Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Қоғам 5226 0 пікір 16 Қараша, 2015 сағат 00:23

КЕРРИ: «КЕЛЕР КҮННЕН ЖАҚЫН ЖОҚ» ДЕДІ

Джон Керри мырзаның Орта Азияға, соның ішінде біздің елге келіп қайтқанына біраз күн болып қалды. Әйтсе де, АҚШ Мемлекеттік хатшысының аймаққа алғаш жасаған қадамын, айтқан сөздерін қайыра бір еске алып қою артық етпейтін сияқты.

Өйткені, АҚШ үлкен саясаттағы бәсекелесі – Ресейдің бұл аймақты қатты торауылдап кеткенін қапысыз ұққанға ұқсайды. Расында, Ресейдің соңғы жылдар ширегіндегі Орта Азияға қатысты ұстанған саясаты ТМД шеңберіндегі қарым-қатынастың шегінен асып бара жатқанын байқу аса қиын емес. Әсіресе, Қазақстан дегенде Кремльдің іші қатып отыр. Басқасын былай қойып, Мәскеу қазір Астананың ішкі істеріне де қол сұғып, өктемдік танытуда. Бұны, әрине, Ақорданың айналасы барынша жұмсартып, тіпті, елеусіз етіп көрсетуге тырысады. Солай жасамасқа бірақ, амал кем, себебі: державалық, империялық амбициясы қайта бас көтерген солтүстіктегі көршімен келеге келіп, кеңес құру  қазір қиындай түсуде. Оның үстіне РФ президенті орыс тілінде сөйлейтін адамдардың қанын қыздырып, олардың ұлттық, нәсілдік тілегін оятып, саясаттың құралына айналдырып алған.  Путиннің бұл әрекеті қажет кезінде орыстілділер өмір сүріп жатқан орта Украинаның шығысындағы ахуалды қайталап шыға келеді дегенді түсіндірсе керек. Осыны және Ресей тарапынан болуы ықтимал өзге де қауіптерді ескерген ресми Астана, міне, 5-6 жылдан асты, мемлекеттік, ұлттық мазмұндағы істерді жүргізу еркінен шектелді. Сөйтіп, жалпы көптің, халықтың қарсылығына қарамастан Кедендік Одақ пен Еуразиялық экономикалық одақтың аясына кіріп, амалдауда. Ал, Ресей аталған ұйымдардың экономикалық  мән-мағынасын ысырып қойып, өзінің саяси мүддесін алға салуда. КО мен ЕАЭО-ға мүше елдер РФ-ны әуел бастағы келісім-шарттар шеңберінде ұстауға қауқарсыз. Укаринаның тәуелсіздігі мен мемлекеттік тұтастығына кепілдік еткен елдердің бірі бола тұра  сол елдің шығыс өңіріндегі сепаратисттік күштерді қолдай жөнелген Ресейден қандай жақсылық күтсін, ресми Астана да, ресми Минск де қазір Мәскеудің қас-қабағын бағуда. Былайда, деколонизация саясатын ширек ғасырға жуық уақыт ішінде дұрыс жүргізе алмаған қазақстандық билік, әсіресе, қобалжулы.  Бұл жайтты да Ақорданың ауылы барынша жасырып жүр. Алайда, сәл ғана отаншылдық сезімін білдірген азматтарды айдап апарып қамап, заң алдында жауапқа тартып, төрт-бес кісінің қарасы көрінсе, тәртіп сақшыларын төгіп; баспасөзді, ғаламторды, әлеуметтік желілердегі әңгімелерді барынша қатаң бақылап  жанталасуда. Билік өкілдерінің Жаңаөзен оқиғасын оралмандарға жауып,  қазақ көшіне кедергі келтіріп, басы артық құжаттарды (сотталмағаны туралы анықтаманы айтамыз) көлденең тартуы әлгіндей әсіре сақтық пен үрейден туғанын осы арада еске сала кеткеніміз жөн шығар. Есесіне, ресейшіл күштердің ел тыныштығын бұзатын сөздері мен іс-қимылын көзге іле бермейді. Бәлкім, биліктің бұнысы Мәскеуге: «Міне, көрдіңіз бе, бізде Ресейге бүйрегі бұратын азаматтар жетерлік, біз оларды бетінен қақпаймыз», - деу үшін қажет шығар. Әйтеуір, Қазақстанда мемлекетшілдік ұғым мен антимемлекеттік көзқарастардың тепе-теңдігі бұзылып, саяси көңіл-күйлердің ауарайы құбылып-ақ тұр. Осындай Қазақстанға таяуда АҚШ-тың  Мемлекеттік хатшысы Керри мырза келді.

Джон Керри – аристокарттар әулетінде дүние есігін ашып, тәрбиеленген ұрпақ. Вьетнам соғысына да қатысып, кейін ол соғыстан жарадар болып қайтқан соң АҚШ-тың әскери қимылдарына қарсылық танытқан азат ойлы азаматтардың бірі. Студент кезінде АҚШ-тың әйгілі президенті Кеннедидің сайлау науқанындағы кандидатурасын қолдап, онымен балауса жастық шағында жүздескен адам.

Керридің Ақордадағы әңгімесіне аса қанық емеспіз, әйтсе де Назарбаев университетінде сөйлеген сөзінен біз бұл адамның дипломатияға жетік екендігін аңғардық. Университет мінберінде тұрып қазақша «Қош келдіңізді» айтқан ол: «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ», - деп атам қазақтың даналығына жүгінді. 50 минуттық баяндамасында демократияның бүгінгі адамзат қоғамы үшін соңғы аялдама емес екендігін айта келіп, әр ел өзі таңдаған жолмен жүретіндігін, бірақ соның бәрі демократия даңғылында тоғысатындығын ескертті. Керридің бұл не дегені? Сараптап көрелік.

АҚШ, жалпы Батыс әлемінің күні бүгінге дейін Қазақстан билігінен талап еткен жалғыз нәрсесі болса, ол – демократия еді. «Сөз бостандығын шектеме, президент пен парламент сайлаулары баламалы түрде еркін сайлау арқылы өтсін», т.б. Қазақстан АҚШ-тың сондай талабына «азиялық менталитеттің  шегінде», «қазақстандық таңдау еркі арқылы» жауап беріп, «таң қалдырып» бақты. Ақырында демокртияны талап ете беруден танбайтын АҚШ-тан алыстап, әміршіл, өктем, әрі бұрыннан таныс Ресейдің қолтығына тығыла түскен. Ресейді аймақтың қауіпсіздігіне ие етіп, көше тіліне салсақ, «крыша» жасап алды. Ал, Ресей – «крыша» өзіне берілген мүмкіндікті артығымен қабылдап, Орта Азияны, оның ішінде Қазақстанды, әйдік әлменен оқшаулауға құлшына кірісіп кетті. Көрдіңіз бе, қазақстандық билік өзіне ыңғайлы жағдайда өмір сүру үшін елдің тағдырын қандай геосаяси ахуалға тіреп үлгерген?.. Енді осындай халден Қазақстанды құтқару мүмкін бе? Мүмкін. Сондықтан Керри мырза өткен күндердің бәріне салауат дегенді құптайды. "Өткен күннен алыс жоқ", - дейді. «Қазақстан даму жолын тапсын. Қайткенде Ресейден іргесін аулақ салсын. Демократия талаптарын көлденең тартып, ресми Астананы енді  қыспаққа ала беремейік. Бірақ, бәрібір демократия даңғылында жолығамыз.  Демократия даңғылына жететін күн алыс емес. Ол – келер күннің еншісінде.  Ал, келер күннен жақын жоқ».  Керридің қазақ даналығына сүйеніп сөйлеген сөзін шамамен осылай болжауға болады.

Керриге дейін де қонақжай Қазақстанға талай саясаткер, таңдайы жарылған талай шешен келіп қайтқан. Бірақ, «әулекінің қонағы қыдырып жүріп ақыл айтады» демекші, соның дені ала көбік ауызданып, алқынып ақыл үйреткеннен басқа, қазақ елін жетектегі баладай көріп, «көсемсігеннен» өзге не бітіре қойып еді? Арасында Қазақстанның аз жылдағы жетісітігіне өтірік таңырқап, бас шайқағандар да болды. Әйткенмен де, Джон Керри сияқты   халықтың тіліне, діліне жығылғаны кем. Әрине, бұл біздің байлам. Біз өз байламымызды ешкімге таңбаймыз. Сондықтан Керри мырзаның келіп кеткенін, сөз ләмін әркім өзінше жоруға толық қақылы.

Дәурен Қуат

Abai.kz   

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1506
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3278
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5770