге ұйқас таппай қатты қиналған тұста табиғаттың сонау лауһул махфуздан бергі заңын белінен бір-ақ аттап, аңызақ желді баққа айналдыра салған. Киелі нәрсенің ешқайсысын ермекке, ойыншыққа айналдыруға болмайды деген қағида қай халықта да бар. Ал жыр, өлең өте киелі нәрсе. Астанаға арналған бұл өлең де шынайы ақындық жүректен, осы шаһарға деген ұлы махаббаттан туған деу өте қиын. Әйтпесе,

         Астананың кесе келіп кіндігін

         Есепке алып су жыры мен Күн нұрын

         Курокава құрып берді тап-таза

         Кеңістік пен сұлулықтың бірлігін

 

         Сүйсе солай жапон жігіт бізді, елді

         Біздің оған құрметіміз ізгі ең бір

         Нидерланды Корольдігі сыйлаған

Райхан гүлдер, Курокава, сізге енді, – деген жолдарда нағыз ақындық нәзік сезім, ақындық жүрек лүпілі, әлдебір қалаға деген ынтызарлық, үздіккен үрзадалық, саф  сүйіспеншілік бар дей аласыз ба? Жоқ, жоқ! Бұл екі жол да жалған, жасанды тебірену. Екі жол да ана құрсағында емес, банкіге бала салып өсіру сияқты өзін-өзі қинау ғана. Әлдебір жапон жігіті келіп Астананың  жоспарын жасауға үлес қосты, енді бізге Нидерланды корольдігі берген райхан гүл соған лайық деп өлең жазу, қайталап айтайық,  поэзияның қадір-қасиетін қорлаудан өзге түк те емес. Бұл өлең ең әрі кеткенде Астана қаласының қалай салынғаны,  ол қалада Бәйтерек және саф ауа бар екені туралы айта келіп, ең соңында «Егемен ел – ең бақытты ел  біл, түсін» деп  екіленіп, екпіндетіп сөйлейтін шалағай газет мақаласын өлеңге айналдыру, яғни ұйқастар  жиынтығы ғана.

Жаратушы Иеміз жан-дүниесі кіршіксіз, жүрегі таза, ар-ұят, намыс, ождан сияқты ең бір асыл қасиеттерді ақындарға тарту еткен деген түсінік бар халықта. Амал не,  заман, қоғам, өмір салты өзгеруіне байланысты  бейімделгіш адамдар да дүниеге келеді. Сонау 90-шы жылдар есіңізде ме?  Баж еткіштер бажылдай берсін, бірақ осы күні аузынан ақ май ағып, үйіндегі қатын-баласының әрқайсысына бір-бір қымбат көлік мінгізіп, үйден-үй салып, апталап, айлап, шетелдерде демалып буаз іңгендей ыңыранып жүретіндердің көпшілігі сол бір  аласапыран заманға тез бейімделіп шыға келген қулар мен пысықайлар екені рас. Сол кездері біреу арақ сатып байыса, ақындардың арасынан арын сатушылар көптеп шыға бастады. Олар енді байларға, әкім-қараларға арнап өлең жазып, айтыс ақындары соларды жер-көкке сиғызбай мақтауға шықты. Міне, әдеби ортаға осылайша сыналап кірген бұл ауру бүгінде әдебиетімізді індеттей жайлап алды. Өмірдің ықылым заманнан келе жатқан бір қиямпұрыстығы бар. Ол мынау: қай заманда, қай қоғамда да шын, таза таланттардан гөрі қолында билігі мен байлығы барлардың тілін тапқыш  жағымпаз, жылпос, әләуләй өлеңшілердің ылғи жолы болып жүлдеден-жүлде, сыйлықтан-сыйлық алып, ұдайы мақтау-марапатқа бөленіп тасы өрге домалап бара жатады. Өті жарылып кетсе де айтайық, қазір сыйлықтан сыйлық, жүлдеден-жүлде алып жатқандар билігі бар, ақшасы барлардың көңілін тапқандар, қалаған уақытта заказбен  поэма жазып тастайтын жылпостар мен пысықайлар. Шын таланттылар мұндай бәйгі, сыйлық жарыстарына қатысып та жүрген жоқ. Патша заманында да, Кеңес заманында да қалыптасқан бұл үрдіс бүгінде бұрынғыдан да өршіп тұрғаны шындық. Әрине, кемеңгер ақынымыз айтқандай адамды заман билейтіні, жамандардың сол заманға бейімделіп «күйлейтіні» белгілі. Сонда да болса дәл бүгінгі кейбір ақындарымыз сияқты күйлеу әдебиетіміздің әсіресе, поэзиямыздың сорына айналып барады. Елді, Елбасымызды, егемендігімізді жырлама демейміз. Жырла! Бірақ әр нәрсенің шегі болатыны сияқты өлең де шектен шықпауды, әдептен озбауды, ар-ұяттан аттамауды талап етеді. Ар-ұятты жинап қойып біреуді шамадан тыс мақтап жер-көкке сиғыза алмай тұрған адам сол тұрғанда өзінің жеке басының ар-намысын аяққа таптап, сондай бір бейшара, өте бір сорлы күйге түсіп тұрғанын байқамайды екен. Кейде облыстық, аудандық деңгейде өткізіліп жатқан той-томалақ кезінде белгілі актер ақсақалымыздың, «бір аяғы көрде, бір аяғы жерде» тұрған қаламгерлеріміздің  облыс, сол аудан әкімдерін аузының суы құрығанша мақтап тұрып алатынын да көріп жүрміз. Олардың бұндай қылықтарын тек әдебиеттегі,  өнердегі тексіздігі емес, жалпы қанында бар тексіздік пе деп те қорқады екенсің. Өйткені, тектілік те, тексіздік те намыссыздық, ұятсыздық та қанмен келеді, қан арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Әдетте намыссыз, тексіз адамдар жылпос, ананың да, мынаның да көңілін тапқыш, әрі жалған ұраншыл, атойшыл келеді. Жақында баспасөзден атақ-дәреженің әлденешеуін алған ақын әйелдің  еліміз, ұлтымыз туралы өлеңін оқыдым. Өлең бастан-аяқ  желді күні тұтанып кеткен  өрт, бет қаратпас жалын сияқты. Рас, поэзияда барды нардай, төбешікті таудай қып көрсететін сәттер болады. Оны гипербола дейді. Алайда, қай нәрсенің де шама-шарқы бар. Әлгі өлең өртке тиген жанармайдай өрши келе:

         Сен–қазақсың,

         Алғызбайтын барыссың,

     Ар-ожданның асқағысың, намыстың, - дейді. Бір қарасаң мін жоқ сияқты. Өз ұлтына деген сүйіспеншілігі де мол шығар. Бірақ... Ау, бірақ басқа дүниені айтпағанда бір ғана Қазақстанның өзінде 140-қа жуық ұлт тұрады деп жүрміз ғой. Солардың ішінде қазақ қана барыс екен. Ендеше қалған 139 ұлт кім болғаны? Рас, барыс қарулы, айлакер, жыртқыш аң. Қазақ сол барыс-ақ бола қойсыншы! Бірақ ғылым-білімі, оқу-өнері, заманауи технологиясы қазақтан әлдеқайда мықты, саны да қазақтан әлдеқайда көп елдердің өкілдері де бар ғой. Мынаны оқыған олар не дейді? Қазақстанда саны аздау  болса да басынан сөз асырмайтын небір асау ұлттар да бар. Бұны оқыған олар «Мына қазекемдер біз «алғызбайтын барыспыз» деп жатыр. "Ендеше біз кімбіз?" дейтініне дау жоқ. Сондықтан Абай айтқан  бес нәрсенің бірі мақтаншақтық, мақтанғанда да өтірік шабыттанып, өтірік тасып-төгіліп, жалған ұраншылдықты жалаулатып өлең жазу ақындық емес және ол поэзия деп аталатын пәкизат әлемді бүлдірудің, ластаудың бір жолы деп қарауымыз керек.

Енді Жазушылар Одағына мүше Б. деген нәзік жыныстылар өкілінің «Отан» деген өлеңінен үзінді тыңдап көріңіз:

         Отан – менің ата-анам, күш, қуат, білек

         Отан десе лүпілдеп соғады жүрек

         Отан – менің айбарым, сенемін оған,

         Отан – менің от басым, ұшып ем түлеп

         Отаным деп от кешкен бабаларға арнап

         Ескерткіш те тұрғыздық, еске алып қолдап.

         Көк туын көтер Отанның, шырқат әніңді

         Отанға бер, береке алтын дәніңді.

Әрине, ел рухын, ұрпақ рухын көтеретін патриоттық, яғни, отансүйгіштік өлеңдердің табиғаты нәзік лиризмнен, лып етіп самал соқса да лүп ете қалатын жүректің тым қағылездігінен сәл алшақтау болатыны рас. Отансүйгіштік тақырыбы өте күрделі де жауапты тақырып. Бірақ оны жоғарыдағыдай адам айтқысыз қарабайырлыққа құлдилату поэзиямызға обал жасаумен бірдей. Және мұндай өлең авторының Жазушылар Одағына мүшелікке қалай өткені де сол Жазушылар Одағы туралы өте бір күдікті ойларға жетелейді.

Елбасымызды бәріміз де қадірлейміз, құрметтейміз! Бұл туралы күнделікті баспасөзде де, бүтін телеарналарда да жазылып та, айтылып та келеді. Тіпті, ара-тұра сол Елбасымыздың өзіне де  сын-пікір, өтініш, өйтсек қайтеді, бүйтсек қайтеді деген ой тастар сөздер де аз айтылып жатқан жоқ. Пенде атаулы ұдайы бүкіл істі тап баса бермейді. Оның да қалт кететін тұстары болады. Өйткені, ол да пенде. Анау Америкада, Еуропа елдерінде, мына тұрған Ресейде президентке арнап, өлең, дастан жазу-үрдіске, яғни, дәстүрге жат! Егер Америкада біреу Барак Обаманы, Ресейде біреу Путинді мақтап өлең, оның ата-бабасының ерлігін айтып дастан жазса, бүкіл Америкаға, бүкіл Ресейге күлкі болуы мүмкін. Тіпті,  мазаққа айналдыруы мүмкін. Алайда,  «әр елдің салты басқа!». Бұл–Азия елдерінде ықылым заманнан орныққан үрдіс, дәстүр. Данышпан Фирдоусидің өзі шахтар туралы кітапты-Шахнаманы жазды. Ресейдің табаны астында болған санғасырлық бұғаудан босанып, азаттық алған, 25 жасқа енді толатын "жас жігіт" – Қазақстанды қайтсем кемел жасқа жеткізіп, қабырғасын қатайтып, бұғанасын бекітем деп жүрген адамға ара-тұра өлең арнаудың айыбы жоқ. Сондықтан, Елбасының  атқарып жүрген алуан істері шынымен жаныңды тебірентіп, шабытыңды шырқау көкке көтеріп бара жатса оған арнап өлең жазудың да еш сөкеттігі жоқ шығар. Дегенмен, бұған шейін айтқанымыздай, әр нәрсенің шегі бар,  мақтаудың мақтауы бар. Мақтаудың да   мәдениеті бар. Осыдан бірер жыл бұрын Алматы облысының бұрынғы әкімінің ата-бабасынан бастап оның бүгініне шейін проза жазып, ешқандай жанрға жатпайтын, судыраған сөзден тұратын, сонысын "тарихи роман" атаған ағамызды көргенде: "Апыр-ай,  табынушылық деген бәле поэзиядан, айтыстан өтіп, енді прозаға да жеткені ме?!" - деп қынжылған едік.

Ал Елбасымызға арналған көркемдік шындықтан, нақтылықтан, шынайы суреткерліктен, ең бастысы мәдениеттен мақұрым қайсыбір өлеңдер, шынымызды айтсақ, оны оқыған адамға кері, теріс әсер ете ме деп те қорқатын болдық. Осыдан бір-екі жыл бұрын бір ақынның  өлеңдер жинағы шықты. Жинақ бастан-аяқ Елбасымызға арналған. Әрине, авторды ақындық өнерден мүлде мақұрым дей алмаймыз. Ұйқастарында селкеулік бар, бірақ аса көп емес. Өлеңдердің арасында Елбасымыздың өзімізге белгілі де, біз біле бермейтін де ерен еңбектері мен ерекше мінез-құлқы көркем бейнеленген тұстары да жеткілікті. Алайда...

Алайда, «қорқыт дегенде осылай қорқыт деп пе едім» дегендей осы жинақтағы өте ерсі, шамадан тыс аспандатқан, асқақтатқан, мәдениеттілік, сыпайылықтан жұрдай мақтауларды көргенде...  Адам баласы кейде өзін-өзі билей алмай, не айтып не қойғанына жауап беру қабілетінен айрылып қалатын сәттер болады дейді. Сол рас сияқты. Ал мына жинақтың авторы  Елбасымызды мақтауға қазақтың сөздік қорында бар сөз атаулыны түгесіп алып, «қиналған жері осы» ма қайдам,  екіленіп-екіленіп келіп енді бірде ағажан, егер әлемнің кілтін берсе, сен бүкіл әлемді басқарар едің дегенге дейін барады. Тіпті, 24 мың пайғамбардың, соншама сахабаның ешқайсысын  о заман да бұ заман  әлемді билей алады дегенін адам баласы естіген емес. Әлемді бір Алла ғана билейді. Ендеше бұл неткен сауатсыздық, неткен жауапсыздық, неткен әдепсіздік. «Нұр-ағаны жырласам» деген өлеңінде ол Елбасымызды

         Хан Тәңірі секілді көрінеді

         Дүниенің жайғасқан қақ төріне,-дейді.

Көне гректердің аңызында Құдайлардың құдайы Зевс биіктігі осы өзіміздің Көктөбеден әрі аспайтын Олимптің төбесіне шығып отыратын еді. Автор Зевс пен Олимптен бір-ақ аттап Елбасыны бүкіл «Дүниенің қақ төріне» апарып жайғастырады. Ау, біздің Елбасымыз қалай дегенде де Зевс сияқты аңызға айналған Құдай емес қой. Ал «Өзің ғана халқыңның таңдағаны» деген өлеңінде

«Ат қадірін біледі атқа мінген,

Тақ қадірін біледі таққа мінген»,-деп не айтқысы келіп отырғаны да күмәнді. Оның Елбасымызға Президенттік сайлауға түсуіңіз керек деп ақыл айтқанын да құп көрейік. Бірақ

Елдің ішіп жатқанда нарық қанын

Азамат жоқ ойлаған халық қамын,–деп он миллион қазақтың ішінде халық қамын ойлайтын Сізден басқа бір адам жоқ деуін, онымен де қоймай:

Өзге біреу дәл қазір сайланса егер

Онда еліңнен бақ тайып сорлағаны,-деуін қалай түсінер едіңіз? Арнау өлең жазамын деп осыншама адасуға, осыншама лепіруге бола ма? Бір адамның орнына басқа бір адам келсе, бүкіл елдің бағы тайып, сорлап қалады деу өз сөзіне жауап бермей, алжасып сөйлеу ме, әлде қайтсем қолыма қарға тышады, қайтсем жоғарыдан бір сый-сияпат аламын деген жарамсықтықтың шырқау шыңы ма?

Бұл кітаптағы Елбасымызды мақтаймын деп мүлде орайсыздыққа кеткен,

         «Туған елдің жұлдызы қайдан жансын

         Елбасының жұлдызы жанбаса егер»,-деген сияқты не қисыны жоқ, не шын сүйсінуі жоқ әшейін жайдақ  сөздерді бұдан әрі теріп жатпай-ақ қоялық.

Ал екінші бір ақын Елбасымызға арнаған өлеңінде бүкіл қазақ халқын  сен пәленінші, сен түгенінші қазақсың деп нөмірлеп жүрген адам сияқты. Осы З.К.деген ақынның өлеңінің «Жер бетінде тұңғыш жаралған қазаққа» деген атын оқығаннан-ақ, тәніміз тітіркеніңкіреп: «Астағфыраллаһ» деп қайран қалғанбыз. Тегін тітіркенбеппіз. Өлең:

«Жер бетіндегі бірінші қазақ

Мен саған басымды ием»,-деп басталады. «Кең  даламда ескерткіш, бірінші қазақ, Әуелі саған орнатар едім!» Әрі қарай:

Бал бұлақтар көзінің жасы дерсің,

Қаншама есік ашып ғасыр енсін,

Бір сенен басталған бірінші қазақ

Үш жүздің ұрпағының басы сенен

Әрі қарай кете береді. Автордың бар айтпағы – бүкіл қазақтың ішінде ең бірінші қазақ деген қазақ бар екен. Қысқасы, біздің бүгінгі қазақ поэзиясы мақтауға арналған теңеу, метафора, эпитет, жеке сөз атаулыны түгесіп енді бүкіл қазақты нөмірлеуге көшті деуге әбден болады. Сонау замандарда Ленинге, коммунистік партияға, Сталинге арналған өлеңдер болған. Бірақ дәл осы өлеңмен салыстырғанда олардың бәрі соларға жәй рахмет айту ғана сияқты көрінеді екен.

Әңгімеміздің басында бүгінгі әдебиетіміздің, әсіресе поэзиямыздың қандай күйге түскеніне, қысқаша тоқталып оның бірді-екілі себебін де атаған едік. Міне, поэзиямыздың мұндай күйге түсуінің тағы бір себебі атақұмарлық, сыйлыққұмарлық екені рас. Тағы да аты-жөнін атамай-ақ, осы күні Мемлекеттік сыйлық иегері атанып жүрген бірнеше азаматымыздың осы жолда қандай амал-айла қолдануға барғанына да мысал келтіре кетейік. Олардың ішінде Мемсыйлық алуға атақты жазушымыздың абырой-беделін салғызу, сол кісіге арнап мақтау, ода жазу сияқты толып жатқан әдіс-тәсілдер бар. Мәселен, бір жігітіміз  әлгі абырой-беделі асқақтап тұрған билік жақта жүрген ақсақал жазушыға арнап өлең жазды. Сол өлеңінде осы жұрт әулие-әнбиелерге түнейді, тілек тілейді, өйтудің орнына Ә.ағамыздың басып кеткен ізіне ғибадат етсін дегенге дейін барды. Көп ұзамай ол осы кітабы үшін Мемлекеттік сыйлық лауреаты атанды. Қазір фестиваль, бәйге, конкурс атаулы оның төрағалығынсыз өтпейді. Теледидарға үй-ішімен шығады. Облыс орталықтарын аралап мерейтойын өткізеді. Қысқасы авторитеті аспандап тұр!

Екінші бір жігітіміз  мемлекеттік сыйлық алу үшін не істеді дейсіз ғой? Ол осы сыйлық жөніндегі комиссия мүшелері арасына өзін рак ауруымен ауырып жүрмін. Бар болғаны бірнеше айлық қана өмірім қалды. Маған қазір бәрібір. Осы жолы лауреат болмасам асылып өлемін деп қорқытты. Ақыры алды. Қазір ортамызда шауып жүр. Рас, қолына ара-тұра таяқ ұстап жүреді де, кейде оны ұмыт қалдырып кетеді. Ол бұған шейін 6-7 мәрте лауреаттық жарысқа түсіп өте алмай қалған-ды.

Соңғы лауреаттарымыздың бірі де төрт рет қатысып өте алмағаннан кейін газетке «өлгеннен кейін біз де лауреат атанатын шығармыз» деп еңірегенде етегі толып жылап мақала жариялады. Байғұс ақыры алды. Бір қызығы осылардың ешқайсысы мен сөйтіп ар-ұятты жинап қойып лауреат атанып едім-ау деп қысылып-қымтырылғанын көрген емеспіз. Бұлар оның орнына небір салтанатты жиын, мерекелерде көсіліп сөйлеп көсемсіп,  әдебиет туралы интервью беріп, теледидардан қолын сермелеп өлең оқығанда алдына жан салмайды. Соларға қарап тұрып, шынымен-ақ, "әдебиет - ардың ісі ме?"-деген де ойға кетеді екенсің.

Біз бұл әңгімені біреуді кеміту үшін, біреудің намысына тию үшін айтып отырған жоқпыз. Сөзіміз жалаң, дәйексіз болмау үшін мысалдар да келтірдік. Әрине, оның бәрін құптаушы да, даттаушы да табылары сөзсіз. Қалай десеңіз де, қазір ана фестивальдың, мына сыйлықтың лауреаты, мына байқаудың жеңімпазы атану үшін жанын салып, өлермендене өршеленіп поэзияны күнкөріс поэзиясына, әкім-қараны, байшікештерді мақтап табынушылық поэзиясына айналдыру кеңінен етек жайды. Әрине, мұндай поэзияда сұлулық, титімдей болса да айтар ой, сол ойдың түйіні мен қорытындысы, ақынның жанының, жүрегінің айтар үкімі қайдан болсын?!

         Қазақтың жыры–Қаражорғамен желем деу,

         Блоктан–Сырбай

         Тихоновтан–Темірхан тереңдеу

         Кеңшілік сынды керемет ақын жоқ онда

     Ө.Нұрғалиев – Ю.Кузнецовтан кемелдеу деген сияқты не айтар ойы жоқ, не поэзия туралы пікір деуге келмейтін тайыз, дәйек-дерексіз қысыр сөзді қотара салу, бірін-бірі осылай мақтау сияқты парықсыздық, парасатсыздыққа не дейсіз?. Құдайшылығын айтыңызшы, осыны өлең деуге аузыңыз бара ма?

Осының бәрінің тағы бір себебі - қазір әдеби сынның, ашық та батыл сынның жоқтығынан, ағайыншылдық, топшылдық, көңілжықпастықтан болып отырғаны және рас. Бір философ «Мақтап, мақтап бір адам түгіл бүтін бір мемлекетті жойып жіберуге болады» деген екен. Қазір біздің әдебиетіміздің, әсіресе, поэзиямыздың ағзасын мақтау-мадақтау деп аталатын осы бір өте қатерлі ауру әбден меңдеп алды. Жазушылар Одағында өтетін кештер мен жиындар тек мақтау-мадақтаудан тұрады. Әдеби газет-журналдардың бетінен бір ауыз сын-мақала көрмегелі талай жылдың жүзі болды. Бастан аяқ мадақ, лепіртіп, мақтау.Әлгі газет-журналдарға болар-болмас кемшілікті айтып мақала бастыру Мемлекеттік сыйлық алудан оңай емес. Сауатсыздық дейсіз бе, мәдениетсіздік дейсіз бе, өзіңіз біліңіз. Жазушылар Одағында жыл сайын бір күн «Жыл қорытындысы» деген өткізіліп тұрады. Мұнда әр жанр бойынша бір-бір адам баяндама жасап шығады. Ол баяндамада өткен жылы шыққан кітаптар мен олардың аты-жөні тізімделіп атап өтіледі де олардың бәрі ғажап немесе авторының талантты ақын екенін дәлелдейтін шығармалар деп аталады. Бірде-бір нашар кітап, бірде-бір нашар өлең жоқ. Жыл қорытындысы дегеніміз - мақтау сөз екеніне еті өліп кеткені сондай кейбір аты аталмай ұмыт қалғандар менің фамилиямды неге айтпадың деп әлгі мадақ баяндама жасаушыға өкпесін айтып тұрғанын талай көзіміз көрді.

Қазір біздің әдеби ортаның бұл ауруы асқынғаны сондай, егер ара-тұра сын айтыла қалса, ол байғұсты түтіп жеуге дайын тұратын болды. «Қазақ әдебиеті» ғана емес, жалпы қазақ басылымдарында біреудің шығармасына сын мақала бастыру мүмкін емес. Тек мақтай бер, мақтай бер! Бүгін біз әңгімелеген, әдебиетімізді жайлаған жағымпаздық, жылпостық, атаққұмарлық күнкөрістік поэзиясының әдебиетімізді арам бездей жайлап бара жатқанына осы бір жөн-жосықсыз мақтау, сынның аяғына тұсау салу - себеп болып отырғанын айтқанымыз үшін тағы да талаймын десең талай бер, ағайын!

Мырзан Кенжебай

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435