Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 10770 1 пікір 22 Ақпан, 2016 сағат 07:14

ҚАТЫН – БИ, ЕРКЕК – ҚҰЛ БОЛДЫ

немесе Оразкүл Асанқызымен сыр-сұхбат


Бүгінде заман ағымына ілесіп, ұлттық тәрбиені ысырып тастағанымыз көңілге қаяу түсіреді. Соның ішінде «Гендерлік саясаттың» салқыны елімізге жоғалудың жолын нұсқап тұрғандай. Атамыз қазақ  «Сау басыңа сақина тілеме» деп бекер айтпаса керек. Мына заманда қатын би болып, еркек құл болып бара жатқанын ескерсек қайтеді? Қазіргі биліктегі ел тізгінін қолға алып, «басшысымақ» болып отырған әйелдердің көкірегінде қандай ой сайрап жатқанын кім білсін?! 

Сонымен ретін тауып билікке араласумен қатар, отбасының сәні болып, қанша жетістікке қол жеткізсе де, «Отағасының арқасы, ата-енемнің маған деген мейірімі» деп айтатын әйел заты саусақпен санарлық. Бүгін сондай сүйікті жар, инабатты келін, аяулы ана, сонымен қатар қызметте қажырлығымен танылған Оразкүл Асанқызының ақтарыла айтқан тағлымы мол әңгімесін сөз еткелі отырмын.

Әкім болып ел билеп, депутат болып елдің мұң-мұқтажын жоқтап жүрген намысшыл қазақ әйелінің ұлағатты сөздеріне іштей қуанып, марқайып қайттым. Екі ғасыр бойы бодандықты басымыздан кешірген бізде салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, тарих-шежіреміздің тұсауланып қалғаны жасырын емес. Бұл жайлы Оразкүл апайымыздың салиқалы ойларымен жалғастырсақ.

Оразкүл Асанғазы әңгімесінің басын, өткен күнге көз сала отырып, өзінің алғаш тұрмысқа шығып, келін атанған бақытты сәттерінен бастады. Оразкүл апай: «Ата-енемнің маған деген шексіз мейірімін жеткізу мүмкін емес», – дейді. Әсіресе, ененің рахатын көп көрдім деп толғаныспен көзіне жас алып, сағынышпен айтты. «Ата-анамның жоқтығын білдірмеді, келін мен ата-ене болып әй-шәй десіп көрмеппіз», – дейді. Бүгінде апай – бес баланың анасы, қазақ халқының салт-дәстүрін қасиет тұтып отырған шаңырақтың ибалы келіндерінің бірі. Бір ауданның әкімі бола жүріп қызметімен қатар таңнан сиыр сауып, ата-енесіне иіліп шай құйып үлгеретінін айтып отырғанда «міне қазақтың тәрбиелі қызы, инабатты келіні» болған деп ырза болдым.

Жалпы бұл кісінің билікте, жоғары қызметте шындықты шімірікпей айтып, батылдығын көрсетіп, көп істің басын шешіп жүргені баршаға мәлім. «Билікте жүріп көз жеткізгенім өзге елдің тілінде сөйлеп, солардың дәстүрін ұстанып, қазақтың тасын биікке өрлете аламыз деп құр сөзбен көпіріп, қу шөппен ауыз сүрту, далбаса», – дейді Оразкүл апай. Билікте қарнының қамы үшін орындықта отырған азаматтарға; «Қарныңның ашқанына емес, қадірінің қашқанына мұңайсын» дегені, бар кінәсын жуып шайып, басын ала қашатын «басшысымақтардың» санасына құйылса ғой. Біздің бүгінгі қара көздеріміз қандай болса, халқымыз сондай болады. Әй қайдам, «Біздің құқығымызды таптады, бізді қорғау керек» деген бишікеш әйелдердің байбаламы, бұл арманның күлін көкке ұшырытыны белгілі. Әйел затының басты міндеті адамзаттың ғұмырын жалғастыру емес пе? Баласына мейірім төге алмаған әйел елді билеп жарытпас. Қазақ әйелінің бесік тербетіп, ошақ қасы болғаны қандай жарасымды. Еркек әйел затынан жоғары тұратыны ескерсек, «Әйел теңдігі» бос айқай ғана. Бұл көзқарас түзелмей қоғам ешқашан түзелмейтіні хақ. 

Ханым, мен әйелдерді мақтап жаза қоймайтын едім. Бірақ сіздің қазақ халқының қамын ойлайтын ел аналарының бірі ретінде сіз туралы жазғым келеді.

– Әрине, сіздердің де реніштеріңіздің орны бар. Билікке келген көп әйелдер, еркектерді жамандауды әдетке айналдырып алды. Бірінші тағатын кінәсі «әйелдердерге билік бермейді» дейді. Бірақ, сапасына, санасына, қарамай әйел екен деп депутат етіп, билікті беру елдің жойылуына әкеліп те соғуы мүмкін. Әсіресе, өзге тілде тәрбиеленіп, білім алып, басқа елдердің, жат жұрттықтардың мәдениетін, салт-дәстүрін қазақтың салт-дәстүрінен жоғары қоятындарды мүлдем басшылық орындарға жіберуге болмайды. Олар қолындағы билікті пайдаланып, қазаққа орасан зор, жамандық әкелуі мүмкін. Мұны тарих неше мәрте дәлелдеді. Египет патшасы Клеопатра «жеңіл жүріске» салынып, жау елінің басшысына ғашық болып,  елін, халқын жатжұртқа құлдыққа салып берген жоқ па?  Еуропа тарихында мұндай қасіретті оқиғалар толып жатыр.

Ханым, бізде Мешімбаева деген шененунік қазынаның 700 миллион теңгесін мәскеулік көңілдесіне беріп өзі сотталып кеткен жоқ па? Сіздің әрбір ойыңыз елдік тұрғыдан, ұлттық мүддеден тұрады екен. Бұл мемлекеттің, қазақ халқының  қызы екендігіңізді білдіреді. Маған биліктегі көп әйелдермен пікірлесуге тура келді. Барлығының әңгімесі ұсақ-түйек, күнделікті күйбең тірлік, «анау жоқ, мынау жоқ» сияқты пендешіліктен аса алмайтын еді. Билік басапалдақтарыңыз қалай басталды?

– Өзім Жамбыл облысы, Шу ауданында дүниеге келдім.Әкем Омаров Асанғазы, анам – Омарова Қаденнен ерте айрылдым.Тұрмысқа шыққанымда, туған-туыстарым, нағашы әжем, әпкелерім ұзатты. Шымкент облысының Сарыағаш ауданына дәм-тұзым бұйырып, келін болдым. Алматының ҚызПИ-інде үшінші курста оқып жүргенде-ақ партия қатарына кірген болатынмын. Мені ұзатарда әжем: «Құлыным, Шымкентке кетіп барасың. Олар салт-дәстүрді берік  ұстайды. Сенің коммунист екеніңе қарамайды. Ол жаққа бастық болуға емес, келін болуға барасың. Сондықтан осында тұрмысқа шыққаның жөн еді», – деген еді. Мен бірақ, болашақ жарым Алмантай Жора Тойлыбайұлын шын сүйетіндігімді, сол үшін қандай қиыншылық болса да шыдайтындығымды айтып көнбедім. Ата-анамыз болмаған үйдегі үлкені мен едім. Күйеуім менен кейінгі іні-сіңлілеріме әкесіндей үнемі қамқорлық жасап отырды. Ал, енем мен енеменің әпкесі (ол кісі тағдырдың жазуымен бізбен бірге тұрды)  маған әке-шешемнің жоқтығын білдірмеді. Аялап ұстады. Күйеуімнің аулындағы Жамбыл атынадғы орта мектепте физик-математик болып жұмыс істедім. Мектепте белсенді болдым. Оқушылар мені жақсы көрді. Енем ауылдағы әр той-томалаққа барған сайын қанаттанып келетін болды. Өйткені, мектептегі оқушыларым үйлерінде мені тек мақтап, айтып отырса керек, әке-шешелері енеме мені мақтап алғыстарын білдіреді екен. Көп ұзамай беделім күшейіп,  мектеп директорлығына дейін өстім. Сол кезде алпысты еңсеріп қалған енеме немере сыйладым. Аналарға көп нәрсенің керегі жоқ ғой. Ауырып жүрген енем әр немересін көрген сайын жасарып, сексен бес жасында тұңғыш немересін ұзатып барып, дүниеден озды. Балаларымның бірде-біреуі кішкентай кезінде ауырған жоқ. Емдеген де, бағып-қаққанда, тәрбиелеген де өзі. Төрт сиыр сауып, ас дайындап,  жұмысыма да үлгеремін. Әйел затының бірінші бақыты – ана болу. Әр бала туған сайын әйел жасара береді. Енемнің мына бір ұлағатты сөзі есімде қалыпты: – Біз барда, жас кезіңде баланы өмірге әкеліп ал, одан кейін бәрі де кеш болады, – дейтін. Бесінші баламды мектеп директоры болып жүргенде дүниеге әкелдім.

1985 жылы қайта құру басталды. Мені Алғабас аудандық партия комитетінің хатшысы етіп тағайындады. 1988 жылы Алғабас аудандық атқару комитетінің төрайымы болып жүргенімде нағыз өмір мектебінен өттім. Өйткені бұл өмір далалы аймақ, су тапшы,  әлеуметтік жағдайы төмендеу болатын. Осы Алғабасқа хатшы болып баруға, сол кездегі Шымкент облысының басшысы Мырзашев ұсыныс жасағанда сасып қалып, менің қандай жұмыс істеуді, бірінші күйеуімнен сұрауым керек екенін ол кісіге айтқанымда: «Мен сенің осындай тәрбиелі де әдептілігіңді бағалап, тағайындап отырмын» – деді. Күйеуімнен рұқсат сұрадым, ол кісі рұқсатын берді.

Бір енелер, келініне «қызым» деп жатады. Мен бұны дәстүр заңдылығын бұзу деп есептеймін. Келіннің өз орны, баланың өз орны, күйеу баланың өз орны бар  емес пе? 

– Қазақтағы «келін» деген сөздің мағынасы терең. Ол « кел, іңге кір» деген мағынаны бідіреді. Яғни ол отбасының заңын қабылдай алмасаң, ол үйге келін болып босаға аттамай-ақ қой. Осы тәртіпті біліп өскен қыз келешекте ошақ қасының шырағы, отбасының берекесі бола алатынына сенімдімін. Мен қыз кезімде шырайлы Шымкенттің, Сарыағаштың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын ұзын құлақтан естіп жүретінмін. Сонда ол жерде келін орамал тартып жүреді, сиыр сауады, ерте тұрып аула сыпырады, бала табады, ата-енесіне, және күйеуінен үлкен  туған-туыстарының бәріне сәлем салады, қайнысымен, қайын сіңлілерінің атын атамай, ат қояды, бір сөзбен айтқанда, бәріне үлгереді дейтін. Сосын мен өзімді-өзім тәрбиелей бастадым, сол тіршілікті басымнан өткізуге дайындалдым. Ал қазіргі қыздар өзінің қайда баратынын, қандай ортаға келін болатынын ескере бермейді. Аула сыпырса өзінің үйі емес пе, сәлем салса сүйген жарының ата-анасы емес пе? Сиыр сауса өзі де балалары да қаймақ жеп, айран, сүт ішпей ме? Бұл жатжұрттықтардың қазақ отбасын ойрандау саясатынан туындаған. Осыдан барып келіспеушіліктер көптеп туындайды. Маған күйеуім әркез түсінушілікпен қарады, ол кісінің бойына біткен кең мінезін қатты бағалаймын.

Ағамыздың екінші әйел алуына қалай қарайсыз?

– Біздің жасымыздағы әйелдердің психалогисы бұған әлі дайын емес. Бұл түсінік әйелдердің санасына сіңу үшін біраз уақыт өту керек.  Өйткені кеңес үкіметінің коммунистік идеологиясы қазақ әйелдерін ұлттық асыл қасиеттерінен ажыратып, аяулы әже, ардақты ана, қадірлі ене, инабатты келін, сүйікті жеңеше емес – тек жұмысшы, малшы, сушы, құрылысшы, тракторшы, хатшы жасады. Сондай атеистік қатал заманның өзінде мен білетін Жамбыл облысындағы бір ауданның  бірінші  хатшысы өте жақсы адам болды. Олардың көпке дейін балалары болмады. Сонда ол кісінің әйелі өзінің сіңлісін әкеліп қосты. Одан туған балаларды өзі тәрбиелеп, өсірді. Әйтпесе жақсы кісінің шаңырағы құлап, ұрпақсыз тегі жойылар еді. Қазір ұрпақтары өсіп-өніп отыр. Қаншама қазақ әйелдері есер саясатқа еліктеп айрандай ұйып отырған ұясын бұзып, балаларын жетім етті. Дегенмен де, қаншама қазақ әйелдері ата-баба жолын ұстанғаны үшін жаманатты болса да,  тамырынан ажырамай, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты сақтаған  аналар жетерлік. Ендігі мақсат сол аналардың үлгі-өнегесін өзімізден кейінгі келіндерге, қыз-келіншектерге үйретіп, санасына сіңіріп, сосын олар да өздерінен кейінгілерге үлгі боларлықтай етіп тәрбиелеу керек.

Немерелеріңіздің тәрбиесі қалай?

– Біз балаларымызды «папа», «мама» деп өсіріп едік. Ал немерелерімізді қазақша оқытып, ата-әже, көке-апа деп қазақтың салт-дәстүрімен тәрбиелеп отырмыз.

Біздің қазақта «Қатын басқарған ел қараң қалар» деген  қағида бар,  мен бұған сенемін де. Бірақ сіздей басшыны  миллионнан біреу кездесетін жағдай деп ойлаймын. Бірақ сіздің Ел басына күн туған ең ауыр жылдары оңтүстікте, Алғабас ауданында  басшылықта болып, оны абыроймен ақтап, үлкен-кішінің мақтанышына айналуыңыздың сыры бар ма?

– Оның ешқандай сыры жоқ. Алғабас ауданы – менің өмір мектебім, Өмірімнің ең тамаша сәттері сонда өтті. Сол қиын кезде  мен де елмен бірдей өмір кештім. «Бастықпын» деп шіренген жоқпын. Аудандық атқару комитетінің төрайымы болып жүргенмін, азық-түлік тапшы, дүкен сөрелері қаңырап тұрған кез, ауыл аралап,  «Майбұлақ» елді-мекеніне  барғанымда халық жиналып, ішінен үлкендері: «Дүкенде неге сары май жоқ» дегені.  Саспастан: «Айналайындар-ау, ауылда тұрып,  сары май жоқ дегендеріңіз ұят емес пе? Келіндеріңіз бар емес пе? Неге сиыр саумайды?» деп өздеріне дүрсе қоя беріп едім, екі-үш ақсақал біреуінің келіні мұғалім, біреуінің келіні бухгалтер, біреуінің келіні дәрігер екенін айтып ақталғанда: «Қадірлі ақсақалдар, мен білдей бір ауданның атқару комитетінің төрайымы бола тұрып, күнде сиырымды сауып, май шайқап, айран ұйытамын, не айтып отырсыздар?» дедім. Бәрі жым болып, кісілер ұялып қалды. Содан бір ай өткен соң қабылдауыма үш ақсақал келіп кірді де: «Келін, айналайын,  біз сенің алдыңда ұятты болып отырмыз. Бізге ренжи көрме, шырағым» деді кінәлі кіслердей. Нені айтып отырғанын түсінбей отырғанымды сезіп:            «Өткенде біздің ауылға келгенде бізді ұялтып кеткен едің ғой, сары май жөнінде. Бір ауданды билеп тұрған Оразкүл «сиыр сауады» дегенге сенбедік. Сенің өтірігіңді шығару үшін бір кісіні жансыз етіп, «Оразкүлдің қорасын тексеріп, сиыр сауатынын анықтап, май шайқайтынына көз жеткізіп кел» деп бір кісіні әдейі жіберген болатынбыз. Ол адам сенің көршіңе қона жатып анықтаса, көршіңнің де жеп отырғаны сен сауған сиырдың  шайқаған майы екенін білдік те мұғалім, дәрігер, есепші келіндерімізге: «Оразкүлден артық емессіңдер» деп сиыр сауғызып қойдық. Қазір май да, қаймақ та, айран да өзімізде.  Аузымыз ағарғанға жарып қалды» – деп шындықты мойындаған еді.

Мына үлгі-өнегеңіз «оқыдым, тоқыдым, білімдімін» деп шіренетін мыңдаған әйелдердің қолынан келмейді. Өмірдерегіңіздегі билік сатысына,  өсу жолдарыңызға қарап, сүйеуші болған лауазым иелерін айта аласыз ба?

Дәл мына кісілер менің сүйеушім болды деп айта алмаймын. Ондайлар болған емес. Тамыр-таныс жағалап, карьера қуып, абыройымды төгу, мансапқорлық маған жат.

Бір басыңызға жетерлік атақ-абыройыңыз бар. Астана әкімшілігінде істеп қазақ тілін қорғап, көшелерді қазақшалау, өзге тілдегі атауларды өзгерту, қазақ мектептерінің көптеп ашылуы, мемлекеттік кеңселерде іс-қағаздарын қазақша жүргізуді іске асырып, өткір-өткір, өңменінен өткізер әңгімелер айтып Астананың қазақылануына бірден-бір ықпал еткен жансыз.

– Мені қазақ мәдениетін сүюге тәрбиелеген – әжем. Қазақтың түп-тамырынан, ұлттық педагогикасынан, салт-дәстүрінен нәр алмаған адамда тәрбие болмайды. Бізді Алла қазақ ұлты етіп жаратты ма? Қазақ болып қалуымыз керек. Қазақтың салт-дәстүрін мықтап ұстаған отбасыларында ғана береке, ынтымақ, құрмет болатынына көзім жетті. Ұлтын сүйген жан ғана мемлекетін, елін сүйе алады.

Қазақ әйелінің ұлттық санасы оянбай, қазақ халқының ұлттық жағдайы ешқашан да жақсармайды.

Тоғайбай Нұрмұратұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434