РЕКТОРДЫ Д.АХМЕД-ЗӘКИ МЫРЗА БАҒАЛАЙ МА?
Abai.kz порталының электронды почтасына биология ғылымдарының докторы, профессор Нұғман Аралбай атты азаматтың атынан төмендегі мақала келіп түсті. Автор бұдан бұрын ҚазҰУ-дің ректоры Ғ.Мұтановқа университет қабырғасынан «геоботаника» мамандығы бойынша бакалавриат ашу қажеттігін ескертіп ашық хат жазған екен. Сол хатқа осы университеттің проректоры Д.Ахмед-Зәкидың жауап беріпті. Нұғман Аралбай сол жауапқа көңілі толмайтынын, өзінің ұлттық университетті қараламағанын, сондай-ақ проректор пікірінің негізсіз екенін жеткізіпті. Біз екінші тараптың да ойына мінбер беруге дайын екенімізді ескерте отырып, аталған материалды жариялап отырмыз.
«Abai.kz» порталы
Қала мен дала газетінің «Дала – news» сайтында менің ҚазҰУ-дің ректоры Ғ.Мұтановқа жазған ашық хатыма (http://www.dalanews.kz/12978) осы университеттің проректоры Д.Ахмед-Зәкидың жауабы жарияланыпты.
Қымбатты оқырман! Сіздің назарыңызды газет редакциясы тарапынан да, проректор Д.Ахмед-Зәкидің жауабында да жіберілген олқылықтарға аударғым келеді. Газет редакциясы менің ашық хатымның шын өзекті мазмұнын түсінбеген, әрі түсіндіре алмаған. Иә рас, мен шынында да ботаника кафедрасының жабылып қалғанын дұрыс емес деп ойлаймын. ҚазҰУ-дің басшылығының бұл шешімін дәйексіз деп есептеймін. Ал геоботаника мамандығы жабылған жоқ, ол бар. Бірақ оның ішкі мазмұны сол «геоботаника» мамандығына сай келмей отырғанын мен Ректорға түсіндірмекші болдым.
Ал енді проректор Д.Ахмед-Зәкидің жауабында менің атап өткен кейбір дүниелердің «дәйексіз» екендігі туралы (редакцияның ойынша) пікір алысып көрейік.
«Ашық хатқа» жауап бар болғаны 7-ақ сөйлемнен тұрады. Осы бір «қысқа да, нұсқа» жауапта менің Ашық хатым 1) Қазақ Ұлттық университетінің бет-беделін қаралайтыны, 2) орынсыз айып тағылғандығы, 3) «геоботаника» мамандығы 1999 жылдан бері ҚазҰУ бакалавриатының мамандықтар тізімінде жоқ екендігі, 4) Қазақ ұлттық университетінде Ботаника кафедрасы мүлдем болмағандығы және 5) айтылған мәселелерге қазіргі ректордың ешқандай қатысы жоқ екендігі айтылыпты. Ал енді саралап, таразылап, сараптап көрейікші:
Біріншіден, Менің ашық хатымда ҚазҰУ-дің «бет-беделін қаралайтын» ештеңе жоқ. Ашық хаттың тақырыбы мынадай: Ұлттық Университеттегі Қазақтың ботаникалық ғылыми мектебінің оты өшпесе екен...». Ал ашық хаттың соңында: «Елбасымыз – Президент Н.Ә. Назарбаев міндеттеп отырған заманауи проблемалар – жасыл экономика, ...медицина мәселелерін ботаникалық іргелі ғылымсыз шешу мүмкін емес екені белгілі жайт. Ал іргелі ғылыммен айналысатын профессионалды біртұтас, кешенді жүйеде дайындау керектігін Сіз жоққа шығармассыз деп үміттенемін», - делінген.
Мен Ұлттық университетке үміт артып отырмын. Мұның қай жері – бет-беделді қаралау? Түсіне алмай далмын.
Екіншіден, «орынсыз айып тағылғандығы» туралы. Қымбатты оқырман, ашық хатты тағы бір оқып шығыңызшы!... Айып тағатындай мен прокурор емеспін. Егер айып тағатын болсам, университет Ректорына үміт артып нем бар? Десек те, Хадисте: «Бір мұсылманның айыбын екінші мұсылманның жасыруы – күнә», - делінген. Олқылық пен кемшілікті айтпаймыз ба сонда? Мен айтпасам, сіз айтпасаңыз, сонда кім айтады?
Д.Ахмед-Зәки мырзаның логикасына салсақ, – бұл орынсыз айыптау болып табылады екен.
Үшіншіден, соңғы 15-16 жыл бойы ҚазҰУ бакалавриатының тізімінде «геоботаника» мамандығы жоқ екендігі – бұл шынында да айып тағуға тұрарлық факт. Себебі, соңғы 7-8 жылдан бері бұл мамандық бойынша магистратура, ал 2-3 жылдан бері – PhD докторантура бар. Мемлекеттік стандартқа сәйкес білікті мамандар дайындау процесі үш сатылы – бакалавриат, магистратура, PhD докторантура. Сонда осы процестің іргетасы – бакалавриат. «Геоботаника» мамандығы бойынша бакалавриаттың жоқ болуы – мемлекеттік стандарттың талабын орындамау. Стандарт талабын ұзақ уақыт орындамау – университет басшылығының әрекетсіздігі деп ойлаймын. Әрине, Д.Ахмед-Зәки де соның ішінде бар болар. Әйтпесе бакалавриаттың мамандықтар тізіміне геоботаниканы енгізуге болар еді ғой. Нәтижесінде – қазіргі магистрант, докторант – геоботаниктер дайындау процесінің іргетасы жоқ. Аспанға ілініп тұрған бір дүние, әйтеуір.
Төртіншіден, Д.Ахмед-Зәки мырзаның ҚазҰУ-інде ботаника кафедрасы мүлдем болмаған деп мәлімдеуі – жұмсақтау айтқанда, әдепсіздік. Ал енді оның лауазымын ескерсек, бұл – сорақылық, бүкіл Қазақ ботаниктерін қорлау, оларға жасалған қиянат. Бұл Ұлттық университеттің қазіргі басшылығының осы университеттің өткеніне тас ату сияқты. Әйтеуір, жақсы тенденция емес.
Бесіншіден, Д.Ахмед-Зәки мырзаның менің ашық хатымда айтылған мәселелерге қазіргі ректордың ешкандай қатысы жоқ деген мәлімдемесі тіпті түсініксіз, әрі күлкілі, әрі мұңды. Сонда қалай? Елбасы – Президенттің Жарлығымен тағайындалатын Ұлттық Университеттің Ректорының жұмысына оның проректоры баға беретін болғаны ма? Егер Унверситет қабырғасында жүріп жатқан процестерге Ғ.Мұтанов мырзаның қатысы жоқ болса, онда ол кісі ҚазҰУ-інде не істеп жүр? Себебі, геоботаника мамандығы тек қана осы Ұлттық университетте ғана бар, басқа ЖОО-да дайындалмайды. Сонда геоботаника мамандығының мұң-зарын кімге айту керек?
Қымбатты оқырман! Ал енді істің мән-жайына келетін болсақ, менің Ашық хатым сол хатта баяндалған фактілерге ғана негізделген. Бұл хат университеттің эл.-поштасына 2015 жылдың 28 шілдесінде жіберілді. Менің негізгі мақсатым Ректордың назарын проблемаға аударсам, бәлкім 2015-2016 оқу жылының басталуына геоботаника мамандығы бойынша бакалавриат ашылар деген үміт. Бірақ, сол үміттің орындалуына сенім жоқ сияқты. Себебі, «Ашық хатқа» жауап агрессивті сарында жазылыпты. Яғни, мен көтеріп отырған мәселені университет басшылығы қарастырып, түсінуге ұмтылмаған деген сөз.
Ал енді осы жауаптың авторы ҚазҰУ-нің проректоры Д.Ахмед-Зәкидің осындай сыңайына қарап Ғ.Мұтанов мырзаның жағдайын уайымдап қалдым. Мынадай проректорлары бар ректорға алыстан «оппонент» іздеп керегі жоқ сияқты.
Қалай болғанда да, келесі оқу жылына «геоботаника» мамандығы бойынша бакалавриат ашылып, ботаника кафедрасы қайта ашылады деген үмітімді үзбеймін.
«Үмітсіз – сайтан!» деген бар ғой.
Құрметтпен Нұғман Аралбай
Abai.kz