Сенбі, 23 Қараша 2024
Қауіп еткеннен айтамын 4892 0 пікір 20 Қараша, 2015 сағат 11:09

ОЙЫНШЫҚ БАЛАҢЫЗДЫҢ ТАҒДЫРЫМЕН «ОЙНАП» ЖҮР


Бірде біздің ұжымға «Жастарды отансүйгіштікке баулу мақсатында пейнтболдан өтетін жарысқа ұжымдарыңыздан команда құрап жіберсеңіздер» деген хат келді. Пейнтбол – ішіне бояу құйылған шар деген ағылшын сөзінен алыныпты. Яғни шарлармен атысатын ойынның бір түрі. Бірақ, отансүйгіштікке қалай тәрбиелейтіні түсініксіз.

Соңғы кездері ұлттық рух , патриоттық тәрбие, отансүйгіштік деген сөздерді естіп те, айтып та жүрміз.  Өкініштісі, айтушының да, тыңдаушының да жай айтылуы тиіс тіл ұшындағы құрғақ сөз екенін білетіндігінде.  «Білетініміз қандай көп, түсінгеніміз қандай аз» деп Альберт Эйнштейн айтқандай білетініміз шынында да көп. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деп мінберлерден сөзімізді тұздықтап қоямыз. Алайда, бесіктен бастап берілетін  тәрбиеге қалай көңіл бөліп жүрміз. Басқасын қойып баланың қолына ұстата салатын  ойыншықтарымыз өзіміз ұрандатып жүрген ұлттық рухтан алыстатып жатқан жоқ па? Соғыстан кейін дүниеге келген ел ағалары «осы біз ойыншық көрмей ақ адам болдық қой» деп уәж айтады.

Келесі толқын «темір-терсектен ойыншық жасап шыбықты ат қылып мініп, жалаң аяқ жарысып, бармақтың басындай қойдың терісіне қорғасын байлап, ләңгі теуіп өстік, қатардан қалған жоқпыз» дейді. Солай екендігіне ешкімнің дауы жоқ. Тек қатардан қалмау дегеннің өлшемі өзгерген. Сол қатардан қалғамыз жоқ деп отырған ағаларымыздың өздері «балам, немерем кімнен кем?» деп ойыншықтарды үйіп-төгіп алып жүр.

Ал мамандар болса ойыншықтардың бала тәрбиесіне, психикасының дамуына үлкен әсер ететінін айтады. Яғни ұлттық тәрбиенің бір ұшы ойыншықтарда. Қазақ баласының ұлттық ойыншығы қайсы десек, неше түрлі пікірлерге кездесесіз. Біреулер тіпті мүлдем болмаған десе, біреулері алдыға асықты тартады. Асықты дәріптейін десең “асық ойнаған азар...” дейтін құлаққа әбден сіңісті болған нақыл еске түседі. Қандай ата-ана болмасын өз баласының жақсы ойыншықпен ойнағанын қалайды. Баласының талғамына сай сапалы ойыншық сатып әперуге тырысады. Ал баланың талғамы ертелі кеш көретін мультфильм кейіпкерлерімен шектеледі.  Іздеп әуре болмайсыз, сұранысты сол сәтте сезе қоятын көрші Қытай мемлекеті дүкендерді толтырып қойған. Сапалы болсын, болмасын қазақтың әр отбасындағы ойын баласының үйде де, балабақшада да қолына ұстайтыны, ойнайтыны – Қытайдың ойыншығы. Ойыншық дүкендерін кейде қару жарақ сататын орын екен деп те ойлап қаласың, өйткені бұл жерде атыс-шабыс қаруының барлық түрін кездестіруге болады. Техника дамып кеткені соншалық қуыршақтарға тіл бітті. Тетігін бассаң сайрап ала жөнеледі. Тетігін басқан сайын әуені өзгеріп отыратын ойыншықтар да бар. Алайда тетігі тұрмақ, құлағын бұрап, желкесінен ұстап сілкілесеңіз де қазақша сөйлемейді, қазақ музыкасын да естімейсіз. Қыздарымыз кіндіктерін ашып жүреді, ұятты жерлерін жабуды қойды дейміз, өзіміз жартылай жалаңаш киінген ойыншықтарды алып беріп жастайынан «осындай бол» деп көрсетеміз. Талшыбықтың қалай бой түзейтіндігі, тал бесікті кім қалай тербеткеніне байланысты екендігін білеміз. Бүгінгі заман бесігінің бір түрі – теледидар. Балаларға арналған «Балапан» каналы бар. Оған да шүкір. Бірақ ол жердегінің  басым бөлігі – қазақшаға аударылған шет елдік мультфильмдер. Ойыншық дүкендеріне барғанда баланың көзіне түсетін де күнделікті көріп жүрген кейіпкерлері. Сондықтан да  телегей теңіз ауыз әдебиетімізді, батырларымызды, ғашықтарымызды басқа да толып жатқан кейіпкерлерімізді бала санасына мультфильм арқылы сіңіріп, сол кейіпкерлерден әдемі ойыншық жасай білсек, жаттың жарығына өз үйіміздің шырағын айырбастағанды қояр едік.  

Жұмахмет Жайлаубаев

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435