Сенбі, 23 Қараша 2024
Осы ғой енді... 7758 0 пікір 27 Қараша, 2015 сағат 11:41

ТҮРКИЯ – РФ. ОРЫСТІЛДІ БАҚ ОЙБАЙЛАП ЖАТЫР

Ресей ұшағының атып түсірілуіне байланысты дау-дамайдың ерекше ушығып тұрған жайы бар. Аталған оқиғаға байланысты біздің орыстілді баспасөз қашанғы әдетімен көршімізді ашықтан-ашық қолдап отыр. Түрік жағының «біз ол ұшаққа «әуе кеңістігімізді бұздыңдар» деп бір емес, он рет ескерттік» деген уәжіне құлақ аспастан көршіміздің бір жақты ақпараттарына ғана сүйенуде. «Не себепті орыстардікі дұрыс та, түріктердікі бұрыс?» деген сұраққа жауап іздеп, бас қатырып жатқан ешкім де жоқ. Орыстардікі дұрыс, бітті шаруа. Оның үстіне билігіміздің бір бұтағын басқарып отырған лауазымды адамның аузынан шыққан ұшқары пікір де олардың қолтығына су бүріккендей болды (Сенатор Тоқаевтың әлеуметтік желідегі пікірін айтады. – ред. http://www.inform.kz/rus/article/2842905). 

Содан түріктерді жау санап, Ресейдің саясатына шәк келтірмейтін,  өзгелердікін қате санайтын ойбайға бергісіз айқай басталып кетсін. Бір ғажабы, үнемі өтірік айтатын, еш уақытта өздерін кінәлі сезінбейтін көршімізді әулие санайтын күйге жеттік. Күні кеше ғана Египетте құлаған ұшақты «лаңкестер жойды» деген Батыс мамандарының пікіріне құлақ аспаған, Украинаның Қырымын тартып алғандығына қарамастан, қаншама бұлтартпас фактілер келтірсе де «онда соғысып жатқан Донбаста орыс әскері жоқ» деп бүйректен сыйрақ шығаратын, Грузияға агрессия жасап, анау Приднестровия, Қарабақ секілді мазасыз аймақтарға дем беріп, сепаратистік пиғылды қоздырып отырған елдің сөзіне сенетіндердің бұл тірлігі аңқаулық па, әлде арандатушылық па? Біздіңше, соңғысы секілді. Ал Ресейдің осында тарайтын бұқаралық ақпарат құралдарынан, қала берді өзіміздегі солардың айтқанымен жүретін, өздерін ұлы Ресейдің бір бөлшегі санайтын орыстілді баспасөзден сыңаржақ ақпарат алатын  біздің қалың оқырманнның жағдайына тек қана жаның ашиды.  

Мұның бәрі біздің биліктің өзіміздің ақпараттық кеңістікті қорғауға келгендегі дәрменсіздігін, әншейінде айтыла беретін көпвекторлық саясатқа сызат түскендігін айқын аңғартады. Әйтпесе, күні кеше ғана анау «Астана», «КТК» секілді телеарналардың  «лаңкесерге қарсы күресеміз» деген желеумен Сирия жұртының біраз бөлігін бомбалауға бара жатқан, сол жолда қаза тапқан Су-24 ұшағының командирін «Ойбай, ол өзіміздің Шығыс Қазақстаннан екен» деп жер-көкке сыйғызбай мақтап, оның жасынан-ақ асқан ержүрек, асқан ақылды, асқан кемеңгер екендігін аузының суы құрай мақтағандығын қалай түсінуге болады? Ол елімізге қандай еңбек сіңіріпті? Осында туып, осында мектеп бітіргендігі үшін ғана төбемізге көтеруге тиіспіз бе? Олай болса, мұмкін бізде дүниеге келген ана Жириновский секілділерге де көше атын беріп, ескерткіш орнатуға тиіс шығармыз?

Бір өкініштісі, біздің осындай солқылдақтығымызды, бейғамдығымыз бен парықсыздығымызды жақсы білгендіктен бе, осындай арандатушылықты жергілікті баспасөз де қолдап әкеткендігін қайтерсіз? Әлгі оқиғадан соң, іле-шала осындағы бюджеттен қыруар қаржы алып, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып отырған бір орыстілді газет «Ұшақты атып түсірді, ал одақтарымыз үнсіз» деген мақала басып, айды аспанға бір-ақ шығарды. (Орысшасы: «Самолет сбит — союзники молчат»). Газеттің пиғылы бірден белгілі. «Ау, біз бір одақта емеспіз бе, Ресейді неге қолдамайсыңдар?»  деген жымысқы ой. Сірә, мұны жазған журналист өздерін Ресейдің жерінде отырмыз деп ойласа керек. Журналист шамасы әлгі мақаласына  «Жон арқадан соққы» («Удар в спину») деген Путиннің пікірін  басшылыққа алған  көрінеді. Осының өзі-ақ көп жайттан хабар бергендей.   Бұдан ары қарай, тіпті, де сорақы. Газет Қазақстан Республикасы адвокаттар одағының вице-президенті Тахир Бердимбетов дегеннен осы мәселеге байланысты пікірін сұраған. Ал заңгеріміз болса, бірден Ресей жағына шығып, бұдан кейін Түркияға ауыр күндер туатындығын. Ресей сондағы содырлар саналатын Күрдістанға белсенді түрде қолдау білдіруі мүмкін деген пікірін ашық айтады. Онымен де қоймай, енді бұдан былай Түркияға еш уақытта бармайтындығын, мұның өзі принципті мәселе екендігін алақайлап  жеткізеді. Сонда дейміз-ау, өзгесі-өзге, жөн біледі, заң біледі, кінәсіздік презумпциясы секілді ұғымнан хабардар заңгеріміздің мәселенің анық-қанығына жетпестен көрші еліміздің сойылын соғуын қалай түсіндік?

Мұратбек Дәуренұлы

Қостанай.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338