ТҮРІКТЕР ҚАЗАҚТЫ МАҚТАҒАННАН НЕ ҰТТЫ?
Жақында Түркия Республикасының премьер-министрі Ахмет Давутоғлы Астанаға арнайы келіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының қабылдауында болды. Қазақ пен түрікті қаны да, жаны да бір ұлыс ретінде таныған түрік премьерінің осы бір сөзі, журналистердің негізгі «тақырыбына» айналғаны да рас.
Сонымен, еліміз егемендікке қол жеткізген күннен бастап, Қазақ Президенті мен Қазақстандағы мемлекет құрушы ұлтқа деген ерекше ықыластарын білдірген Түркия Президенттерінің үздік мадақтауларын еске түсіре отырайық.
2016 жыл. Астана. Түркия Республикасының премьер-министрі Ахмет Давутоғлы:
«Түркияда мені қосқанда 78 миллион 600 мың қазақтың сәлемін алып келдім»
Тұрғыт Озал, Түркияның 8 – Президенті:
«Аса қымбатты бауырлар! Тек-тамыры бір, қан-қасіреті ортақ, алыс дәуірден тарихи тағдыры сабақтас, қилы-қилы замандарда ауыр соқпақ, азапты жолдары тоғысып жатқан Түркия мен Қазақстан елдері соңғы кездері өзара сауда, мәдени қатынастардың сан саласында ынтымақ тауып өркендей түсудің алғашқы адымдарын бастады. Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсап арман еткен тәуелсіздік туы желбіреп, бұрын емеуріндегі егемендік енді еңсесін көтеріп, биікке бет түзеген шақта Қазақстанның әлемдік дамудан алар еншісі аз болмаса керек. Оған атамекеннің бай табиғаты, жомарт жерінің қойнауындағы ұшан-теңіз қазынасы кепіл».
«Түркияда мені қоса есептегенде 70 миллион қазақ бар деп біліңіздер»
Сүлеймен Демирел, Түркияның 9 – Президенті:
« Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті Н.Назарбаев түркі әлемінің көшбасшысы ретінде қазақ-түрік ынтымақтастығының қарқынды дамуындағы, түркітілдес елдер арасындағы интеграциялық үдерістердің кемелденуіндегі айрықша еңбек сіңірді. Қазақстан көшбасшысының бастамасымен түркі әлемінің тарихында алғаш рет түркітілдес мемлекеттердің арасындағы орган – Түркі кеңесінің құрылған еді... »
2010 жыл. Астана. Абдолла Гүл, Түркияның11 – Президенті:
«Тамыры терең қос бәйтеректің нөсер жауындарға шайылмай, дауылдарға шайқалмаған қайратты діңгектері бүгінде көк нұрына шомылуда»
«Біз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз қазақ мемлекетін құрудағы түркі халықтарының бірлігін нығайтудағы еңбегін жоғары бағалаймыз. Осы орайда сізді «Түркі елдерінің ақсақалы» дей келе үстіңізге ақ шапан жауып, басыңызға ақ бас киім кигізуге, қолыңызға киелі аса таяқ ұстатуға рұқсат етіңіз. Сіз бүкіл түркі жұртының лидерісіз!»
Режеп Тайып Ердоған, Түркияның 12-Президенті:
«Аса қадірменді Президент мырза, менің аяулы бауырым! Алдыңғы жылы Түркиядағы Президентті ұлықтау рәсіміне сіз арнайы келіп қатыстыңыз. Мен мұны сіздің маған ған емес, барша түрік жұртына құрметіңіз деп түсінемін. Сіз түркі жұртының ақсақалы ретінде Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластықты нығайтуға аянбай тер төгіп келесіз. Мен сізді үлгі тұтатынымды жасырмаймын».
«Үш жылдан кейiн мен бiздiң ата-бабамыздың, әкелерiмiздiң отанына президент ретiнде келiп отырғаныма бақыттымын. Бұл сапардың мәнi ерекше. Өйткенi биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланады. Осы айтулы оқиғамен бауырлас халықты шын жүректен құттықтағым келедi»
Тақырыпқа тұздық:
90-жылдары кеңестер үкіметі тарқатылып, ондағы түркітілдес мемлекеттер егемендік ала бастаған кезеңде географиялық саясатта Түркияның рөлі жоғарылай бастаған еді.
Түркияның осы жылдардағы иммундық өзгеріуі күллі әлемді дүр сілкіндірердей болып, республиканың саяси, мәдени, экономикалық және гуманитарлық салалары дами бастаған. Жаһандық саясатта «үшінші әлем» қалыптастыру үшін түркітілдес мемлекеттердің бірігуі үлкен қадам еді. Солай болды да, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Әзірбайжан осы тұрғыдан Түкрияның бастамасын толық қолдады. Ал, Түркияның тоғызыншы президенті Сүлейман Демирел мырза осы елдермен байланысты арттыруды көздеген болатын. Ол жекелеген қатынастарға байланысты институционалдық құрылым жолын таңдады.
Жалпы, соңғы жылдары Түркияның сыртқы саясатының Таяу Шығысқа бағытталғанын сарапшылар жиі айтады. Дегенмен, Анкара үшін Еуропалық одақпен қарым-қатынас ешқашан маңызын жоймақ емес. Режеп Тайып Ердоған Еуропаға, батыс елдеріне қарата анда-санда мәлімдеме жасап қойғанымен, іс жүзінде Түркия бәрібір де Еуропа елдерінен алыстамайтыны түсінікті. Түркияның шетелдермен сауда-саттық, экономикалық байланыстарының басым бөлігі Еуропаға бағытталған. Өйткені, Анкараның Еуропалық одаққа мүше болып кіруге деген үміті әлі өшкен жоқ. Ал, Таяу Шығыс пен ислам әлеміне қатысты ұстанымдарына келсек Ердоғанның неоосмандық көзқарасы бар. Яғни, бұрыңғы Осман империясының құрамына кірген елдерге «ағалық ақыл айтып» отырғысы келеді.
Сонымен бірге, Түркия ислам әлемінде көшбасшы болуға ұмтылып келеді. Түрлі саяси ойындарға баратыны, астыртын әрекеттер ұйымдастыратыны да содан. Түркияның өзге елдермен сауда-экономикалық қарым-қатынастарына назар аударсақ, мәселенің мән- жайы бірден аңғарылады. Әдетте, «бауырым, бауырым» десіп бір-біріне ерекше ілтипат көрсетіп жататын Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы соңғы бес жылда өзгерген де жоқ. Өзгерсе де мардымсыз ғана өсу болды.
Күні кеше ғана, Түркия премьерінің ондағы 78 миллион «қазақ» туралы сөзінен кейін, Мемлекет басшысының да іші жібіп сала бергені анық байқалды. Десек те, Түркия Президенттері Қазақстан мен оның басшысы туралы айтқан жылы лебіздері, Президент Назарбаевтың геосаяси позициясы еш өзгерген емес. Сонда түріктер «қазақты» мақтағаннан не ұтты?..
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz