Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 10435 2 пікір 12 Ақпан, 2016 сағат 12:50

ЖЕЛІЛІК МАРКЕТИНГ: "ОПЫҚ ЖЕП ҚАЛМАЙМЫЗ БА"?

Бүгінде елімізде «желілік маркетинг» ұғымы ешкімге таңсық емес. Досымыз, танысымыз немесе туысымыз әйтеуір бір желі арқылы тұтынатын тауар сатып алады. Ол әдетте, биологиялық белсенді қосымша аталып кеткен витаминдер, кір, ыдыс-аяқ жуатын тазалағыш заттар, болмаса косметикалық құралдар. Бір қарағанда, нарық ұсынатын тауарлар ішінен  әркім өзіне ұнатқанын сатып алады, қала берді әркім өз қалағанымен айналысады, бұл анау айтқандай ерсі көрінбесі анық.

Дегенмен, алаңдататыны сол, бұл күнде желілік маркетинг қоғамдық сипат алып келе жатыр. Ол дегеніңіз – бір немесе бірнеше желі арқылы нан тауып жеп жүргендерді күнделікті өзіміз байқап жүрміз, болмаса әйтеуір бір туысыңыз немесе танысыңыз осынау бизнес түрін таңдап бел шешіп кірісіп кетті. Айта кетерлік бір жайт, әдетте, мұндай компаниялардың басым көпшілігі Америка Құрама Штаттары,  Еуропа, Оңтүстік Корея немесе Қытай елінікі екенін білеміз.  Біздің елдегі тұтынушылар сәйкесінше, осы аталған мемлекеттердегі компаниялардың қалтасын толтыруға үлес қосуда. 

Тұтынатын тауарларымыздың басым бөлігі импортталатын болғандықтан біздің бұл уәжімізге де қарсы келетіндерді түсінуге болады. Сондықтан,  желілік маркетинг арқылы жасалатын бизнес түрі мен жалпы кәсіперліктің ара-жігін ажыратып көрелік.

Кәсіпкер – тәуекелге барып, қажет жағдайда қаражат салып, заңмен тыйым салынбаған кез келген кәсіпкерлік қызмет түрлерімен, атап айтқанда, коммерциялық делдалдықпен, сауда жасаумен, сатып алумен, кеңес беру қызметімен және де бағалы қағаздарға байланысты операция жасаумен айналыса алады. Қарапайым сөзбен айтқанда, кәсіпкер – белгілі бір салада қызмет көрсету, өнім шығару, биржада ойнау, дүкен ашу, заң немесе өзге де мәселелер бойынша кеңес берумен айналысады.  Адам немесе ақыл-ой ресурстарын, қаржы  және шикізат пен өзге де адам өміріне қажетті заттарды қолдана отырып, белгілі бір өнім шығаратын, не қызмет көрсететін, сату немесе сатып алу мәселесімен айналысатын кәсіптің иесі деген сөз. Басты артықшылық – кәсіпкердің  табысы өзінің шығарған өнімі немесе жасаған саудасы, көрсеткен қызметінің көлеміне тікелей байланысты

Желілік маркетинг – «Multilevel marketing» (MLM), ағылшын тілінен көп деңгейлі маркетинг деп аударылады.  Бұл белгілі бір тауар мен қызмет түрін тәуелсіз дистрибьюторлар желісін құру арқылы өткізу деген сөз.

Бір қарағанда, анау айтқандай өрескел ештеңе жоқ секілді. Алайда, құрылымы жағынан бұл кәсіп түрі өзіміз білетін қаржылық пирамидаларға өте ұқсас.  Өйткені, мұнда кез-келген дистрьбютордың табысы өзі және өзінен кейін желіге тіркелген адамдардың сатып алған тауары немесе тұтынған қызмет ақысының көлеміне байланысты. Өзіңнің артыңнан неғұрлым көп адам жинасаң және олардың барлығы да ай сайын тағы бір топ адамды өздерінен кейін тіркесе, барлығы да жиналып осы компания ұсынған тауар мен қызмет түрлерін неғұрлым көп пайдаланса, желінің ең басында тұрған адамның айлығы да арта береді.

Пирамидаға ұқсай ма, ұқсайды! Мұнда да бастапқы салым керек және ай сайын қажетті баллды жинап тұрғанда ғана табысыңыз болады, түптеп келгенде желінің бір ұшындағы адам  табыс табушы емес, тек тұтынушы болып қалуы әбден мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, қаржылық дағдарыс кезінде әдетте желілік маркетингтен табыс көзін іздейтіндер саны артады және бұл MLM компаниялардың жұмысы жүре бастайтын уақыты. Ол түсінікті де, дағдарыс кезінде қосымша қаржы көзін табу, арзан әрі пайдалы өнім немесе қызмет көрсету түрлерін іздеу адамдарға тән қасиет. Мұнымен қоса, желілік маркетинг өкілдері  бұл кәсіп түрін тез арада баюдың ең оңтайлы жолы ретінде таныстырады, көпшілікті де сонысымен тартады.

Бүгінгі таңда 130 мемлекетте 5000-нан аса MLM компания жұмыс істейді. Оның 2000-нан аса түрі Америка Құрама Штаттарында қызмет етеді. Айта кетерлік бір жайт, Американың кейбір штаттарында кейбір желілік компаниялардың қызметі заңмен шектелген.

Ал, миллиардтардың елі Қытайда бар болғаны әлемдік 14 және жергілікті 4 компания ғана қызмет етуде. Олардың да қызметі заңмен қатаң шектелген. Әлемдік MLM компанияның дистрибьютерлері сол компанияның ресми түрде қызметкері болып есептеледі.

Ал, біздің елімізде желілік маркетингпен айналысуға заңмен шектеу қойылмаған, ашық қызмет түрі болып есептелінеді, алайда, мұндай компаниялардың қызметін реттейтін бір де бір заң жоқ. Қазіргі таңда Қазақстанда 50 MLM компания жұмыс істейді.

Дегенмен, дүниежүзінде Әлемдік тікелей сауда Ассоциациясы MLM компанияларды тіркеп, тіркелген компаниялардың құқы мен тауарын тұтынушылардың құқын қорғау мәселесін өзі міндетіне алған. Мұндай Ассоциация 2010 жылы елімізде де құрылған. Бұл ұйымға тіркелу арқылы компаниялар өз бизнестерін өнім сапасы мен тұтынушы құқын қорғау саласындағы ең жоғарғы талаптарға сай жүргізіп отырғанына кепілдік бере алады.

Ассоциация басшылығымен тікелей сөйлесу мүмкін болмады. Ал, ұйымның интернет парақшасында көрсетілген мәлімет бойынша, еліміздегі MLM компаниялардың ішінде ассоциацияға Эмвей, Эйвон, Фаверлик, Гербалайф, Хилз энд Биьюти, Гербалайф, Мэри Кэй, Орифлейм, Тиенс, барлығы 9-ы ғана мүше екен.

Желілік маркетинг аты айтып тұрғандай тауар немесе қызмет түрін тұтынушылар санын арттыру үшін қолданылатын маркетингтік әдіс.  Иә, тек қана маркетингтік әдіс, бірақ – біздің ұғымымыздағы бизнес емес.  Тек белгілі бір компанияның өз өрісін кеңіту үшін қолданатын тәсілі.

Ал, өз уақытыңызды және қаражатыңызды, өз потенциалыңызды тиімді пайдаланғыңыз келсе – өз кәсібіңізді ашуға талпынған жөн.  Қазіргі таңда елімізде жеке кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнес өкілдерін қолдауға арналған көптеген бағдарламалар бар.  «Даму»   қоры мен банктер тарапынан да кәсіпкерлікті несиелеуге қатысты жеңілдіктер қарастырылған.

Егер, «кәсіп бастау» деген сөзге қорқынышпен қарайтын болсаңыз, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы жанынан құрылған өңірлердегі Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарына барып,  жеке кәсіп ашуға қатысты барлық ақпараттарды алуыңызға болады. Мұндай орталықтарда заңнамалық актілерден бастап, бизнес-жоспар жасап, оны қаржыландыру мәселесіне дейін тегін кеңестер ала аласыз.

Бастысы өзіңіз қалаған салада, жақсы көретін ісіңізбен айналыса отырып, қаражат табудың жолдарын меңгересіз, қорқынышыңыз сейіледі. Толық ақпаратты  Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының ғаламтордағы парақшасынан ала аласыз!

Жеке кәсібіңізді ашып, өзіңіздің қаржылық потенциалыңызды арттыруды қалайсыз ба, әлде желілік маркетинг  арқылы адамдар пирамидасының бір кірпіші болғыңыз келе ме, таңдау – өз қолыңызда.  Тек опық жеп қалмаңыз, қымбатты оқырман!

Риза Исаева

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5529