Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 5824 0 пікір 9 Қараша, 2015 сағат 12:49

НҰРҒАЛИ ОРАЗ. ҚОҢЫР ӘҢГІМЕ

Былтырғы қар мен биылғы қар

 «Былтырғы қардан биылғы қардың қандай айырмасы бар?»

 

Осы бір қызық сауалды алғаш қашан, кімнен естідім? Әлде кітаптан оқыдым ба? Есімде жоқ...

Әйтсе де, ауық-ауық ойыма оралып, ақша қардың бетіне қадала қарап қалатыным рас-ты. Мені қызықтыратыны – биылғы қардың химиялық құрамы, иә болмаса, бізге беймәлім әлдеқандай бір заттегілік қасиеті емес. Сондай-ақ, оның түр-түсінің ерекшелігі мен ақ ұлпа түйіршіктерінің ұсақ-ірілігі де қызықтырмайды. Бәлкім, содан да болар, қолыма алып, үңіліп қараған емеспін.

Әйткенмен, осы сауалдың астарында мүлгіп бір философиялық ой жатқан сияқты. Бірақ... Ол қандай ой?..

Меніңше, биылғы қардың былтырғы қардан ең басты айырмасы – былтырғы қарды көрген біра-а-аз кісілердің биылғы қарды көре алмағаны...

 

Күту

Кейде бір қуанышты күнді асыға күтесің. Ал оған дейінгі күндердің бәрі де сол бір Бақытты күннің жолына құрбандық болып жатқандай көрінеді.

 

Әзірейілмен тілдесу

Бірде қала шетінде тұратын ағайымды іздеп бардым. Жеңгемнің бір құрбысы қонаққа келіп отыр екен. Қарапайым киінген, қараторы келіншек. Өңі жүдеу. Төртеуміз бірге отырып, шай іштік.

Әлгі келіншек:

-Бұл қала маған риза шығар, - деді. Сірә, мен келгенге дейінгі әңгіменің жалғасы болса керек. – Отыз жыл тұрдым осында. Енді... елге жетіп өлгім келеді. Бірақ,  жете алмаймын-ау. Дәрігер ұшаққа мінуге болмайды, жүрегіңіз қысылады дейді. Ал пойызбен кетуге шыдамаймын. Ол үшін менің жағдайымды жасап, асты-үстіме түсіп өбектеп отыратын біреу керек. Ондай жанды  қайдан табам?.. Осы күнге шейін табылмаған  жақсы кісі енді кезіге ме... Не де болса, ұшақпен кетпекпін. Кеше билет алдым... Тү-у, сонау жер түбіндегі Жайыққа жаяу бара алмаймын ғой. Е-еһ, шіркін, ауылға жетіп өлсем... арманым жоқ! Әй, бірақ жете алмаймын-ау... жете алмаймын.

-Қойшы, - деді жеңгем. – Не болса, соны айта бермей!

...Арада біраз жыл өткенде осы бір оқиға ойыма оралып, жеңгемнен:

-         Сіздің құрбыңыз қазір ауылда тұра ма? –деп сұрап ем, сол баяғы ас бөлмеде тамақ жасап жатқан ол қолындағы ожауын қоя салып, маған бір түрлі таңырқай қарды. –Жоқ.  Жолда... самолетте қайтыс болды... Сен оны ұмытпаған екенсің-ау?! – деді.

Сілейіп қалдым. Маған сондай қатты әсер еткен нәрсе - оның туған жерге деген сағынышы емес, біз әманда үрейлене күтетін Әзірейілмен  жайбарақат тілдесіп отырғаны еді...

 

Табылмаған теңіз

Мына өмірді  Өзенге теңейтін болсақ, сонда оның ағып барып құятын Теңізі қайда? Әлде... Құмға сіңіп кете ме екен?..

 

Әділетсіздік

Ол кезде мен алты жастамын. Қарындасым төртте. Бір күні әкем екеумізді бақшаға ертіп барды. Қызанақ пен қиярдың енді ғана пісе бастаған кезі. Әкем арық бойлап жүріп, екеумізге бір-бірден қып-қызыл қызанақ (помидор) үзіп әкелді. Осы кезде менің басыма бір қулықтың сап ете қалғаны.

-Кәне, кім бұрын жеп тауысады екен?! Жарысайық! – дедім қарындасыма қарап жымыңдап. Не де болса, менен қалмауға тырысып бағатын ол бірден басын шұлғып, қолындағы  жемісті апыл-ғұпыл жеуге кірісті. Қып-қызыл қызанақтың суы шашырап,  әп-әдемі көйлегінің омырауын былғап алғанына да мән бермеді. Ал мен болсам, оған көзімнің астымен қулана қарап, уысымдағы қызанақты өп-өтірік малжаңдап жеген боламын.

-Ме... мен жеп болдым, - деді ол бір кезде өте маңызды шаруа бітіргендей аузын алақанымен сүртіп.

Манадан бері осы сәтті ғана күтіп тұрған мен:

-Міне,қара! - деп уысымдағы бүп-бүтін қызанақты жылт еткізіп шығара қойдым.

Оның көзі бағжаң ете қалды. Менде өші кеткендей бақырып жылап жіберді. Содан соң қанша жұбатсақ та өкпесі басылмай, даусын үдете түсті. Әкем тағы да бір-екі қызанақ үзіп әкеліп беріп еді, басын шайқап, алмай қойды. «Неге?» деймін-ау.

Сөйтсе-ем, ол өмірінде бірінші рет әділетсіздік көріп тұр екен ғой!..

 

Тау

 Ол не? Тек әншейін тастардың үйіндісі ғана ма?! Жоқ әлде, көз шырымын алып жатқан Тарих па?..

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404