"ҚАТЫН" ДЕГЕН СӨЗДЕН НЕГЕ ҚАШАМЫЗ?
Кеңес Одағы орнап, коммунистер билікке келгеннен соң: «Байлар – кеңес үкіметінің жауы. Оның қатындары да жау» деп «бай»,«қатын» деген сөзге қарғыс айтылды. Әсіресе, мектеп, ЖОО ұстаздары: «Бай-манаптардың қолданған сөзін қолданбаймыз, жаңа заман құрып, жаңа сөздер ойлап табамыз» деп өскелең ұрпақты қазақтың асыл қасиеттерінен бездіріп топастандырып жіберді.
«Байға тиесің, қатын аласың» деп сөйлеген жан сауатсыз, қараңғы мәдениетсіз» деп қоғамның төменгі табына жатқызды. Қазіргі кез-келген қызға: «Байға тиесің бе?» десең жақтырмай бетіңе бажырайып қарайды. Ал, «миллионерге» тиесің бе десең жүзі бал-бұл жанып, мәз болып ыржаңдап: «Әрине, қанеки» деп армандап қалады. Ол ақымақ «миллионер» сөзінің қазақшасы «бай» екеніне басы жетпей отыр. Әйелдерге де «қатын» деп қалсаңыз пәлеге қаласыз. Ол үшін сенен өткен «мәдениетсіз, дөрекі» адам жоқ. Сізді ала көзбен атып, болмаса сыбап салады. «Әйел» десеңіз ғана «әдепті, мәдениетті» кісі санайды. Енді «әйел» сөзін былай қойып, «жолдас» дейтін болыпты. "Жолдасым келе жатыр","Жолдасыммен қонақ үйде болдым", "Жолдасыммен моншаға барды"», - деп сөйлейді. «Жолдас» дегені әйел ме, еркек пе әлде ашынасы ма? Не айтып жүргендеріне сана жетпеген соң не амал?
Осыған орай «шашы ұзын, ақылы қысқа» деген сөз тіркесін қазақтың ешбір қисса, дастан, жыр, ертегі, ауыз екі әңгімелерінен кездестіре алмайсыз. Жаңа кеңестік өмірге лайықты «әйел жасау» үшін, қатындардың шашын қырықты да, ал қырықпай қазақтың әдемілігін сақтағысы келгендердің намыстарына тиіп, «әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деп, әдейі бұрмалап айтты. Қазақ әйелі түгілі қыздардың шашына қайшы тигізбейтін. Шашты қырқу бақытсыздық әкеледі, жаман «ырым» деп сенген. Ал, қазір әйелдер көшеде, дәретханада, жұмыста жалаңбас жүреді. Далада, көшеде бастарына қоқым, шаң, микроп, неше түрлі бактериялар жабысады. Жалбыраған сол шашымен қазанға үңіліп, ас пісіреді. Бастағы бүкіл қоқыс қазанға түседі. Жалаңбас әйелдің асы адал емес. Ертеде қазақтар ондай асты «харам» деп ішпеген. Қазақтар «шашы ұзын, ақылы қысқа» деген сөзді негізінен жаудың еркектеріне арнап айтқан. Өйткені христиан орыстар мен қалмақ буддалар да сақал шашын алмай жалбыратып жүретін. Қазақ мұсылман болғалы шашын алып, сақал-мұртын күзеп, бес мезгіл жуынып, намазын оқыған. Атақты Бөгенбай батырдың қолға түскен жоңғарлардың кейбіреуін өлтірмей, тақымға қысып отырып, бастарын тақырлатып, шашын алып, «шашы ұзын, ақылы қысқа неме» деп мырс етіп күліп қоя бергені туралы тарихи әңгімелерде айтылады. Ол кезде: «Орыстың шашы ұзын, ақылы қысқа» деп кемсітіп айтқан. Қазақ түгелдей отарланып «қожайын» орысқа құл болған соң айта алмай бұл сөз әйелге көшкен. «Әйел» деген сөзді қолданғанымызға да бір ғасыр болған жоқ. Әсіресе, совет одағы кезінде қазақ тілінің атасына, анасына айналған, балаларын орыс қылған академик, профессорлар орыс сөзін тікелей аударып, орыс тілінен қазақ тілінің мәңгүрт нұсқасын жасады. «Орыс тіліне балама, жаңа сөз ойлап таптым» деп мақтанған «оқымыстылар» бай тілімізді бүлдіріп, тіл құнарын кемітіп, сөзіміз сылдыр суға айналды. Оның зардабын әлі қанша жыл көреміз, кім білсін?
Ата-бабамыз - көктүріктердің осыдан 1500 жылдай бұрынғы сына жазуларында да қатын сөздері кездеседі. «Қатын» сөзін қазіргі қазақшаға аударғанда «ханым» дегенді білдіреді. Төңкеріске дейін қазақтың қисса-дастандарында, батырлар жырындағы, ауыз әдебиеті шығармаларындағы «қатын» деген сөздер кеңестік кезеңде «әйел» деген сөзбен алмасты. Араб, латын әріптерімен жазылған қазақ шығармаларын орыс әрпіне қайта көшіріп жазғанда, халық аузынан қайта жинағанда «қатын» сөзі «әйел» сөзімен алмастырылып отырды. Бір ғасырда үш рет әліпбиін алмастырған тіліміздің қай бір жаны қалды дейсің? Лингвист, профессор Рахманқұл Бердібаев ағамыз: «Қазақтың 18 мың сөзі бұзылды» деген сөзі еш дәлелдеуді қажет етпейді.
Шіркін, ертеректе, отағасыларда, өз ұлтынан қалап алған жарларын «қатын» деп атап, ал тоқалдары мен соғыста тұтқынға түскен, сатып алған, жаудан тартып алғандарын ғана «әйел» деп атағанын біздің қатындар түсінсе ғой дейсің. Сонда өздерін «әйелміз» деп сонша төмендетпес еді. Айналып келгенде, сіздің «қараңғылығыңыз» қатыныңызға байланысты.
Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ
Abai.kz