СӘРІНЖІПОВТІҢ САУДАСЫ БІТТІ
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының жарлығы бойынша ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Бәкенұлы Сәрінжіпов министрлік қызметінен босатылды.
ҚР Президенті Н.Назарбаев Қазақстандағы ең реформашыл министрлікте кадрлық ауыс-түйіс жасады. Осыған дейін еліміздің бас педогогы лауазымын атқарып келген Аслан Сәрінжіпов Мемлекет басшысының қалауымен, министрлік қызметінен босатылды.
Ал экс-министр Аслан Бәкенұлының «креслосы» бұрынғы ҚР Инвестиция және даму министрінің орынбасары – Ерлан Сағадиев мырзаға бұйырды.
Ал реформашыл министр – Аслан Сәрінжіповтің жаңа лауазымы туралы деректер айтылмаған.
Жаңа министр Ерлан Сағадиевтің қызметтік биографиясына назар аударайық.
Сағадиев Ерлан Кенжеғалиұлы мемлекеттік лауазымды қызметтертерге тағайындалмас бұрын, жеке кәсіпер ретінде танылған. Ұзақ жылдар бойы «ФудМастер» компаниясының бас директоры болған Ерлан Кенжеғалиұлы түрлі министрлік қызметтерде тәжірбиеден өткен.
Үкіметтегі қызметтері: ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі және ҚР Инвестиция және даму министрінің орынбасары болып қызмет екен.
Сәрінжіповтің министр орынтағын босатуына қандай жайттар себеп болды?
Ақын Сәрінжіптің ұрпағы министр қызметіне 2013 жылдың 2-қыркүйегінде тағайындалған-тын. БҒМ креслосына отырған әр министр өз реформасын жасайтын еді ғой. Асекең де бұл дәстүрден айналып өткен жоқ. Реформаторлығының нақты нәтижесі – Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университеті мен ҚБТУ-ды біріктіру болса керек. Қазақстандағы ЖОО-ын біріктірумен қатар жеке меншік университеттерге әжептәуір қысым жасаған еді.
Сәрінжіповтің қызметтен кетуіне Азат Перуашевпен арада болған дау ықпал етуі мүмкін бе?
«Ақжол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев екеуінің арасындағы кикілжің. Министрліктің жұмысын сынға алған депутат былтыр «Заңды өзгерткеннен министрді ауыстыру оңай болар еді», - деп Сәрінжіповтің жұмысын іске алғысыз етіп тастады. Министр де қарап қалмай, депутатты әлдебір топтардың, атап айтқада шағын оқу орындарының мүддесін қорғайтын «Лоббист» деп айыптады. Бұған шамданған Перуашев полицияға арыз жазып, министр тергеушілерге осы айыптауына қатысты түсінік берген де болатын. Алайда, депутат пен министр арасындағы ол дау арыға бармады, бейбіт аяқталған еді.
Ақылы бөлімде оқитын студенттердің қаражатын жымқырған Қазақ ұлттық университетінің лауазымды тұлғалары үстінен қозғалған қылмыстық іс те министрге абырой әперер жағдай емес.
Аслан Сәрінжіповтың министріліктегі қызметіне байланысты мін таққандардың бірі экс-депутат, бүгінде Премьер-минстрдің орынбасары Дариға Назарбаева болды. Дариға Нұрсұлтанқызы Сәрінжіповтың білім саласында жасап бастаған реформаларын "колхозшылдыққа" теңеген еді. Қысқасы, Аслан Бәкенұлының лауазымды қызметтен босауына Дариға ханым да ықпал етуі мүмкін.
Сондай-ақ, арнаулы орта білім беретін мектептердегі заңсыздықтар туралы мәселені күнтәртібіне өткір қоя білген Айман Сағидуллаеваның Abai.kz ақпараттық порталында және өзге де сайттарда жариялаған Ашық хаттары да қоғамдық пікір туғызып, экс-министрдің қызметі, жауапкершілігі талқыға түсті. Осы арада оқырман қауымның есіне сала кетейік, Бәкенұлы басқарған министрлік тарапынан Айман мұғалімнің орынды талап-арызына орай толымды жауап болған емес.
Сәрінжіпов мырзаның министрлік қызметіне айтарлықтай нұқсан келтірген жәйттардың тағы бірі мыналар болса керек. Соңғы екі-үш жылдың ішінде мектеп жасындағы оқушы қыздардың арасындағы жүктілік көрсеткішінің күрт жоғарылауы министрге опа әпермегені түсінікті.
Қазақстандық БАҚ бажайлағандай, Астана мектептерінде жетпістен астам қыз жүкіт болып қалған. Ал Ақтөбе облысы бойынша өткен жылы 60 оқушы қыздың аяғы ауыр болған. Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын елімізде 20 мыңға жуық оқушы мектеп жасында жүкіті болып жатыр.
Оқушы қыздардың жүкіті болуы еліміздегі педогогтардың қауқарсыздығын көрсетіп бергендей болды.
Ең сорақысы сол, өткен жылдың еншісінде оқушы қыздардың арасында бала туып, далаға тастап кету процессі жиілеп кетті. Көше ортасында, көліктен шақалақты лақтырып жіберген сол оқиғадан кейін, еліміздің түкпір-түкпірінде сыңаржақ оқиғалар шыға бастады. Дәретханаға туып, тастап кетті біреуі, ал енді біреуі – жол жиегіне туып, қорапқа салып кетті, аямастан.
Айтпақшы, мектеп оқушалырынң арасындағы қыз балалардың топтық төбелестері де министрі Сәрінжіповтің тұсында тіркелді. Бұл туралы прокурорлар айтып жатты.
Осы ауандағы сыңаржақ оқиғалардың барлығы Сәрінжіпов мырзаның қызметіне баға беруде ықпал етпей қоймағаны анық.
Ал Сәрінжіповтің «өзге қызметке ауысуына қатысты» дегені ресми мәлімет формасын сақтау үшін ғана айтылғаны анық байқалады. Ел ішінде Сәрінжіповтің саудасының біткен жері осы деген сыбыстар айтылуда.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz