Сенбі, 23 Қараша 2024
Жолжазба 9854 1 пікір 13 Қазан, 2015 сағат 14:43

Алма САЙЛАУҚЫЗЫ. ИСПАНИЯ КҮНДЕЛІКТЕРІ

 

(Жолсапар очеркі)

 


Ресми атауы:               Испания корольдігі (Reino de España)

Астанасы:                     Мадрид

Құрылған уақыты:      1469 жыл (жеке уния)

                                        1515 жыл (біртұтас монархия)

Мемлекеттік құрылымы:   конституциялық  монархия

Ұраны:                          «Plus Ultra»  («Межеден де әрі!»)

Әнұраны:                    «Marcha Real»

Кароль                          Филипп VI

Премьер-министрі       Мариано Рахой

Ең ірі қалалары:          Мадрид, Барселона, Валенсия, Севилья

Халқының саны:         47 370 542 (әлем бойынша 26-орын)

Ұлттық құрамы:          испандар, католондар,  галисилер, баскилер,  т.б.

Жер аумағы:                504 782 км²  (әлем бойынша 51-орын)

Ірі қалалары:               Мадрид (5 млн.) Барселона (1,8 млн.), Валенсия (1 млн.), Севилия (750 млн.)

Ресми тіл:                    испанша (кастиль нұсқасы)

Әр тұрғынға ЖІӨ :      US$  33, 298

Валютасы:                  еуро €  /ұлттық ақшасы – песета/

Телефон  коды         +34

Интернеттік  домен:   .es

 

Дерек пен дәйек

Испания – Еуропаның Оңтүстік-батысында орналасқан мемлекет. Пиреней түбегінің көп бөлігін және Жерорта теңізіндегі Балеар, Питиус аралдары мен Атлант мұхитындағы Канар аралдарын иеленеді. Испанияға, сондай-ақ, Солтүстік Африка жағалауларындағы Сеут және Мелилья қалалары мен оларға жақын жатқан Велесде-ла-Гомера, Алусемас, Чафаринас аралдары да қарайды.  Ел 17 автономиялық құрылымнан және 2 автономиялық қаладан  тұрады.  Ұлттық мейрамы 12 қазан – Испан ұлты күні (Христофор Колумбтың 1492 жылы Американы ашқан күні). 

 

Таныс ел. Бейтаныс  қала

 

Испания... Мен ең алғашқы рет шыққан шет ел... Араға 7 жыл уақыт салып, қайтадан Испания топырағына табан тіреймін деп ойламаған екенмін. Алайда, бұйрық деген осы шығар, осыдан бірнеше жыл бұрын Канар аралдарын тамашалап қайтқан біздер енді  бұл елдің Барселона деген байырғы қаласына саяхаттап келдік.  Не өзгерді? Не нәрсе бәз-баяғынша?..

Атақты жазушы Мигель де Сервантес, Еуропаға Американы ашып берген теңіз саяхатшысы Христофор Колумб, ақын әрі драмматург Лопе де Вега, суретші Франсиско Гойя мен Пабло Пикассо, архитектура майталманы Антонио Гауди, суретші-жазушы-режиссер Сальвадор Дали, опера саңлағы Пласидо Домингоның Отаны,  қандайсың Сен?!.

Жеті жыл бұрын Мадрид арқылы Канар аралдарына ұшып барғанымызда,  «мәңгілік көктем» деген екінші аты бар Тенерифе аралының табиғи сұлулығы мен заманауи қолайлылығына тәнті болғанбыз. Бойымызбен бірдей кактус гүлдерін көріп, жылы ауасының жыл он екі ай бір қалыпта тұратынын біліп, таң-тамаша қалғанымыз рас. Халқының ашық-жарқын мінезі  мен жылышырайлығына  тәнті болып, сонымен қатар  ертеңгі күнге ысырғысы келіп тұратын жәйбасарлығын өз қазағымызға ұқсатып, басымызды шайқағанбыз. Канализацияның суына дейін қайта өңдеп, пальмалары мен көше гүлдерін суғарып жатқанын көріп, риза болғанбыз. Тек шошқаның етінен ғана тұратын ас мәзірін көріп, жүрегіміз айныған. Жылына үш дүркін жеміс-жидек, көкөніс жинайтын ауыл шаруашылығының дамығанын көріп, «халқына қалтқысыз қызмет ететін» ауа-райына тамсанғанбыз. Таза, тұщы ауыз су өндірушілер миллиардер болатанын естіп, жағамызды ұстағанбыз... Байырғы тұрғындары испан жаугершілік заманында соңғы демі таусылғанша күрескенін көріп, құрметімізді білдіргенбіз, ал сол тайпалардың жарқын өкілдеріне қойылған ескерткіштерді көріп, жанарымызды аздап мұң торлаған... Канар аралдары...  Мәңгілік көктем, мәңгілік арман аралы еді...

Дерек пен дәйек

Канар аралдары Испанияның оңтүстігінде орналасқан, қысы-жазы +25+27 аралығында болатын, 7 аралдан тұратын архипелаг. Канар аралдарын  1495 испандықтар жаулап алғанға дейін онда өз жерін қайсарлықпен қорғаған «гуанчей»  тайпалары өмір сүрген. Бойлары ұзын, өңдері ақ, көздері үлкен келген олардың тұқымы түгелге дерлік жойылған болып саналады. Олардың өмір салты тас ғасырындағыдай болған, мал және жер  шаруашылығымен айналысқан. Өз көсемдері дүниеден өткен соң, оны мумиялап қоятын болған. Гуанчейлер мегалитикалық архитектураның жарқын үлгісі – Гуимар пирамидаларын жасап қалдырған. 

Бұл жолы да Испания бізді жылы құшағымен қарсы алды. Кезінде Каталония деген жеке ел болған бұл жер де Канар аралдары секілді Испания корольдігіне тиесілі. Жуырда ғана жеке ел болып, бөліну идеясымен демонстрацияға шыққан каталондықтар өздеріне ыңғайлы шарттарға қол қойдырған соң, Англиядан бөлінгісі келіп барып, райынан қайтқан Шотландия секілді басылды-ау деймін.

 Әуежайдан түсе салысымен-ақ барлық анықтама-ескертулер екі тілде жазылғанын байқадық. Бір қызығы, ол екі тілдің сөздері бір-біріне өте ұқсас көрінді. Кейінірек білгеніміздей, бұл – испан және каталон тілдері екен, қосарланып жүрген.

Жүгімізді алып, сыртқа шықтық. Бал арасы секілді қара-сары түспен тізіліп тұрған таксистің бірін тоқтатып, керек қонақүйіміздің мекен-жайын көрсеттік. Бұл жерде біздегідей саудаласып тұрмайсыз. Барлығын салондағы есептегіш құрал «шешеді». Дегенмен де, бір ұнағаны, такси тұрағында орналасқан арнайы таблоға  ең жақын жерге және ең алыс жерге ең көп дегенде қанша еуро кететіні тайға таңба басқандай көрсетіліп қойылған. Жолаушының таксиден түсерде тиынын жеткізе алмай абдырап қалмасы үшін, алдын ала жоспарлап қоюы үшін немесе таксистердің  есептегіш құралдың  түймешесін басып-басып қалып, шыққан сомманы «еселеп» жібермесі үшін жасалған игі шара деп қабылдадық.  Барселона қаласында 400-ден астам қонақүй бар екен. Осыншама қонақүйге турист келе ме екен, өзі деп  ойладым. Бұл қала Испанияның шығысында, Каталония автономды облысында орналасқан, аттас провинциясының астанасы екен. Испанияда үлкендігінен екінші орын алатын Барселона  Жерорта теңізімен шектеседі.

Айтпақшыдай, бұл қалада бізен ҚазҰУ-да бір курста оқыған Анар деген қыз тұрады деп естігенмін. Өз қазақ азаматының қадірін білмеген ол танысым бір каталондыққа тұрмысқа шығып кеткен. Оны кездестіріп, көре алар ма екенмін?..

Қазақстанның 90 жылдардағы Алматысын еске салатын қатты биік емес, классикалық үлгідегі сұрғыл түсті ғимараттар... Жылы самал.  Тап-тұйнақтай тазалық. Сұрыптап салуға арналған үлкен-үлкен қоқыс жәшіктері. Алғаш көзге түскен дүние мен алған әсер осындай болды.

Жол жиегіндегі бардюрлары қоларба тасуға барынша икемделгені соншалықты, Еуропадағы мүгедектерге барынша қолайлы үздік қаланың санатына кіреді екен.  (Айтқандай, «ыңғайлы бардюр» жөнінен Астана да соған ұмтылып келеді). Туристің келіп-кетіп жатқанына мән бермейтін, өз шаруасымен, өз әлемінде жүрген тұрғындар. Дегенмен, немістермен, француздармен немесе ағылшындармен  салыстырғанда әлдеқайды жылышырайлы. Оған қыс мезгілі болса да, +18 °С көрсетіп тұратын термометр мен көше бойлай қаумалай өскен пальма ағаштары «ықпалдасса» керек...

Сатып алушыға бейімдеп тұрғызылған зәулім-зәулім сауда орталықтарының ішіндегі қызу сауданы көргенде, жеңіл өнеркәсіптің отанындай болған бұл елге ел-жұрт ең алдымен «шоппинг» жасауға келетіндей көрінді. Ал мына сапырылысып жүрген  халықтың біразы «шопоголик» атты жаңа заман  «сырқатына» шалдыққанға ұқсайды.   

 

Дерек пен дәйек

Барселона – ең алдымен Каталония автономды облысының астанасы. Ол — Жерорта теңізіндегі порт қала,  Испанияның ірі өндіріс және сауда орталығы. Барселона  әлемнің бай қалалар тізімінің алғашқы ондығына кіреді. Еуропаның ең ірі туристік орталықтарының бірі. Ал — Пиреней түбегінің солтүстік-шығысында орналасқан Испанияның тарихи аймағы және автономды бірлестігі. Сонымен қатар, каталондықтар іргелес жатқан Францияның біршама жер бөлігін «Солтүстік Каталония» деп есептейді.   Жер аумағы  — 32 114 км². Халқы - 7 512 381 адам. «Каталонизм» атты тарихи ұлттық идея әлі де ерекше күшке ие. Жеке бөлініп ел болғысы келетін ниеттеріне 2014 жылы Испан парламенті заң  жүзінде тыйым салды.

 

 Автобус-тур

 

Еуропаның көптеген елдеріндегідей, мұнда да автобус-туризм жақсы дамыған екен. Барлығы алдын-ала реттеліп, жолға қойылған. Бәсекелестіктің үлгісі сол – бір бағытта бірнеше туркомпанияның автобустары қызмет көрсетеді.  Әрбір 10 минут сайын жеке жасақталған аялдамалаға келіп тоқтайтын автобустың әрқайсысы ең көп тараған әлемдік 8 тілде сайрайтын аудиогидпен жабдықталған.

Жаңа автобус. Жайлы орындар. Билет құны төрт жас пен он екі жас аралағындағы балаларға 16 Еуро, ал он екі жастан жоғарылардың бәріне 27 Еуроны құрайды.  Тиісінше, үш жасқа дейінгі балалар бұл туристік автобусқа тегін міне алады.  Ең бірінші мінетін аялдамадан билет сатып алып жатқан жолаушыға бір реттік жеке құлаққап, маршрут сызбасы және баратын жерлерде жеңілдік алуға мүмкіндік беретін брошюра беріледі. Бір рет билет алған әр жолаушы  қалаған аялдамасынан түсіп, сол жерді қалағанынша аралап, келесі автобусқа сол билетін көрсетіп, саяхатын әрі қарай жалғастырып кете алады.

Барселона қаласында үш желі бар деп түсіндірді. Олар: көк желі, қызыл желі, жасыл желі. Бұл түстер қаланың солтүстік бөлігі, оңтүстігі және шығыс бөлігі  дегенді білдіреді екен. Әр желінің өзіндік «керемет аялдамалары» бар. Мәселен, бізге көк түсті солтүстік желісінен  қатты ұнағаны –  «Тибидабо» тауына қарай жүз жылдан астам жұмыс жасайтын шағын ғана сүйкімді көк трамваймен көтерілу болды. Одан кейін ауысып мінген ақ поезбен өрге көтерілу де естен кетпесі анық.  Ал барлық Барселона алақандағыдай көрінетін, құс қанаты талатын биіктікте 1901 жылдан бастап келушілерге қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқан айналмалы карусельге отыру – балалық шаққа саяхат сыйлады. Сонымен қатар, «Барселона» футбол клубының атақты стадионы да осы көк желінің бойында орналасқан екен.

 Бір кезде  автобусымыз «Палау Рейал» деген аялдамаға келіп тоқтады. Бұның алдында да «Palau dе Congressos», «Palau Sant Jordi» деп жазылған жерлерді көрген болатынбыз. Бұл не қылған «палау» деп қоям... (Тайландтағы мейрамханадай, өзбектер мұнда да бар ма екен деген ой кеткені рас). Сөйтсем, біздің «зәулім сарай» дегеніміз испанша «палау» екен ғой...))

Бұл жерде де Париждегідей мұражай көп екен. Испан мәдениеті мен сәулет өнеріне үлес қосқан танымал тұлғалардың әрбіріне жеке-жеке мұражай ашып тастаған ба деп те ойлайсың, тіпті. «Каталонияның ұлттық өнер мұражайы», «Маритим мұражайы», «Каталонияның архелогия мұражайы», «Кера мұражайы», «Барселонаның контемпорани мұражайы», «Египет мәдениеті мұражайы», «Реал Манчестер де Санта Мария мұражайы»,  «Каталония тарихы мұражайы»... Бұл мұражайлар келесі жолға қалсын деп, өзіміз соғамыз жоспарлаған жерлердің бірі –   осыдан 23 жыл бұрын Қазақ еліне 5 медаль сыйлаған Олимпиада қалашығын көзімізбен көргіміз келді. Барселона қаласының дамуын бірнеше есеге жылдамдатып, ерекше рух сыйлап кеткен, 1992 жылы жер-жаһанның хас жүйріктерін бір өзіне сыйғызған олимпиада қалашағын, оның әлі күнге сақталып, даңқын асқақтатып тұрған символдарын біз секілді көргісі келетін туристер жетерлік екен. Бір қызығы, дәл олимпиада қалашығының жанында біздің Шымбұлақ секілді аспалы жолы бар спорттық-тау кешені орналасыпты. Сонымен қатар Антонио Самаранч атындағы Олимпиада мұражайы да осында екен...

Дерек пен дәйек

«Барселона-1992» жаздық олимпиадасы – сол кезге дейінгі барлық жаздық олимпиададан мен мәдени бағдарламасы, ұйымдастырушылық қабілеті және  өзінің  рекордтары бойынша оқ бойы озық тұрған айтулы шара. Ол спорт додасына кезінде енді ғана тәуелсіздік алып, жеке дайындалуға үлгермеген Қазақстан, ТМД біріккен командасының шебінде өнер көрсеткен болатын. Жалпы саны 23 қазақстандық атлет бағын сынауға мүмкіндік алған бұл олимпиададан біздің елге 1 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль бұйырған. Оның ішінде жүлде алған жалғыз қазақ – күрестен қола медаль еншілеген  Дәулет Тұрлыханов.

Барселона – Испанияның  теңізге ашылған қақпасы болғандықтан, бұл жердің портын көрмей кету жарамас. Келесі аялдама –  «Вель» порты.  Ендеше содан түсіп, теңіз ауасымен тыныстап, жаңа қуырған балықтан ауыз тию керек деп шештік.  Әрине, «порт» деген атына сай, қаздай тізілген ірілі-ұсақты кемелердің шегіне жету қиын. Алайда, бұл жерде де сауда-саттық орталықтарына толып тұр екен. Өзімізге етене таныс болып кеткен «Мango», «Zara» брендтерінен басқа, «Viriato», «Roberto Torretta», «Roberto Verino», «Anton Heunis» сынды испан брендтеріне де туристердің қызығушылығы аса зор екен.

Айналада өріп жүрген адамда есеп жоқ. Бірі - бала-шағасымен, екін біреулері - жеке-дара, үшіншілері – жұп-жұп болып қол ұстасып алған. Бәрі мәз. Мына табиғат пен ерекше жайлылық аурасының өзі солай болмасқа шара қалдырмай тұрғандай.

Осы автобус туры кезінде автогид бізгі «атақты архитектор «Гаудидің салып беріп кеткен...» деген тіркесін өте жиі айтты.  Әнебір ерекше көк түсті «айдаһар» ғимараты соның идеясымен тұрғызылыпты, мынабір саңырауқұлақ іспетті жалпақ төңкерілген күмбез бақты да соның қалауымен салған... Ал Барселонаның ең басты символының біріне айналған  салынып басталғанына 133 жыл болып, күні бүгінге дейін келушілерден жиналған қаражатқа салынып жалғасып жатқан «Саграда Фамилия» атты алып құрылыстың идеясы да осы Гаудидікі екенін естігенде...  «Ол кім болды екен?» деген ой еріксіз оралады, ойға. «Гауди туындылары» деп ерекше әспеттейтіндей оның қандай ерен ерлігі бар екен?.. Бұл кешірім ғибадатханасын Гауди өзінің ең негізгі туындысы деп санаған екен. Әрқайсысы 170 м. Болатын бірнеше мұнарасы бар бұл шіркеудің сырт келбеті әр түрлі фантастикалық пішіндермен, қабырғадан көрінетін мүсіндермен, венециандық әйнектен құралған өрнектермен безендірілген. Дәл қасынан қарағанда, шын мәнінде жаңа заманда салынып жатқан ескі әлем туындысын көргендей әсерге бөлендік. Бір қызығы, Гауди өзінің соңынан ешқандай сызба-нсұқасын қалдырмағандықтан, бұл нысанды соғып бітіру қиынға соғып жатыр екен. Барселонамен байланысты барлық сувенир бұйымдарда осы алып құрылыстың суреті бейнеленгеніне қарап-ақ, осы қала үшін бұл ғимараттың ерекше мәнге ие екенін түсіндік.

Құдай бұйыртып, күндердің бір күнінде біздің Астананы да тұрғызған қазақ архитекторының есімі осылайша, сырттан келгендерге әспеттеп жеткізілер ме екен, әлде «әлемдік» дәрежедегі американдық және жапондық есімді өздеріне тамсантып айтып беруден аса алмас па екенбіз?.. Жарайды, бұл жауапсыз сұрақты қоя тұрып, бұл «сақалды ғимаратқа» кіру ақысын білейік.  «15 еуродан басталады». Иә, «басталады» деген сөз міндетті түрде керек, өйткені құрылысы бітпеген бұл нысан сіз бен біз секілді туристердің қаражатына тұрғызылып жатқандықтан,  бұл жерге әркім өзі қалаған  сомманы қалдыра алатын болып шықты...

Дерек пен дәйек

Антонио Гауди (1852-1926) – «Темір королі», «Архитектура королі», «Модерн королі», Каталониядағы ең көп таңғажайып ғимараттардың авторы болған испандық (каталондық) архитектор. Толық аты-жөні – Антони Пласид Гильем Гауди-и-Курнет. Жергілікті архитектура мектебін бітірген ол,  жаңа модерн, «неоготика», «эклектизм» стильдерінде жобаларын жасаған. Жас архитектордың  «қияли жобаларына» қолдау білдіріп, қанатын кең жаюына көмектескен Эусеби Гуэлем атты текстиль магнаты.  «Саграда Фамилия»  атты атақты ғибадатханасын тездетіп аяқтағысы келіп жанталасып жүрген ол 74 жасында алғашқы трамвай іске қосылған күні, байқаусызда  темір рельсің астына құлап кетіп, мерт болады. Оның қолынан шыққан Висенс үйі, Гуэль сарайы, Гарраф тұрағы сынды архитектуралық туындылар ЮНЕСКО-ның тізіміне енген. Гаудидің арқасында Барселона қаласы жер бетіндегі бірде бір қалаға ұқсамайтын ерекше бет-бейнесін қалыптастырған.

 

 Футбол үшін отқа түс, күймесің!

 

Әлемдік футбол. «Барселона» клубы. «Камп-Ноу стадионы» аялдамасынан түсіп қалған біздер футболдың «қайнарын» көргенше асықтық.  Атақты клубтың негізгі ойын алаңы – дәл осы Камп Ноу стадионы, бұл – Еуропадағы сыйымдылығы жағынан ең үлкен футбол стадионы болып саналады.

100 жылдан астам уақыт бойы допты тек ойын емес,  ең алдымен өнер деп ұғатын бұл ел үшiн "ФУТБОЛ" - ерекше мәртебелi жұмыс, естен кетпес мереке. Осы ҰЛТТЫҚ БРЕНДТIҢ арқасында әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен келген турист сан мыңдаған еуроны каталондықтар қазынасына  үздіксіз кұйып жатыр.

УЕФА рейтингінде бірінші орынды иемденіп тұрған бұл даңқты футбол клубының  әлемдегі ең үздік 5 жұлдызды стадионын ғана емес, түрлі кубоктар мен жетістік естеліктеріне арналған үш қабатты мұражай залдарын тамашалап, үш қабатты  фирмалық дүкенiн  аралап, футбол клубының  спорттық  киімдері мен клуб таңбасы басылған түрлі  естелік заттар сатып ала аласыз. Ескертіп қоятын бір жайт: арзан емес!.. Қалтаңызды кәдімгідей қағып алуға дайын, «удай» бағалар.  Орташа есеппен әр футболкасының өзi 10-15 мың теңге тұрады десек, оны алуға ел-жұртты асықтырған бұл қандай сиқыр дерсің...

Дерек пен дәйек

«Барселона» футбол клубы  – Испания біріншілігінде өнер көрсететін, каталондық Барселона қаласының супер клубы. 1899 жылдың 29 қарашасында Жоан Гампер басқарған швейцариялық, британдық, испандық және каталониялық футболшылар құрған. Ресми толық атауы – «Futbol Club Barcelona». Лақап атаулары – Barça (Барса), Blaugranas (көк-анар түстілер), Cataloness (Каталондықтар), Cule (Бөксе). Камп-Ноу стадионына 100 мыңға жуық адам сияды. Клуб президенті – Сандро Росель. "Барселонының" ФК фанаттар («кулес» атымен белгілі ) саны 2006 жылың мамырында 140 000 адамға жетті. «Барселона» және «Барса» атымен кәсіби баскетболгандбол, роликтік хоккей және футзал командалары да әлемдік деңгейде өнер көрсетеді. 2006-2007 жылы "Барса" ең бай клубтар тізімін анықтау кезінде үшінші орын иеленді. Оның жылдық табысы - 291,1 млн еуро.

Мұнда Андрес Иньеста, Лионель Месси, Карлес Пуйоль, Хави сынды «Барсаның» мүшелерімен «қол ұстасып»,  виртуалды суретке түсуге де болады екен. Фото-телеиндустрияға енген «жасыл фон» атты жаңалықтың көмегімен, испандықтар оны да жүзеге асырып қойыпты. Ал бейне-залдағы шағын кинотеатрда ең даңқты жеңістердің телерепортажынан үзінділер үздіксіз беріліп жатады екен. Дыбысы барынша қатты шығып тұрған ол бейнежазбаларды көргенде, бір сәт сол футбол бәсекесінің ішіне сүңгіп кеткендей болып, жеңістің тәтті дәмінен басы айналып қуанып жатқан футболшылармен бірге керемет сезімге бөленгендей әсер аласыз. Біздің жерлестердің басына әзірге бұйыра қоймаған бұл «бақты» сырттай тамашалап, тамсанып қана қайтуға тура келді...

 

Біздікі сіздікі ме? Сіздікі біздікі ме?

 

 Шетелде жүрген қазақтың әдеті –  адамдарынан бастап, олар тұтынатын заттар, олар жүретін жер, бәрін-бәрін өз еліңдікімен салыстырып жүру болса керек. Ия, дәл солай, өйткені, бұл өмірдің көп дүниесі кейде тек салыстыру арқылы ғана ақылға сияды, қадірі білінеді немесе айырмашылығы сезіледі. Мен Барселонаны Астанаға, жоқ, керісінше Астананы Барселонаға ұқсаттым. Дәл осындай ұқсату сезімі осыдан тура 5 жыл бұрын, Малайзияның әкімшілік астанасы – Путра-Джайяда жүргенде орын алған болатын. Ол қалада орналасқан министрліктер ғимаратынан бастап,  қаланы екіге бөліп тұрған өзеніне дейін Астанаға қатты ұқсайтын. (Мен секілді қиялына ерік бергіш пе кім білсін, жақында қаржыгер Қ.Келімбетов ағамыз да елімізді Сингапурдай деп баға беріпті...)))

        

         Енді, міне, Испанияның Барселонасындағы аялдама тұрағы тұп-тура біздегіден айнымайтынын көріп тұрмын. Шындығында, біздікілер осылардың нұсқасын көшіріп алған болар. Әрине, сырт келбеті әдемі, бірақ не жаңбырдан, не желден пана бола қоймайтын «етек-жеңі ашық-шашық» бұндай аялдама қыстың ең салқын күні +16+18°С болатын Барселона тұрғындары үшін  ыңғайлы болар, алайда қысы-жазы жел мен жаңбыры басым біздің елордаға аса жарамайтынын көріп жүрміз.

Астана аялдама салуды Барселонадан емес, былтыр көшелерінде инфрақызыл жылытатын құрылғысы бар аялдама орнатқан Кызылжардан үйренсе екен... Солтүстіктегі бұл қаламыздың әкімдігі мұндай «ақылды», жып-жылы аялдамаларында керек десеңіз басқа да қызмет түрлерін орнатып үлгерген: интернет дейсіз бе, төлем терминалдары дейсіз бе, бәрі бар. Сонымен қатар, қылмыс өршіген бүгінгі күннің маңызды нысандардың бірі – бейнебақылау да сол Қызылжар аялдамасында  орнатылған болатын. Заман талабына сай дүниелерді өз компанияларымыз да өндіріп, ұсынып жатқанда, өзгеге ғана қолайлы басқа аялдамалар үлгісін «арбалағанша», өз еліміздегі озық үлгілерді «дорбаласақ» екен... деген ой ғой, баяғы.

Одан да «көшіріп алуға» лайық нысан –  қоғамдық көлік тәртібі, нақтырақ айтсам, автобус жолағы дер едім. Барселонада қоғамдық көліктің бірнеше түрі бар. Қайсысына барсаңыз да біздің елдегідей қаумаласқан, сығылысқан ел-жұртты көрмейсіз. Жайлы, жарық, таза. Ал ең бастысы, діттеген жеріңізге санаулы минуттар ішінде, дәл уақытында жеткізіп салады. Оған себеп, автобус өз жолағымен, өзіне тиесілі жолмен жүреді екен. Жолдың оң жақ бөлігіне «автобус» деп испанша жазылған ол жолмен өзге жеке көліктер жүре алмайды. Тек қана «такси» деп сарыға боялған көліктер ғана автобуспен бір жолда жүруге құқылы. Олардың өзі көп болып, «аяққа шалынып жатқан жоқ».  Ал біздің Алматыда трамвайдың жеке рельсінің өзіне автокөліктер тұрып алып, жол бермей, қор қылады емес пе??.  Ірі қалаларымыздағы қоғамдық көлікке арнап жолдың бір жолағын беру – тұрғындардың уақытын үнемді пайдалануына, жеке көліктеріне емес, қоғамдық көлікке деген қажеттіліктің артуына, тиісінше қоршаған ортаны ластамауына жасалған нақты қадамдар болар еді-ау... Дәл осы жолақты да «біздікі» етіп, өз елімізде қолдансақ қой, шіркін!..

Келесі бір ұқсастық – велосипед. Ия, Астанада бірнеше жылдан бері кәдімгі қоғамдық көлік түріне айнала бастаған, өз тұрақтары бар велосипедтер Барселонада да жүйеге қойылыпты. Кім кімнен алды екен? «Бұл идея  солардыкі ме, әлде біздікі ме?..» деп аздап қиялдап қойғанда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Біздікілердің түсі көк, ал олардыкінің саны көп. Қалған жұмыс принципі өте ұқсас көрінді. Парижде де осындай қызмет түрін көргенбіз. Тек біздікілер түр-нұсқасы жағынан Барселонадағы велосипедтерге қаттырақ ұқсайды екен. Қысы-жазы ауа-райы қолайлы жерге жүздеген велосипед сиятын тұрақтар қойса да жарасады ғой... Алты-жеті ай бойы тұрақта қаңтарылып тұрып, жылына тек бірнеше ай  ғана тебілуге мүмкіндіктері болса да,  сол велосипедтеріміз арқылы біздің тұрғындар әлемдік көштен қалмағынан сезініп қана қоймай, өз денсаулығы мен қоршаған ортаны күтуге пайдаланып жүр. Шүкір.

 

Барселонада ұнаған жайттар

 

Барселонада маған көп нәрсе ұнады. Санамалап айтатын болсам, қос қолдың саусақтары аздық етуі мүмкін. Ең бастыларын қорытып, топтастырып көрсем, олар мыналар:

 

  1. Жаймашуақ ауа-райы.  Қысы-жазы туризмін домалатып, құдайдың берген табиғатымен өз әрекеттерін үйлестіріп, еңбегінің жемісін көріп отырған халық. Жоғарыда айтып өткендей, бізде қақаған қыс болып жатқанда, олардың қаңтар айындағы термометрі +16+18°С-ты көрсетіп тұрады екен. Сондықтан, тропиктік көңіл-күй сыйлайтын қаз-қатар тізілген пальма талдарына, уылжып пісіп тұрған апельсин жемісіне таңқала да, тамсана қараудан басқа амалыңыз қалмайды.

  2. Ақжарқын, жылы шырайлы халқы. Табиғатына тартқан мейірбан тұрғындар.  Ауа райына байланысты халықтың өзі ақкөңіл болып кеткен испандықтарды кейде өзіміздің ақкөңіл Қазекеме ұқсаттым. Тіпті ыстық сорпа ішкісі келетіндігі және оны дәмханаларында ұсына білуінің өзі екі ұлттың тағамға деген ұқсас талғамын танытты.

  3. Қоршаған ортаның, қаланың тазалығы. Жәй тазалығы емес, ТАП-ТАЗАЛЫҒЫ. Иә,  Испанияның игiлiгiн танытатын бұл қала әсемдiгiмен, бай тарихымен ғана емес, тазалығымен де көз сүйсiндiредi екен. Париждегiдей "мөлдiр" пакеттер емес, түр-түрiне қарай сортталып салынатын қоқыс тастаудың  өзінде зор мәдениет қалыптасқанына көзім жетті.  Қоршаған ортаны ластай бермей,  қоқыстан қорғау мақсатында, оларды арнайы жәшіктерге сұрыптап тастайтындай етіп халықты үйрету жолында, сосын ол қоқысты пайдаға жарарлықтай етіп қайта өңдеу үшiн бірер жыл ғана еңбектенбегені көрініп тұр. Қоқыс жәшіктерінің өзі ақыл-ой жетістігі деуге болады. Тек... жарты көшені алып тұратын көлеміне көз үйретсеңіз ғана болғаны.  

  4. Аралайтын жердің көптігі. Барселона мәдени  орындарға да, ойын-сауықтық отауларға да, серуен құратын жасыл бақтарға да бай қала екен.  Бірнеше «Көктөбесі» («Ти-би-тао», «Монжуик», «Кольсерола»), ондаған музейлері мен тарихи орындары, саябақтары бар бұл қаланы аралаудан да, танудан да еш жалықпайсыз. (Оны шаршамайтындай етіп аралауды ойластырып қойған ел мен қала басшылығына рақмет). Тарихи-мәдени-спорттық жәдігер-нысандарын мұртын бұзбастан, сол күйі сақтап қойып, өз мақтаныштарына айналдыра білген қатты қуантты.

  5. Қолжетімді бағадағы, әлемдік деңгейге көтерілген төл брендтер. Испандықтар сән әлемінде де ойып тұрып орнын ала білген мықты халық. Сол мықтылығын өз қалтасын қампайтуға жақсы қолдана білген жеңіл өнеркәсіп иелері тұтынушыға, қала қонақтарына сапалы, қолжетімді тауар ұсына алып отыр. Қолжетімді бағалар – тек киімге ғана емес, азық-түлік сияқты басқа да тауар түрлерінде байқалады. Еуропаның көптеген қалаларынан соң, Барселонада ақша жарату кәдімгідей көңілге жағары сөзсіз.  

  6. Ұлттық «аңыз тұлғалар». Испан жұртшылығы өз елімен, оның танымал тұлғаларымен мақтанады, ал олардың даңқын асқақтату жолында бәріне баруға даяр секілді көрінді. Ұлтына адал болған ұлдарды өскелең ұрпаққа үлгі етіп қана қоймай, сыртан келен туристер алдында да тамсана айтып,  бұйымдарын көрсетіп жатқандығын көргенде, қызыға қарадым... Тіпті салынып бітпеген кешірім ғибадатханасының өзін «аңыз» етіп, оның архитекторы Гауди туралы аузының суы қури әңгімелеуінде нағыз ұлттық идеология жатқандай көрінді.

  7. Туристерге жайлылық. Барселона секілді аса үлкен емес  қаланың өзінде 400 қонақүй бар, әр қонақүйдің, әр ғимараттың алдында сары арадай тізіліп қолжетімді таксилер тұрады. Зығырданды қайнататын көлік кептелісі жоқ деуге болады.

  8. Бар нәрсесін сақтай білуі. Бұл ұғым барлығына қатысты: 1881 жылдан бастап жұмыс жасайтын дәмханаларынан бастап, 1911 жылдан бері жұмыс жасайтын ойын-сауықтық саябақтарына дейін, 1926 жылдан бері жолаушыны қалтқысыз  тасып келе жатқан көк трамвайдан бастап, ондаған жыл бойы қолданыла беретін тұрмыстық техника, жиһазға дейін осы ұғымға сыйып кетеді.  Осыдан 8 жыл бұрын дәл осы Испанияның  Канар аралдарына барған кезде не тұтынып жүрді, әлі де сол бұйымдарын күтіп ұстайтындықтарын қонақүйдің интерьерінен, фасадынан айқын аңғаруға болады. (Араға 2-3 жыл салып, бүтін нәрсені қиратып, жаңасын орнатқыш кейбір ысырапқұмар ағайындар еске түсті...)

  9. Ұлттық футбол командасы. 1899 жылдан бері ұлт мерейін асқақтатып келе жатқан футбол командасы бүгінгі Испанияның бас қаһарманы. «Барселона» футбол клубы – аңыз, «Барселона» футбол клубы – бренд, «Барселона» футбол клубы –  мол қаражат.  Футболға деген ұлттық құлшыныс пен оны бесігінде әлдилеп отырған «Кампноу» стадионы көпке дейін есімнен шықпасы анық.

  10. Өз тіліне деген құрмет. Еуропаның қай елі болмасын, бірінен бірі қатты алшақ тұр деп айту қиын. Жаһандану заманында, туристер миллиондап ағылып жатқан мына қаланың тұрғындары тек испанша немесе оның егіз тілі каталонша сөйлейтіндігі ұнады. Тіпті қызмет көрсететін жұмысшылардың өзі ағылшынша «иә» немесе «жоқтан» басқа көп сөз біле қоймайтынын аңғардық. Есесіне өз тілінде сайрап, ым-ишарасын қосып түсіндіруден жалықпайтын бейнесінен  мемлекеттік тілге – туған тіліне деген зор сүйіспеншілікті аңғардық.

     

     «Көп екен ұнамағаннан ұнағаның» немесе «Қайта айналып келгенше!..»

         Ал енді көңілімізге аса қона қоймаған, жақтырыңқырамай қалған сәттерді айтудың кезегі келді-ау деймін:

         Біріншіден, бұл жердің медицинасы өте қымбат екен.  Мәселен, сәбиді дәрігерге бір рет қаратуыңыз 15-20 мың теңгеге бара-бар. Әрине, ол жақтың халқының орташа айлық пен біздікін салыстырған уақытта бұл «кемшілік» сол сәтте-ақ  өз күшін жойып жіберуі мүмкін. Өйткені, бізге қымбат секілді көрінген қызмет түрі сапа мен жағдайға қараған кезде қалыпты сомма болып көрінері анық. Алайда, мойындайтын бір нәрсе, медициналық қондырғылары ерекше заманауи түрде жасақталған. Мойындамайтын бір нәрсе, бізге кезіккен дәрігердің  біліктілігі мен жасаған емі біздің дәрігерлерден кем түспесе, асып түсті деп айту қиындау.

Екінші ұнамаған нәрсесі –  кез келген асқа шошқаның етін қосқысы келіп тұрады екен. Канар аралдарына барған кезде де дәл осы жайтқа байланысты қиналған едік. Мейлі ол таңғы ас болсын, түскі ас болсын, кешкі ас болсын... Абайламасаңыз көздің жауын алып, мұрныңызды жарған ыстық тамақтарда сол қорсылбайдың еті болуы мүмкін... Бірақ теңіз порттарының қақ ортасында жүріп, ыстықтай қуырып беретін балық таппай қиналдық. Стамбул бұл жағынан алғанда, әлдеқайда озық тұр.

Елге қайтар күн жақындады... Барселонаны күні бойы аралап, кешкісін бір дәмханаға бас сұққан едік. Бір кезде қасымызға келген даяшы бала ағылшын тілінде «Қай жақтыкі боласыздар?..» деп сұрақ қойды. «Біз кідірместен, «Қазақстаннан» деп жауап бердік. Сөйтсек әлгі индустың қара баласы: «Қазақстаннан екендеріңізді біліп тұрмын. Алматыдан ба әлде Астанадан ба?» демесі бар ма? Қапелімде аңтарылып, не айтарымызды білмей қалдық. Сөйтсек, бұл сабазымыз осыдан он шақты жыл бұрын Алматыдағы медициналық университетте оқыған екен. Азды-көпті қазақтың арасында жүргені бар, біздің қазақ екенімізді жазбай танығаны сол екен. Бұнысы ұнады, әрине. Тек ұнамағаны – біздің елде қаншама жыл білім алып, дәрігер болып еліне кеткен бұл өрен өз елінің сырқаттарын емдеуге не себепті қабілетсіз болып, Еуропаның қарапайым дәмханасында даяшы болып жүр екен? Біздің диплом күшінің қауқарсыздығы ма, әлде бұл жігіттің жігерсіздігі мен тұрақсыздығы ма? Оны сұрауға батылым бармады...

Ал Анар атты жерлесімді, каталон келінін кездестіре алмадым. Шынында 1 млн.600 мың адамның ішінен оны кездейсоқ қалай кездестіруші едім? Ол бұл кезде испандықтан тапқан баласының жай-күйімен шапқылап жүрген болар.  Көрмегенім дұрыс болған да шығар. Ол қыз енді бізге жоқ.  Көрмейін де, күймейін де... Аман болсын.

Сонымен, біздің Испанияға саяхатымыз да өз мәресіне жетіп келеді. Жалпы бір сөзбен айтқанда, ұнамаған нәрсесіне қарағанда ұнаған тұсы көп, қынжылтқан тұстарына қарағанда, тамсантқан жері жиі болған бұл ел көңілімізге жылы сезім сыйлай білді. Табиғаты қандай жаймашуақ болса, халқы қандай жылышырай болса, біздің де бұл елге деген қарым-қатынасымыз дәл сондай болары заңдылық.  «Қайта келгің келе ме?» деген сұрақты күтпестен, «Мен Испанияға, Барселонаға қайта барғым келеді, көріп үлгермеген көптеген дүниені танып-білгім келеді!..» дер едім. Бірақ әзірге сау болып тұр. Өзге ел қаншама әдемі болса да, өз еліме жетпейді, ештеңе! Ендеше, қазақтың әсем әнімен Испанияға қатысты сөзімізді қорытындылайық:  «Қош бол, сәулем, көргенше! Қайта айналып келгенше!...»

 

Алма Сайлауқызы

журналист

Астана-Барселона-Астана

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5504