Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4435 0 пікір 29 Мамыр, 2009 сағат 05:45

Шалғай ауылдың шырағы

Ащыбұлақтағы соңғы қоңырау жаңа мектепте өтті

Ащыбұлақтағы соңғы қоңырау жаңа мектепте өтті
Бұрынғы Қапал, бүгінгі Ақсу ауданының ең шалғай елді мекендерінің бірі, көгілдір таулар мен асау өзендер өрнектеген өлкеде орналасқан Ащыбұлақ ауылында 74 жылдан соң осы заманғы білім беру жүйесіне лайықталып салынған, қос қабатты, оқушылардың сапалы білім алуы мен ұстаздардың жемісті еңбек етуіне қажетті жағдайлардың барлығы жасалған жаңа мектеп оқу жылының соңғы қоңырауына арналған салтанат кезінде оқушылар үшін есігін айқара ашып,  ауыл тұрғындарын үлкен қуанышқа бөледі. Шынын айту керек, бүгінде аудан орталықтарынан алыста қоныстанған шағын ауылдардағы бір кездердегі клубтардың, кітапханалардың, тоқетерін айтқанда рухани ошақтардың барлығын міндетін мектеп атқарады. Ащыбұлақта да осылай. Сондықтан бүгінде қиын-қыстаулы жылдары да туған жерлерінен табан аудармаған  100-ден астам,отбасы мекендейтін Ащыбұлақтағы Мәншүк Мәметова атындағы орта мектепті «Шалғай ауылдың шырағы» деп атасақ, артық бола қоймас. Шағындығына қрамастан, елімізге есімдері жақсы мәлім ғалымдар мен жазушыларды, құрылысшылар мен спортшыларды, өнер адамдарын қанаттандырған, сонысымен-ақ басқалардан еңсесі биік елді мекендегі ел-жұртты ғана емес, қазіргі кезде елден алыста жүрген ащыбұлақтықтарды да елеңдеткен қуанышты оқиғаға ауылдың тайлы-тұяғы бір кісідей қатысты. Бүгінде еліміздің басқа өңірлерінде тірлік кешіп жүрген азаматтар да жерлестерінің қуанышын бөлісуге ат арытып, сәлем-сауқаттарын арқалап жетіпті. Аудан әкімі Әскербек Дүйсембаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрбек Қасымбеков, облыстан арнайы келген өкіл – Алматы облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай және тағы басқа лауазымды тұлғалар да алтын уақыттарын бөліп, жаңа білім шаңырағының пайдалануға берілу салтанатына жиналғандардың көңіл-күйіне ортақтасты.
Ащыбұлақ ауылында алғашқы білім шаңырағының іргетасы 1935 жылы қаланып, сол жылы бастауыш мектеп ашылыпты. Содан бергі уақытта мәртебесі бастауыш, орталау және негізгі, орта мектеп болып бірнеше рет ауысқан білім шаңырағына «Шығыстың қос шынары» атанған қазақтың қаһарман қыздарының бірі Мәншүк Мәметованың есімі берілген. Дегенмен, шалғайда жатқандықтан болар, сол жылдар барысында  ауылға басқа елді мекендердегідей бірнеше қабаттан тұратын мектеп ғимараты бұйырмапты. Білім шаңырағын салуға қатысты соңғы талпыныс кезінде, осы жаңа білім шаңырағының орнында қазылып қойылған құрылыс алаңындағы жұмыстар енді басталады деп жүргенде Кеңестер Одағы күйреп, «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен алмағайып заман келіп, жаңа білім шаңырағы болар күнді тосып жүрген жұрттың үміті сөніп қалған-ды. Алайда, сол ауыртпалықты өтпелі жылдарда да ауылдың іргесі сөгілген жоқ. Тіптен соңғы кездері қайта оралып жатқандар бар. Соның арқасында мектепте оқитын балалар саны жүзден төмендеп көрмепті.
Ақыры ащбыұлақтықтар аңсай күткен айтулы күнге қол жеткізетін сәт Елбасының жарлығымен қолға алынған «100 мектеп пен 100 аурухана» бағдарламасы аясында мүмкін болды. Аудан әкімінің облыстағы білім саласы жетекшілерін алыстағы ауылға ертіп келіп, төбесі тіреулердің күшімен ғана қалт-құлт етіп тұрған білім шаңырағын көрсетіп,  ондағы қарадомалақтардың бұрынғы және соңғы жылдардағы жетістіктерін жариялап, білімге құштарлықтарын дәледеп жүріп сөзін өткізгенінің арқасында, облыс әкімінің қарапайым халық жағдайын бірінші кезекте ойлайтындығы, ауыл дегенде көңілініңі алабөтендігі нәтижесінде тау бөктеріндегі ауылда сәні мен салтанаты келіскен, озық үлгідегі оқыту технологияларымен жабдықталған, компьютерлік сынапқа дейін су жаңа техникаларымен қамтамсыз етілген қос қабатты мектеп бір жылда салынып бітіп, пайдалануға берілді. Білім шаңырағына 256 млн теңге жұмсалыпты. 180 оқушыға арналған мектепте бүгінде 102 оқушы өздерінің оқу жылдарын су жаңа білім ошағында аяқтағалы отыр Ауылға әкелетін жолмен елді мекен жанындағы Белтоғанға көтерілгенде  ауылдан бірінші болып жасыл шатырлы, салтанаты келіскен мектеп көзге шалынып, туған жерін аңсап жеткендердің жүрегін жылылыққа бөлеп, сағынышын сыздата түсетіндей....
25 мамыр Талдықорған аймағында салқын болды. Ал биік таулар ортасындағы Ащбұлақтағы таңғы ызғар жеңіл-желпі барған біздерді бүрістіріп жібергенімен, мектеп ауласына жиналған жұртшылық жүзіндегі қуаныш пен көздеріндегі мейірім суықты бірден ұмыттырды. Бізді осы білім шаңырағын біраз жыл басқарған, қазіргі кезде де білімі мен білігін шәкірттеріне үйретуді табысты жалғастырып келе жатқан Нүсіпбек Жиентаев, Ақсу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрбек Қасымбеков  қарсы алды. Сол жерде құшақтары алқызыл шұғынық гүлге толы оқушылар салтанатты сап түзеп, мемлекетіміздің Әнұраны орындалды. Көкбайраққа көз тігіп, елге қосылып Әнұранды жігерлене шырқап тұрған оқушыларға қарап, олардың күні ертең-ақ Қазақстанның болашағы үшін бойындағы барын аямайтын азаматтар болатанына деген сенім арта түсті. Өйткені, олардың жүзінде шынайылық бар, ертеңге деген сенім ұшқыны алаулап тұр. Жұртшылық алдында аудан әкімі, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы,  облыстан келген өкіл және  байырғы мұғалімдер сөз алып, ащыбұлақтықтарды оқу жылымен қосарлана келген қуанышпен құттықтады. Оқушылар өздерінің алғашқы өлеңдерін оқыды. Олар мектепке, ауылға, отанға арналған балауса жырлары арқылы өзлерінің алдарында үлкен асулардың күтіп тұрғанын байқатты. Сол жерде су жаңа мектеп ғимаратының кіреберісіне керілген жасыл лента қиылды. Оны қию құрметі аудан әкімі Әскербек Дүйсембаевқа, ардегерлер кеңесінің төрағасы Нұрбек Қасымбеок пен Алматы облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ғабит Тұрсынбайға бұйырды.
Бұдан кейінгі салтанат спорт залында жалғасты. Мұнда да ақ тілектер ақтарылып, өткенге ой жүгірткен естеліктер ортаға салынды. Білім шаңырағын осыдан 20-30 жыл бұрын бітіргендер өздеріне әліппені үйреткен алғашқы ұстаздары мен бар қуаныштары мен қызықтарын ауылдағы мектеппен бірге өткізіп келе жатқан тәжірибелі мұғалімдерге арнайы әкелген сыйлықтарын табыс етті. Алматы өңіріндегілердің сәлемін жеткізген Саят Саурықовтың айтуына қарағанда, туған ауылдарындағы жағымды жаңалықтан Алматыда жүрген азаматтардың бірде-бірі шет қалмапты. Олар осыдан оншақты күн бұрын бас қосып, жерлестерінің қуанышын атап өтуге  демеушілік жасауды ұйғарып, жаңа мектептің ашлу салтанатында спорттың бірнеше түрінен бәсекелер мен жүйріктер додасын ұйымдастыруға бел буыпты. Соған сай мектептегі той ауыл жанындағы атшабарда жалғасты. Облыстың бірқатар өңірлерінен келген тұлпарлар додасында алдан көрінгендер мен басқа спорт түрлерінен топ жарғандардың барлығына бағалы сыйлықтар тапсырылды. Осылайша, Ащыбұлақ ауылындағы оқу жылының аяқталуына арналған  соңғы қоңырау ұзақ күттірген жаңа мектептің ашылу  салтанатымен астасып, үлкен мерекеге ұласты.
Жалпы биыл Алматы облысындағы мектептерді бітірген оқушыларлың 14390-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, үлкен өмірге қанаттанву жолындағы алғашқы сынақтарынан өтпек.  Олардың 280-і Алтын белгіден, 200-і айрықша атестаттан үміткер. Осы талабы таудай түлектер қатарында соңғы оқу жылдарының мектеппен қоштасар күндерін жаңа мектепте өткізген ащыбұлақтық жас түлектер бар. Олардың талпынысы мен толқынысын көріп отырып, араларында ертең-ақ есімдері ел аузында жүрер жігіттер мен қыздар барлығына деген сеніміміз арта түсті. Қуаныштарыңыз ұзағынан сүйіндірсін демекпіз, туған жеріндегі әр жақсылықты  жеке бастарының сәттілігіне  балайтын үлкен жүректі, ізгі тілекті ауыл тұрғындарына!

 

Болат Абаған, Алматы облысы.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320